Аягөздіктер жаңа баспанаға кірді

Аягөз ауданындағы тасқынның шығынын есептеу үшін құрылған комиссия жұмысының алғашқы қорытындылары жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тасқын салдарынан Аягөз ауданында 143 үйді су алған болатын. Бағалаушы комиссия 18 үйдің құлап, 52-сі жарамсыз болып қалғанын растады. Қалған 73 үйді қалпына келтіруге толық мүмкіндік бар. Оның 22-сінде жөндеу басталып та кеткен. Бұл деректерді облыс әкімі Даниал Ахметов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте айтты. «Үйі бүлінген 52 отбасының 16-сы бұған дейін баспаналы болған. Тағы 18 үйдің құжаттары дайындалып жатыр. 3-4 күннің ішінде олар жаңа баспанаға кіреді. Осылайша 34 отбасы баспанамен қамтылмақ. Қалған 18 үй бойынша күмәнді мәселелер бар. Комиссия мүшелері оларды тағы бір рет сүзгіден өткізеді » – дейді әкім. Бұл ауданда тасқыннан зардап шекендерді  баспанамен қамту үшін 200 млн теңгеден астам қаражат бөлініп отыр. Оның 80 млн теңгесі облыс әкімінің резервінен, 42,3 млн теңгесі аудан әкімінің резервінен алынды. Қалған 100 млн теңгені «Парыз» қоры аударған. Тасқын салдарынан үйін тастап шыққан 515 адамның 408-і бүгінде үйлеріне кірген.

Back to top button