Жүрісінен жиі жаңылатын жерсеріктер

Жүрісінен жиі жаңылатын жерсеріктер

Жүрісінен жиі жаңылатын жерсеріктер
ашық дереккөзі
Бүгін – адамзаттың алғаш рет ғарышты бағындырған күні. 1961 жылы 12 сәуірде қазақтың Байқоңырынан Юрий Гагарин ғарышқа ұшып,  1 сағат 48 минуттан кейін Жерге қайта оралды. Сол уақытта Кеңес балаларының арасында ғарышкер болуды армандамайтыны кемде-кем еді. Қазақтың кішкентай өренінен де «Өскенде кім боласың?» деп сұрасаң, міндетті түрде  «Ғарышкер!» дейтін еді өр үнмен. Бүгін ше? Қазақ баласының ғарышты игеруге ықыласы бар ма? Ғарыштық державаға айналуды көздеген Қазақстанның аяқ алысы қалай? Отандық аэроғарыш өнеркәсібін дамытуға не кедергі?

Ғарышты игерудің алғашқы қадамдары

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап еліміз ғарышты игеруге нақты қадамдар жасай бастады. Отандық ғарыш техникасы мен технологиясының үлгілерін жасау жолындағы серпінді жұмыстар жолға қойылды. 1991 жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа аттанған Тоқтар Әубәкіров өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал туған аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозолдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Сондай-ақ, Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу жұмыстары да ойдағыдай өтті. Ғарыш кемесі 1991 жылы 10 қазанда Жерге оралды. Осылайша Тоқтар Әубәкіров Қазақстанның ғарыштық тәжірибелерінің бірінші ғылыми бағдарламасын орындады. Бұл оқиға  космонавтика тарихында соңғы кеңес ғарышкерінің ұшуы ретінде де қалды. Қазақ КСР Президенті болып сайланған Н.Ә. Назарбаев 1991 жылғы 31 тамызда республика аумағында орналасқан «Байқоңыр» ғарыш айлағы Қазақстанның меншігі деп жарияланған Жарлыққа қол қойды. Бұл КСРО құрамына кіретін республика Президентінің батыл қадамы болатын. Алайда КСРО-ның қирауы және оның ізінше орын алған ауыр экономикалық дағдарыс «Байқоңыр» ғарыш айлағының болашағын дүдәмал еткені рас. Бұл енді ғана еншісін алған жас мемлекет үшін үлкен сынақ әрі күрделі таңдау жасау сәті еді. «Байқоңыр» кешенін Ресейге жалға беру экономикалық құлдырау жағдайындағы жалғыз дұрыс шешім болғанына ширек ғасырда толық көзіміз жетті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық аэроғарыш агенттігі «Байқоңыр» кешенінің нысандарын түгендеу және техникалық жағдайын бағалау жөнінде орасан зор жұмыс атқарды, оның нәтижелері «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына негіз болды. Нәтижесінде халықаралық ықпалдастыққа жол ашқан «Байқоңыр» ғарыш айлағын сақтап қалдық.

10 жыл бойы хабарсыз  кеткен KazSat-1 

Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің ғарыштық тәжірибелерін 1994, 1998 және 2001 жылдары ғарышқа үш рет ұшқан Талғат Мұсабаев және ғарышқа 2015 жылы сапар шеккен Айдын Айымбетов   жалғастырды. Қазақ ғарышкерлерінің бұл сапарлары Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жан-жақты қолдауы және  күрделі қаржылық және ұйымдық мәселелерді шешуге тікелей қатысуының арқасында ғана жүзеге асқанын айтпай кетуге болмас. «2005-2007 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында ғарыш қызметін дамыту» бірінші мемлекеттік бағдарламасын қабылдау туралы Жарлыққа қол қоюы – Елбасының Қазақстанды ғарыштық державаға айналдыруды көздеген табанды саясатының айғағы. Бағдарламаның басты жаңалығы – ғарыш кеңістігін зерттеу бойынша ғылыми жұмыстармен қатар ғарыш кеңістігін пайдаланумен байланысты жобалау жұмыстарының енгізілгені. Аталмыш бағдарлама шеңберінде KazSat-1  байланыс спутнигін құру және ұшыру жобасы іске асырылды, ғарыш техникасының арнайы конструкторлық-техникалық бюросы құрылды, Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесінің, ғылыми-технологиялық мақсаттағы ғарыш жүйесінің, ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің, «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенінің жобалау материалдарын әзірлеу басталды. Алайда алғашқы мемлекеттік ғарыш бағдарламасын ойдағыдай іске асты деу қиын. KazSat-1 спутнигін құру және ұшыру жобасынан өзге жұмыстар аяқсыз қалды. Өкінішке қарай, «үкілеп» ұшырған алғашқы жер серігіміздің өзі үмітті ақтамады. 65 млн АҚШ долларына бағаланған спутник небәрі 2-ақ жыл жұмыс істеп, 2008 жылы ізім-ғайым жоғалып кетті. Ресми мәлімет бойынша, спутниктің істен шығуына басқару жүйесіндегі ақау себеп болған. Ұлттық ғарыш агенттігі барлық кінәні тапсырыс берушіге үйіп-төкті. 2008 жылы желтоқсанның 2-сі күні Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында KazSat-1 жер серігі жұмысын толығымен тоқтатқаны туралы мәлімдеген Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев: «KazSat-1 – ғарыш саласынан хабары аз буынның қолынан шыққан спутник. Жер серігінің бір жобасы – Ақпарат және байланыс министрлігінің, екінші нұсқасы – Білім және ғылым министрлігінің, үшіншісі – тағы бір ведомствоның, төртіншісі – Ұлттық инновациялық қордың қолында болды. Ұлттық инновациялық қордың ғарыш саласына ешқандай қатысы жоқ, алайда KazSat-1-ді жасауға тапсырыс берген, келісімшарттарға қол қойған және жасалуын қадағалаған – сол», – деген болатын.

Жоғалуға бейім жерсеріктер

«Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» деген рас екен. Алғашқы сәтсіздіктен кейін Талғат Мұсабаев: «KazSat-2 жер серігі KazSat-1  құсап жоғалып кетпеуі тиіс. Өйткені бұл спутник заман талаптарына сай жасалды. Бірінші жер серігін ұшыру кезінде кеткен кем-кетіктің бәрі ескерілді», – деп сендірді. Алайда араға бірнеше жыл салып отандық жерсеріктен тағы ақау шықты. Өткен жылдың 31 наурызында Жер орбитасында айналып жүрген он алты мыңға жуық жасанды серіктің бірі –  KazSat-2 жоғалып кетті. Соның салдарынан ғарыштық аппараттың ресурстарын пайдаланатын 13 байланыс және телехабар операторының жұмысы уақытша тоқтатылды. Бір шүкірлік ететініміз, жоғалған спутник көп ұзамай табылғанда шүкір десті жұрт. «Республикалық ғарыш байланысы орталығы»  бұл жолы жедел қимылдап, KazSat-2 жерсерігінің жұмысын қалпына келтіру шараларын жүйелі жүргізді. Мамандардың сөзінен ұққанымыз, 6 жарым сағат бойы байланыссыз қалған KazSat-2-нің бір құрылғысы сыр берген. Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов: «Кеңістіктік бағдарлауға арналған жабдықтан ақау шыққан. Техника болғаннан кейін мұндай жағдайлар болып тұрады. Астымыздағы көлікті жылына бір рет техникалық тексерістен өткізіп тұрамыз ғой. Ал бұл спутниктің ғарышқа жіберілгеніне 6 жыл болды. Пайда болған ақауды жойдық, барлығы орнына келді», – деп түсіндірді. 2006 жылы жасалған KazSat-2 жер серігін ұшыру о баста 2009 жылға жоспарланған еді. Алайда техникалық жағынан жақсы жарақталмаған және біраз өзгерістерді қажет еткен ғарыш аппаратын ұшыру кейінге шегерілді. Елге игілігін көрсетіп үлгермеген KazSat-1-дің құны 65 млн доллар болса, KazSat-2-ге мемлекет қазынасынан 115 млн доллар бөлінді. Спутник 2011 жылдың 16 шілдесінде  «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы №200 ұшыру алаңынан көкке самғап, ғарыш орбитасына сәтті көтерілді. «Протон-М» зымырантасығышы арқылы KazSat-2 спутнигімен қатар, ғарыш кеңістігіне америкалық «ОС-2» телекоммуникациялық жерсерігі де жеткізілді. Ғарыш аппараты бір айдың ішінде шығыс бойлық бойынша ғарыш кеңістігін кезе жүріп, 86,5 градустық өз орбиталдық нүктесіне жетті. Содан кейін спутник екі ай бойы сынақтан өткізіліп, 2011 жылдың қазан айында ресейлік мамандар жерсерікті Қазақстанның ғарыш байланысы республикалық орталығының мамандарына тапсырды. 7 жылдан бері KazSat-2-нің арқасында Қазақстан аумағында сапалы ақпараттық һәм телекоммуникациялық қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін тауып келеді. KazSat-1 сәтсіздікке ұшырағаннан кейін 3 жыл бойы бағасы жағынан айтарлықтай қымбат шетелдік жерсеріктеріне жүгінуге мәжбүр болған елдегі телеарналар мен байланыс операторлары өз спутнигіміздің игілігін көре бастады. Яғни, KazSat-2-нің сәтті самғауы айналып келгенде, қарапайым халық үшін тиімді. 2014 жылдың 28 сәуірінде Қазақстанның үшінші жер серігі – «KazSat-3 әуеге көтерілді. Сол кезде көптің көкейінде KazSat-3 спутнигін ұшыруда қандай қажеттілік бар деген сауал туды. Үшінші жерсерік жобасының жұмысына 27 миллиард теңге жұмсалғанын алға тартып, бұл сұрақты әлі күнге дейін қоятындар бар.  KazSat-3 – KazSat-2-ге септесіп қызмет ететін ғарыш аппараты. Техника – темір. Оны қанша жерден бақылап, жұмысын реттеп отырғанмен төтенше жағдайлар орын алуы мүмкін екеніне 2017 жылдың 31 наурыз күнгі келеңсіз жағдайдан соң көзіміз анық жетті. Міне, сол оқиға кезінде KazSat-2-нің қызметі шұғыл түрде KazSat-3-ке жүктеліп, телехабар тарату және байланыс операторларының жұмысы жедел қалыпқа келтірілді. Бұдан бөлек, KazSat-3 спутниктік хабар таралымдарын қамтамасыз етіп, жылдам интернеттің қалыптасуына септігін тигізді. Ең басты олжамыз –  екі жерсеріктің арқасында біз ақпараттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етіп отырмыз. Ғарыш аппараттарының арқасында коммерциялық табыс тауып отырғанымызды да айтпай кетуге болмас. Атап айтқанда, екі жерсеріктен тұратын (KazSat-2 және KazSat-3) KazSat жүйесі шетелдік жерсеріктік ресурстарды пайдалануды қысқарту есебінен 27 млрд теңге мөлшерінде импорттың орнын ауыстырып, 14,7 млрд теңге табыс әкелген. «Бізде KazSat жерсерігі болмағанда, шетелдік жерсеріктердің қызметі үшін жылына 45 млн доллар төлейтін едік», – дейді Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов. Министрліктің есебіне сүйенсек, жерді қашықтықтан зондтау жүйесі (ЖҚЗ) де  айтарлықтай қаражат үнемдеуге мүмкіндік берді. Осы жүйені пайдалану кезінде ЖҚЗ мәліметтерін сатудан түскен табыс Қазақстанда 760 млн теңгені, шетелде 143 млн теңгені құрады. Бұдан бөлек, Қазақстанның мемлекеттік органдары ғарыш түсірілімдерін тегін алып жүр. 2016 жылдың басынан бері оларға құны 12,2 млрд теңгені құрайтын 22,3 млн шаршы километр аумақтың түсірілімі берілді. Егер шетелдік операторлардың тарифтері бойынша есептесек, бұл ғарыш түсірілімдеріне 23 млрд теңгеден артық қаражат жұмсалады екен.

