ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТА ҚҰНСЫЗДАНДЫ

ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТА ҚҰНСЫЗДАНДЫ

ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТА ҚҰНСЫЗДАНДЫ
ашық дереккөзі
241

Кеше ұлттық валюта құнсызданды. Бұған дейiн девальвация туралы сөз қозғаудан ат-тонын ала қашатын билiк теңгенi күштеп ұстап тұрудың қиындығын ақыры мойындады. Негiзi бұл – қалың көпшiлiк үшiн күтпеген жаңалық емес. Марченко таққа отырғаннан-ақ, теңгеге тықыр таянғаны жайлы әңгiме жиi айтыла бастаған. Есесiне, “жұмыртқадан жүн қырқуға” бейiм алыпсатар ағайынның Құдайы бердi, кейбiр айырбастау орындарындағы 1 доллардың бағамы – билiк айтқандай, 150 теңге емес, 160 теңгеге бiр-ақ ыршыды.

Осыдан 2-3 апта бұрын бiздiң билiк девальвация туралы айтудан қашатын. Ұлттық банктiң экс-басшысы Әнуар Сайденов ұлттық валютаға құнсыздану қаупi төнiп тұрған жоқ деп сендiруге тырысса, ҚР экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Бақыт Сұлтанов девальвация деңгейiнiң 10 пайызбен шектелетiнiн айтқан. Ал кеше ҚР Ұлттық банкiнiң жаңа төрағасы Григорий Марченко: “4 ақпаннан бастап Ұлттық банк теңгенi бұрынғы бағаммен ұстап тұрудан бас тартады және ұлттық валютаның жаңа бағамын енгiзу керек деп есептейдi” деп мәлiмдей келе, болжам бойынша, теңгенiң 1 долларға шаққандағы бағамы 150 теңгеге тең болатынын жеткiздi. Марченко айырмашылық – плюс-минус 3 пайыз” деген. Бұл дегенiңiз – 5 теңге. Алайда, Алматыдағы кейбiр айырбастау бөлiмдерiндегi баға 160 теңгеге бiр-ақ “секiрдi”. Есесiне, сатып алу бағамы – 130 теңге. Әлбетте, “көк қағазды” алып, сатуға әуес алыпсатар ағайын ашкөздiкке ұрынды.

Девальвация – ұлттық валютаның шетелдiк валютаға шаққандағы бағамының төмендеуi. Ұлттық валютаны девальвациялау үкiметтер тарапынан елдiң төлемдiк тепе-теңдiктер дефицитiн азайту, әлемдiк нарықтағы тауарлар мен бәсекелестiк деңгейiн арттыру, iшкi өндiрiстiк қарқынды жеделдету мақсатында пайдаланылады. Девальвация экспорт өсiмiн арттырады, iшкi нарықтағы импорттық тауарлардың бағасын өсiрiп, отандық тауар өндiрушiлердiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн жетiлдiруге септiгiн тигiзедi. Ескеретiн жайт, валюта нарығында тепе-теңдiк сақталмаған жағдайда, экономикалық көрсеткiштерге керi әсер етедi: сыртқы қарыздардан құтылу үшiн бағамды төмендету (девальвациялау) тиiмдi, ал елдегi экономикалық ахуалды және отандық өндiрiс орындарының өнiм өндiру деңгейiн жақсарту үшiн валюта бағамын керiсiнше, өсiрген пайдалы. Демек, валюта бағамдары арасындағы өзара тепе-теңдiк сақталуы тиiс. Отандық сарапшылар қауымы теңгенiң девальвацияға ұшырауынан келетiн пайданы жоққа шығармайды. Себебi, шетелдiк валютаға шаққандағы бағамы әлсiреген теңге халықтың кiрiсiн отандық экспорттаушылардың кiрiстерiмен теңестiруге, өндiрушiлердiң бәсекелестiк қабiлетiн арттырып, тауар өндiру қарқынын күшейтуге, елдегi жұмыссыздық деңгейiнiң төмендеуiне сеп болады. Жалпы теңгенiң құнсыздануы қазақ қоғамы үшiн соны жаңалық емес. Газетiмiздiң өткен сандарының бiрiнде жарияланған “Теңге және девальвация” атты сараптамада девальвацияның күнгейi мен көлеңкесiн саралай келе, Григорий Марченконың ҚР Ұлттық банк басшылығына төрағалыққа бекер бекiтiлмегенiн, қаржылық дағдарыстан аман өту жолында тер төгу үшiн билiк командасына әдейi қайта қосылғанын, ал теңгенiң құнсыздану процесi әлдеқашан басталғанын айтқан едiк.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары