ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДА МӨРЛЕРДIҢ ПАЙДА БОЛУЫ

ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДА МӨРЛЕРДIҢ ПАЙДА БОЛУЫ

ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДА МӨРЛЕРДIҢ ПАЙДА БОЛУЫ
ашық дереккөзі
687

Қазақ хандығы алғаш өзi жеке шаңырақ көтерген 1456-1457 жылдардан бастап қазақтың ру, тайпаларын тұратын жерлерiне қарай үш ордаға бөлiп басқару жүйесiн құра бастайды. Мiне, осы кезеңдерден басталып, қазақ мемлекетiнiң өзiндiк шекарасы, үш орданың қысқы қонысы, жаз жайлауы хан, сұлтандар мен билердiң шешiмдерi арқылы белгiленiп келе-келе ол қоныстар тұрақты болып қалған-ды.

XVI-XVII ғасырлардағы түрлi дау-жанжалдардың қорытындылары ауызша билiкпен, билердiң мөрлiк таңбаларын басуымен расталып, бекiтiлетiн. Ресеймен қатынас орнату жылдарында XVIII ғасырдың басында-ақ бiрдi-екiлi құжаттарда хандардың мөр басып, куәландырған құжаттары бар. 1718 жылдың 8 сәуiрiнде Қайып хан мен Софының (Әзиздiң) Ресей патшасына жолдаған қатынас қағазында өздерiнiң сөздерiне сенудi айтып, мөрiн басқан. Жалпы қазақ тарихшылары мен этнограф ғалымдары қазақ мөрi хақында зерттеу жүргiзбедi десе болғандай. Дегенмен, қазақтың хан, сұлтан билерi мен батырларының мөрлерi, жалпы мөр туралы аз-кем зерттеп, өз пiкiрiн жазған орыс ғалымы, зерттеушi М.П.Вяткин “Сырым батыр” атты еңбегiнде (21 бетте) былайша ой қозғаған: “…Шығыстан шыққан документтердiң (құжаттардың) түп нұсқаларында қойылған қолдардың саны көп болады. Старшиналар (билер) мен сұлтандардың аттарын документтi кiм жазған болса, сол адам қойып отырған, яғни әдетте, молда жазып отырған. Бiрақ бұл қойылған қолдар тиiстi адам атының қарсысына таңба немесе мөр басылып анықталған”. Мемлекеттiк мұрағаттардағы көп құжаттардың арасынан және де сирек кездесетiн кiтаптардағы XVIII ғасырдың ортасынан бергi мерзiмдегi орыс-қазақ (басқа көршiлес елдермен) қатынас қағаздарынан түрлi сипаттағы мөрлердi көремiз. Негiзiнен алғашқы мөр Әз-Тәуке ханнан басталса керек. Патшалық губернаторлар аймақ пен өңiрлердегi хан, сұлтандар және билер мен батырларға мөр жасатып алуға жазбаша рұқсат бермесе де, ауызша келiсiп отырған сияқты. Өйткенi хан мен сұлтан, қожалардың мөрлерi басқаша да қара қазақтан шыққан билер мен батырлардың мөрлерiнiң көлемi де өзгеше. Осы мөрлердiң түп нұсқасымен көшiрмелерiн көру арқылы зерделей қарасақ, патша әкiмшiлiгi мөрлердiң қандай болып жасалуына мән берiп отырған деген қорытындыға итермелейдi. Бұл сөзiмiздiң жалаң долбар болмау үшiн атақты ғалым М.П.Вяткиннiң мөр туралы жазбасын тарқатып көрелiк. “…Мөрдiң бедерi қағазға қара бояумен түсiрiлiп отырған, жазу мөрдiң табанына ойып салынған болғандықтан, оның басқанда түскен бедерi тiптi айқын болмай көмескi болып түсiп отырған. Әсiресе, диаграфиялық белгiлерiн айыру қиын. Мөрлердiң үлгiсi миндаль сияқты сопақ, дөңгелек, шаршы және сегiз қырлы келедi. Миндаль сияқты мөрлердi қашан да болса сұлтандар мен қожалар ұстаған, тек ерекше жағдай ретiнде ғана бұл мөрлерге бидiң ғана немесе мырзаның аты ғана жазылған. Мөрлердi басуда белгiлi тәртiп қолданылған. Ең алдымен миндаль сияқты мөрлер, одан кейiн сопақ оның артынан дөңгелек және көп қырлы мөрлер басылып отырған. Мөрдiң табанындағы жазулар бiркелкi мөр иесiнiң аты, оның тегi, (әкесiнiң аты) дәрежесi (хан, сұлтан, би т.т.) хиджра жылы көрсетiлген мөр сирек кездеседi. Бұл түрлес мөрлерден қожалардың, қазылардың және молдалардың әлгiнiң үстiне қосымша жазу бар. Старшинаның (билердiң) қандай рудан екендiгi мөрде көрсетiлмейдi: ерекше бiр сирек кездескен мөр ретiнде Байсақал деген старшинаның мөрiн атап өтуге болады, оның мөрiнде (арабша) Байсақал Тiлекеұлы, Жаппас деген жазу бар. Мөрлерде ешқандай сурет жоқ. Бұл жөнiнде маған кездескен бiр ғана мөр Қайыпұлы Шерғазы сұлтан мөрi, мұның мөрiнде қалып жазу үстiне тәж ұстап тұрған екi арыстанның суретi бар”. Ғалым осы зерттеуiнде Шерғазы сұлтанның Ресейде болып, солардан үйренiп, елiктеген болар деп те ой тастаған. Көрнектi зерттеушiнiң жазғанындай сол кезеңдерден сақталынған мөрлердiң көбi хан, сұлтандардiкi миндаль, сопақша болса, қожа мен ишандардың мөрлерi де соларға ұқсас. Ал қара қазақтан шыққан билер мен батырлардың мөрлерi дөңгелек, қырлы болып келедi. Менiң назарыма iлiккен мөрлерде Әбiлхайыр хан, Қайып хан, Шөмекей тайпасының бас биi болған Кетебай Жолайұлының мөрi хиджра жылымен жазылған. Осы әулеттен Өтетiлеу, Пiрәлi билердiң (1794, 1830, 1860 жылдарда жасалған) мөрлерi сақталынған. Сонымен қатар есiмi үш жүзге тараған Ресей өкiметiне “ғазауат” соғысын бастаған Керей Марал ишан Құрманұлының мөрi де бар. Ырғыз өңiрiн билеген, 1834 жылы Бұхараға сапар шеккен орыс офицерлерi П.П.Демезон, И.В.Виткевичке жолбасшысы болған Алмат Тобабергеновтың 1875 жылғы, Сыр елiнде (Арал өңiрiнде) хан болған Бекмырза Әлдеевтiң 1857 жылғы, Жақайым Жетес бидiң 1874, Қаракете Бекмырза Еркiнбаевтың (1866), 1852 жылғы батыр Тоғанас Бәйтiкұлының, Сарғасқа Ерболат Талқанбайұлының (1866), Сарыбай Сәдiрдiң 1866 жылғы, Жаппас Жанғабыл Төлегеновтың тағы басқалардың 30-дан астам мөрлерiнiң көшiрмесi жинақталынған. Орынбор, Ташкент, Қазақстан Республикасы мемлекеттiк мұрағат қорлары құжаттардағы мөрлердiң бiтiм-пiшiмi, көлемi, орналасу тәртiбi жоғарыда ғалым, зерттеушi М.П.Вяткин айтқандай болып шығып отыр. Демек заң жүзiнде заңдастырылмаса да өлке басқарушыларының ықпалы болғаны аңғарылады. Дегенмен мөрлердегi жазулардың көбiсi аты мен тегi жазылса, Кетебай би мөрi хиджра жылымен белгiленсе, Жаппас Байсақал керуенбасының баласы Ахметтiң мөрiнде былайша жазылған: “Ахмет Байсақал баласы”. Байлығы асқан Тiлеке батырдың баласы керуенбасы Байсақалдың өз мөрiне басқалардан өзгешелек етiп, өзiнiң руын жаздыруы, ел адамдары мен шенеунiктер арасында беделдi болғанын айғақтайды. Кейбiр мөрлер алтынмен апталып, кейбiреуi таза күмiстен жасалған. Кей-кейде бiр топ билер ортақ мәселе туралы бiр қорытындыға келiп, көбi өз таңба белгiлерiн қойса, оларды бекiткен кiсiлер, солардың атынан қол қойып, мөр басып растап отырған. 1785 жылы Нұралы ханды тақтан түсiру мақсатында Кiшi жүздiң 56 биi патшайымға хат жазып, Нұралыны хандықтан түсiрудi сұрап, ұсыныс жасаған. Осынау тарих хат-қатынасты Сырым батыр мен пiр атанған Әбдiжәлел қожа бекiтiп қол қойып, мөрiн басқан. Мұндай үрдiс мөр басу ХХ ғасырдың 20 жылдарына дейiн жалғасқан. Жеке хан, сұлтан, билердiң мөрлерiмен қатар генерал-губернатордың, облыс басқарушысымен уезд, болыс басқарушыларының, тiпте ауылнайлардың патша өкiметi жасатып берген мөрлерi түрлi iс-қағаздарда, басқа да мәселелер туралы қатынастарда басылып отырылған. Тiптi болыс басқарушысымен ауыл старшиналарының мөрлерi жоғалғанда газеттерге хабарлама берiп, күшiн жойып отырған. Ал жеке билердiң мөрлерiнiң нақты есебi, кiмде қанша бары есепке алынбаған сияқты. Қазақ Совет энциклопедиясының 8-томында мөрге анықтама берiлген (176 б.). Мөр бетiнде ойып жасалған әрiп және басқа да белгiлерi бар, сургуч, балауыз немесе қағазға басу үшiн қолданылатын (куәлiктерге, ақша және басқа да документтерге) арнаулы құрал. Мөрге мемлекеттiк гербтiң суретi немесе эмблема салынады, мекеме, кәсiпорын, ұйымның аты жазылады. СССР-де мөр жасау облыстық, өлкелiк, одақтас және автономиялы республикалар милиция органдарының рұқсаты бойынша ашылған кәсiпорындарға жүргiзiледi. Мөр жасау үшiн жергiлiктi милиция органдарынан рұқсат алу шарт. Ал қазiргi тәуелсiздiк жылдарында мөр жасау, оған рұқсат беру iсi бiр жүйеге түспеген тәрiздi. Бұрынғы хан, сұлтан, билердiң мөрлерi ел басқару, iрi iстердi шешуге араласқан тұлғаларды анықтап берумен қатар көп нәрсеге көз жеткiзедi. Бабаларымыздан қалған асыл мұралардың бiрi — мөр тарихына шолу жасай отырып, XVIII-XIX ғасырлардағы хан, сұлтан, билер мен батырлардың мөрлерiнiң кейбiр нұсқасын қалың оқырман назарына ұсынбақпыз.

Серіктес жаңалықтары