“ҚАЗАТОМӨНЕРКӘСIП” ҮНДIСТАНҒА УРАН ЖЕТКIЗЕДI

“ҚАЗАТОМӨНЕРКӘСIП” ҮНДIСТАНҒА УРАН ЖЕТКIЗЕДI

“ҚАЗАТОМӨНЕРКӘСIП” ҮНДIСТАНҒА УРАН ЖЕТКIЗЕДI
ашық дереккөзі
255

Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екiұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор – “Қазатомөнеркәсiп” компаниясы басшысы Мұхтар Жәкiшев жағымды жаңалықпен бөлiстi. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндiстан елiне жасаған ресми сапары аясында Үндiстанның “Nuclear Power Corporation of India Limited” (NPCIL) ядролық-энергетикалық корпорациясы мен “Қазатомөнеркәсiп” ҰАК” АҚ Дели қаласында өзара түсiнiстiк туралы Меморандумға қол қойды. NPCIL Басқарма төрағасы және Басқарушы директоры Шреянс Джайн мен “Қазатомөнеркәсiп” ҰАК” АҚ Президентi Мұхтар Жәкiшев құжатты ресми түрде бекiтiп, маңызды қадамның тұсауын кестi.

Меморандумның нәтижесiнде екi жақ та ауқымды әрi өзектi мәселелер төңiрегiнде бiрлесе, ынтымақтаса жұмыс iстемек. Соның iшiнде табиғи уран өндiру, отандық уран өнiмiн отын таблеткалары және Үндiстан атом энергетикасына арналған отын түрiнде жеткiзiп тұру негiзгi мiндет көзiнде ұсталды. Тағы бiр маңызды жайт, аталмыш құжатта ел аумағында үндiлiк үлгiдегi реакторлар секiлдi салынған атом энергетикасы нысандарының техникалық-экономикалық негiздемесiн жасау мүмкiндiгi де қарастырылыпты.

Бүгiнде Үндiстанда 1 млрд. 300 млн.-нан астам адам тұрады. Демографтар халқының саны бойынша, бұл елдiң таяу болашақта Қытайды басып озуы ғажап еместiгiн айтады. Сондықтан қуат көзiн көбейту Үндiстан үшiн қазiр көкейкестi мәселе. Үндiстан үкiметiнiң Атом энергетикасы департаментiнiң әкiмшiлiк басқармасына бағынышты мемлекеттiк кәсiпорын – Үндiстанның ядролық-энергетикалық корпорациясы 1987 жылдың қыркүйек айында ашылып, атом электрстансаларын басқару және үндi елiнiң үкiметтiк бағдарламаларына сәйкес электр энергиясын өндiрiп келсе де, оның күшi мен өнiмi жеткiлiксiз. Басқасын айтпағанда, Дели тұрғындарының далада тұратын басым бөлiгi күн батқанда әлi күнге май шамды пайдаланады. Бұл тығырықтан шығу үшiн Үндiстан жаңа атом электр стансаларының құрылысын бастады. Оған қажеттi уранның белгiлi мөлшерiн үндiлер Қазақстаннан тасымалдамақ боп келiстi.

“Қазатомөнеркәсiп” ҰАК” АҚ Президентi Мұхтар Жәкiшев: “Қол қойылған құжат дер кезiнде екiжақты тиiмдi етiп жасалды. Бұл қос елдiң iскерлiк және саяси байланыстар өрiсiн айтарлықтай кеңейтудi көздеген ниеттен туындады” дей келе, бұл жобаның бәрi Қазақстан мен Үндiстан арасында атом энергетикасын бейбiт мақсаттарда пайдалану туралы келiсiмге қол қойғаннан кейiн және Үндiстан атом реакторларын орнатқан соң жүзеге асады. Әлбетте, мұның бәрi атом энергетикасын бақылау жөнiндегi халықаралық агенттiктiң қадағалауымен жасалады” дегендi бiлдiрдi. Коммерциялық тиiмдiлiк мәселесiне келер болсақ, баға келiсiлдi. Бiз Үндiстанға табиғи уранды саудаға шығарамыз. Кейiн таблетка күйiнде де, яғни дайын өнiмдi де беремiз” дейдi. Ал серiктесiнiң сөзiн қуаттаған Шреянс Кумар Джайн мырза да меморандумның екi елдiң ұзақ мерзiмдi әрiптестiгiн одан әрi нығайта түсетiнiне сенiмдi.

Демек, ендi Қазақстан АҚШ, Франция, Ресейден кейiнгi Үндiстанмен атом энергетикасы саласында келiсiм жасасқан төртiншi мемлекетке айналып отыр.

Ал былтыр естерiңiзде болса, әлемнiң жетекшi уран өндiрушi компанияларының алғашқы үштiгiне кiретiн – “Қазатомөнеркәсiп” ҰАК” АҚ Қытайдың Гуандонь ядролық-энергетикалық корпорациясы және ядролық өнеркәсiп кәсiпорнымен келiсiмшартқа отырып, бұл құжаттар бойынша Қытай халық республикасына табиғи уран тасымалдау, Қазақстан аумағындағы кенiштердi бiрлесiп игеру және уран отынын жасауға кiрiскенiн хабарлаған-тұғын. Тiптi, қызмет аясын кеңейтiп Қытайдағы атом стансаларының құрылысына қатысатындығын да жеткiзген едi. Қазiрдiң өзiнде бұл келелi келiсiмнен туған бастамалардың жемiсiн берiп жатқан жайы бар. Оның бастапқы нәтижесi үшiншi тоқсанда шығып қалуы ғажап емес.

2008 жыл қорытындысы бойынша, елiмiзде 8 521 тонна уран өндiрiлген. Егер салыстырмалы түрде айта кетсек, 2007 жылы бұл көрсеткiш 6 637 тонна шамасында болды. Қазақстан бойынша өндiрiлетiн уранның тұтас ауқымы “Қазатомөнеркәсiп” ҰАК” АҚ бiрiккен кәсiпорындарында және “Қазатомөнеркәсiп” құрамына кiретiн Степногор тау-кен-химия комбинатында өндiрiлетiн ураннан жинақталады. Бiр қуаныштысы сол, компания басшысы Мұхтар Жәкiшевтiң айтуынша, бұл салаға экономикалық қаржы дағдарысы салқынын тигiзе қоймапты. Биыл “Қазатомөнеркәсiп” ҰАК” АҚ өнiмiн былтырғыға қарағанда 40 пайызға ұлғайтып, 11 900 тонна уран өндiрудi көздеп отыр. Әрине, компания басшысы уран бағасының нарықтағы жағдайының өзгерiп отыруына байланысты көрсеткiштiң құбылып тұруы мүмкiн екенiн де жоққа шығармайды.

“Бiз тек уран өндiруден ғана емес, сол сияқты атом өндiрiсi тарихы жөнiнен де бiрiншi орыннан көрiнемiз. Бiз қиын-қыстау кезеңде де бар мүмкiндiктi сақтап қалдық. 2000-2001 жылдары уранды ең төменгi бағамен сатсақ та, аяғымыздан тiк тұрып кеттiк. Дағдарыстың алдын алып, арнайы бағдарлама жасақтап, ұтымды жүйемен жұмыс iстегендiктен де, әзiрге қандай да бiр қаржылық институттардан көмек сұраған жерiмiз жоқ”, – дейдi “Қазатомөнеркәсiп” ҰАК” АҚ Президентi Мұхтар Жәкiшев.

Қазiргi кезде нарық жағдайы мәз емес, есесiне атом стансасын салуға потенциалы жоғары Үндiстанмен өзара келiсiм жасауға бағытталған әңгiмелер кемiнде 5 жыл, ал экономикасы күннен-күнге қарыштап жатқан Қытаймен 10 жыл көлемiнде өрбiген екен. Биыл мiне, Қазақстан үшiн уран өнiмiн сату нарығын кеңейтуде таптырмас мүмкiндiк туып отыр. Демек, Үндiстанның ядролық станса салу туралы бағдарламасы жүзеге асса, Қазақстан оларды уранмен қамтамасыз ететiн елдiң бiрi болмақ.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары