Қостанай облысында жезөкшелікпен айналысқан қылмыстық топ анықталды

/
Қостанай облысында жезөкшелікпен айналысқан қылмыстық топ анықталды
Фото: Қостанай обл. ПД

Полицейлер таксистер атын жамылып, интимдік қызметтер көрсетумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кескенін мәлімдеді, деп хабарлайды Қостанай облыстық полиция департаменті.

"Қостанай облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері такси қызметінің алтын жамылып, интимдік қызмет көрсетуді ұйымдастырып, жезөкшелікпен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты.

Тергеу барысында қыздардың қаладағы бірнеше саунаға жеткізіліп, онда интимдік қызмет көрсеткені анықталды. Тізімде 12 сауна бар. Полиция сауналардың әкімшілерін және ақылы интимдік қызмет көрсеткен тұлғаларды анықтады", - делінген департамент хабарламасында.

Полиция мәліметінше, қылмыстық топ ауылдардан шыққан, әлеуметтік тұрғыдан осал және аз қамтылған отбасылардан шыққан жас қыздарды алдап, қорқыту және күш қолдану арқылы жезөкшелікке тартқан. Оларды жалдамалы пәтерлер мен гараждарда ұстап отырған.

Қазіргі уақытта Қазақстан қылмыстық кодексінің бес бабы бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

"Бірқатар күдікті ұсталып, басқа қатысушыларға қатысты процессуалдық мәжбүрлеу шаралары қолданылды. Тінту барысында көп мөлшерде қолма-қол ақша, құжаттар, техника, банктік карталар және қылмыстық қызметте пайдаланылған деп болжанған тоғыз автокөлік тәркіленді.

Сонымен қатар қылмыстық жолмен алынған қаражаттың бір бөлігі жалған банктік шот арқылы заңдастырылғаны анықталды. Бұл қаражат көлік, тіркеме және гараждар сатып алуға жұмсалған", - дейді полиция өкілдері.

"Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру" бабы бойынша бөлек іс қозғалды.

Тергеу жалғасып жатыр. Ішкі істер органдары жеңгетайлық пен интимдік қызмет көрсету арналарын анықтау және жолын кесу бойынша жұмысты жалғастыратынын атап өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары