КӨРКЕМСӨЗДIҢ КӨСЕМI

КӨРКЕМСӨЗДIҢ КӨСЕМI

КӨРКЕМСӨЗДIҢ КӨСЕМI
ашық дереккөзі
333

Халық ақыны ҮМБЕТӘЛIНI қайталап оқығанда

Елiмiздiн ақын қыздарының көшбасшысы, қазақ поэзиясының жарық жұлдыздарының бiрi – Мәкеңдi, Мариям Хакiмжанованы мен бiраздан берi бiлетiн едiм. Ол кiсi бажам полковник С. Ахметжановтың жақын жеңгесi болатын. Қайынбикем Мару Есенғалиқызы келiн болып түскенде Мәкеңнiң аналық мейiр-шапағатына бөленген. Бiз тек жекжат ретiнде емес, бауырлас туыстай көп жыл бойы араласып тұрдық.

Мариям апа кең пейiлдi, парасатты, аса қайырымды, жаны сұлу, қадiрмендi жан едi. Ол қазақ әдебиетiнiң байсалды зерттеушiсi, оның арғы-бергi тарихын жақсы бiлетiн ғұлама. Бiр жолы әңгiме тақырыбы Жамбылдың шәкiртi Үмбетәлi Кәрiбаев жайлы болды. Мәкең бұл ақынның творчествосынан толық хабардар екен. Соның өмiр жолы туралы көптеген деректердi қызықты етiп айтты.

Жамбылдың туғанына 100 жыл толуын 1946 жылы бүкiл Кеңес елi зор салтанатпен атап өткенi белгiлi. Осыған байланысты ақынның шығармаларының академиялық толық жинағы шығарылды. Бұған белсене қатысқан Мариям Хакiмжанова Жәкеңнiң Октябрь революциясына дейiнгi шығармаларының мәтiнiн қалпына келтiруге үлкен қолғабыс жасаған Үмбетәлi екенiн ризашылықпен еске алды. Өйткенi, ол Жамбылдың өткен кездегi өлеңдерiн түгел дерлiк жатқа бiлген екен. Мiне, ғажап. Қазiргi ақындардың замандастары түгiл, өздерiнiң жырларын жатқа айтатындары некен саяқ емес пе?

Егер нақтыласақ, Үмбекеңнiң зеректiгi арқасында Жамбылдың бұрынғы айтыс– өлеңдерiнiң мәтiндерiндегi жаңсақ кеткен қателер түзетiлiп, ұғымы бұлыңғыр жекелеген ескi сөздерге түсiнiктер берiлген. Мәселен, “Нұрила мен ақындардың айтысы және Жамбылдың төрелiгi” дейтiн қалың жұртшылыққа онша таныс емес қызықты сөз бәсекесiнiң 1919 жылы жайлауда Қазыбек деген жерде болғаны анықталған. Саңлақ өнерпаз келiншекпен бiр емес, әрқайсысы “сен тұр, мен атайын” 11 ақын айтысқан дейдi. Бұл қазақ әдебиетiнiң тарихында өте сирек кездесетiн оқиға. Олар: Бармақ, Шүкiтай, Оспан, Саядiл, Үмбетәлi және т. б. Мұнда маржандай сұлу жыры, асқан тапқырлығы үшiн Үмбетәлi бәйгiге түйе алыпты. Сол сияқты Кәрiбаев “ Жамбыл мен Жалайыр Досмағанбет ақынның айтысы” Iле бойында болғанын ескертумен бiрге, осы ұзақ өлеңнiң бiр сөзiнiң де жаңылыс кетпеуiне бiлгiрлiкпен қол ұшын бере бiлген.

Әңгiме төркiнi Үмбетәлiнiң ақындық творчествосына ойысқанда Мәкеңнiң жүзiне нұр құйылып, ұшатын сұңқардай қомданып алды да, ықыластана былай дедi:

– Менiң бiлуiмше, Жетiсудың қос дүлдiлi өнер сайысында ешқашанда жұбын жазған емес. Ағалы-iнiлi екеуi шаршы топқа қол ұстасып бiрге барған. Бiрақ, айтысқа үнемi Үмбетәлi түскен. Ал, Жәкең болса кәнiгi атбегi сияқты шашасына шаң жұқпас сәйгүлiгiн тек сөреден қарсы алып отырған. Ондай кезде Үмбетәлi шоқтығы биiк айтыскерлiгiнен танбаған. Көпшiлiкке олжа салып, Құдай берген талантын шүбәсiз мойындатқан. Жамбыл үмiтiн ақтап, құрмет тұғырына көтерiлдi. Ақынның жеңiстi сәттерде екi көзi оттай жайнап, қоңырқай жүзiнен шаттықтың лебi есiп тұрғандай әсер қалдыратын.

Ақындықтың, өлеңнiң қасиетiн әрқашанда терең сезiне бiлетiн халқымыз жарықтық Жәкеңнiң тiрi кезiнiң өзiнде Үмбетәлiнi оның нағыз iзбасары деп таныды. Ұлы жыраудың ағынан жарыла: “Үмбетәлi – көз жасымды сүртетiн шәйi орамалым ғой” деуi олардың арасындағы шынайы достық, бауырластық қарым-қатынастың қандай болғанын аңғартса керек.

Мәкең ұстаз бен шәкiрттiң қызу қанды сөз қағыстыруын есiне түсiрдi. Бiр ауылда өлең айтып жүрген Үмбетәлiнiң байдан алған тайын Жәкең сұрапты. Олжасын қимаған Үмбетәлi ұтымды уәждi көлденең тартады. “Сөз тапқанға қолқа жоқ” демекшi, Жамбыл шәкiртiнiң ақындық өнерiне риза болып, былай деп бата берiптi:

– Мен сенi келiп едiм сынағалы,

Бұйырған алып жүрмiн сыбағаны

Қызығып жауабыңа мен отырмын,

Тайыңды келгенiм жоқ сұрағалы.

Мен сенiң жауабыңа ризамын,

Әр сөзiң кұмарымнан шығарады.

“Кара жорға” деп саған ат қоямын,

Сөзiмнiң, осы болсын тиянағы.

Мiне, мен бiлген Үмбекең Алла қолдап, аруақтар жебеген осындай отауыз, орақ тiлдi ақын едi. Жақында менiң қолыма арқалы ақынның жаңа жыр жинағы түстi. Кiтап сапалы болып шығыпты. Қөлемi де қомақты, толық жинақ екен. Мұқабаның сыртқы бетiнде Үмбекеңнiң түрлi түстi бояумен салынған әдемi суретi берiлiптi. Сонадайдан Алатаудың күн сүйген қарлы шыңдары асқақтаса, төменде жағасын жасыл шыршалар көмкерген Есiктiң айдыны толқып жатыр. Суретшi ақын дәрежесiне сай өнерiн салып бағыпты. Бұған мемлекеттiң көк тиыны шықпаған. “Орнында бар оңалар” дейдi ғой, кiтап ақынның ұлы Мұхит Үмбетәлiұлының өз қаржысына шығарылған.

Үмбетәлi ақынның шығармаларымен бұрын да таныстығым бар едi. Мынау толық жинақ ақын жөнiндегi ой-пiкiрiмнiң кең өрiс алуына даңғыл жол ашты. Алдымен сонау бозбала шағындағы балаң жыры ойға оралды.

Сөз айтпаймын жасырын,

Он төрт жасқа келгенде,

Оқыдым iлiм тәсiлiн.

Он бес жасқа келгенде,

Домбыра болды машығым.

Өлең болды көбiне

Он жетi жаста кәсiбiм.

Қыр соңынан қалмадым,

Секiлдi менiң ғашығым.

Өлең-жырды айтқанда,

Тау суындай тасыдым.

Тұлпар болатын құлынның мүсiнi жас кезiнен танылады деп қазекем текке айтпаса керек. Мына шумақтардан оның кiм болатыны айқын сезiлiп тұр емес пе? Бұл жастық желiкпен айта салған бос сөз емес. Өлең дейтiн пырақтың жалына оның мықтап жармасқаны бiрден байқалады.

Ұстазды пiр тұту, әрқашанда құрметтеу қазақ ақындарының ежелден келе жатқан игi дәстүрi. Мiне, осыны берiк ұстанған Үмбетәлi бүкiл ғұмыр бойы ұлы жырауға шәкiрт ретiнде тағзым жасап, калың жұртшылық алдында оның мерейiн асырып, қадiр-қасиетiн насихаттауға, жастарға үлгi етуге бiрнеше тамаша өлендерiн арнаған.

Дарынды Жамбыл сен едiң,

Сөйлер сөзге жебе едiң.

Буырқантқан өлеңмен,

Артып отыр мерейiң.

Халықтық жырдың ұстазы,

Үлгi, нұсқа тастарсыз,

Үмбет пен әншi Кенен бар.

Олар бар жерде өлең бар,

Соларды алға бастарсыз.

Үйренген Сiзден шәкiртпiз,

Домбыралы ақындар.

Қазақтың халық жырында,

Алып деген атың бар.

Дүниеге кеткен даңқың бар.

Артыңда мыңдап жас түлек,

Есейiп ертең ержетер.

Домбыра, қобыз, қаламмен,

Жыр өрiсiн өрбiтер.

Сiздiң айтар жырыңда

Өрiстi елдiң даңқы бар.

Жасай бер, Жәке, жасай бер.

Жасай бер, тәте, жасай бер!

Ақын шабыты нәр алатын кәусар бұлағы – халық поэзиясы. Бай ауыз әдебиетiмiздiң кiмдi болса да таңқалдырып, тамсандыратын әдемi нақыштарын, өрнектi де ойлы сөздерiн өте орынды пайдаланады. Адамның рухани дүниесiн тебiрентетiн әсерлi теңеулер салыстырмалы түрде қолданылады. Сондықтан жүрек түкпiрiнен қайнардай жарып шыққан уытты өлеңдерi ешкiмдi де бей-жай қалдырмайды, қайта өзiне ынтықтыра түседi. Ол ақындықтың дана Жамбыл қалыптастырған халықтық, шынайы қазақилық дәстүрiн одан әрi жалғастырып, өлең өлкесiне келген жас ұрпаққа жөн сiлтеп, соңынан ерте бiлген жолбасшы ақын.

Қашанда табиғат пен ақын егiз ғой. Ақынның аңғарымпаздығы арқасында тау мен далаға тiл бiтiп қоя бередi. Табаны тиген жердiң көркi, қоршаған ортасы тамаша жыр жолдарына айналады. Басқаны былай қойғанда, жай адамның көз алдында iзсiз өтетiн оқиға, елеусiз бiр зат, тiптi шағын төбешiк пен сылдырап аққан бұлақтың өзi ақынның делебесiн қоздырып, қиялын көкке самғатады. Мәселен, “Алатау асқарынан” деп аталатын толғауында қазақ жерiнiң құтты мекен екенiн,қойнауы толған қазына, даласы құлпырып бау-бақша мен егiнге толғанын, пейiштей осы өңiрде еңбегiмен бақыт тапқан адамдардың тұратынын шаттана, шабыттана жырлайды.

Алатау, басың биiк, тасың алтын,

Жасартқан жанды желпiп желiң салқын,

Көкорай, өзенiңнiң өлкесiнде,

Қалың ел қаулап өскен, көңiл жарқын.

Зор бақыт, ие болдық жер мен суға,

Сай-сала қалың орман, кiрдiк нуға.

Шалқыған шаттық өмiр, көркем кұймен,

Бақытқа бағыт алып, бастық тура.

Сол бiр күй Едiл менен Ертiстi өрлеп,

Көкшетау, алтын Алтай өрге сермеп.

Байлығым Балқаш бойын түгел алып,

Самалтау – Сарыарқаны кеттi кернеп.

Көп жасап, көптi көрген ақынның жырлары қазақ халқының ғасырлар қойнауынан бастау алған терең тамырларымен, барша болмысымен қоян-қолтық астасып жатады. Үмбетәлi дастандарының бiрқатары бай ауыз әдебиетiмiздiң үлгiсiнде жазылуы қалың оқырман қауымның қызығушылығын арттыра түсетiнiн байқаймыз. Мұндай шығармалардың қатарында “Патша мен ұрылар”, “Төрт өнерпаз хикаясын” және “Қойшы” дастандарын атауға болады. “Қисық батыр мен Кемпiрбай” сияқты көлемдi шығармасын да осы топқа қосамыз.

Үмбетәлi творчествосында өлең сөздiң құдiреттiлiгiн мадақтауға үлкен орын берiлген. “Бақтыбай” жыры бүған толық дәлел. Шынжыр балақ, шұбар төс Тезек төренi сөзден сүрiндiрiп, екi аяғын бiр етiкке тыққан атақты Жалайыр Бақтыбай ақынның бейнесi жасалған. Бұл жыр Бақтыбайдiкi болғанымен Үмбетәлi ақын соның бiр сөзiн шашау шығармай кейiнгi ұрпаққа қаз қалпында жеткiзе бiлген. Бақтыбай сайда саны, құмда iзi жоқ тазша бала емес, ол iргелi елдiң сөзiн ұстаған, намысын қорғаған ержүрек ұланы. Тезек қылышын жаландатып, аш қасқырдай қанша ұмтылса да Бақтыбайға қол жұмсап, қорлай алмайды. Бақтыбай ақындық айтқыштығының арқасында төренiң ит терiсiн басына қаптап , мақтаншақтығын бетiне басады.

Хан Тезек, қарамысың, төремiсiң,

Болмаса айтқаныма көнемiсiң.

Шыр айналып, баспайсың шыңдық жаққа,

Айтпасаң өтiрiктi өлемiсiң.

Ие, тақсыр, төремiсiң, қарамысың,

Құлақ сап әңгiмеге қанамысың.

Қалмақты қазақ келiп қашырмаса,

Хан Тезек, қалмас едi тарамысың.

“Өз өмiрiмнен” дейтiн ұзақ жыр-толғауында басынан кешкендерiн жүйелеп айта отырып, қоғамдық дамудың басты кезеңдерiн ой елегiнен өткiзедi. Жақсы мен жаманның парқын барлап, дүниенiң кiлтi адалдықта, адамгершiлiкте екенiне үндейдi. Өзiнiң халық алдындағы басты парызы ақындықта деген байламға келедi. Бүкiл күш-жiгерiн осы мақсатқа жұмсауға бекiнедi.

– Ардақты атақ екен ақын деген,

Ойласам негiзгiсiн ақылменен.

Ұлы ду, шаршы топқа талай түстiм,

Күтер деп халық жемiс ақыр менен, – дейдi ол.

Өткен XX ғасыр Үмбекеңнiң ақындығының тек бастауы емес, оның осы халықтық өнерге әбден жетiлiп, толысу кезеңi болды. Нағыз сөз шеберi атанды. Ол үнемi iзденiстiң арқасында сөз өнерiн Кеңестiк замандағы оңды өзгерiстердi жырлауға пайдаланды. Тұсауын Жамбыл кескен ақындығы өзiмен қанаттас, замандас, ниеттес Кенен, Нартай, Қалқа, Есдәулет, Жақсыбай т. б. суырып салма ақындармен айтыстарда шыңдалды.

Үмбетәлiнiң шешендiгi, тапқырлығы әсiресе, айтыстарында ерекше жарқырап көрiнедi. Ол сөз жарыстарында өз тұрғыластарынан үнемi оқ бойы алда болып, көркем бейнелеуiмен, ойының тереңдiгiмен, ойнақы сөз тiркестерiмен тыңдаушысын өзiне тәнтi етедi.

Бәрiмiз де өз заманымыздың перзентiмiз. Ақын да солай. Заман желi оңынан, әлде солынан соға ма? Бұл жеке адамның бақ-талайына байланысты емес. Пенденiң ырқына көнетiн заман жоқ. “Адамның басы – Алланың добы” деген ақиқат текке айтылмаса керек. Күнi кеше адам баласының қолын ұшпаққа жеткiзетiн керемет – коммунизм орнайтынына сенгенбiз. Соның көсемдерiн мадақтамаған бiздiң елiмiзде ешкiм қалған жоқ. Осы бүкiлхалықтық дүмпудiң алдыңғы сапында ақындар болды. Ендi заман өзгергенде бәрiмiз жалт берiп, тоталитаризмге, оның елдi қанқақсатқан жауыздығына кiнәлiлер партия басшыларын былай қойғанда, халықты жақсылыққа, жаңалыққа ынтымаққа, достыққа үндеген ақындар мен жазушылар болып шықты. Осы Құдайшылыққа, әдiлдiкке жата ма? Жоқ, әрине. Абай дана айтып кеткендей, қанымызға сiңген бiр жаман әдет кемшiлiкке өзiмiздi емес, басқа бiреудi жаманатты ету қыр соңымыздан калмауда. Бұл айтылғанның Үмбетәлi Кәрiбаев ақынға да қатысы бар. Жасыратыны жоқ, кейбiр жетесiздер оны Жамбылдың жетегiнде кетiп, коммунистердi мақтады, кедей-кепшiктiң сөзiн сөйледi дегенге бейiм тұрады. Ал, өмiр шындығына олар құлақ асқысы келмейдi.

Сонау Асанқайғы бабамыздан басталатын арман-аңсарымыз Жерұйықты тауып, қой үстiне бозторғай жұмыртқалайтын заманға жету едi. Коммунистер алға қойған ұрандар қазақтың ежелгi осы көкейтестi мақсат-мүддесiне сай келетiндей көрiндi. Оның үстiне қызыл насихаттың ертелi-кештi айтатыны шала сауатты бұқараның көкейiне қонып, ойындағысы болатынына үмiттендiрдi. Сондықтан Жамбыл бастаған халық ақындарының сол кездегi жетiстiктi көтерiңкi етiп, желпiнте көрсетуi Кеңестiқ өмiр талабына сай келдi. Мiне, осы себептерден Үмбетәлiнiң жаңа заманның табыстарын бұрын–соңды болмаған ғажайыптай етiп жырлауы табиғи нәрсе.

Қазан революциясының жасампаздыққа құлшындырған идеялары миллиондардың жүрегiне жол тапты. Ауыл ақындарының шабытына да қанат бiтiрдi. Мұнда соғысқа дейiнгi бесжылдықтардың рөлi орасан зор болды. Ақынды уақыттың сарынына ергенi үшiн кiнәлай алмаймыз. Патша мен байлар үстемдiгiнiң жойылып, езiлген еңбекшiге азаттық таңы атқанын шаттана жырламаған ақын болған жоқ. Үмбетәлi өлеңдерi солармен үндес шығып отырды.

– Құлатып сұм патшаның өкiметiн,

Өзiмен бiрге жоқ қып декретiн.

Басынан бейнет кетiп, дәулет жетiп,

Күн туды еңбекшiге жетiлетiн, – деп көтерiңкi дауыспен жырлады ақын.

