12 Сәуір 2018, 17:48 494 0 Әлеумет "Түркістан" газетінің авторлары

Судың  да сұрауы бар

Елімізде ауыз су мәселесі  күрмеуі қиын мәселеге айналып отыр. Ресми деректерге сүйенсек, дүние жүзiндегi 1 миллиард адам iшуге жарамды суға зәру. Жыл сайын 3 миллиардтан астам адам сапасыз судан пайда болатын дерттерден зардап шегедi. Бүгiнде су тапшылығы  тек Орталық Азия елдерінің ғана емес, бүкiл әлемнiң басты түйткілі.

Қазақстандағы таза су қоры шамамен 3 пайызды ғана құрайды. «Алматы су холдингі» дерегінше, қала тұрғындарына қажетті ауыз судың 30 пайызы – Үлкен Алматы және Кіші Алматы өзендерінен, 70 пайызы – 500 метр тереңдіктегі жерасты су көздерінен алынып, қаладағы екі үлкен су тазарту станциясына жетеді.

Ең өкініштісі, көптеген қалалардың тұрғындары таза ауыз суын техникалық су ретінде көлік жуатын орындар мен көшелердің шаңын басуға қолданады. «Мен талай рет көшеге су шашатын көліктердің таза суды құйып алып жатқанын көрдім. Оны тіпті суретке түсіріп алып, тиісті орындарға да жолдадым. Бірақ нәтиже жоқ. Кей ауылдар қара суға жете алмай, қардың суын ерітіп ішіп отырғанда, қаладағы таза ауыз суды көшенің шаңын басуға пайдаланғанымыз қалай?!», – дейді Алматы тұрғыны Мақсат Түстікбайұлы.

Ал Алматы облысы, Қарасай ауданы, Іргелі ауылдық округіне қарасты Көксай ауылында қарапайым халық суды көліктерімен  қаладан тасып әлек. Жаңа салынып жатқан аумақта кейбір үйлер жеке құдық қазып алған. Дегенмен 100-ге тарта түтіні бар елді мекеннің тұрғындары таза судың ауылы алыс деп отыр. Сонымен қатар, аталған ауданның ішінде ауыз судың зардабын тартып жүрген Әйтей округтік ауылы да бар. Бұл аймақта ауыз су мәселесінің күрмеуі  шешілмей тұр. Жаңадан салынып жатқан ауылдағы 85 үйдің тұрғындары алты жыл бұрын жиылып, жеке өздері су тартқан. Шамамен әр үй 47 мың теңгеден жинап, құбыр тартқызған екен. Бірақ судың күші аз. Жаз күндері бау-бақшасын суаратындар күні кешке дейін қосса, су қоры азайып, кейбір үйге су жетпей  қалады. «Мемлекет ешқандай су құбырын тартқан жоқ, әкімдіктегілер мемлекеттен ақша бөлініп жатыр, биыл болады деп жабулы қазанның бетін жауып, халықты құрғақ сөзбен қайтарып жібереді», – дейді Әйтей тұрғыны Нұрмұхамед есімді азамат.

Айына  әр үй  «Суық су холдинг» компаниясына суды пайдаланғаны үшін, жан басына шаққанда 900-1500 теңге көлемінде ақша төлеп отыр. Оның үстіне, әр үйдегі судың құдығына орналасқан су сорғыш қондырғысымен жұмыс істейді. Тоқ көзі үшін  300-400 теңге көлемінде ақша төлейді. Қарапайым тұрғындарға бұл төлем ауыр тиюде. Алайда адамға сусыз өмір жоқ.

 

Дарын ҚҰРМАНҚҰЛ

 

Соңғы жаңалықтар