Хлорға тұншыққан сириялықтар

Хлорға тұншыққан сириялықтар

Хлорға тұншыққан сириялықтар
ашық дереккөзі
Сирияда химиялық қару қолданылды деген ақпарат Таяу Шығыстағы жағдайды ушықтыра түсті. Дума – Шығыс Гутадағы жасақшылар қалған соңғы елді мекен. Онда бірнеше күннен бері қақтығыс үдеп барады. Тіпті, әскери қимылға танк, зеңбірек және авиация тартылған. Сириялық-америкалық медициналық қоғамның және Сирия азаматтық қорғаныс қызметінің хабарлауынша, 200-ге жуық адам қаза тапса, оның 20-дан астамы бала, 17-сі – әйел. «Белые каски» ақпарат ұйымының мәліметінше, аса қауіпті химиялық затпен толтырылған жарылғыш құралды Дума қаласының үстінен тікұшақтан әдейі лақтырған. Интернет сайттарындағы мәліметтерге көз жүгіртсек, ауаға шашылған хлордың салдарынан бейбіт адамдар тұншығып, балалар әп-сәтте көз жұмған. Себебі химиялық қару тұрғындардың көз жанарын улап, тынысын тарылтқанға ұқсайды. Сирия әскері химиялық шабуылға түк қатысымыз жоқ деп шыр-пыры шығуда. Осыдан соң Сирия әскерінің ауқымды Т-4 әуе базасына зымыранмен шабуыл жасалып, ғимараттың күлі көкке ұшты. Сирия бұл іске АҚШ және Израиль жауапты десе, қос мемлекет тағылған айыптың орынсыз екендігін айтты. Айта кету керек, Тель-Авив Сирияның химиялық қаруды тіпті, өз аумағында қолдануын да жазасыз қалдырмайтынын әуелден-ақ ескерткен. Осыдан соң Араб елдері тез арада БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесін жинап, Сириядағы жағдайды талқылауды ұсынды. Себебі ел гуманитарлық дағдарысқа ұшырап, Шығыс Гутада қантөгістер тоқтар емес. Сирияның шығысындағы Т-4 әуебазасы шабуылға ұшырауы ең әуелі ресми Дамаскімен ешкім санаспайтынын көрсетті. Жергілікті Сана басылымы «бомбаны тастаған АҚШ» десе, Пентагон «бұған біздің қатысымыз жоқ» деп бірден жауап қайырды. Есесіне, Америка президенті Дональд Трамп «Ресей мен Иран қосылып, Асадқа қолдау көрсетті. Бұған АҚШ бейжай қарай алмайды» деп сұстанып отыр. Осылайша, Сирия төңірегіндегі шиеленіске қатысты тараптардың текетіресі шегіне жетті. Ресейді Дума қаласындағы химиялық шабуылға қатысы бар деп айыптаған АҚШ әскери шешімнің алдағы бір-екі тәулікте қабылданатынын мәлімдеді. Әзірге АҚШ-тың Сирияға қашан соққы жасайтыны белгісіз. Осы оқиғадан кейін тоғыз мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымында шұғыл түрде химиялық қаруға қатысты жиын ұйымдастырды. БҰҰ АҚШ тұрақты өкілі Никки Хейли: «Ресей, егер қаласа, мағынасыз қырқысты тоқтатар еді. Алайда Асад режимін қолдап отыр. Өлген балалардың фотосуреттері Ресей үшін түкке тұрғысыз болып көрінуі мүмкін. Өйткені бұл ел өз ресурсын өзге нәрселерге жұмсайды», – деді. Бұл айыптауға орай Ресей әскерилері Сириядағы шаһардан адам өміріне қауіпті газдың белгілерін таппағанын айтып әлек. Химиялық қорғаныс саласының мамандары ауадан, топырақ пен судан сынама алған, жергілікті госпитальдарды да аралап шыққанға ұқсайды. Ресей Қарулы күштері химиялық және радиациялық қорғаныс бригадасы командирі Александр Родионов: «Емдеу мекемесіне барғанда анықтағанымыз, зарин мен хлордан зардап шеккен бірде бір адам госпитальға түспеген. Жүйке жүйесін жансыздандыратын газдан улану белгілері де ешбір адамнан табылмады. Дональд Трамп пен оның жақтастары үшін Сириядағы әскери қимылдар туралы болжам жасауға әлеуметтік желілерде тараған бірнеше фотосурет жеткілікті болып шықты», – деді. Сирияның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Башар әл-Жафари бұл жиынның алдын ала дайындалған ақпараттарға құрылғанын айтып қалды. Сондай-ақ, ол АҚШ-ты Израильге қолдау көрсетті деп айыптап: «Америка әкімшілігі Израильді үнемі қолдап отырмағанда, мұндай агрессия болмас еді. АҚШ-тың қолдауына есірген Израиль бүкіл әлемдік қауымдастыққа қоқан-лоққы жасап бағуда. Батыс елдері өз мәлімдемелерінде Израильдің әрекетіне сілтеме жасамады. Демек, олар да бұл сұмдықтан шет қалмаған», – десе, ұйымдағы Ресейдің тұрақты өкілі Василий Небензя Сирияға тыйым салынған химиялық қару бойынша сарапшыларды жедел аттандыру керек дегенді айтты. Қысқасы, Трамптың «Сирияға қатысты әскери шешім шығарылады» деп уәде еткен мерзімінің аяқталуына аз уақыт қалды. Ал америкалық БАҚ Сирия жағалауларында АҚШ әскери кемесі жүзіп жүргенін жарыса жазуда. Бұл «Дональд Кук» деген кеме 60 қанатты зымыранмен жарақтандырылған заманауи қуатты әскери кеме. АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Хизер Нойерт таратқан мәлімдемеде «Асад режимі бұған дейін өз халқына қарсы химиялық қару қолданып келгенін ешкім жоққа шығара алмайды. Асад режимін табандылықпен қолдап отырған Ресей сайып келгенде, сансыз сириялықтарға қарсы химиялық қарумен жасалған қатыгез шабуылдарға жауапкершілікті көтереді... Одақтасы Сирияны қорғаштауымен Ресей Сириядағы химиялық қару жөніндегі жасалған шектемелі келісімнің кепілі ретінде БҰҰ алдында алған міндеттемесін бұзды», – делінген. Мемлекеттік департамент өкілі «АҚШ Ресейді (Сирия билігін) сөзсіз қолдауды дереу доғарып, химиялық қаруды жабайылықпен қолданудың алдын алу үшін халықаралық қауымдастықпен бірге жұмыс істеуге» шақырғанын жеткізген. «Бұл сұмдық жағдай. Бұлай болмауы керек еді. Мұны жасаған Ресей ме, Сирия ма немесе Иран ба, әлде барлығы бірлесіп жасады ма, ол жағын анықтаймыз» деп доқ көрсеткен АҚШ президенті Дональд Трамп Сириядағы жағдайдың өршіп кетуіне байланысты Колумбия сапарынан, сосын Перуде өтетін Латын Америка елдерінің саммитіне қатысудан бас тартқанын мәлімдеді. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде бас қосқан мемлекет өкілдері Дума қаласында химиялық қару қолдануды «халықаралық гуманитарлық құқықты өрескел бұзу» деп айыптады. Әзірге бұл қылмысты кімнің мойнына алатыны белгісіз. Айтпақшы, дәл осындай жағдай 2017 жылдың 4 сәуірінде орын алған еді. Соның салдарынан Хан-Шейхун қаласында 94 адам көз жұмғаны есте. Араға жыл салып қайталанып отырған оқиғаның астарынан ұқсастық іздеушілер көп.