Алмастыруға  60 млрд теңге қажет

Ғарыштық аппараттарды игеру жолында түйіні тарқамаған түйткілдер де бар. Сала өкілдерін алаңдатқан ең өзекті мәселе – кадр тапшылығы. Жерді қашықтықтан зондтаудан алынған суреттерді өңдей алатын кадрлар, материалдық, техникалық ресурстардың жоқтығын өткен жылы  Мәжілісте депутат Шафхат Өтемісов мәселе етіп көтерген еді. Мамандардың жоқтығы сала жұмысына тұсау екенін министрдің өзі де жоққа шығармайды. «Ғарыш түсірілімдерінің өзі мемлекеттік органдардың салалық міндеттерін орындамайды, оларға шифрдің оқылғаны керек. Бұл мәселені шешу үшін салалық геопорталдар мен жерді қашықтықтан зондтау ғарыштық жүйесі ұлттық операторының жанынан ғарыштық бақылау және қадағалау қосалқы жүйесін құру тиімді болар еді», – деген еді Бейбіт Атамқұлов. Алайда бір порталды іске қосудың өзіне шамамен 100 млн теңге қажет көрінеді. Ал барлық саланы геопорталмен жабдықтау үшін 4,8 млрд теңге керек. Яғни, түйткілдің түйіні түптеп келгенде қаржыға тіреледі. Қаржы демекші, ғарыш саласын одан әрі дамытуды көздеген Қазақстанды бұдан да бөлек көп шығын күтіп тұр. 2023 жылы KazSat-2 жерсерігінің қолданылу мерзімі аяқталады. Оны алмастыру үшін KazSat-2R жерсерігін жасау жоспарлануда. Кейінірек KazSat-3 жерсерігін алмастыру үшін KazSat-3R спутнигі жасалмақ. Алдын-ала мәліметке сүйенсек, жерсеріктерді жоспар бойынша ауыстыру жобасының құны 60 млрд теңгені құрамақ. Ақша табылар, жаңа спутниктер жасалар. Алайда отандық жерсеріктерін ұшыру тәжірибесіндегі сәтсіздіктер жұмсалған миллиардтардың бір-ақ сәтте желге ұшуы мүмкін екенін көрсеткендіктен, ел қазынасы үшін алаңдайтын негіз бар. Қазір Жер орбитасын әлем елдерінің 16 мыңнан аса жерсеріктері айналып жүр. Мамандардың айтуынша, олардың 4 мыңға жуығы ғана жұмысқа жарамды. Қалғандары – зымыраннан бөлінген бөлшектер сынды қоқыстар. Жұмысқа жарамдыларының ішінде 850 жер серігі белсенді қызмет етуде. Олардың қатарында Қазақстанның екі ғарыш кемесі – KazSat-2 мен KazSat-3 те бар. Еліміздің ғарыштық сұраныстарын қамтамасыз етіп отырған жерсеріктердің бірі әлі 5 жыл, екіншісі 6 жыл қызмет етуі тиіс. Олардың орнын алмастыратын жаңа спутниктер – KazSat-2R мен KazSat-3R дайын болғанша жүрісінен жиі жаңылатын жер серіктеріміз сүрінбесе болғаны. P.S: Тылсым түндерде көк жүзіне көз салғанды жаным сүйеді. Әлденені іздейтін сияқтымын. Шексіз кеңістік қиялыма қанат бітіреді. «Сен қайда кеттің, KazSat-1 ? – деймін жұлдыздар жайнаған аспаннан көз алмай. – Сен қазақтың мақтанышы болуға лайық едің ғой. Жерге қаратып кеткенің қалай?» Жұлдызды кеңістікте үн жоқ.