АСЫЛ ЕДI-АУ, АЛТЫНБЕК!..

АСЫЛ ЕДI-АУ, АЛТЫНБЕК!..

АСЫЛ ЕДI-АУ, АЛТЫНБЕК!..
ашық дереккөзі
528

1979-жылдың жарқын жазы басталған шақ едi. Ол уақта мен Жанкелдин ауданының бұрынғы “Қызбел” кеңшарында К-700 тракторын жүргiзетiнмiн. Үлкен бiр арманым – Киров атындағы (бүгiнде әл-Фараби атында) қазақ мемлекеттiк университетiнiң журналистика факультетiне оқуға түсу.

Сол жылы бiздiң жолымыз болды. Оқуға түсiп, Алтынбек Сәрсенбаев бәрiмiз 102-топтың студенттерi болып шыға келдiк. Көзiлдiрiктi жiгiт “әп” дегеннен-ақ, сабаққа алғырлығын байқатты. Тәртiптi. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Журналистiк мамандыққа да икемi мол екен. Университеттiң газетiне әзiл әңгiмесi де басылды.

Келе-келе Алтынбектiң әзiлкеш жiгiт екендiгiн байқадым. Әзiлiме әзiлмен жауап бередi. Бiздер қатты қалжыңдасатын едiк. Мен оған “Алтын сақа” деген ат қойып алдым. Күн сайын иығымнан бiреу қағып қалады. Жалт бұрылсам оң қолын ұсынып, екi көзi күлiмдеп Алтынбек тұрады. Мен де алдымен Алтынбектiң иығынан қағып қалып, содан кейiн қол беретiнмiн. Бiр жолы екеуiмiздiң ойынымыздан от шығып кеттi. Партада отырғанмын. Алтынбек тақтаның етегiне жиналған бордың ұнтағын алақанына салды да маған қарай беттедi. Жаныма жеткен бойда алақанындағы борды төбемнен төге салды. Онымен қоймай, шашымның ұйпа-тұйпасын шығарды. Мен қатты ашуланып кеттiм. Екеумiз дәлiзге шығып, қақтығысып қалдық. Бес-он минуттан кейiн қайтадан сабамызға түстiк.

Бастапқы курстардың бiрiнен соң журфактың бiр топ студентi Нарынқол ауданының (Алматы облысы) Қарасаз аулына барып жұмыс iстедiк. Бұл – қазақтың классик ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған жерi. Алтекең де осы жерден екен. Курстасымыз өз аулында бiздi құдадай күтiп, құрмет жасады. Көптеген үйден дәм таттық.

Факультетiмiздiң деканы, профессор Темiрбек Қожакеев тым қатаң әрi әдiл кiсi болатын. Бiзге сатиралық жанрлар бойынша дәрiс оқыды. Сол кезде жоғары курстардың бiрiнде оқып жүрген Самат Асқаров атты жерлесiм бiр күнi маған: “Басқа сабақтарды оқымасаң да Қожакеевтiң сабағын оқы. Оның зачет алғаны емтихан тапсырғаннан қиын. Егер зачет ала алмай қалсаң стипендия бермей, әбден сорлатады. Кейбiр студентке зачет қоймай, оқу бiтiргенше стипендия бермей қойғанын бiлемiн”, – дедi. Осындай әңгiменi естiген соң зачет тапсыруға мықтап дайындалдым. Алдымен конспект жасау үшiн өзiм бiлетiн сегiз кiтапханаға барып, алған кiтәптарымның iшiнен оқуға тапсырылған беттердi таба алдмадым, бiреулер жыртып алып кетiптi. Бiр танысым арқылы Қазақ ССР Ғылым академиясының кiтапханасына барып, iздеген кiтаптарымды тауып алдым, конспект жасадым, зачетке мықтап дайындалдым.

