КЕМЕЛ ОЙЛЫ ТАЛАНТ ИЕСI

КЕМЕЛ ОЙЛЫ ТАЛАНТ ИЕСI

КЕМЕЛ ОЙЛЫ ТАЛАНТ ИЕСI
ашық дереккөзі
331

Әйгiлi Көпен Әмiрбек Кәмел Жүнiстегiне сыйлаған кiтабына “Дүниенiң ғажабын, өмiрдiң азабынан iздеген көкем Кәмекеңе iнiсi Көпеннен” деп арнап жазып берген екен. Екi ақ жолымен Кәмекеңнiң өмiрлiк ұстанымын да, тiршiлiгiнде көрiп баққан қиянатты да түйiп тастаған осыдан артық сөз бола қоймас.

Туған жерiн пiр тұтқан тарихшы, қазақ даласының талай түкпiрiн аралап, әр тасына үңiле бiлген зерттеушi, әдебиеттiң келешегi мен бүгiнгiсiн талмай саралап, қаламы талмай талай кiтапты елге ұсынған сөз шеберi, жұртшылық атын атауға бата алмай жүргенде Абылайдың, Қыздарбек, Сембек, Әбдилердiң күйiн қайта тiрiлткен өнердiң жоқшысы Кәмел қажы Жүнiстегiне де дүние есiгiн ашқанына 70 (жетпiс) жыл толыпты.

Қазақ деген елiн ерекше сүйiп, сол елiнiң тәуелсiздiгi үшiн басын қатерге тiгiп, КГБ деген айдаһардың аузына от лақтырып, жиырмадан жаңа асқан шағында балғын жастығын түрме мен айдауда өткiзiп, онан келе сала шаңның астында қалған көне аңыз, ескi шежiренi зерделеп, есiмiн атауға болмайтын Шортанбай жырау, Ағыбай батырлардың басына көк тас қойып, көненiң көзi билер мен шешендердi, оққа байланып кеткен ақындарды ортамызға алып келген де осы Кәмекең. Сонымен ол әруақты риза еттi, елдiн батасын алды. Оның қияметтi көрiп бақса да тiрi жүргенi бiр Алла мен елдiң батасы.

Кәмел Жүнiстегiнiң қаламгер ретiнде жолы ауыр болды. Оның жазғанын жалғыз цензура ғана тексерiп қоймайтын, ең соңғы сөздi сонау Мәскеудегi КГБ деген айтатын. Бiр ғана “Көксеу” деген кiтабына бақандай бес адам бiрiнен соң бiрi рецензия жазыпты. Бәрi мақтаған. Сонда да кiтап оншақты жыл бойы жарық көрмей жатып алғаны соның мысалы. Алғашқы кiтабын “Дос көңiлi” деп бастап едi, оған “Көне хикаясы”, “Көксеуi” жалғасты. Iштегi тұнып жатқан ой мен арман, шымырлаған шындық, қазақтың көксегенi мен қасiретi оның “Құба белдер” атты үш кiтаптық романында ақтарылып түстi.

Тап осы тұста Кәмекеңнiң шираққан туындылары мен зерттеулерi “Жұлдыз” журналының бетiнде “Қашқын”, “Көксеу”, “Тұрағың қайда туған ел”, “Шортанбай ғұмырнамасы” болып жарық көрсе, “Ана тiлi”, “Түркiстан”, “Егемен Қазақстан” газеттерi бiрiнен соң бiрi оның “елiм” деген аңсаулы үнiн жариялап жатты.

Атадан балаға ауысатын ұрпақтар сабақтастығын қаламымен мәнерлеп, елiме, келер ұрпаққа пайдамды молынан тигiзсем деген Кәмекеңнiң жазу үстелiнен “Көксеңгiрдiң тасында”, “Соңғы Абыз” романы, “Қоңыр құлжа” кiтаптары шықса, ұзақ жылдарғы зерттеулерiнiң нәтижесi болған “Ұлы пайғамбар және ұрпақтары”, “Шырағдан” кiтаптары туындады. Оның “Вожак” деп аталған кiтабы орыс тiлiнде жарық көрдi. Қазақтың мәдениетi мен тiлiнен мақрұм қалған қазақтарды төл мәдениетiмiзге тарту үшiн кiтаптың орысша шығуына ризалығын бергенiн Кәмекең де жасырмады.