Толық жинақтан алған көңiл тоғайтатын жақсы әсерiмiз ақынның шын мәнiнде халық жыршысы болғандығы дер едiк. Кiтаптағы өлеңдердiң тек басым көпшiлiгi емес, барлығы дерлiк еңбекшi халықтың бейбiт күндердегi, соғыс жылдарындағы және одан кейiнгi кездегi ерлiк еңбегiне бағышталған. Рас,көсемдер туралы да айтқан жақсы лебiздерi баршылық. Жинақты шығарушылар бұл қазiргi саясатқа келмейдi екен деп оларды сызып тастамаған. Өйткенi, ол да ақын творчествосының жемiсi. Мысалы, “Жұмабайға” деген өлеңi Қазақстан компартиясының сол кездегi бiрiншi хатшысы, қазақ елiнiң көркеюiне үлкен үлес қосқан белгiлi мемлекет қайраткерi Жұмабай Шаяхметовке арналған. Мұнда республика басшысының iскерлiгi, халық қамқоршысы екенi әдемi сөзбен өрнектеледi. “Айбарың асқар биiк Алатаудай, Бақытың басыңдағы тұрсын аумай” деп ағалық тiлегiн бiлдiредi. Ешқандай асыра мақтау айтылмаған. Мұны жеке адамға табыну деп жаңсақ түсiнуге болмас. Халық сенген ел басшыларына деген ыстық iлтипат. Бар болғаны сол. Бiздiң бұрынғы хандарымыздың да халыққа жасаған қиянаттары аз болмаған. Соған қарамастан, олардың ел тарихына сiңiрген еңбегiн бiржола жоққа шығармаймыз ғой.

Патшаның 1916 жылғы Маусым жарлығына көнбеген Жетiсу елiнiң бас көтеруiн бiрден қолдап, ұлт-азаттық көтерiлiсi басшыларының бiрi – Бекболат Әшекеевтiң сарбаздарына барып қосылып, бостандық туын ұстаушылардың арасында насихатшы-жыршы болды. Осы оқиғаға арналған “Халықтың ашу-ызасы” деген өлеңi бар. Кейiн көтерiлiс аяусыз қаталдықпен басылып, оның ұйымдастырушылары өлiм жазасына кесiлген соң қатардағы сарбаздарды да қуғынға ұшырағанда Үмбетәлi де талай азап шектi. Сонда да алған бетiнен қайтпады, халық батыры Бекболат туралы тамаша дастан шығарды. Мұнда көтерiлiс басшысының сом тұлғасы жасалды. Әсiресе, Бекболаттың патша жендеттерiн дар алдында әшкерелеуi соншалықты нанымды шыққан. Бұл жас ұрпақтың ата жауға деген өшпендiлiгiн ұштай түседi. Батырдың кiмнiң болса да төбе құйқасын шымырлататын осы жалынды сөзiн мен сонау соғыс жылдарында мектепте оқып жүргенiмде жатқа бiлетiнмiн. Бiздiң әрқайсымыз шiркiн, сондай болсақ деп армандайтынбыз. Мiне, ақындықтың құдiретi!

Қазақ әдебиетiнiң, оның iшiнде ауыз әдебиетiнiң сұңғыла бiлгiрi, халық ақындарының творчествосын аса зейiн салып зерттеген академик Рахманқұл Бердiбаев атап көрсеткенiндей, Үмбетәлi шығармаларында ауыз тұщырлық шумақтар мен бейнелi тiркестер көп кездеседi. Бұлар мән-мағынасы жағынан халықтың сары алтындай нақыл сөздерiнiң деңгейiне көтерiлген дей аламыз. Егер ақын творчествосының байыпты бiр зерттеушiсi табылса, ол шағын айтыстар кезiнде айтылған жақұттай жалт-жұлт етiп сәуле шашатын қысқа да нұсқа сөздерiн iрiктеп алып, өз алдына жарияласа Үмбетәлiнiң шеберлiк, тапқырлық қырын көпшiлiкке танытуға үлкен септiгiн тигiзер едi.

Мәселен, мына нақыл сөздер кiмдi ойлантып, толғантпайды. Кәне, солардың кейбiреулерiне назар салалық.

Үлкеннен үлгi алмаған,

Өз қылығын оң көрер.

Қанағатың болмаса,

Бар да болсаң жарлысың.

Ел iшiнде сұлу көп,

Сұқтанбақ бар да, бұйрық жоқ.