Академиядан ҚазМУ қалашығындағы оқу ғимаратына жеткенше көп уақытым кетiп, зачет тапсыруға белгiленген уақыттан бес минуттай кешiгiп қалдым. Дегенмен, дәрiсханаға кiрiп бардым. Студенттер тiзiлiп отыр екен. Профессор маған сүзiле қарады да, “отыр” деп айқай салды. Жiгiттердiң арасына қарай беттей берiп едiм, қаһарлы декан: “Әй, сен қайда барасың? Мында отыр”,– деп, өзiнiң алдындағы партаны нұсқады. Мен айтқан жерiне отырдым. Профессорымыз менi қыспаққа ала бастады. Берген сұрақтарының бәрiне жауап бердiм. Жазған конспектiмдi тексердi. Содан кейiн: “Мына студенттердiң бәрi “оқы” деп көрсеткен беттерiңiздi бiреулер қиып алып кетiптi”, – деген әңгiменi айтып отыр. Ешкiм зачетке дайындалмапты. Сен конспектiнi кiмнен көшiрдiң? Айт шындықты!” – деп айқай салды. Мен бастан кешкен жағдайымды айтып бердiм. Декан менiң iсiме қатты риза болып, кiтапшама бiрден зачет қойып бердi. Сол күнi қаһарлы профессордан Алтынбек зачет алды. Бұл әңгiменi мен мақтану үшiн жазып отырған жоқпын. Алтекең зачеттан ылғи сүрiнбей өтiп, емтиханнан кiлең “5” деген баға алатын.

Бiздiң топтағы жақсы оқитын студенттердiң қарасы бiрден байқалды. Алтынбек Сәрсенбаев, Дархан Мыңбаев, Еркiн Қыдыров, Бейбiт Сапаралин, Бейбiт Құсанбеков, Жүсiпбек Қорғасбеков, Нұрлан Берғазиев (Мәукенұлы), Нұртөре Жүсiпов, Үмiт Алтаева тобымыздың мақтанышына айналды. Ол заманда үздiк оқып жүрген студенттердi Ломоносов атындағы мемлекеттiк университеттiң журналистика факультетiне ауыстыратын дәстүр бар екен. Бiздiң топтан Алтынбек Сәрсенбаев пен Дархан Мыңбаевтың бағы жанды. Орыс тобынан да екi студент Мәскеу қаласына жол тартты.

1984 жылы университеттi бiтiргеннен кейiн мен бiрден Қостанай облыстық “Коммунизм таңы” (бүгiнгi “Қостанай таңы”) газетiне жолдама алдым. Жұмысым жүрiп жатты. 1989 жылғы қаңтар айының басы болатын. Бiр күнi облыстық “Ленинский путь” (бүгiнгi “Костанайские новости”) газетiнде тiлшi болып iстейтiн бiр әрiптесiм: “Жұмағали, Алматыдан бiр жiгiт келiп жатыр. Бiздiң редактордың орынбасары ертiп жүрдi. Сенi сұрапты”, – дедi. Мен дереу көршiлес редакцияға барып, Алматыдан Алтынбек Сәрсенбаевтың келгендiгiн, менi сұрағандығын, өзi облыстық партия комитетiнде жүргендiгiн бiлдiм. Кiдiрместен обкомға тарттым. Амалын тауып, “үлкен үйге” кiрдiм. Алтынбектiң кiрген кабинетiн сұрап -бiлiп, есiк алдында күтiп тұрдым. Бiр кездегi курстасым екеумiз құшақтасып көрiстiк. Ол Қостанайға iссапармен келген екен.

Ол уақытта 1986 жылы Алматы қаласында болып өткен Желтоқсан оқиғасының ызғары әлi басылмай тұрған едi. Алтынбектiң шаруасына байланысты екеумiз облыстық кәсiподақтар кеңесiне бет алдық. Жанымызда атқосшы болып жүрген екi-үш азамат бар. Жолай әлгiлердiң бiрi Қазақстанның тарихына қатысты бiр жағымсыз әңгiме айтып қалды. Мен дереу әлгi шовинистiң сөзiне тойтарыс бердiм. Екiншi бiр шовинист азербайжан халқын жамандай жөнелдi. Тiптi ол: “Тарихта ондай халық болмаған” деп соқты. Оның бұл сөзiне қарсы менiң дәлелдерiм сұйықтау болып шықты. Осы сәтте Алтекең әңгiмеге кiрiсiп кеттi. Азербайжан халқының тарихын бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi замандардан бастап айта бастаған кезде әлгi кеудемсоқтың үнi өштi. Ол уақытта Таулы Карабахтағы жағдай өршiп тұрған болатын.

Алтекең “Қостанай” Қонақ үйiне орналасқан екен. Ол жерден мен тұратын үй көрiнiп тұр. Бiр бөлмелi пәтерiм бар едi. Мен бiрден Алтынбектi үйге қонаққа шақырдым. Кешкi сағат алты кезiнен бастап түнгi сағат он бiрге дейiн асықпай сыр шертiстiк. Алтекең балажанды жiгiт екен. Үш жасар ұлым Маралды да мәз қылды. Құрметтi қонаққа “Қандай жұмыс iстеп жүрсiң?” деп сұрағанымда ол: “Жақында ғана “Арай” журналына жауапты секретарь болып жұмысқа тұрдым” деп жауап қайырды. Мен сол жолы күнделiк дәптерiмнiң бетiне: “Жалпы қандай да болсын қызмет қолынан келетiн жiгiт” деген сөздердi де жазып қойыппын.

