ДАВОСТАҒЫ “ДУЭЛЬ” НЕМЕСЕ 60 ЖЫЛҒА СОЗЫЛҒАН СОҒЫСТЫҢ АСТАРЫ

ДАВОСТАҒЫ “ДУЭЛЬ” НЕМЕСЕ 60 ЖЫЛҒА СОЗЫЛҒАН СОҒЫСТЫҢ АСТАРЫ

ДАВОСТАҒЫ “ДУЭЛЬ” НЕМЕСЕ 60 ЖЫЛҒА СОЗЫЛҒАН СОҒЫСТЫҢ АСТАРЫ
ашық дереккөзі
165

Өткен аптаның соңына қарай, Швейцарияның курортты Давос қаласында кезектi Дүниежүзiлiк экономикалық форумға үмiтпен құлақ түргендер алданған жоқ. Жылма-жыл өтетiн дәстүрлi форумға әлемдiк жетекшi елдердiң саяси басшылары ғана емес, трансұлттық компаниялардың, әлемдегi қалталылар қауымының ең бiр сорпа бетiне шығатындары жиналып, қалыптасқан экономикалық ахуалға сай әрекет жасаудың жолдарын талқылайтыны, жаңа жобалар жасайтыны баршаға мәлiм.

Көбiне мұнда қарапайым адамдардың үрейiн ұшырып, өмiрден баз кештiретiн бiрiнен-бiрi қорқынышты, кiсi сенгiсiз болжамдар жасалатыны жиi байқалғанмен бұл форумның халықаралық беделi аса жоғары. Биыл аталмыш форумға көптеген мемлекеттер, әсiресе, әлемдiк журналистер қауымы зор үмiт артты. Өйткенi, ұзаққа созылған әрi аса ауыр әлемдiк қаржы, экономикалық дағдарыстың одан әрi өршуiне тосқауыл қоятын тетiктер табылып қала ма деген үмiт баяғы.

Өткен жылдың қоңыр күзiнде әлемдiк жетекшi жиырма ел басшыларының бiрнеше күнге созылған бас қосуы айтарлықтай нәтиже алып келген жоқ. Әлемде экономикалық дағдарыстың орын алып отырғанын мойындаған қауқарсыздықпен ғана аяқталған соң, Давос форумының беделi бұрынғыдан да биiктей түскен.

Мiне, Давос форумында күтпеген жерден басталған пiкiрталасты бұқаралық ақпарат құралдары дуылдатып ала жөнелiп, әп-сәтте әлемдiк БАҚ-тың басты тақырыбына айналды. Әңгiме арқауы таяуда ғана әлем назарын өзiне аударып, мыңнан астам адамның мерт болуымен аяқталған. Газа секторындағы соғыс едi. Аңғал адамдар үшiн Газа секторы деген әлдеқандай абстрактiлi жер, елеусiз аймақ болып сезiлуi мүмкiн, ал шын мәнiнде бұл сандаған жылдар бойы басынан соғыс бұлты айрылмаған, қасiреттi Палестина!

Форумда Израиль президентi 25 минут баяндама жасайды. Баяндамадан кейiн Түркия премьер-министрi Реджеп Ердоған салған жерден әңгiменi жұртты елең еткiзiп бастап: “Осы бiр баяндамаға жиналған қауымның қол соққанын өте күйiнетiн фактi деп санаймын, ол соғыста көп адам қаза тапты,” – деп салады. Мiне, осы тұста ширыққан Шимон Перес дауыс көтерiп, “егер Түркияға оқ атылып жатса сiз не iстер едiңiз?” деген мәнзелде сұрақ қойып, Реджеп Ердоғанның өзiн айыптағандай сыңай танытқан. Жаратылысынан сабырлы да салмақты Ердоған: “Президент Перес, сiз менен үлкенсiз, және даусыңыз да зор. Мен сiздiң өзiңiздi кiнәлiдей көретiнiңiздi сеземiн, сондықтан да даусыңызды көтерiп сөйлеп тұрсыз. Сiздер адам өлтiрiп жатырсыздар! Мен жағажайда балалардың өлiп жатқанын кадрлар арқылы көрдiм. Менiң сөзiм осымен бiттi”, – деп шорт кесiп, қайта қайрылмастан Отанына аттанып кеттi және Түркия әуежайында оны ондаған мың адамдар Түркия және Палестина жалауымен қошаметтеп күтiп алды.

Келесi күнi Шимон Перес телефон шалып: “Мен өткен оқиға үшiн қатты өкiнемiн, тiптi достар арасында да кейде кикiлжiңдер болып тұрады ғой. Мен әрқашанда Түркия мен елдiң премьер-министрi – сiзге үлкен құрметпен қараймын…”, – деген көрiнедi. Осылайша езiлiп-жаншылған Палестина еңсесiн көтердi!

Осыдан 60 жылдан астам уақыт бұрын, 1947 жылы 29 қарашада, БҰҰ-ның Бас ассамблеясы Палестинаны екi мемлекетке – еврей және араб елдерiне бөлу туралы №181 қаулы қабылдады және британдықтардың мандаты аяқталуына бiр күн қалғанда, 1948 жылдың 14 мамырында Израильдiң бiрiншi премьер-министрi Давид Бен-Гурион күтпеген жерден еврей мемлекетiнiң құрылғаны туралы декларацияны жариялады. Бұл – осыған дейнгi жоспарланған жобаларға қайшы болатын. Оның үстiне, араб елдерiнiң көбiсi Палестина жерiнде қос мемлекеттiң құрылуына түбегейлi қарсы едi. Израильдiң жалпы территориясы бәрiмiзге етене таныс Балқаш көлiнiң су айдынынан сәл ғана үлкен аумақ. Израиль зорлықпен басып алған Шығыс Иерусалим, Голан қыраттары, сонымен бiрге қазiргi Палестина автономиясы шаңырақ көтерiп отырған Газа секторын есептемегенде небары 20 мың 400 шаршы шақырым, ал Балқаштың мөлдiр айдыны 17 мың 400 шаршы шақырымды алып шалқып жатыр. Осы оймақтай өңiрге 7-8 млн. халық тығыз қоныстанған, әрбiр адам өз Отанының жерiн қасиеттi санайды және түрлi көлемдегi қарулы операцияларды есептемегенде соңғы 60 жылда 7 iрi соғыс болды. Яғни, ежелгi Палестина жерiнiң әрбiр шаршы метрi адам қанымен суарылған және ең өкiнiштiсi, бұл аймақта қантөгiстердiң қашан аяқталатынына ешкiм кепiлдiк бере алмайды. Тiптi, халықаралық державалар Палестина жерiн екiге бөлген кездерi-ақ арам ниеттерiн iшке бүккенi сөзсiз. Өйткенi, екi мемлекетке де жердi теңдей бөлгенiмен, қазiр Палестина автономиясы барлық жердiң төрттен бiрiнен де аз аймаққа иелiк етуде. Және бiр қызығы, Жерорта теңiзi жағалауына таяу аса құнарлы, климаты жайлы өңiрлер, өзге де адам өмiрiне қолайлы аймақтарды Израиль еншiлеген де, құнарсыз Финикия, күн аямай күйдiрген таулы-тасты қыраттар мен Өлi теңiзге таяу қу медиен жерлер Палестинаға тиесiлi болып белгiленген.

Бiздiң жыл санауымызға дейiнгi III мың жылдықтардағы көне Мысыр жазбаларында Палестина жерiн семиттер мекендейтiнi, адамдардың мал өсiру және жер өңдеумен шұғылданатыны айтылған. Арагiдiк мұнда мысырлық әскерлер жорық жасап, тонап кетiп тұрған. II мың жылдықта Иордан өзенiнiң жағалауындағы адамдар жаппай мал өсiрумен шұғылдана бастайды. Осы мыңжылдықтың басында және адамдардың жылқыны үйретуiне байланысты бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi XVIII ғасырда мұнда гиксостардың – түрлi тайпалардың одағы пайда болып, өз кезегiнде ендi олар Египет пен Сирияға жеңiмпаз жорықтар жасап, талан-тараждан байиды.

Ең қызығы, кейiнiрек қалыптасқан ханаан-хуррит халқымен тұспа-тұс осы өңiрде мал өсiрумен шұғылданған өзгеше бiр халық – шөл даланың көшпендiлерi – жазба ескерткiштерде хапиру, ал шумер тiлiнде – сақаз (тамыр кесушiлер, азат адамдар) атанғандар өмiр сүрген. Осынау жаужүрек көшпендiлер мұндағы мысырлық билеушiлерге тажалдай боп көрiнетiн. Кiм бiлiптi, бұлар ежелгi сақтардың бiр тармағы – аз ғана сақтар болды ма екен?! (Аз+сақ сөзi өзгерiске ұшырап, сақаз формасын иеленбедi ме?) Жә, бұл еркiн қиялдың аз ғана бұра тартуы ғой, тек бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi ХIII ғасырда ғана мұнда тайпалардың жаңа одағы – Израиль құрылады. Және б.д.д. 1230 жылғы мысыр жазбаларында бұл атау тайпаның аты ретiнде ғана пайдаланылған.

Қысқасы, арабтар бұл өңiрдi есте жоқ ескi замандардан иеленiп, кiндiк кескен туған жер, ардақты Отаным десе, еврейлердi келiмсектер деп бiледi. Шынайы тарих та солай дейдi.

Алақандай аймаққа талас ешқашан тоқтаған емес. Бiр ғасырларда бұл жерге арабтар иелiк етсе, соңғы 60 жылда еврей мемлекетi үстемдiк құруда. Оған Батыс елдерiнiң күш берiп, қолдауы нәтижесiнде қол жетiп отыр.

1946 жылы АҚШ президентi Гарри Трумен Мемлекеттiк департаментте сөйлеген сөзiнде: “Джентльмендер, менi айыпқа бұйырмауларыңызды өтiнемiн, бiрақ сионизм жеңiсiне ұмтылған жүздеген мың адамдарды есепке алуым керек. Менiң сайлаушыларым арасында жүздеген мың араб жоқ қой”, – деп билiктi қолда ұстап тұру үшiн қолдан келер айла-шарғының ешбiрiнен кет әрi емес екенiн ұқтырған. Ал саясат пен әдiлдiк тайталасқа түссе, әдiлдiк үнемi сүтке тиген күшiктей күй кешетiнi жазылмаған заңдылық. Тiптi, бұл Спандияр Көбеевтiң “Қалың мал” романындағы:

“Шайтан алсын, шал алсын,

Итбай байғұс мал алсын”, – дейтiннiң нақ өзi емес пе? Әлде сандаған жылдардан берi әлемдiк қаржы саласын қатаң бақылауда ұстап отырған ұлттың сойылын соғу, “Алтын көрсе перiште жолдан таядының” дәлелi ме?!

Израильдiң шаңырақ көтерiп, өз алдына түтiн түтеткенiн Сталин де мейлiнше қолдаған. НКВД генералы Павел Судоплатовтың кепiлдiк етуiне сенсек, “халықтар көсемi”: “Давайте, согласимся с образованием Израиля. Это будет шило в заднице для арабских государств, и тогда они станут искать союза с нами”, – деген көрiнедi. Қалай болғанда да сол жылдары Кеңес Одағы Таяу Шығыстағы түйiннiң осылай шешiлуiн жақтап дауыс бергенi мәлiм.

Давид Бен-Гурион жаңа мемлекеттiң құрылғаны туралы декларацияны жариялаған соң-ақ, 1950 жылы дипломаттар алдында: “Бiз Беэр-Шевудi БҰҰ-ның және Қауiпсiздiк Кеңесiнiң қарсы пiкiрiне қарамай басып алдық. Яффо, Лоду, Рамле және Батыс Галилейдi осылайша ұстап тұрмыз. Босқындар мәселесi тек фактiлердiң күшiмен шешiледi, атап айтсам – олардың қайтып оралуына бiз ешқашан рұқсат етпеймiз”, – деген болатын. Қазiр 4 миллионға жуық палестиналықтар туған жерден тысқары жерлерде, шетелдерде бейшара күн кешуде. Олардың туған Отандарына қайтып оралуына Израиль үкiметi рұқсат етпейдi. Және осының нәтижесiнде 1918 жылы еврейлер Палестина халқының 8 пайызын құраса, қазiр елде – 80 пайыз еврейлер, 20 пайыз – арабтар бар. Және босқындар тастап кеткен, қаңырап қалған мекендерде кибуццалар ауылшаруашылық коммуналары құрылған және мұны ел адамдары мақтан тұтады. Кибуццалар – ХХ ғасырдың 30-жылдарында Сталиндiк террор нәтижесiнде КСРО-да күшпен орнатылған колхоздар, ұжымдық шаруашылықтардың ежелгi нұсқасы. Мұнда мүлiктер мен түскен пайда баршаға ортақ. Колхоздастыру кезiнде қазақтардың, басқа халықтардың да “қазаның, мал-мүлкiң, қатын-қалаш, бала-шағаң, жамылған көрпең ортақ болады”, деп шошынуы осыдан шықса керек.

27-желтоқсанда Израильдiң әскери қарулы күштерi ХАМАС қозғалысына қарсы кең көлемдi “Құйылған қорғасын” атты соғыс операциясын бастап, алғашқы күнi-ақ авиация 100 тоннадан астам бомба, зымырандар жаудырды. Ал халық тығыз қоныстанған аймақта мұндайда құрбандықтар орасан зор болатыны бесенеден белгiлi. Қысқа уақыттың iшiнде мыңнан астам палестиналықтар қаза тауып, сансыз адам жараланды. 2006 жылы 25 маусымда жүргiзiлген “Жазғы нөсер” атты соғыс операциясы кезiнде де жүздеген бейбiт бейкүнә тұрғындар қаза тапқан едi.

Израиль өз шығындарын мейлiнше жасырып, азайтып көрсеткенiмен, АВС news агенттiгiнiң мәлiмдеуiне қарағанда, осы соғыс басталғалы берi кем дегенде 25 әскери қызметкер мен ондаған бейбiт адам өлген, 30-дан астам кiсi жараланған. Ең бастысы, 1980 жылы Израильдiң Иерусалимдi “мәңгi және бөлшектенбейтiн” астана деп жариялауы өңiрдегi жағдайды одан сайын шиеленiстiрiп отыр. Бiр бұл ғана емес, Израиль өзiн батыс өркениетiнiң мұсылман әлемiндегi соңғы форпостты санайтыны аян. Зерттеушiлердiң айтуынша, 2000 жылы жарық көрген Патрик Бьюкененнiң “Смерть запада” атты кiтабы отқа май үстемелей түскен көрiнедi. Ол – белгiлi саясаткер, АҚШ-тың үш президентiнiң кеңесшiсi болған, 2000 жылы өз кандидатурасын президенттiке ұсынған нәсiлшiл, ксенофоб. Философия ғылымдарының докторы Амангелдi Айталы мырзаның айтуынша, “Бьюкенен Батысты “исламның тасқынымен” қорқытып, ашулы амалдарға шақырады”. Әлгi П.Бьюкененнiң “Христиандар өз елдерiнен айырылғысы келмесе, оларға жақсы сiлкiнiс қажет. Оларға сондай-ақ, шайқасқа әзiр лидерлер қажет”, – дегенiн АҚШ-тың президентi Джордж Буш iлiп әкетiп, күнделiктi ұран етiп алғаны, мұсылман әлемiн, арабтарды өркениеттiң басты жауы деп санағаны да рас.

Израильдiң “Құйылған қорғасын” операциясын католиктердiң Рождествосынан кейiн iле-шала, григориандық жаңа жылдың қарсаңында күтпеген жерден бастауы тегiн бе? Жоқ! Саясатта, әсiресе, Таяу Шығыста кезектi соғысты бастауда кездейсоқтық бола қоймайды. Тiптi, палестиналық ХАМАС қозғалысын өз арасындағы радикалдарды ауыздықтай алмай отыр деп айыптауларының өзi де жәй желеу ғана. Бiздiңше, Израильдiң бұл операцияны бастаудағы бiрнеше астыртын себептерi бар. Дегенмен, олар көздеген мақсаттарына жете алмаған сыңайлы.

Бiрiншiден, Рождество және жаңа жылды мерекелеу кезiнде көптеген мемлекет басшылары қысқа демалысқа кетiп, әлемдiк қауымдастық орын алған қантөгiске өз көзқарастарын, ұстанымдарын қалыптастырып үлгермейдi. Олар әрекет ете бастағанша белгiлi бiр мерзiм керек. Сондықтан, Израиль өзiне ыңғайлы уақытты өте сәттi таңдай бiлдi. Нәтижесiнде БҰҰ-ның агрессияны айыптауы ұзаққа созылды. Тек 12-қаңтарда ғана БҰҰ-ның Адам құқықтары жөнiндегi кеңесi Израильдiң әрекеттерiн, еврей мемлекетiнiң палестиналықтар құқықтарын жаппай бұзуын айыптаған қаулы қабылдады.

Екiншiден, Израильдiң билiгiнде үлкен өзгерiстер болғалы тұр. Алдағы 10 ақпан күнi, Кнессетке сайлаудан соң премьер-министр Эхуд Ольмерт өзiнiң қызметiмен қош айтысады. Ал Қорғаныс министрi Эхуд Барак “Авода” партиясының жетекшiсi, Сыртқы iстер министрi Ципи Ливни “Кадима” партиясының көшбасшысы ретiнде сайлауға қатысқалы отыр. Бiр сөзбен айтсақ, бiр кездердегi Гарри Трумен сияқты бұларға да жүздеген мың сайлаушылардың дауысы ауадай қажет.

Үшiншiден және ең бастысы, Израильдi үнемi және еш күмәнсiз қолдап келген Джордж Буштың АҚШ президенттiгiмен қоштасуы жаңа жағдай қалыптастырып отыр. Барак Обама бейбiт саясатты, халықаралық саясатта күш қолданбауды жақтайтынын анық аңғартты. Оның үстiне, ол АҚШ-ты экономикалық дағдарыстан құтқару үшiн әскери мақсаттарға жұмсалатын шығындарды мейлiнше азайтпақ. Инаугурациясы 20 қаңтарға белгiленген Барак Обама билiкке толық келгенше әрекет етiп қалуға ұмтылған Израиль жанталаса әрекет жасауды қош көрген секiлдi. 60 жыл бойы Израильдi қолдап келген АҚШ тарапынан келетiн миллиардтаған доллар көмек бұдан былай азайып, Ақ үйдiң Тель-Авивке қатысты жаңа бағыт ұстануы мүмкiн.

Сондықтан да палестиналықтар бұл соғыста жеңiске жеттiк деп отыр. Ал Давостағы “дуэль” — әдiлетсiз соғыстың жаңғырығы ғана.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары