ЖЕТПЕГЕНI ОСЫ ЕДI!
ЖЕТПЕГЕНI ОСЫ ЕДI!
Қазақтың жетi кереметiнiң қатарына кiрген қара домбыраның құдiретi қазақты ғана мойындатып қойған жоқ. Оған сонау бiр жылдары Париж де зор құрмет көрсетпеп пе едi. Еуропаның төрiнде күмбiрлеген домбыраның үнiне Әмiре атамыздың дауысы қосылғанда, әлем де талайлар таңдайын қақпады ма? Бұл да қазақтың әнi мен қара домбырасының құдiретi.
“Ертеде бiр хан қызының кедей жiгiтпен көңiл жарастырғанын сезiп қалады да, жiгiттi дереу дарға астырады. Екiқабат болып қалған қыз мезгiлi жетiп босанады. Оны аңдыған мыстан кемпiр егiз баланы көз көрмес, құлақ естiмес, алыс жерге апарып, жап-жасыл үлкен бәйтерек басына ұлды батысқа, қызды шығысқа қаратып iлiп кетедi. Сәбилердiң көз жасы тамған бәйтерек солады, жүрегi тоқтаған нәрестелермен бiрге ағаш та қуарады. Қаңқу әңгiме халық арасында жата ма, оны естiген қыз егiзiн iздеп, жолға шығады. Жолдан шаршаған қыз ағаш түбiне келiп, демалады. Құлағына күмбiрлеген сарын естiледi. Қайдан шығатын әуен екенiн бiлгiсi келiп ағаш үстiне шығып тыңдаса, жаңағы бәйтерек сынып кетедi. Ағаш, түбiнен басына дейiн iшi қуыс екенiн көредi. Екi басында бұтақтан-бұтаққа керiлiп қалған iшектердi көредi. Екi iшек самал желмен тербелiп, одан әуен шығады екен. “Егiз құлынымнан қалған жұрнақ осы болар” деп, сол ағаштан аспап жасап алады. Батысқа қараған iшегi бостау, шығысқа қараған iшегi қаттылау керiлген екен. “Астыңғы iшек — жiңiшке дауысты қызым Зарлық, ал, үстiнгi iшек — бос қоңыр дауысты ұлым Мұңлық болсын” деп екi iшекке ат қойып, домбырасын тартып, күй шығарып кеткен екен” деген аңыз әңгiме бар. Бұл әңгiменi Өзбекәлi Жәнiбековтың кiтабынан оқыдым. Мұңлық пен Зарлықтың мұңын жеткiзген қара домбыраның қасиетi туралы айта берсек, әңгiме көп. Қара домбыраның V-VI ғасырларда жасалған нұсқасын, ағаш домбыраны Алтайдан тапқандығын жария қып, жар салғанымыз да күнi кеше ғана ғой.
Ендi бүгiн де қуанышымыз қойнымызға сыймай отыр. Өйткенi, “Домбыра” деп арақ шығарып, әзәзiлге ат қойып, айдар тақтық. Сенбесеңiз, дүкендерге кiрiп көрiңiз, “Домбыра” белгiсi бар, бөтелкенi оңай тауып аласыз. Бағасы 800 теңге. Қалтаңызда 800 теңгеңiз болса, кез келген дүкенге барып, сатып ала аласыз. Қазақтар бүгiнде үйiне қадiрлi қонақ келсе, төрiне шығарып, алдына ас қойып, “Домбыраны” берудi әдетке айналдырып келедi. Сымбаты келiскен, сұлу iшiмдiк күлмең қағып, дастарқаныңыздың төрiне қонжиып шыға келедi. Атына қызығып алатындар да, затына қызығып алатындар да табылады. Атына қызықпағанда қайтсiн, қара домбыраны шаңырағының төрiне iлмейтiндер оңай жерден олжа тауып, дүкеннен iшiмдiгiн сатып алуға мүмкiндiк туып жатыр.
Домбыраны көрсем, есiме “Ақсақ құлан” күйi түседi. Талай рет аңызын әжемнен естiгем, мультфильмiн теледидардан көргем, сол бiр әңгiме жадыма жиi оралады. “Кiмде-кiм ұлымның қазасын естiртсе, соның көмекейiне қорғасын құям” деген қағанның қатал бұйрығы бар. Сонда қаған жарлығына жауапты күйшi қара домбырасының арқасында күйдiң құдiретiмен жеткiзбеушi ме едi. Сол күнi, қағанның ұлының өлiмiн естiрткен қара домбыраның көмекейiне қорғасын құйылса да, күй-құдiрет үзiлген жоқ. Домбыраның iшегi тарс үзiлiп, үстiңгi бетi ойылып қалса да, ән-құдiрет айтылып келедi.
Қазақта “киелi” деген ұғым бар. Халық қасиеттi нәрсенiң киесiнен қорқады. Домбыраның киесi бар. Қазақтың мұңы мен зарын, қайғысы мен қуанышын жеткiзетiн қара домбырада қасиет жоқ деп кiм айтады?! Ендеше неге қасиеттi қорлаймыз?! Онсызда арақ атты әзәзiлден қаншама қазақ зардап шегiп, отбасы ойрандалып, бiр үйдiң ошағы ортасына түсiп жатқан жоқ па? Қазақтың қасиетiн араққа айырбастамай-ақ қояйық. Бүйте берсек, белгiлi журналист, жазушы Қали Сәрсенбай айтқандай, қоңыр қобызымызды коньякқа, сыбызғымызды сыраға айналдырып алып жүрермiз.
Гүлзина Бектасова