Сол жолы Алтекең Қостанайдан аттанып кеткенше жанында атқосшы болып жүрдiм.

1991 жылдың күзiнде мен Алматы қаласына барып, бұрынғы жоғары партия мектебiнiң незiгiнде ашылған саясаттану және басқару институтына сырттай оқуға түстiм. Қаланы аралауға мүмкiндiк туды. Киров көшесiндегi өзiмiздiң ескi оқу ғимаратына бардым. “Горизонт-Өркен” газетi сонда орналасқан екен. Бiр кабинеттiң есiгiнде “Бас редактор Алтынбек Сәрсенбаев” деген жазу тұрды. Кiдiрместен кiрiп бардым. Бас редактор орнынан тұрып, құшағын жайды, оқуға түскенiмдi естiп, қуанып қалды. Сол жолы Алтекеңнiң қолыма ұстатқан “визитная карточкасы” мен әлi күнге дейiн қимастықпен сақтап жүрмiн.

1994 жылы қазақ әдебиетiнiң классигi Бейiмбет Майлиннiң 100 жылдық тойы Қостанай облысында дүрiлдеп өттi. Бұл тамыз айының тамылжыған бiр күндерi болатын. Алдымен темiр жол вокзалының алдында ұлы жазушыға ескерткiш ашылды. Бұл оқиғаға мен жұбайымды, үш баламды ерте бардым. Құрметтi қонақтардың арасында жүрген Алтекең бiздi көрiп, бiзге қарай аяңдады. Шұрқырасып көрiстiк. Алтекең балаларымның басынан сипап, хал-жағдайымызды сұрады. Мен: “Үш бөлмелi пәтер алғанмын, жанындағы жолдастарыңмен бiрге үйге қонаққа кел”, – дедiм. Алтекең уақытының бәрi алдын ала жоспарланып қойылғанын айтты. Ескерткiш ашылды. Содан соң Биағаң негiзiн қаласқан облыстық “Қостанай таңы” газетi редакциясының қабырғасына ескерткiш-тақта орнатылды. Салтанатты рәсiм үстiнде Алтекең қазақ, орыс тiлдерiнде бiрдей мазмұнды баяндама жасап бердi. Нағыз той Биағаның туған жерi – Таран ауданындағы Ақтөбе аулында өткiзiлдi. Сол жерде де Алтекең екеумiз бiраз сыр шертiстiк.

1995 жылы мен жаңадан ашылған республикалық “Бiрлiк” газетiнiң облыстағы меншiктi тiлшiсi болып жұмысқа тұрдым. “Бiрлiк” аптасына бiр-ақ рет шығатын. Жұмысым едәуiр жеңiлдедi. Содан кейiн ұзақ жылдар бойы жазған сықақ, мысал өлеңдерiмдi жеке кiтап қылып шығармақ болдым. Ол уақытта демеушi, қаржы тапқан қаламгерлердiң бәрi кiтаптарын шығарып жатқан. Маған да бiр демеушiлер табыла кеттi. Кiтаптың қолжазбасы, рецензиялар дайын болғаннан кейiн мәселе рұқсат белгiсiне (ISBN) келiп тiрелдi. Сонымен Алматы қаласындағы Баспасөз және бұқаралық ақпарат iстерi жөнiндегi ұлттық агенттiгiне баруыма тура келдi. Көрiктi қаладағы немере ағамның үйiне барып түстiм. Тура сол уақытта “Азия дауысы” атты халықаралық фестиваль жүрiп жатыр екен. Кешке таман бiр топ адам қала ортасындағы гала-концерттi, мерекенi тамашалауға шықтық. Кең көшенiң бойында жұрт әрi-берi ағылуда. Бiр уақытта, жан-жағымызға қарасам, тұсымызда Алтынбек келедi. Жанында екi-үш жiгiт бар. Мен жанымдағы адамдарға: “Сiздер жүре берiңiздер. Мен ана бара жатқан жiгiтпен амандасып келейiн”, – дедiм. “Ол кiм?” – дедi туыстарым. “Бiздiң министрiмiз”, – дедiм мен. “Министр болса сенiмен сөйлесер ме екен…”, – дедi бiр туысым. Мен алда кетiп бара жатқан жiгiттердi қуып жетiп, Алтынбектiң оң жақ иығынан қағып қалдым. Алтекең жалт бұрылды да, күлiп жiбердi. Тоқтай қалып, жағдайымды сұрап жатыр. Жанындағы азаматтармен таныстырды. “Ұлық болсаң, кiшiк бол” деген емес пе. Ол ешқашан кеудесiн керген емес, кiшiпейiл, мiнезi жiбектей жұмсақ болатын.

Келесi күнi мен Баспасөз және бұқаралық iстерi жөнiндегi ұлттық агентiкке барып, кiтап шығару үшiн рұқсат белгiсiн алдым. Содан кейiн ғана Алтынбектiң қабылдау бөлмесiне бардым. Хатшы қызға Алтынбек Сәрсенбаевқа кiргiм келетiндiгiн айттым. Ол қыз маған: “Сiздi шақырып па едi?”, – дедi. “Жоқ” дедiм. “Алдын ала кiруге жазылып па едiңiз?” – деп, қалың журналын қарай бастады. Тағы да “жоқ” дедiм. “Ендеше сiздi қабылдамайды”, – деп хатшы қыз терiс қарады. Мен ол қызға: “Жұмағали Арғынбаев келiп тұр. Бес минутке кiрiп шыққысы келедi”, – деп айтыңыз дедiм. Хатшы қыз iшке кiрiп кеттi де жылдам шықты. Сосын “кiрiңiз” дедi. Мен кабинеттiң iшiне кiргенiмде Алтынбек орнынан тұрып, маған қарай жүрiп келе жатты. Мен кiтап шығару үшiн рұқсат белгiсiн алғандығымды айттым. Екеумiз он-он бес минуттай әңгiмелестiк. Сол жолы ол менi сыртқа дейiн шығарып салды.

Мәдениет және ақпарат министрi болған Алтынбек Сәрсенбаев Қазақстанның Ресейдегi елшiсi, одан соң “Ақжол” партиясының төрағасы болып қызмет атқарғандығын жұрт бiледi. Iрi саясаткер, қоғам қайраткерi ретiнде есiмi елге танылды. Шынында да ол қазақ, орыс тiлдерiнде шешен сөйлейтiн, аса сауатты жазатын, өрелi азамат едi. Қоғамымыздағы кемшiлiктердi ашық айтып жүрдi.

2004-жылы бiздiң университеттi бiтiргенiмiзге 20 жыл толып, осы бiр оқиғаны атап өту үшiн бiр кездегi курстастар Алматы қаласына жиналдық. Ол уақытта мен “Егемен Қазақстан” газетiнiң Қостанай облысындағы меншiктi тiлшiсi болып жұмыс iстейтiнмiн. Арнайы жасалған бағдарлама бойынша “Терiсқақпай” әзiл-сықақ отауының концертiн тамашалауға бардық. Жанымда Сейiт Омаров атты досым бар. Мәдениет сарайының iшiнде келе жатқанбыз. Бiр кезде анадай жерде келе жатқан Алтекеңе көзiм түсе кеттi. Ол да менi байқап қалды. Құшақтасып көрiстiк. Кенет ол менiң жүзiме барлай қарады да:

– Жұмеке, бiз сенiң екi томдығыңды шығарайық. Өзiм шығарып беремiн, – дедi.

Мен табан астында не айтарымды бiлмей қысылып қалдым да:

– Алтеке, қазiр екi томдығымды шығарып жатқаным жұрттан ұят болар. Жасым елуге келген кезде шығарармыз, – дедiм.

Ол жүзiме таңырқай қарады.

Мен Алтынбекке саясат iсiнде даусы тым қатты шығып жатқанын айттым. Ол менiң бұл сөзiмдi жақтырмай қалды.

Сол күнi кешке бiз үлкен бiр мейрамханада дүрiлдетiп той өткiздiк. Алтекең де балаша қуанып, өзiмiзбен бiрге билеп жүрдi. Келесi күнi бiз ҚазМУ– дегi ұстаздарымызбен кездесуге бардық. Бiр кездегi студенттер орнымыздан кезек-кезек тұрып, қайда тұратынымызды, не iстеп жүргенiмiздi айтып жаттық. Мен үш кiтабымның шыққандығын да айта кеттiм. Алтынбек өз кезегiнде: “Мәдениет, ақпарат министрi болып жүрген кезiмде Жұмағали Арғынбаевтың екi кiтабын шығарып бердiм” деген сөздердi де қыстыра кеттi. Әрине, ойнап айтты. Мен үндеген жоқпын. Шындығында ол менiң бiрде-бiр кiтабымды шығаруға көмек берген жоқ. Мен одан ешқашан ешқандай жәрдем сұраған емеспiн. Менiң орнымда кейбiр пысықтар болса, жоғары лауазымда жүрген азаматпен сыйластығын пайдаланып, басқаша тiрлiк жасауы да мүмкiн ғой. Менiң курстастарымның қай-қайсысы да өздерiнiң адал еңбектерiмен күн көрiп жүрген азаматтар.

Әр адамның тағдыры Аллаһтың қолында. 2005 жылы мен iссапардан келе жатып жол-көлiк апатына ұшырадым. Ауыр дене жарақатын алып, содан екiншi топтағы мүгедек болып қалдым. Қиналып, қатты ауырып жатқан кезiмде адал дос, асыл азамат Алтынбек Сәрсенбаевтың қайғылы қазаға ұшырағанын естiп, жаным жабырқады.

2007 жылы жұбайым Гүлнәр екеумiз менiң денсаулығымды дәрiгерлерге қарату, ақыл-кеңестер алу үшiн Алматы қаласына бардық. Курстастарым – Сейiт Омаров, Сағатбек Медеубеков, Бейбiт Сапаралин, Шәмшидин Паттеев, Серғазы Мұхтарбеков және басқа да азаматтар қолдарынан келгенше көмектерiн бердi. ҚазМУ-дегi журналистика факультетiнiң доцентi Сағатбек Медеубековке Алтынбектiң басына апаруын сұрадым. Алатаудың етегiндегi үлкен бiр төбенiң басына келдiк. Кеше ғана әзiлдесiп-сырласып, бiрге жүрген, сыйластығымыз жарасқан азаматтың “о” дүниелiк болғандығына жүрегiм сенбедi.

Денсаулық жағдайына байланысты мен ай сайын Қостанай қаласындағы бiр уролог қызға барып, ақыл-кеңестер алып тұрамын. Ылғи сол қыздың үстелiнiң үстiнен Алтынбектiң суретiн көрiп жүрдiм. Бiр күнi: “Бұл кiмнiң суретi?” деп сұрадым. Ол:”Алтынбек Сәрсенбаевтiкi”, – дедi де, Алтекеңнiң өзiне үлкен саясаткер ретiнде ұнағандығын айтты. Мұндай мысалдар көп.

Сонау бiр жылы арман жетегiмен Алматы қаласына барып, бiрге оқуға түскен Алтынбек Сәрсенбаев, Бақыт Досымов, Нұрлан Берғазиев (Мәукенұлы), Бейбiт Құсанбеков, Шырай Шөпшекова, Гүлзира Молдажапаровалардың әрқайсысы – өзiндiк орны бар азаматтар едi. Өмiрден ерте озған жандар жұмақтың төрiнен орын алған шығар деп сенемiн. Ал Алтынбек өз iсiнiң нағыз шеберi, қазақ, орыс тiлдерiнiң бiлгiрi, үлкен саясаткер, елiмiздiң қамын жеген азамат ретiнде танылды. Бұқаралық ақпарат құралдарын өркендетуге қосқан үлесi ұшан-теңiз. Журналист кадрларын даярлауға, жазу шеберлiгiн жетiлдiруге байланысты айтқан ойлары биiктерге жетелеп тұр. Тiлшi-журналистер әр нәрсенiң басын шала бермей, белгiлi бiр салалар, тақырыптар бойынша жазуға машықтанған уақытта ғана iс нәтижелi болатындғын дәлелдеп бақты. Мұндай пiкiрге мен толық қосыламын. Алтынбек Сәрсенбаевтың төрағалық етуi бойынша шығарылған “Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздiктiң” отыз бiр томы мемлекеттiк тiлдi өркендетуге тың серпiн бердi десем, артық айтқандық емес. Әрине, уақыт өте келе бұл сөздiктердегi кемшiлiктердiң жойылатындығы сөзсiз.

Алтекең ешқашан менiң атымды атамайтын. “Жұмеке!” деумен өттi. Ол – бiздiң арамыздан озып шыққан тұлпарымыз, биiкке самғаған сұңқарымыз едi. Оның жарқын бейнесi әрқашан көңiлiмнiң көгiнде қала бередi.

Жұмағали АРҒЫНБАЕВ,Қазақстан Журналистер одағының мүшесi

Серіктес жаңалықтары