РЕСЕЙ ҮКIМЕТIНIҢ ҮРЕЙI

РЕСЕЙ ҮКIМЕТIНIҢ ҮРЕЙI

РЕСЕЙ ҮКIМЕТIНIҢ ҮРЕЙI
ашық дереккөзі
232

Жаңа – Сиыр жылы басталған күннен берi Ресей Үкiметiнiң мейлiнше абдырап, қалыптасқан ауыр жағдай, қатерлi тұйықтан шығар жол таппай отырғаны ерiксiз көзге ұра бастаған. Өткен жылдың аяғына дейiн Кремль және Ақ үй басшылығы әлемдiк қаржы және экономикалық дағдарыс Ресейге оншалықты әсерiн тигiзбейдi деген жалған пiкiрдiң шырмауында болып келсе, жыл аяғындағы, әсiресе, 2009 жылдың басындағы қаржы саласында қалыптасқан қолайсыз ахуал Ресей басшылығынан жанталаса әрекет жасауды талап етуде.

Ел экономикасында аса ауыр жағдай қалыптасып, iрi өндiрiс орындары жабылып, жаппай жұмысыздық, ең алдымен жасырын жұмыссыздық белең алып отыр. Мұндай жағдайда шұғыл шаралар, жұртшылыққа ұнамсыз шешiмдi шаралар қолға алынуға тиiс және ел Үкiметiнiң кәсiби деңгейi мен тұйықтан шығатын жол табудағы шеберлiгi осындай ауыр экономикалық дағдарыс тұсында айқын байқалады.

Ол үшiн осыған дейiн елдегi қалыптасқан бейқамдық, “Сырдың суы сирағымыздан келмейдi” деген алаңғасарлық терiс көзқарастың тамырына бiржола балта шабылуы қажет. Сондықтан, өткен аптада, РФ президентi Дмитрий Медведев экономикада ауыр ахуал қалыптасып отырғанын ерiксiз мойындауға мәжбүр болды. Оның айтуынша, Ресейде қазiр ресми жұмыссыздардың саны 5 млн. адамға жеткен көрiнедi. Яғни, елдегi жұмысқа қабiлеттi жандардың 6,5 пайызы. Бұл – ресми дерек қана, ал жасырын жұмыссыздардың қанша екендiгiн статистикалық органдардың өзi де дөп басып айта алмай пұшайман болуда. Осы уақытқа дейiн Ресейде еңбек етiп келген шетелдiк, экономикалық дамуы кенжелеп қалған бiрқатар ТМД елдерiнен келген 4 млн. гастарарбайтерлердiң де жұмыссыздар армиясының санын ұлғайта түскендiгiн ескеру қажет. Оның үстiне инфляция ауыздықпен алысып тұр. Көптеген биiк мiнберлерден жасалған уәделер мен тыншытуларға қарамастан, қаңтар айындағы инфляцияның деңгейi күткен деңгейден әлдеқайда асып түсiп, қазiр қомақты пайызды құрауда. Мұның өзi жыл аяғына дейiн инфляция деңгейi қарыштап өсе түсетiндiгiнiң айқын кепiлi.

Осыдан екi апта бұрын Ресей Экономикалық даму министрi Эльвира Набиуллина мен вице-премьер, Қаржы министрi Алексей Кудрин 2009 жылдың бюджетiне енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтырулар жобасын дайындау жөнiндегi Премьер-министр В.Путиннiң тiкелей және қатаң тапсырмасын алды. Бұған дейiн 2009 жылдың бюджетiнде мұнай бағасы 95 доллар деп есептелiп келсе, Кудриннiң мәлiмдеуiнше, бұл баға биыл 41 доллардан аса алмайтын сияқты.

Кейбiр деректерге қарағанда, Эльвира Набиуллина жаңа жобаны әлдеқашан дайындап, тартпасында ұстап отырған секiлдi. Бұл жобада мұнай – 41 доллар, жылдық инфляция – 13 пайыз, доллар бағамы – 35,1 рубль деп есептелген көрiнедi. Қалай болғанда да бюджет дефицитi 2,6 трлн. рубльден асып түспекшi. Ал Резервтiк қорда 4 трлн. рублден (210 млрд. доллар) сәл ғана астам қаржы қалғанын ескерсек, Ресей Үкiметiнiң нелiктен абдырайтыны айтпай-ақ түсiнiктi.

Экономика мамандары мен сарапшылар Ресей Үкiметiнiң осыған дейiнгi бейқамдығы мен қалыптасқан экономикалық жағдайға тиiстi назар аудармауы елдегi дағдарыс пен күйзелiстi одан әрмен тереңдете түсетiнiн бiр ауыздан айтуда. Ең бастысы, капиталдың Ресейден әкетiлуi ұлғайып, аса қауiптi деңгейге жеткен. Орталық банктiң мәлiмдеуiне қарағанда, 2008 жылы Ресейден 130 млрд. доллар қаржы сыртқа әкетiлген. Биылғы жылы жағдай одан әрмен қиындай түспекшi. Өйткенi, 2009 жылы Ресей банктерi мен компаниялары 80 млрд. сыртқы қарыздарын төлеуге тиiс. Ал мұның өзi капиталдың сыртқа әкетiлуiн бұрынғыдан да ұлғайта түсетiнi белгiлi. Бұл экономикасы әлеуметтi деп саналатын Ресей үшiн де аса қомақты қаржы. Тiптен, 1998 жылғы дағдарыс кезiнде де бұдан 6 есе аз қаржы, небары 21-22 млн. доллар сыртқа әкетiлгенi белгiлi, яғни алдағы екi-үш жыл Ресей экономикасы үшiн аса ауыр кезең болатынын болжап отырғандар қателесе қоймайтын секiлдi. Елден осыншама қаржының әкетiлуiне мұнайдың бағасының арзандауы ғана емес, ең бастысы, Оңтүстiк Осетиядағы заңсыз соғыстың басталуы себеп болғанын айтушылар көбейе түсуде. Өйткенi, 2008 жылы екiншi тоқсанда елге 41 млрд доллар әкелiнген болатын, ал тамыз айында жағдай күрт өзгерiп, соңғы үш айда 130,5 млрд. доллар сыртқа әкетiлген. Тiптi, әдетте Ресей экономикасына байланысты оптимистiк ұстанымнан ауытқи бермейтiн “Известия” газетiнiң өзi соңғы апталарда мәнерiн өзгертiп, елдi алда ауыр кезең күтiп тұрғаны жайлы жиi қайталай бастады. 16 қаңтар күнi осы салиқалы басылым бетiнде “Из России убежали $ 130 миллиардов” деп дабыл қаққан журналист Анна Каледина: “На самом деле цифра эта пугающая. Хочешь не хочешь, но всплывает аналогия с 1997 годом. Тогда с азиатских рынков “убежало” 100 млрд., и это обернулось масштабным азиатским кризисом. Мы же потеряли почти 30 миллиардов больше. И в этом году ожидать улучшения вряд ли стоит”, – деп миллиондаған жұртшылықтың жанайқайын жеткiздi. Мұндай орынды алаңдаушылық уақыт өткен сайын ұлғайып келедi. Тiптi, бiрқатар сарапшылар мен зерттеушiлер ел Үкiметiнiң, ең әуелi Премьер-министр В.В. Путиннiң шарсыздығын айыптап, оның кәсiби деңгейiне күмән келтiре бастады. Бұл ауыр айыптаулар негiзсiз де емес. Өткен күзде Ресей Үкiметi елдегi қаржы нарығын қалыпты деңгейде ұстап тұру үшiн жүздеген миллиард долларды коммерциялық банктерге көмек ретiнде бергенi мәлiм. Бiрақ, коммерциялық банктер өз мойнына ешқандай жауапкершiлiк пен мiндеттемелер жүктемегендiктен бұл қомақты қаржының басым бөлiгi шетелдерге әкетiлiп тынды. Осының нәтижесiнде, 2008 жылдың 1 тамызында, РФ Орталық банкiнiң жер асты қоймаларында 597 млрд. долларға жуық алтын-валюталық қор болса, 2009 жылдың қаңтар айында бұл 170 млрд. долларға (28,4 пайыз) кемiп кеткен.

Таяуда Ресей вице-премьерi, Қаржы министрi Алексей Кудрин мырза алдағы 2-3 жылда Ресей шетелдерден қарыз ала бастауға мәжбүр болатынын ерiксiз мойындады. Оның айтуынша, экономикалық жағдай осындай ауыр күйде қала беретiн болса, бұл 2010 жылы жүзеге асырылмақ.

– 2-3 жылдың көлемiнде өзiмiзге тиiмдi шарттармен әлемдiк нарықтан қарыз ала бастаймыз. Бiрақ, бiз МВФ-тан бiр тиын да алмаймыз, – дейдi Алексей Кудрин. Шынын айту керек, бұл — даңғой, аса өркөкiрек, әсiресе соңғы жылдары тым шектен шыға бастаған Ресей азаматтарын тыныштандырудың құйтырқы амалы ғана. Өйткенi, соңғы жылдары ресми Кремль ел азаматтарына Халықаралық валюта қорын (МВФ) үнемi мейiрiмсiз дұшпан, озбыр езушi ретiнде көрсетiп келгенi мәлiм.

Яғни, белгiлi психологиялық ахуал қалыптасты, ал мұндай жағдайда қарыз сұрап, әлгi МВФ-қа алақан жаю… Кремль үшiн өлiммен тең сияқты. Алайда, әлемде қаржы, экономикалық дағдарыс үдеп тұрған қазiргi қиын кезеңде алақан жайғанға майлы тоқаш ұстата қоятын қаржы қапшығы тоқ елдер некен-саяқ. Бәрiнiң де басқа тартқан көрпесi аяқтарына жетпей, пұшайман хәл кешуде. Аузын айға бiлеген Ұлыбританияның өзi де аса ауыр күндердi бастан кешуде. Тiптi, соңғы деректерге қарағанда, елдегi жұмыссыздардың саны 2 млн. адамнан асып жығылған.

Соңғы күндерi рубль бағасын еркiне жiберген Ресей тығырықтан шығар жолдың бiр амалы девальвация деп отыр. Рубль бағамының түсуi отандық өндiрушiлерге қолайлы жағдай қалыптастырып, өнiм экспорттаушы компаниялардың жағдайын жақсартпақ. Дегенмен, жағдай бұл қарапайым халықтың тұрмыс дәрежесiне ауыр соққы болып тимекшi. Кейбiр сарыуайым сарапшылардың айтуынша, алдағы уақытта 1 доллар 100 рубльге тең болса, онда Ресей экономикасы бiржола тұралап тынатын көрiнедi.

Әрине, Ресей алдағы жылдары 28-30 млрд. көлемде евро-облигациялық несие алудан үмiттi. Бiрқатар әлемдiк сарапшылардың пiкiрiнше, әлемдегi экономикасы аса қуатты елдер мен қаржы институттары марқұм Борис Ельциннiң тұсында Ресей демократияға бет бұрып, экономикалық-саяси тұрғыдан либерализацияға жол ашады деп үмiттенгендiктен кең қолдау бiлдiрген болса, бұдан былай одан бас тартатын секiлдi. Оңтүстiк Осетияда соғыс ашып, Украинамен жағдайды әбден ушықтырған Кремльге бұдан былай сенiм артылмайды, ешқандай артықшылық берiлмейдi.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары