БАСПАНА – БIРЕУГЕ ЗАР, БIРЕУГЕ МАЛ...

БАСПАНА – БIРЕУГЕ ЗАР, БIРЕУГЕ МАЛ...

БАСПАНА – БIРЕУГЕ ЗАР, БIРЕУГЕ МАЛ...
ашық дереккөзі
211

Тұрғын үй құрылысының маңызы мемлекет құрылысының маңызынан еш кем емес. Сенбесеңiз, тарихқа қараңыз. Екiншi дүние жүзiлiк соғыстан кейiн АҚШ-та, Германияда, Совет Одағында тұрғын үй құрылысы мемлекеттiк деңгейде күштi қарқынға ие болды. Германия, тiптi, құрылыс саласына инвестиция құйған кәсiпорындарға салық салымын азайтып отырған. АҚШ осы мақсатта арнайы мемлекеттiк дотациялар бөлдi. Ал Советтер Одағында жаппай “хрущевтiк” типтегi төрт-бес қабатты үйлер салына бастады.

Әу баста бұл үйлер “уақытша тұруға” деп есептелiнiп, оларды пайдалану мерзiмi 25-30 жыл деп белгiленген екен. Алматыда 60-жылдары кiлтi тапсырылған үйлердiң “жасы” қазiр 50 жылға тақап қалды. Олардың бәрiн пайдаланудан шығарып, орнына жаңа үй салу Алматы қаласының Бас жоспарында қарастырылған. Бiрақ қаржы дағдарысы бұл жоспарлардың бәрiн кейiнге шегеруге мәжбүр етiп отыр.

Сонда тұрғын үй нарығы биыл қалай дамиды?

Баспана – бiреуге зар, бiреуге – күнкөрiс, бiреуге – бизнес көзiне айналғалы қашан… Алматыда бiреу екi бөлмелi қуықтай пәтерге зәру болып, бала-шағасымен көшiп-қонып жүргенде, баз бiреулердiң 100-200 пәтерi болғанға кiм сенедi? Бұл нарықтың заңдылығы да емес. “Заманның түлкiлiгiн” пайдаланған пысықтардың “қасқырлығы” да…

Осыдан екi жыл бұрын, 2007 жылдың сәуiр айында Алматыда жылжымайтын мүлiк бойынша екiншi конгресс өткен болатын. Осы жиында “Алматыда алдағы үш жылда жылжымайтын мүлiк бағасы қымбаттай бередi” деген болжам айтылды. Алайда, бiр жыл өтпей жатып-ақ, Алматыдағы ғана емес, Астанадағы, басқа облыс орталықтарындағы пәтер бағасы күрт құлдырады.

Бүкiләлемдiк қаржы дағдарысының алғашқы белгiлерiн “байқамай”, “бәрi жақсы” деп болжам жасаған халықаралық рейтинг агенттiктерiнiң iсi қазiр сотта қаралып жатыр. Сондықтан да нарық саласында болжам жасауға абай болған дұрыс шығар.

Әрине, жылжымайтын мүлiк саласындағы “көбiктiң” ерте ме, кеш пе жарылатындығын бiлiктi мамандар екi-үш жылдан берi айтып келдi. Бiрақ халықтың көпшiлiгi мұндай бiрлi-жарым пiкiрге құлақ асқан жоқ. Керiсiнше, көп адамдар пәтер бағасы аспандаған үстiне, аспандай бередi деп ойлаған. Бiр шаршы метрiнiң өзiндiк құны орташа есеппен 800 доллардан аспайтын Алматыда кейбiр үйлердегi бiр шаршы метр 3000 долларға бағаланғаны – тойымсыздық емей, немене? Осындай бағаға сатқан да, сатып алған да “мұнымыз қалай?” деп ойламаған-ау, сiрә. Қауым болып адасқан деген осы шығар.

Алматы қаласында 2005 жылы бiр шаршы метрдiң өзiндiк құны орташа алғанда 446 долларға салынған екен, ол орта бағамен 972 долларға саудаланған. Ал 2006 жылы шаршы метрдiң өзiндiк құны 549 долларға көтерiлгенде, оның сату бағасы да 1806 долларға дейiн өскен. 2007 жылы пәтерлер құрылысын салуға әр шаршы метрiне 720 доллар жұмсалса, сату бағасы да 2100 доллардан асып, шарықтай берген. Бiрақ жоғарыда айтқанымыздай, бұл тек орташа баға, қаланың сәулеттi үйлер салынған орталық аудандарында баға 3000 долларға жетiп жығылған.

Ал былтыр тұрғын үй бағасы күрт төмендегенi белгiлi. Кейбiр сарапшылар “баға белгiлi бiр деңгейге дейiн құлдырап, жыл соңында тұрақталады” дегенмен, шаршы метрлер әлi де арзандай түсетiн сияқты. Дегенмен, бiр сарапшы айтпақшы, қазiр Алматыдағы тұрғын үй нарығына болжам жасау жер сiлкiнiсiн болжағанмен бiрдей, әйтеуiр бiр жер сiлкiнiсiнiң болатынын бәрi бiледi, бiрақ дәл қашан болатынын ешкiм де болжай алмайды. Бiз түгiлi, Ұлттық банктiң өзi былтырғы жылдың соңында жариялаған қаржылық тұрақтылық туралы есебiнде 2009 жылға болжам айтудан қашқақтайды. “…Алдағы қысқа мерзiмде төменгi бағалардың сақталуы (Алматыда iшiнара арзандауы да мүмкiн) қисынға келедi, ал келесi жылдың соңына таман бағалар бiртiндеп қалпына келуi мүмкiн” делiнген осы құжатта.

Ал осы рыноктың белсендi “ойыншылары” биылғы жазда тұрғын үй бағасы тағы да 15-20 пайызға арзандауы мүмкiн дейдi. Былтыр Алматыдағы шаршы метрлер бағасы 30 пайызға, ал республика бойынша 20 пайызға төмендегенi белгiлi. Баға тағы да құлдырай түссе, шаршы метрлер бағасы пәтердiң өзiндiк құнына жақындап қалуы мүмкiн-ау.

Қаңтар айының соңын ала Астана қаласында 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламасына қатысу үшiн баспанаға мұқтаж азаматтардың құжатын жинау науқаны басталды. Көп баспанасыздың көзқұрты болған бағдарламаға бiраз өзгерiстер енгiзiлсе де, бұл құжат кемшiлiктерден түгел арылмай тұр. Осы жолғы бiр ерекшелiк – құжат тапсырғандар емтихан тапсырғандай “балл” жинап, жоғарғы балл жинаған 5600 үмiткерлердiң құжаты банктiң тексеруiнен өткiзуге жiберiледi. Өйткенi, жоспар бойынша биыл Астана қаласында 5612 пәтер пайдаланылуға берiлмек. Құжат тапсыруға 20 мың адам келсе де, 30 мың адам келсе де, 5600-дың қатарына iлiккен “бақытты” үмiткерлер ғана бағдарламаға қатысу құрметiне ие болады деген сөз. Сондықтан да алдағы екi ай астаналық баспанасыздар үшiн “қып-қызыл майдан” екенi түсiнiктi шығар.

Мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламасының төрт жылдан берi жүзеге асып жатқанына қарамастан, көптеген азаматтар үшiн түсiнiксiз, күңгiрт нәрселер көп-ақ. Алдыңғы бағдарлама бойыша құжат тапсыру мерзiмiнiң қашан басталғанын қалың жұртшылық бiлмей қалып, тек құжат жинау аяқталуға жақындағанда кездейсоқ естiп, сан соғып қалғандар да көп болды. Осыдан сабақ алды ма, Алматыда екiншi Тұрғын үй бағдарламасы жарияланғанда, оның құжат жинау мерзiмi туралы алдын ала ақпарат құралдары арқылы жарияланып, тәртiптерi, қажеттi құжат тiзiмi түсiндiрiлдi. Бiрақ былтыр Алматы қаласының Тұрғын үй департаментi үш күннiң iшiнде құжат тапсыратындарға талон үлестiрiп, сол аз күнде департамент ғимаратының алдындағы жер қайысқан кезекте күнi-түнi тұрамын дегендердiң iшiнде жүрек талмасы ұстап, талып жатқандар да болды.

Алматы мен Астана қаласындағы мемлекеттiк бағдарламаға құжат жинау тәртiбi нелiктен екi басқа екенi түсiнiксiз. Бұл – жергiлiктi әкiмшiлiктер мемлекеттiк бағдарламаға қатысатын азаматтардың тiзiмiн жасауда өз бiлгенiн жасап отыр деген сөз. Шын мәнiнде, бағдарлама мемлекеттiк болған соң, оған қатысудың тәртiбi де барлық облыстарға ортақ болуы керек емес пе? Мысалы, биыл Астана қаласында құжат қабылдау екi ай бойы жүргiзiледi. Мемлекеттiк қызметкерлер мен бюджет мекемесi қызметкерлерi қызмет орындарындағы кадрлық орталықтарынан да құжат тапсыра алады. Алматыда бiрiншi болып талонға қол жеткiзген адам алғашқылардың бiрi болып құжат тапсыру “бақытына” ие болса, Астана қаласының Тұрғын үй департаментi мәлiмдеуiнше, құжат тапсырғандардың кiм басында, кiм соңында келгенi маңызды емес, егер категорияға сай болып, бала санымен көбiрек “балл” жинап, банктен несие алуға шамаңыз жетiп тұрса, ай соңызда келсеңiз де, алғашқылардың бiрi болып биыл пәтер алып қалуыңыз ықтимал.

Бiрақ тұрғын үй құрылысы саласында бұрынғыдай дүмпудi ендiгi күтудiң қажетi жоқ шығар. Дағдарыс салдарынан аяқталмай қалған құрылыстардың қайта жандануы мен мемлекеттiк бағдарлама бойынша салынып жатқан үйлерден басқа бұл салада биыл жаңалық бола қоймас. Мамандар 2010 жылдан кейiн тұрғын үй нарығында дамудың жаңа белесi басталады дейдi. Оған да көп қалған жоқ.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары