“КРЕМЛЬ ҚҰБЫЖЫҒЫ” НЕМЕСЕ ТАҒЫ ДА ТАҚЫРБАСТАР ТУРАЛЫ
“КРЕМЛЬ ҚҰБЫЖЫҒЫ” НЕМЕСЕ ТАҒЫ ДА ТАҚЫРБАСТАР ТУРАЛЫ
Әр қоғам өзi тудырған құбыжықтармен күреседi. Кремль “тақырбастардың” қоғамдық құбылыс ретiнде пайда болуына тiкелей түрткi болмаса да, ұлттық саясатын құрудағы кейбiр қателiктерi арқылы себепкер болды. Ұрықты өзi сеппесе де, оның тамыр жайып, бой көтеруiне тосқауыл болмады. Ақыры, арамшөптей тез өсiп, тез қаулаған скинхедтер қозғалысы “орыс ұлтшылдығы”, “орыс фашизмi” деген ҚҰБЫЖЫҚТЫ дүниеге әкелдi.
Анығын айтқанда, “скинхедтер” Британ аралында 60-жылдары буржуалардың ұрпағына қастасқан жұмысшы тап ұрпағының қарсылығынан пайда болған құбылыс. Оған алғашқы кезде ақ түстiлер де, қара түстiлер де қатысқан деседi. Скинхедтер “Англия тек ақ нәсiлдiлер үшiн!” атты ұран тастады. Ал Германия ұлтшылдары бұл идеяны дамытып-кеңейте түстi.
Қазiр Ресейде тамыр жайған “скинхедтер” (қазақша “тақырбастар” деп атасақ ренжiмейтiн шығар) қозғалысының тарихы бiр кездегi фашистiк Германияға барып тiрелетiндiгi тарихи парадокс. Бiр кезде “сұм Гитлер”, “құрып кеткiр фашизмдi” қарғап-сiлеп, адам санын аямай қантөгiспен жеңiске жеткен халықтың ұрпағы 40-50 жылдан соң сол фашизмнен нәр алып, сусындайды, оның ұрығын орыс жерiне себедi деп кiм ойлаған?.. Гитлердiң суретiн аяқ асты етiп айызы қанған халықтың ұрпағы оның “Майн кампфтын” орыс тiлiне аударып, қымбат қағазға басып шығарып, таласа-тармаса оқитынын кiм бiлiптi? Кейде Тағдыр-Тарих осындай ыңғайсыз жағдайға тап қылады екен..
Шын мәнiнде, қазақ айтпақшы, “елу жылда ел жаңа”. 1945 жылы “фашизмдi жойдық, оның астанасы Берлинде Қызыл туды желбiреттiк” деген аға буын өкiлдерiнiң көзi түгел кетiп болмай жатып, Ресейде 80-90 жылдары “неонацизм” немесе жаңаша фашизм ұрық сеуiп, өркен жая бастады. Әуелгiде сылбыр дамыған орыс “неонацизмi” 2000-жылдардан кейiн жаңаша сипат алып, өзiн бiрбеткей, қатiгез, тұрпайы қырларымен танытты. Осы құбылысты зерттеушi әлеуметтанушы А.Тарасовтың дерегiне жүгiнсек, қазiр Ресейдiң 85 қаласында 60-65 мыңға тарта “тақырбастар” бар.
Қазiр “скинхедтер” өздерiн Ресейдiң қорғаушысы, патриоттары деп бiледi. Ресейдi орыс еместерден “тазарту” iсiнде ештеңеден де тайынбайды. Осы мақсат жолында кiсi қанын жүктеу – олар үшiн мақтаныш.
Десе де, құқық қорғау органдарында тiркелгендей, бұл iстердiң бәрi бiрдей “тұрмыстық жанжал”, “бұзақылық” емес. Ара-тұра жасаған мәлiмдемелерiнде билiк органдарын, оның iшiнде полицияны да “өресiз” деп айыптайтын “тақырбастар” шын мәнiнде осы полицияның өресiздiгi арқасында аяқтарын алшаң басып жүр.
“Тақырбастар” – стихиялы құбылыс емес. Бұл – арнайы “мектептен” өткен, белгiлi бiр мазмұндағы үгiт-насихат “сабақтарын” тыңдаған, тiптi өзгеше дене дайындығына қатысып, моральдық тұрғыда да, материалдық жағынан да “жасақталған” топ. Ұйым ретiнде тiркеуге тұрмағандықтан, оларды заң жүзiнде “жауып тастауға”, айыппұл салу арқылы немесе басқалай тосқауыл қою мүмкiн емес. Шашын тықырлап алғаны үшiн көшеде ұстап алып, жауапқа да тарта алмайсың. Қоғамның осындай “солқылдақтығын” пайдаланған “тақырбастар” жүгенсiз кетiп, насихаттарын емiн-еркiн жүргiзiп, жасаған қылмыстарын интернет арқылы өздерi “әшкерелеп” жүр.
Бұл – жастықтың буырқанған асау күшiн бұла бойына сыйдыра алмаған топ та емес. Олардың әрбiр iсi, мәлiмдемелерi, сөздерi белгiлi бiр реттеуге, “тәрбиеге” түсiп, бағытталып отыратын сияқты. Мысалы, 2006 жылы Путин жұртшылық сұрақтарына жауап берген кезде, президентке қойылған сұрақтардың бiр парасы Ресейдегi ұлтаралық қатынасқа қатысты болған. Осы сұрақтардың денiн ресейлiк “Злоба” сайты “Орыстарды дискриминациялау қашан бiтедi?” деген тақырыппен топтастырып қойыпты. Осы сұрақтардың көпшiлiгi мазмұны жағынан бiр-бiрiн қайталайды. Әртүрлi жастардың атынан, бөлек қалалардан “жолданған” сауалдардың бiр-бiрiне егiз қозыдай ұқсастығының өзi оларды белгiлi бiр топ мүшелерiнiң алдын ала келiсiм бойынша жолдап отырғанын байқатады. Мұның өзi “тақырбастардың” қылмысты ғана емес, саяси әрекеттi де ұйымдасып жасай бiлетiндiгiн көрсетсе керек.
Осы сұрақтардың бiрнешеуiн оқып көрейiк.
“Саламатсыз ба, Президент мырза. Айтыңызшы, бiз, Орыстар, Әзiрбайжаннан келген келiмсектерге жұмыс iстеудi қашан доғарамыз? Менiң қаламда бiржола тек армяндар мен вьетнамдар билiк етедi… олардың …!!! Дүкендер, базарлар, фирмалар!!! Өз бизнесiңдi аша алмайсың, бiрден тұншықтырады. Олар болмаса, олардың қолымен жергiлiктi әкiмшiлiк тұншықтырады. Орыстарды сыйламайды. Бұл өте ренiштi жағдай, өзiмдi туған елiмде адам ретiнде сезiнгiм келедi!
Сергей, 24 жаста, Прокопьевск”.
“Неге соңғы жылдары Мәскеуде армяндардың, кавказдықтардың, әзiрбайжандардың (тағы басқалардың) саны шектен тыс көбейiп бара жатыр? Олар неге бiздiң қалада тiркеуге тұрып, сосын көп балалы отбасыларын көшiрiп әкелiп, сандарын көбейтiп жатыр? Сен өз қалаңда келiмсек сияқтысың, туған қалаңда бөтенсiң. Ендi, мен үйге қайтып келе жатқан кезде олар подъездiң алдында отырады, жұқалап айтқанда, қылықтары жиiркенiштi. Ал билiк бұған көз жұмып қарайды. Ендi қалғаны өз қаламызды тастап шығу ма? Мәскеуде орыстардың саны күннен күнге азайып барады.
Анастасия, 21 жаста, Мәскеу”.
“Ресейде ұлттық мәселе қалыпты орыстың сана-сезiмiне нұқсан келтiрмейтiндей болып шешiле ме, жоқ па? Басқаша айтқанда, елiмiзде қаптап жүрген, бiрақ бiздiң мәдениетiмiзге сiңiспейтiн, өз мәдениетiмен өмiр сүрiп жатқан иммигранттар проблемасын жасырмай, “орыс” сөзiн мақтанышпен айтатын адамдарға ксенофобия мен ұлтшылдықтың жаласын жаппай, дұрыс шешiле ме? Әр нәрсенi өз атымен атау керек: бiздiң көпұлтты елiмiзде ұлтаралық кикiлжiң бар, оны мойындасаңыз да, мойындамасаңыз да (көргiңiз келмесе де).
Александр К., 18 жаста, Мәскеу”.
“Құрметтi Президент! Егер сiзге “Ресей орыстар үшiн!” деген ұран ұнамаса, “Ресей – тек тұрғылықты халықтар үшiн!” деген ұран ұнайтын шығар?
Нико, 21 жаста, Мәскеу”.
“Владимир Владимирович! Айтыңызшы, неге ТМД елдерiнен орыстарды шығарып жатқанда, Ресей орыстарды жеккөретiн осы мемлекеттердiң өкiлдерiне де соны жасамайды? Неге өзге ұлт өкiлдерiне (грузин, өзбек, молдаван) қарағанда орыс адамының Ресей төлқұжатын алуы қиыншылық туғызады?
Елена, 39 жаста, Алматы”.
“Владимир Владимирович, саламатсыз ба. Сiз бұрынғы КСРО мемлекеттерiндегi орыстардың жағдайы туралы мәлiметке қанықсыз ғой деп үмiттенемiн. Жұмсартып айтқанда, барлық жерде орыстарды тықсырып, қудалап жатыр. Олар өз құқықтарын қорғай алмайды, әрине. Айтыңызшы, тiптi Ресейдiң өзiнде, өз Отанында орыстардың құқығы шектеулi болса , олардың келешегi қандай болмақ?
Павел, 23 жаста, Алматы”.
“1. Башқұртстандағы милицияның жемқорлығы қашан ауыздықталады? 2. Неге Башқұрстанның орыс мектебiнiң оқушылары мiндеттi түрде башқұрт тiлiн оқып-үйренуi керек? Ресейдiң мемлекеттiк тiлi – орыс тiлi, башқұрт тiлi емес. 3. Ресейдiң бас прокуратурасы Башқұрт президентi Рахимов пен оның айналасындағылардың iсiн қашан тексередi?
Николай, 35 жаста, Мәскеу”.
“БАҚ-тардағы “антифашистiк” байбалам қашан аяқталады? Қашанғы түймедейдi түйедей етiп зорайтуға болады? Орыстар мен орыс еместер арасында болған кез келген оқиға БАҚ-тарда “орыс скинхедтерiнiң” iс-әрекетiне жатқызылады, (мұндай хабарлардың 80 пайызында) оған ешқандай дәлелдерi де жоқ. Жылына 40 мыңдай кiсi өлiмi болады, басқа да қылмыстардың астарынан “фашизм” лебiн сезiнуге болады. Англияда жылына 400-дей антисемиттiк шабуыл жасалады екен, бiрақ ол елде ешкiм байбалам салып жатқан жоқ.
Александр, 25 жаста, Томск”.
“Құрметтi Владимир Владимирович, Мәскеу, Санкт-Петербург, Волгоград және басқа қалалар иммигранттардың тасқынында тұншығып жатыр (олардың көбiсi заңсыз). БАҚ-тарда скинхедтердың тәжiк қызын өлтiрiп кеткенi туралы көп айтылды, бiрақ саны аз ұлттардың орыстарға жасаған агрессиясы туралы бiр ауыз сөз жоқ. Ал БАҚ-тар “ұлтшылдық” пен “фашизмдi” шатастырып отыр. Ресейге әртүрлi ұлттардың шұбырып келуiне қашан тосқауыл қойылады?
Толеренттықтың бұл жерге ешқандай қатысы жоқ.
Андрей, 23 ж., Санкт-Петербург.”
…Осылай жалғаса бередi. Бiздiң көзiмiзге түскен 71 сұрақтың бәрi жоғарыдағы мазмұнда. Тек сұрақ соңына қойылған есiмдер мен қала аттары ғана өзгерiп отырады. Сұрақ авторларының жастары да қарайлас: 18 бен 35-тiң арасы… Осының бәрi билiк назарын ұлттық мәселеге аудару үшiн бұл сұрақтарды әдейi ұйымдастырған топ бар екендiгiн аңғартады.
“Тақырбастардың” интернет игiлiгiн өз мақсаттарында жақсы пайдаланатындығына көз жеткiзген соң, қазiргi президент Медведевтiң жеке интернет-парақшасын да “сүзiп” шықтық. Бiрақ президенттiң жеке парақшасы модераторлардың қатаң “елегiнен” өтетiн болуы керек, ұлттық идея, экономика, жемқорлық туралы пiкiрлер бар да, саясат, қоғамдық бөлiнiстер, әлеуметтiк теңсiздiк, ұлтаралық наразылықтар туралы бiр ауыз сөз жоқ…
Дегенмен, мұндай мазмұндағы пiкiр жария болса, құлағдар етуге уәде беремiз.
Көше кезген “тақырбастар” мен жоғарғы билiктiң iс-әрекетiндегi кейбiр ұқсастықты мына бiр мысалдан көруге болады. “Единая Россия” партиясының жастар қанаты “Жас гвардия” сайлаудан кейiн аз-кем дағдарысқа ұшырап, бағдарсыз қалғаны белгiлi. Ендi жастар күшiн “тиiмдi” пайдаланудың бiр жолы табылған сияқты. Өткен аптада “Жас гвардияның” бiр топ белсендi мүшелерi Қазан вокзалының перронында “Заңсыз мигранттар – кетiңдер!” деп ұрандатқан. Олар әуелгiде Бiшкек-Мәскеу пойызын күтiп алмақ болған деседi. Бiрақ дүйсенбi күнi бұл пойыз жүрмейтiн болғандықтан, сол күнi келiп жеткен Ташкент-Мәскеу пойызының алдынан шығады. Жалпы қарасы 100 адам болатын “жасгвардиялықтар” қолдарына “Заңсыз мигрант – ұрлықшы”, “Заңға сәйкес жұмыс iсте!”, тiптi өзбекше жазылған “Ноконуний ишин угридир!” деген плакаттар ұстап шыққан. Пойыздан ендi түсiп, аң-таң болған жолаушыларға акция ұйымдастырушылар Ресейге келетiн шетелдiктерге арналған Федералдық миграция қызмет мекемесiнiң ережелерi, осы мекеменiң аудандық бөлiмшелерiнiң мекен-жайлары көрсетiлген парақшалар таратқан.
Бұған дейiн олар Федералды миграциялық қызмет мекемесiнiң алдында “Бiздiң ақша – өз адамдарымызға!” деген ұран тастап, аймақтарда “Әрбiр екiншi – қайт үйiңе!” деген сөздер жазылған қағаз жапсырып, көзге түскен.
Осы акцияның көңiл аударарлық бiр тұсы бар: “Жас гвардиялықтар” өз ұрандарын айтып, барлығып жатқан тұста аузы-басын тұмшалап алған бiрнеше адам келiп, оларға жұмыртқа, сия құйылған сауыт лақтырған. “Фашистер!” деп айғайлаған аз топты полиция сол сәтте-ақ тұтқындап алып кеткен. Жүз адамнан тұратын митингiден жанжал шығады деп қауiптенбеген полиция бiрнеше адам өздерiнен отыз есе көпке қарсы төбелес ашады деп қорықты ма? “Жас гвардиялықтар” билiк партиясының қанаты болғандықтан, не iстесе де ерiктi ме? Аз топтың бiр мүшесi Владлен Турикиннiң мына сөзi көкейге қонады: “Жас гвардия” “Әрбiр екншi – қайт үйiңе!” деген ұранмен ксенофобияны ушықтыра түседi. Бәрiне тек мигранттарды кiналау – әлеуметтiк мәселелерден басты алып қашып, нақты кiнәлiлердi тасалау үшiн табылған ақыл”.
Мәскеу жерiне табан тiреген адамдардың бәрi 90 күн бойы заң қорғауындағы мигранттар. Сондықтан оларды “Үйiңе қайт!” деп қууға еш заңдық негiз жоқ.
Билiк қолдауына сүйенген “Жас гвардиялықтардың” мигранттарға деген жеккөрушiлiк сезiмi “неонацистердiң” пиғылына өте ұқсастығын байқау қиын емес. Былтырғы жылдың желтоқсан айының басында өзiн-өзi “Орыс ұлтшылдарының әскери ұйымы” деп жариялаған ұйым мүшелерi “егер Мәскеуге мигранттардың келуiне тосқауыл қоймаса, шенеунiктердi де өлтiре бастайтындығын” мәлiмдеп, құқық қорғау органдарына хат жолдаған. Хатқа қоса тәжiк жұмысшысының кесiлген басы түсiрiлген фотосурет те жiберiлiптi. Адамның кесiлген басы шынымен де хатта көрсетiлген жерден табылған…
Ал 14 желтоқсанда Мұнай мен газ академиясында бiлiм алып жүрген 1-курс студентi Ерлан Әйтiмов қапыда қаза тапты. Сол күндерде екi тәжiк пен бiр әзiрбайжандық азамат та қарақшылар қолынан мерт болған. Ресми түрде мойындалмағанымен, бұл қылмыстардың бәрiнiң астарында ұлттық астамшылдық жатқанын жасыру мүмкiн емес.
Ресейлiк “Сова” ақпараттық-сараптамалық орталығының мәлiметтерiне жүгiнсек, былтырғы жылдың бiр жазында ұлтшылдардан 70 адам жәбiр-жапа шегiп, оның 9-ы қайтыс болыпты.
“Тақырбастардың” қолынан қаза тапқан ТМД азаматтарының (оның iшiнде өзбектер де, қырғыздар да, қазақтар да, тәжiктер де бар) жалпы саны 100-ге жеткен. (“Жас қазақ”, 19.12.2008).
Былтыр Мәскеуде Қырғызстанның екi азаматы – Элиза Эргешова мен Марат Акматов белгiсiз үш адамның шабуылына ұшыраған. Пышақтан түскен жарақаттар салдарынан Марат сол жерде жан тапсырып, Элиза ауыр жарақатпен ауруханаға түседi. Осы оқиғадан соң Қырғыз сыртқы iстер министрлiгi iле-шала Ресейдiң сыртқы iстер министрлiгiне наразылық нотасын жiбердi. Басқаша айтқанда, бiздердiкi сияқты, “iстiң анық-қанығы анықталып, қылмыстылар табылғанша” күткен жоқ. Елдiң өкiлеттi елшiсi Райымқұл Аттақұлов сол кезде “Бұл шабуыл нәсiлшiлдiк астамшылық негiзiнде болған” деп мәлiмдеме жасады.
Қырғыздың “kabar” агенттiгiнiң дерегiне сәйкес, 2008 жылы қаңтар-май айларында Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларында, Мәскеу облысында қырғыздың 14 азаматы кiсi қолынан қаза тапқан. Бұл қылмыстардың 8-i ашылған, 6-уы бойынша iздестiру-тексеру жұмыстары жүргiзiлiп жатыр.
Қырғыз елшiлiгi сол жылдың қаңтар айында Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларында Қырғызстанның төрт бiрдей азаматы өлтiрiлгенi туралы деректердi де жайып салды. Елшiлiк қызметкерлерi Ресей құқық қорғау органдары және сот органдарынан осы қылмыстық iстердi тезiрек ашуды және “ұлттық астамшылық негiзiнде жасалатын қылмыстардың алдын алып, оларды жазалау түрлерiн ауырлатуды” сұраған. Бұл мәлiмдеме жасағанда қырғыз дипломаттары “осынымыз орыспен достығымызға қалай әсер етедi-ау” деген жоқ. Азаматтарының өмiрiне құрметпен қарау деген осындай-ақ болсын.
Мәскеуде жақында белгiлi ұлтшылдар Артур Рыно мен Павел Скачевтар бастаған банда үстiнен қозғалған қылмыстық iс бойынша сот процесi аяқталды. Бұл банданың бiр өзi 20 адамды жер қаптырып, 12 адамды өлтiруге әрекет жасаған. Сот нәтижесiнде банда жетекшiлерiн жалпы режимдегi колонияда он жылға бас бостандығынан айыруға шешiм шығарылды. Бiрақ қоғамдық пiкiрге құлақ түрсеңiз, бiзге қылмыскер болып көрiнген банда ұлтшылдыққа мастанған жастар тобы үшiн “ұлттық батыр” дәрежесiне дейiн көтермеленедi. Олардың жасаған қылмыстарын жасырмай, егжей-тегжейлi әңгiмелеп беруiнiң өзi бұлардың кәдiмгi қылмыскерлер емес, санасы уланған қандықол қарақшы екенiн көрсетедi. Ең қорқыныштысы, бұл қылмыстарды жасаған тұста банданың екi жетекшiсiнiң екеуi де кәмелетке әлi жасы толмаған жеткiншектер екен.
Былтыр желтоқсан айында “Эксперт Online” басылымында “Олар тағы да өлтiрiп жатыр” атты мақала жарық көрдi. Осы мақала негiзiнде интернет-оқырмандардың арасында қызу дау-дамай туындады. Ең қызу пiкiрталас мәскеулiк орыс ұлтшылдары мен орыстанған мәскеулiк қазақ арасында өрбiген. Үзiндi келтiрелiк.
22.12.2008. Игорь Александрович Нефедоров:
“Бұл бар болғаны сағат тiлiн ауыстыру… Қоғамдағы күшейе бастаған наразылықты басу үшiн “сағат тiлiн” шенеунiктерден шетелдiк жұмысшыларға және ойдан шығарылған “орыс фашистерiне” аударады… Жалпы алғанда, ойдан шығарылған “орыс фашизмi” тақырыбы жалықтырып жiбердi… Тiптi, кезектi “мигранттың” өлiмi – билiктiң ұлттық бағыттағы қозғалыстың алдын кесу мақсатында ұйымдастырылған әрекет болуы да мүмкiн…”.
22.12.2008. Денис Горишный:
“Орыс ұлтшылдары көп емес, олар – төлқұжаттары бойынша ғана орыс. Олар өзгенiң миымен өмiр сүредi – символдары, ұйым, лектор-нұсқаушылардың бәрi – еуропалық (ең әуелi немiс) “бауырлардан”. Тiптi, көптеген “скинхедтер” үшiн идеялық ұстаным маңызды емес. “Қара түстiлер мен қысық көздердiң” жұлынын үзiп жүргендер алдарында кiм тұрғанына – бурят па, қазақ па, дағыстандық па, әзiрбайжандық па, студент пен әлде базардағы саудагер ме – бас қатырып жатпайды”.
23.12.2008. Александрбек Нурсұлтанович Пушкинбаев:
“Мен орыстанған қазақпын. Мәскеуде тұрамын. Сiздердiң, ресейлiктердiң бiр сөздерiңiз маған қатты ұнайды. Ұлттық Сана-сезiм. Өте тауып айтылған әрi барлық халықтарға қатысты қолдануға болатын сөз деп ойлаймын. Өмiр бұл сөздердi әркiмнiң әрқалай түсiнетiндiгiн көрсетiп жүр. Дегенмен, бастаған iстi аяқсыз қалдырмаңыздар, бұл сөздердiң дұрыс мағынасында жұмыс iстеудi жалғастыра берiңiздер”.
23.12.2008. Васильев Яков Юрьевич:
“Қазақтардың не тындырғанын бiлемiз: “… Алғашқы ұлтаралық қақтығыс 1986 жылы басталды. Желтоқсан айында Алма-Атыда қазақ жастары Қазақстан ОК бiрiншi хатшысы қызметiне Г.Колбиннiң тағайындалуына қарсылық ретiнде жаппай тәртiпсiздiк орнатты…”.
24.12.2008. Александрбек Нурсұлтанович Пушкинбаев:
“… мұндай шектеулi бiлiмiңiзбен 86-ның Желтоқсанына тиiспей-ақ қойыңыз.
Ал жаппай репрессия мен жер аудасру кезiнде орыс адамдары қазақ ортасында да, өзбек ортасында да, тәжiк ортасында да жаман өмiр сүрген жоқ”.
25.12.2008. Fuad Magomed ogli Musayev:
“Ал өзге елдердегi орыстар неге мұндай ұлтшыл емес? ТМД елдерiнде оларды геолог, инженер, мұғалiм ретiнде елестетесiң. Әзiрбайжанда 200000 денi дұрыс орыс өмiр сүредi, ал Ресейде де бәрi бiрдей ұлтшыл емес қой. Ендеше, үмiт үзiлмейдi…”.
25.12.2008. Артем Васильев:
“Бұрынғы КСРО халықтарына орыстар мемлекеттiк билiк жүйесiн, территориясын (әсiресе, Қазақстан қарпып-ақ қалды), инфрақұрылымды, өнеркәсiптi бердi, ал 17 жыл бойы КСРО бойынша бiздiң бұрынғы көршiлерiмiзден – жергiлiктi ұлтшылдардың қуанышына орай – орыстар Ресейге көшiп кеттi. Бiрақ ұлтшылдар өздерiнiң жаңадан құрылған мемлекеттерiнде тыныш отырса да болмай ма, олар Ресейге келiп, бiздi толеранттыққа үйретпекшi! Шамасы, оларға үйлерiне қайтатын жолдама алып беру керек шығар”.
25.12.2008. Васильев Яков Юрьевич:
“Постсоветтiк республикалардың мемлекеттiк идеологиясының негiзi – ұлтшылдық. Ұлтшылдық негiзi – негiзгi ұлттың мүддесi жоғары тұратыны жайлы идея. Бәрiңде де осы бар. Ұлтшылдықтың доктринасынан бас тартыңдар, содан кейiн сөйлесемiз.
Скинхедтердiң пайда болуы туралы. Мемлекет өз халқын талауға қалдырды. Кез келген мемлекетте (Ресейден басқа) шенеунiктер өз халқының өкiлдерi екенiн сезiнедi, сондықтан ұлттық мүдденi қорғауға дайын тұрады. Ресейлiк шенеунiктер халық үстiнен күн көретiн әлеуметтiк тап. Шенеунiкке төлқұжат алуға орыс босқыны мен пара ұсынған әзiрбайжандық қатар келгенде, ол екiншiсiн таңдайды, сосын бiздiң елде әзiрбайжандықтардың қатары көбейе бередi. Бiздiң саяси аппараттың шындығы осында.
Осыдан кейiн әлеуметтiк қарсылық күшейе түседi. 80-жылдары ұлттық республикаларда “Чемодан, вокзал, Ресей…” деп айғайлағанда… Орыстарды тек орыс болғаны үшiн жұмыстан қуып, орыстарды баспанадан айырғанда Мәскеуде скинхедтер көп пе едi???”.
26.12.2008. Артем Васиельев:
“Ресейде бұл мәселенiң ушыққанына көп жыл болды, бiрақ жемқорлар алтын жұмыртқа табатын тауықты бауыздай ма? Ресей элитасы – шын мәнiнде елден бөлек, ол өз тынысымен өмiр сүредi, жергiлiктi “үндiстердiң” мәселесi оларды толғандырмайды. Шындығында, мәселенiң тамыры осында жатыр: қазiр “орыс ұлтшылдығы” деп аталған нәрсе бар болғаны – орыстың көршi елдердегi ұлтшылдыққа деген кештеу бiлiнген әсерленуi. КСРО тараған соң барлық республикалар қуана-қуана ұлттық ойындарға ден қойды, тек Ресей ғана “халықтар достығы” идеясын насихаттауды тоқтатпады. Одан кейiн бұрынғы республикалардан шыққан бандитизм түгi қалмай РФ-ға жетiп келдi”.
Бұл сөзталасты оқып отырып, Мәскеуден мыңдаған шақырым алыста отырған бiздiң ортамыздан да ара-тұра естiлiп қалатын “таныс” пiкiрдiң көлеңкесiн байқап қалдық. Мәскеу идеологтарының бiрi Виталий Третьяковпен былтырғы жылғы сұхбатымызда да оның осы тектес ойды сiңiрiп қалуға тырысқаны есiмiзде: “КСРО-дан тараған республикалардың бәрi ұлттық бағытта дамып жатыр, ендеше Ресейдiң ұлтшылдығына неге таң қаласыңдар” деген мағынада… Бiрақ бiздiң ұлтшылдығымыз өзге нәсiлдердi, көккөздiлердi қырып-жоюға бағытталмағанын (Құдай бетiн ары қылсын), ал орыстың ұлттық мүддесi Коммунистiк партия тұсында да түгел болғанын олар қаперiне алғысы келмейдi…
Орыс КСРО-дан тараған өзге республикалар секiлдi өз ұлтшылдығын төл мәдениетiн жандандыруға, өз тiлiне құрметпен қарайтын, ата-баба дiнiн ұстанатын сауатты, салауатты ұрпақ өсiруге бағыттаса, “орыс ұлтшылдығы” деген термин дүниеге келмес те едi. Тiлiнiң жұтылып, мәдениетiнiң ұмытылуының не екенiн бiлмейтiн орысқа керегi басқа “ұлтшылдық” – өзге ұлттардың үстiнен билiк жүргiзетiн үстемдiк – керек пе деп қорқамын. “Бөлiнiп”, бөлек шаңырақ болып кеткен жас республикаларға деген орынсыз ашу, жай айтылған сөз астарынан сезiлiп қалатын ыза – осының көрiнiсi.
Бүгiнгi экономикалық дағдарыс тұсында скинхедтер қозғалысы жаңаша серпiн алуы мүмкiн. Өйткенi, әлеуметтiк мәселелердiң шиеленiсуi қай кезде де билiкке деген жаппай наразылықтың туындауына, қоғамның түрлi жiктер мен топтарға бөлiнiп, iркiттей iруiне әкелетiнi аян. Ендеше, iштен де, сырттан да, әйтеуiр жау iздеп, пышақ жалақтатқан “тақырбастар” қоғамдық дағдаруды өз ыңғайларына пайдаланулары кәдiк.
Бiрақ өздерiн орыс халқының қорғаушысы етiп көрсеткiсi келетiн “тақырбастар” шын мәнiнде тұтас орыс ұлтына орыстың өз сөзiмен айтқанда, әлемдiк қауымдастықтың алдында, орыс ұлтының беделiн түсiрiп, артық қыламын деп тыртық қылып отыр. Олардың көккөздiлерден өзгеше кескiндiлердi бас-көз жоқ өлтiрiп кете беруi өзге ұлттар арасында орысқа деген жеккөрушiлiк сезiмiн тудыруы мүмкiн. Ал қазақ айтпақшы, “өзiңнен зор шықса, екi көзiң сонда шығады” дегендей, “тақырбастарға” қарсы тұратын күш өз iшiнде пайда болуы мүмкiн…
Қоғамдағы әдiлетсiздiктер билiкке деген жеккөрiнiштiк сезiмiн тудырады. Ашу-ызасын қалай шығаруды бiлмеген қарапайым халық “скинхед” сияқты лебi сырттан соққан “жатжұрттық” құбылыстардың қақпанына қалай түсiп қалғанын өзi де байқамайды.
Ал билiк басшылары көреген болса, мұндай құбылыстың алдын алар едi-ау. Кремль “скинхедтерге” қолдап жем бермесе де, жем берген қолды көрiп тұрып, кеспедi деуiмiз содан. Ендеше, олардың “Кремль құбыжығы” деп аталуларына толық қақылары бар…
Тағы бiр жорамал – әлеуметтiк әдiлетсiздiк орын алған қоғамда билiк пен байлықты өз қолына жинаған үркердей топ ұлтаралық, этносаралық кикiлжiңдердiң ушығып тұруына мүдделi болады. Өйткенi, “нәсiлдер соғысы” жүрiп жатқан тұста халық игiлiгiн тонап жатқандарды “түгендеуге” шама қайдан келсiн? “Тақырбастарды” тайраңдатып қойған да жоғарғы үстем топ болуы әбден мүмкiн. Олардың кейбiр өкiлдерi Кремльдiң өзiнде отыруы да ғажап емес…
Гүлбиғаш Омарова