Қилы-қилы уақыт өтiп, заман шекарасы жiктелген шақта рухани байлығымызды аш көздiң сұғынан, орыстың қызыл империясының сойылын соққандардан арашалап қалу де үлкен iс едi. Бұл мәселенi сол империяның iргесi бүлiнбей тұрғанда-ақ қолға алған. Кәмел Жүнiстегi саралап зерттей жүрiп Шортанбай жыраудың “Қайран елiм” деген кiтабын қайта құрастырып шығартса, сонау 1943 жылы алғаш республикалық айтыста бас жүлденi алса да ұмыт болып қалған Маясар ақынның шығармаларын жұрттан жинастыра жүрiп, “Бiр ауыз сөз” деген атпен жеке кiтап етiп жария еттi.

Бұл Кәмекең тындырған өнер өлкесiндегi еңбегiнiң бiр пұшпағы, оқырман қауымның шын ықыласына бөленген шығармалары, қай оқырман болса да өзiне керектiсiн таба алатын ғибраты мол туындылар. Оның халық аузында жүрген аңызды пайдалана бiлу, де шындыққа бергiсiз, өмiрден алшақтап кетпейдi, ғұмырдың қиянаты мен қуанышымен астасып жатады. Бұл үлкен шеберлiктiң үлгiсi.

Трилогиясының бiрiншi кiтабы “Аңыз мезгiл”. Кiтаптың бiрiншi жолынан-ақ ұлы даланың тылсым табиғаты ерiксiз баурап, өзiңдi iшiне сүйреп әкеткенiн сезбей қаласың. Сұлу сурет нәрлi сөзбен өрнектелiп, уақиғалар әдемi өрiлген қамшыдай тамсандырып, баяу ескен самалдай баурап, сырбаз бейнеленiп жүре бердi.

“Құба белдер” трилогиясының алғашқы бетi аңызға айналған Жидебай батырдан басталады. Жүз деген жасты көмкерiп тастаған батырдың көзi көрмесе де көңiлi баяу. Ол елiнiң болашағын аңсайды. Кiтаптағы мына бiр тұсты тебренбей оқи алмайсың. “Қарияның айнала ұшқан сары ала қаздың қаңқылы бөлiп жiбердi. Шiркiннiң дауысының әсемi-ай. Қаңқ…к! Қаң…к! Желкiлдеген балалық шағында да, желбiретiп ту ұстаған тұсында да сары ала қаздың үнiне тоймапты. Ендi мiне, жер тiреген кезiнде де құмартып отыр. Әлде, бұл өмiрге деген құштарлық па екен. Өмiр тәттi ғой… Сiрә қаз үнiне құштарлық – балалықтың жетсем екен, жiгiттiктiң сұлуды құшсам екен, Қарияның ұрпаққа деген мейiрiммен ұштасып жатқан болар”.

Кiтаптың “Құба белдер” атауында да тегiн дей алмаймыз. Қазақтың құбақан жондарында не арпалыс өтпедi, ұрпақ үшiн кiмдер жан кешпедi. Талай қан төгiлдi, талай көзден қайғының да қуаныштың да жасы ақты. Абылайдың соңына ерген Жидебай, Жарылғап, Байғозы батырлар Сары Арқаның төсiнде сұр жебесiн жауға кезiп, ат тұяғынан ұшқан шаңды да қанды да жұтып, шөл далада таңдайы кеуiп жүргенiн де осы кiтаптан табамыз. Елi үшiн жанын шүберекке түйген Ағыбай батыр ел орысқа қараған шақта өзi туған Сары Арқасынан соңына ерген жұртына қоныс таппай қиналғанына, Кеңесары жеңiлiс тапса да орыспен ұрысып жүрiп қаза болған Құдаймендеге жаның күйзеледi. Аға сұлтан Құнанбай да, дiлмар шешен жанғұтты да, тiлiп түсер Байсейiт би де, орыстың шоқындыруының алдын алуға тырысқан Көпбай, Дүйсенбайлардың әрекетi де ғажайып тұлғаларды алдыңа кесе көлденең тартады. Бәрi де ел намысын бәрiнен жоғары қойған, елiм деген ердi сақтап қалуға ұмтылған тұлғалар. Бұл қазақтың қаймағы бұзылмаған аңыздай мезгiл.

Кәмекеңнiң тағы бiр жерде “Ағыбай батыр… шешесi Қойсананың басына тәуiп етiп келiп – кетiп жүргенде сан тоқтап, ат шалдыртып, көңiлiне ұнаған жер едi, сөнiп қалған шоққа үңiлiп бiраз отырды да, жұлдыз санап кеттi. Сандықтас жақтан Құлжаның дауысы жеткен. Ол үн оған мәңгiлiк сияқты көрiндi. Япырым-ай, қайдам, уақыт өткiншi ғой. Шiркiн… шiркiн. Адам – арман, өмiр – елес” дегенi кiмдi болса да бейжай қалдырмасы анық.

“Көгiлдiр аспанның көшi түзу екен. Құбыладан күншығысқа қарай жылжыған әредiк бұлтта маң даланы маң-маң басқан жеке жарым көштей асықпай жылжып, көз тоқтатып қарамасаң бiр орында қалықтап, мынау қызығы мол, қасiретi де жетерлiк жалғанды сонау биiктен сүйсiне шолып тұрғандай. Сарысудың бас жағындағы Қазыбайға конған ауылдан шәйнек ұстап дүзге барған шал алашабыр бұлтқа өткенiн сағынған өкiнiшпен емiнiп, әрi келер уақытқа деген үмiтiн және iлiп бет сипаған”- деген жолдарда табиғат пен адамның астасуы жазушы шеберлiгiне тәнтi етпей қоймайды.

Келген ғасыр зорлық пен сұмдықтың өлшеусiз қасыретiн ала келген. “Құба белдер” романының екiншi кiтабы “Апат”. Кешегi ақ патшаның сенiмдiлерi ендi “қызыл” боп мылтық асынып, ел iшiнiң бас бұзарын соңына ертiп, қазақты ұлы аштыққа айдап әкелгенi осы Бесата елiнiң басынан кешiнен тарих шындық негiзiнде осы кiтаптан ащы көрiнiсiн тапқан. Әуелi бас көтерер азаматы оққа байланды.. Ағына да, қызылына да көнбеген даланың көкжалы Боранқұл батыр мерт болды. Ел бастар серкесiнен айырылды. Бесата елiнiң ендiгi сөзiн ұстаған, жұрт сөзiне ұйыған Дия қажы, Бабас, Түсетай, Күмiсбек сынды ақындары оққа байланып, Әбди, Сембектей күйшiлерi найза ұшында кеттi. Қалған елдi ендi дұшпан астына басып жанышты. Бiр қанды қара төбеде елдiң жиырма сегiз азаматын кешегi ақ, ендi қызыл бола қалған Сенеменко, Повленкалар қанды қырғынға ұшыратты. Сол отыз екiде келген аштықты осыншама ащы түрде суреттеген шығарма емес, әлi де жоқ екенiн ерiксiз мойындаймыз.

“Құба белдердiң” үшiншi ұлы соғысты да, тап бүгiнгi күндердi де қамтиды. Ел азаттығы үшiн қатерге басын тiккен жастар да, тәуелсiздiк қуанышы да, приватизация деген пәленiң қателiктерi де осы кiтапта. Жазушы Өмiр Кәрiпов “Кәмел Жүнiстегiнiң әр шығармасы, оның iшiнде “Құба белдер” трилогиясы атамекен туралы қара сөзбен жазылған жыр десек асыра айтқандық болмасы” деп жазған едi. Бұдан артық баға беру де қиын.

Жазушының “Соңғы Абыз” романы Бұхар жырау мен Абайдың арасын жалғастырып тұрған қазақтың соңғы жырауы Шортанбай жырауға арналған.

Ұзын аққан сары суды,

Өзiң жайлап, жағала.

Жүйрiк пенен жорғаңды

Өзiң мiнiп бағала, – деген Шортанбай жыраудың арман мен мұңға толы өлеңiнен бастау алған кiтап қазақ елiнiң орысқа қараған шағында көрген қорлығы мен зорлығына толы. Соған ашынған жырау зұлым шындықтан елi үшiн жол табуға тырысып, жаны шырылдайды.

Жандарал болды ұлығың,

Майыр болды сиынғаның…

Қазылған қара көрiндей, – деп Шортекең зарласа, ұлы жыраудың әр жырын романның арқауы етiп алған Кәмекең сол зарлы заманда суреттеу жолында қаламгер ретiнде көздеген мақсатына әбден жеткен. Бұл аса кесек iрi туынды. Бұл шығарма жеке зерттеудi, арнайы тоқтауды қажет етедi.

Кәмел Жүнiстегiнiң қазақтың дәстүрлi өнерi аңшылық, тазының сырттаны, көкжал, елiнiң табиғатын аялау туралы жазған повестерi мен әңгiмелерiнiң де шоқтығы аса биiк. Кешегi Адамбай-Тұрсынның он сегiз мың жылқысына жайлау да, пана да болған Бос ши, орта ши, Арқада бозторғайдың жоғалып кеткенiн ашына жазғаны кiмдi болса да селт еткiзбей қоймаған. Оның “Қоңыр құлжа” атты хикаятын оқыған адам жазушының жаны өзi туып-өскен табиғатымен бiрге екенiне көзi жетедi. Кеше Тағылы-Бұғылыны табын-табын боп мекендеп жүрген арқар атаулының iшкенiне мәз кеңкелестер мен вертолет мiнген жүндi ауыздардың ермегi боп құрып кеткенiн жазушы жаны ауыра жазады да, оқырманды да ерiксiз тебiрентiп, жанын мұңға салды. Ақшатау кенiшiнiң комбинатаның директоры Барлық Садықовтың “Кәмелдiң “Қоңыр құлжасын” оқығанға дейiн мен де арқар атуға құмар едiм, ендi бiр жола тиылдым. Қолым мылтыққа көтерiлмейтiн болды. Арқар атаулының трагедиясын осы кiтаптан түсiндiм” дегенiн естiген едiк. Даланың тұнған табиғаты адамнан әлi жапа шегiп жатыр. Сондықтан да Кәмекең “Тұрағың қайда туған ел”, “Көшiң қайда барады” деген үндi туындыларды елiне арнаған.

Кәмекеңнiң “Көкжалдың ажалы” хикаяты да тұнған табиғат суретi. Ел ырысы малдың жауы көкжалды құрту ләзiм сияқты. Хикаят “Тау iшi түнiмен у-шу. Азынаған қасқыр үнi тiршiлiк бiткендi түршiктiрiп, қоныс аудара сырғуға мәжбүр еткен. Көкжал тәңiрге жалбарынғандай басын екi аяқтың ортасына жiбере еңкейiп, қиқылдай үн шығарады. У-У-У! Сонан соң бейшара күйге түсiрген қақпанды қауып, сiлекей тартады. Тас жiгiне бойлай сiңген шынжырлы темiр қазық мызғыр емес. – У-У-У-У!” – деп басталады да оқырманды әрi қарай ерiксiз сүйрей жөнеледi. Аударылған шананың астында жатып қасқырлар көрiп қалмасын деп көзiн жұма қоятын Кемежан да, арқа тазыларын өсiрсем, көбейтсем дейтiн Тiлеу де, мылтық ұстағанына мәз, жаны ештеңеге ауырмас директор-парторг та осында. Қасқыр табиғаттың бiр бөлшегi. Табиғат да iрi, көкжалдың қимылы да ерен. Ажалы жетуге тиiс көкжалды Тiлеу ажал оғына қимайды. Оқырманның көңiлiн екi ұдай сезiм билейдi де отырады. Қасқыр – дұшпан, ол өлу керек. Жоқ ол да табиғаттың өренi, ол да аман болуға тиiс. Аңшы жұрт та екi ұдай. Бiрi директорлар. Ақыры қаптаған машина, сансыз мылтық тiршiлiк иесi көкжалға жер қаптырады. Ал, Тiлеу қос ауыз мылтығынан жалғыз-ақ патронды суырған. Оның өзiн мылтығына “мына көкжал бiреудi жазым етпесе” деген сақтық үшiн ғана салған. “Әйтпесе мына тұрпатты аң көзi қиып атар тiршiлiк иесi емес деген сөз тамағына тiрелген”.

Кәмекеңнiң бөлмесiнiң бiр қабырғасы толған домбыра. Бәрi де көне, бәрiнiң де айтар сыры мол. Соның екеуi атақты Әбди мен Сембектiң атылғанда өқолға ұстап жатқан домбырасы. Кәмекең осыларды жинай жүрiп бар күйшiнiң ұстазы Қыздарбек туралы “Көксеу” атты кiтабын да қинала жүрiп шығарған. Өз өмiрi де аса қиындыққа толы Кәмекең сиқырлы да сазды күйлердi тыңдап жұбанған да шығар деп ойлайсың. Өның өзi де “Көксеу” кiтабын жазу үстiнде Қыздарбек, Әбди, Сембек күйлерiн үнемi тыңдап, черпiн алып отырғанын жасырмайды. Тек Кәмекеңнiң қолында ғана Қыздарбек пен шәкiрттерiнiң отыздан аса күйi бар. Осы жазушы ағамыз болмаса бұл туындылар бiржолата өлiп кетер едi.

Кәмел Жүнiстегiнiң жуырда шыққан “Шырағдан” атты кiтабын оқи отырып оның талмас зерттеушiлiгiне таңқаласың. Әсiресе оның сырлы аспан туралы жазғандары бүгiнгi қазақ үшiн тың дүние. Сонау жиырмадан аса берген шағында саяси лагерде жүрiп, сол лагердiң мәңгi қонағы қазақ шалының мазасын алып, түн баласы (лагерде түнде шығу қауiп, оққа ұшасың) аспмн әлемiне үңiлiп, бар жұлдыздың қазақы атын жаттап, олардың сырын ұққан Кәмел ағамыз “Үркердi” орысшадан аударып “Бикеш” деп жүрген бiзге қара аспанның бар жұлдызының қазақы танымын қолымызға ұстатып бердi. Кезiнде бұл туралы “Ана тiлi” газетiнiң бетiнде жазушы Қажығали Мұхамедқалиев “жазушы Кәмел Жүнiстегi Колумбтың Американы ашқанындай бiздерге, қазақтарға, аспан әлемiн ашып бердi” деп жазған едi.

Қағаз бетiне түсiрiп отырғанымыз Кәмел ағамыздың өмiрiнiң де, өнерiнiң де бiр пұшпағы ғана. Жастық шағын түрме мен лагерге берген, қияметтiң көпiрiнен өтсе де қаламы қолынан түспеген, елiнiң мұңы мен арманын жоқтай бiлген. Челябiнiң түрмесiнде бiр орыспен пышақтасып денесiне мәңгi түскен тыртығын “елiм үшiн алған орденiм” дей алған осындай ағамыздың барлығына, болғанына мақтанамыз. Жасыңыз ұзақ болғай.

Тiлеуғазы БЕЙСЕМБЕКОВ

Серіктес жаңалықтары