Ақылды адам алдырмас,

Аузында сөзi сақ болар.

Үмбет пен әншi Кенен бар,

Олар бар жерде өлең бар.

Тәуелсiздiк жылдары халық ақындарының творчествосын зерттеудiң бұрын қалыптасқан дәстүрi ескерiлмедi. Әдебиет институты тарапынан жол берiлiп отырған бұл орны толмас олқылықты түзетуге Жазушылар одағының басшылары пәрмендi шара қолданбайды. Осындай немкеттiлiктiң салқыны Үмбетәлiге де тидi. Өткен 15 жылда оның шығармалары мемлекет есебiнен басылмай, мүлде ұмыт қалды. Мүйiзi қарағайдай халық ақынын көзге iлмеу, кiтабын баспау сұмдық емес пе? Мұндай сорақылықты болдырмауға қаржы да, қағаз да табылады. Тек соған ыждаһатпен көңiл бөлу жетiспейдi. Тек көзi тiрiлердi өбектеп, ауылжақтық жасауға бой алғызу “ардың iсi – әдебиетке”, соның берiк таянышы халық ақындарына қиянат жасағандық болатынын ұмытпалық. Халқымыз “Өлi риза болмай тiрi байымайды” дегендi текке айтпаса керек. Таяу уақытта Үмбетәлi ақынның шын мәнiндегi толық шығармалар жинағын басып шығару қажет деп ойлаймыз. Мұнда ең алдымен ақынның творчестволық өмiрбаянын жазу қолға алынуы тиiс. Сонымен бiрге өлеңдерi мен дастандарының және айтыстарының бастапқы нұсқасын қалпына келтiруге текстологиялық жұмыстарды мұқият жүргiзуге бiлiктi мамандар қатыстырылуы шарт.

Қорыта келгенде айтарымыз, Үмбетәлi ақынның шығармаларының жаңа жинағы бiздiң әдеби және мәдени өмiрiмiздегi елеулi оқиға. Қалың оқырман көптен сағынып жүрген жыр дүлдiлiмен қайта қауышып, ауыз әдебиетiнiң кәусарынан сусындап, өзiнiң рухани дүниесiн тың ойлармен байытып, айшықты жырлардың жан тебiрентерлiк көркемдiгiне тәнтi болады. Жаның жадырап, естен кетпестей қуанышқа бөлеген ақынға тағзым етудi өзiңе үлкен мәртебе санайсың.

Аузы дуалы ғұламаларымыздың жүрекжарды қысқа да нұсқа пiкiрлерiнiң және С.Қирабаев, Р.Бердiбаев сияқты даңғайыр әдебиетшiлерiмiздiң мақалаларының берiлуi кiтаптың мазмұнын тереңдете түскен. Ақын шәкiрттерi Ә.Жамбыловтың, Ә.Қосбасаровтың, Н.Лушникованың, ақынның қызы Дәмелiнiң, профессор Н.Қапалбекұлының естелiктерi соны деректерiмен, өзiндiк ой-түйiндерiмен жақсы әсер қалдырады. Үмбекеңнiң өмiрде бiр сырлы, сегiз қырлы адам болғанынан толық хабар бередi, ұлағатты өнегесiн баяндайды.

Қазақ өлеңiнiң қара жорғасы атанған үлкен ақынымыз жайлы мақаламызды көркем сөздiң әлем таныған атақты зергерi Ғабит Мүсiреповтың мына пiкiрiмен аяқтауды жөн көрдiк: “Шабыт отына оранып, жыр төгетiн ақындардың тобында Умбетәлi Кәрiбаевтың орны өзгеше. Жыр додасы десе арқасы қозып, елдiктi бетке ұстап, сөз маржанын барынша қастерлеп, айтар ойын байыппен толғайтын тарланның дәстүрi кейiнге үлкен сабақ… Өшпес iз жалғасын табатын игi дәстүр дегенiмiз де осы”.

Сағат АРЫНҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары