НАҒЫЗ ОТАНШЫЛ ӘДIЛЕТТI ДЕ БОЛАДЫ
НАҒЫЗ ОТАНШЫЛ ӘДIЛЕТТI ДЕ БОЛАДЫ
Қойылған мәселенiң мәнiсiн “Шын Абылайды бiлемiз бе?” деп, тақырыбы ашық айтып тұрғанына қарамастан, Бексұлтан Нұржекеұлы осы мақала жайындағы пiкiрiнде Абылайдан гөрi Әбiлқайырға көп көңiл бөлiптi. “Әбiлқайыр ханды тарихи сiңiрген еңбектерiн жасырып” және бұрмалап, “Қазақ елiн Ресейге бодан еттi” деп нақақтан-нақақ қаралау бағыты” бар деп ренжудiң қандай ретi бар? Оның одан да қандай “тарихи сiңiрген еңбектерiн жасырып” жүргенiн дәлелдеп жазған жөн емес пе?” (“Қазақ және отансүйгiштiк”, “Түркiстан”, 9.01.2009) – дей келiп, оған – Әбiлқайыр ханға бiраз сөз арнаған екен. Тұздығы: “…жарымжан Болаттың орнын көздеген Әбiлқайыр оның орнына 1108-ит жылы (1730…) оның ұлы Әбiлмәмбет сайланып кеткен соң, менi ұлы хан жасамады деп өкпелеп, майданнан шегiнiп Ырғыз асып кеттi…” “…орыстың қазақ жерiне ендеп кiргенiне Әбiлқайырдың ешқандай қатысы жоқ болғаны ма?” “1729-жылы болған Ұзынбұлақ соғысына да, Аңырақай шайқасына да ол қатысқан жоқ. Бұл қылықтары үшiн Әбiлқайырды қазақ қалай мадақтауға тиiс? Өз пендешiлiгiн жеңе алмады, халық мүддесi үшiн қолбасшылығын жалғастыра бермедi. Бұл – дауласуға келмейтiн шындық”.
Шынымен солай ма?
Жоқ. Бекеңнiң бұл тұжырымдары “дауласуға келмейтiн шындық” емес, жалғандыққа, бұрмалауға тұнған, байыппен әшкереленуге тиiс кәдiмгi өтiрiк. Әбiлқайыр хан басқыншылар душар еткен 1723 жылғы ең қаралы, қанды, сұрапыл қырылыстан соң тез еңсе көтерiп, азаттық үшiн бiрiншi боп қол бастағаны өз алдына, күллi қазақты бiрiктiру арқылы елдi басқыншылардан азат ету iсiне күрт бетбұрыс әкелген 1726 жылдан бергi iрi ұрыстарды, соның iшiнде Отан соғысының ең зор жеңiстi түйiнi болған Аңырақай шайқасын да Бас қолбасшы ретiнде ұйымдастырып басқарған. Оған орыс-қазақ қатынастары жайында сақталған құжаттар, патшалық пен Кеңес замандарындағы зерттеушiлердiң еңбектерi, басқасын былай қойғанда, тәуелсiздiктiң тамаша ғалымы Ирина Ерофееваның бұдан он жыл бұрын жарыққа шыққан “Әбiлқайыр хан: қолбасшы, билеушi және саясаткер” атты аса құнды еңбегi куә.
Алайда Бексұлтан сол заманның куәгерi Қазбек бектiң артында қалған мұраға сүйенiп тұр, бұлтартпас дәлел сол емес пе?
Өкiнiшке қарай, ол бұлтартпас дәлел бола алмайды.
Нелiктен?
Себебi, бiрiншiден, 18-ғасырда жазылды деп есептелетiн бұл қолжазбаның түпнұсқасы сақталмаған, бiздiң заманымызға көшiрмелер арқылы ғана жеттi. Ал әрбiр көшiрiлген сайын оған көшiрмешiнiң өзiнiң немесе көшiрме жасауға тапсырыс берушiнiң мүддесiне сай өзгертулер түсiп отыруы ғажап емес. “Игорь қосыны туралы сөз” көшiрiлгенде сол кезгi ұғым-мақсатқа сәйкестендiрiлген өзгерiске ұшырады делiнедi емес пе, сол тәрiздi…
Бiр кезде “Түп-тұқияннан…” кiтабына күмән келтiрiлген пiкiрлер де болғаны белгiлi, мен ол әңгiмелердi қайта қоздырмақ ойда емеспiн, Қазбек бектiң авторлығын жоққа шығарып тұрған жоқпын, тек, сенiмдi түрде айтарым – автордың өз төл мәтiнi бiздiң заманымызға жетпегендiктен, тiлге тиек еткен Аңырақай мәселесiне ол сенiмдi куә бола алмайды. Бекеңнiң мұндай әңгiменi ұнатпайтынын шамалаймын. Әйтсе де, әдеби мұралардағы мистификациялар жайында әлем көлемiнде ұзаққа созылған айтыс-тартыстар болып жүр ғой, мәселен, “Тынық Донның” шын авторы кiм екендiгi, әйгiлi Шекспирдiң артында мүлдем басқа шығармашыл тұлға жасырынып тұрғандығы жайында қалың-қалың зерттеулер жазылды… Сондай пiкiрталастардан шындық туады, ондайдан қашпау керек, қайта, шүбә бар ма, демек, күллi күдiк бiткендi сейiлткенше түрлi зерттеушiлiк iзденiстердi жүргiзе беру жөн. Жә, ол басқа тақырып…
Екiншiден, мен жоғарыда айтқан мысалдардан өзге нағыз бұлтартпас дәлел – халықтың мәңгi өшпестей етiп бедерлеп қалдырған өз куәлiгi.
Атап айтқанда?
Әбiлқайыр ханның Аңырақайда майдандасқан жауынгер қосын-жасақтардың iс-қимылдарын бас қолбасшы ретiнде ұтымды үйлестiргенi сондай, пәлен күнге созылған шайқастың нәтижесiнде, отан азаттығы үшiн жан алып, жан берiп жеңiске қол жеткiзген жеңiмпаз азаткер-сарбаздар ойрат басқыншыларын өз тума-елiне, Жоңғар хандығы шекарасына шегiнуге мәжбүр еттi. Ал халық ел қорғаушыларды басқарған бас сардар есiмiн жер бедерiне жазу жолымен ұлықтады. Бiрiккен қазақ қолы жоңғардың басқыншы әскерiне күйрете соққы берген аймақ “қалмақтар еңiреп жылаған жер” – Аңырақай деп аталғанындай, сол майдан даласындағы, Балқаш көлiнен Алакөлге қарай созылған тауға Әбiлқайыр аты берiлдi. Оның отан алдындағы еңбегiне көрсеткен ел-жұрттың шексiз құрметiнiң белгiсi ретiнде, алғысы мол халықтың жадына есiмi осылай жазылды. Бұл нық сенiммен айтуға тұратын дәлел. Мұның қасында, шығу тегiне шәк келтiрмегенмен, бiзге сол қалпында жетуi неғайбыл күдiктi қолжазбадағы күмәндi деректi сөз етуге тұрмайды.
Жалпы, алғыс сезiмi ұшан-теңiз халық Бас қолбасшыға разы болғандықтан да, оның тұлпарының тұяғы тиген талай жер-суға атын қойған. Белгiлi зерттеушi-картограф Молдияр Серiкбаев “әйгiлi Аңырақай шайқасы өткен өңiрде, Балқаштың оңтүстiгiнде, Iлеге тақауырақта Хантау, одан Шуға қарай созылып жатқан Әбiлқайыр жалы деген тау аты сақталған” дей келiп, Арқада Қалмаққырылған деген жер барын, соның үстiмен ағып жатқан суды Әбiлқайыр өзенi дейтiнiн, Тараз маңында Әбiлқайыр сайы, Шу мен Талас ортасында Әбiлқайыр даласы жатқанын, сонда екi “Қалмаққырылған” деген жер атауы сақталғанын, Қаратау қойнауында Әбiлқайыр бұлағы барын, Мұхамеджан Тынышбаев азаттық соғысы кезiнде хандар ставкасы тұрған жерлер ретiнде атаған бiрнеше орынның көне карталарда “Үлкен Орда қонған”, “Кiшi Орда қонған” деп әйгiленiп тұрғанын айтады. Ол 1723 жылғы “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” апатынан кейiнгi жылдарғы Отан соғысында қазақ елiн жоңғар басқыншыларынан азат ету картасын жасап, кезiнде баспасөзде жариялаған, сол сызбамен бүгiн “Түркiстан” оқырмандарының өздерi танысып көруiне болады.
Жарайды, “Әбiлқайыр Аңырақай шайқасына қатысқан жоқ” деген тұжырымды осылай бекерге шығарайық, қатысты дейiк, алайда Бекеңнiң “…жарымжан Болаттың орнын көздеген Әбiлқайыр” 1730 жылы “менi ұлы хан жасамады деп өкпелеп, майданнан шегiнiп Ырғыз асып кеттi” дегенiн қалай түсiнуге болады?
Бұл тым қарабайыр пайым. Түрлi дереккөздерде сақталған тарихи шындыққа мүлдем сәйкес келмейдi. Бiрiншiден, бiрiккен қол жетекшiлiгiне сайланып, азаттық күресiне күрт бетбұрыс әкелген жылға дейiн де, одан кейiн де ол “…жарымжан Болаттың орнын көздегендiктен” емес, туған елiн анталаған жаудан қорғау үшiн шайқасты. Екiншiден, ол “майданнан менi ұлы хан жасамады деп өкпелеп шегiнiп” емес, дұшпанмен уақытша бiтiм жасап, ел үшiн мұқтаж басқа шараны жүзеге асыруға аттанды. Ол шын мәнiндегi көреген саясаткер ретiнде әрекет еттi. Уақытша тыныс алу қарсылас екi жаққа да керек едi. Ойрат мемлекетi қазақ елiндегi әскерiн кейiн шақыруға мәжбүр болған, өйткенi Қалдан-Серен қонтайшы сол тұста қытаймен кезектi қақтығысқа кiрiп жатқан-тын. Ал Әбiлқайыр хан елдiң батыс аймағында қауiпсiздiк шараларын жасауға тиiс-тi.
Сенiмсiздеу ме? Түсiнiксiздеу ме?
Алдымен “Ақтабан шұбырынды” қарсаңындағы ахуалға шағын шолу жасайық. Ойрат-қалмақтар Қазақ, Қытай, Моңғол, Ресей мемлекеттерiнiң түйiсiнде ұйысқан-ды. Олар хандық туын 1635 жылы көтердi де, бiрден, өздерiнен бiр жарым ғасырдан да көп уақыт бойы ел болып тұрған қазақ мемлекетiне шабуыл жасады.
Жоңғарияның тұңғыш қонтайшысы Ердени-Батыр тап сол жылдан бастап 1652 жылға дейiн қазақтарға қарсы үш мәрте соғыс ашты. Жетiсудың шығысын басып алды, қазақ жерiнде будда ғибадатханаларын салғыза бастады. Бiрақ жауланған жерiн Қазақ хандығы 1654-1657 жылдарғы соғыста өзiне қайтарды. Бұл шайқастар Есiм хан мен Жәңгiр хан тұсында болған-ды.
1680-1684 жылдары Қалдан-Бошоқты қонтайшы Жетiсу мен Сыр өңiрiн басып алды. Ол да бiздiң елiмiзге өз дiнiн таратуға тырысты. Ойраттардың өзiне өзi сенiмдiлiгi сондай, сол шақта моңғол, қытай тараптарында да соғыс жүргiзiп жатты. Бәлкiм сондықтан да болар, сол кезгi ел басы Тәуке хан қазақ жерiн басқыншылардан тез азат ете алды.
1698 жылы қазақ елiне қарсы соғысты Севан-Рабдан қонтайшы ашты. Ең қатерлi дұшпан сол болды. Жоңғар билеушiсi болған отыз жыл уақытының iшiнде ол қазақтармен бес-алты-ақ жыл бейбiт қатар өмiр сүрдi. Оның туған ұлы қолбасшылық жасаған ойрат-қалмақ қарулы күшi 1723 жылғы ерте көктемде қазақ елiне тұтқиылдан жойқын шабуыл жасап, қансыратты, жетi тұстан қатарласа сына боп сұғынып, лезде көп жерiн басып алды. Олар осы қатыгез де қанқұйлы басқыншылық жорыққа сол кезгi озық “от-қару” – зеңбiрек қолданған едi. Бұл апат қазақ елi ханының тағында Тәукенiң ұлы Болат отырған тұсқа дөп келдi.
Зеңбiрек дегеннен шығады, Жоңғар мемлекетiнiң қуатын арттыра түскен мұндай қару-жараққа оның қалай ие болғанына көп мән бермеймiз.
Иә, зеңбiрек оған қайдан келдi?
Жоңғарлар 1714 жылы Петр патшаның тапсырмасымен Ертiске келген Бухгольцтiң әскери-барлау экспедициясын тас-талқан қылып, бiраз қатысушыларын тұтқындаған. Солардың iшiндегi Полтава соғысынан берi орыс қызметiнде жүрген шведтiк сержант Ренат өзге де тұтқын-орыс солдаттарымен бiрге жоңғарлардың зеңбiрек жасау зауытын ашуды ұйымдастырды. Ал 1722 жылы жоңғарларды орыс билiгiне үгiттеп қарату мақсатымен Севан-Рабдан ставкасында тұрақты тұрып жұмыс iстейтiн елшiлiк алып келген артиллерия капитаны Иван Унковский ойрат-қалмақ әскерiнiң зеңбiрекпен жарақтануына септеспедi деп айта алмайсың. Сол тұста қытай билеушiсi өзгерiп, тиiсiнше, саясатқа да түзету енгiзiлдi. Жоңғария жаңа императормен бiтiм жасады, ол Ресейге де тиiмдi болатын. Сосын жоңғар-ойрат қазақ жерiне көз алайтты. Жалпақ мазасыз өңiрдi мекендеушiлердi өздерiне оң қабақ танытып тұрған жоңғарлықтар қолымен жуасытып алу орыс мемлекетiне де қолайлы-тын. Сондықтан да олар ойрат-қалмақтардың 1723 жылдың басында мұздай қаруланып, қазақ жерiне бiрнеше бағытпен лек-лек боп жойқын күшпен басып кiруiне септестi. Оны аз десеңiз, сонау сұрапыл соққыны батыстан торғауыт-қалмақтардың қазақтарға қарсы жаңа майдан ашуы арқылы да үстемелеудi ойластырды. Мұның бәрiнiң төбесiнде атақты Ұлы Петр тұрды.
Қалайша?
Бiрiншi Петр шексiз жер аумағын алып жатқан қазақ ордалары туралы мәлiметтерге Астраханда болғанында қанығып, “қазақтардың Ресейдiң протекциясында болуға мiндеттенетiнiн” жазған бiр жапырақ қағазға, “миллиондаған шығынға батса да, қайткенде қол жеткiзу” керектiгiн тiлмәшi Тевкелевке айтқан-ды. Бiрақ бұл тiлегi оның көзi тiрiсiнде орындалмады. Көзi тiрiсiнде ол мемлекетiнiң iргесiн қазақтардың шабуылдауынан қорғауды орыс казактарынан да гөрi торғауыт-қалмақтарға сенiп тапсырып отырды. Ал ойраттар мен торғауыттардың арасында астыртын келiссөздер жүрiп, қазақтарды шығыстан да, батыстан бiр мезгiлде шабу мәселесi қозғалып жатқанда, алғашқыда аймақтағы ұрыстарға сырт көзбен қарауға ниеттенгенмен, артынша торғауыттар ханы Аюкенiң ұлыстарын “қорғау үшiн”, артиллерия командасы мен алты эскадрон солдатты көмекке бөлдi.
Әбiлқайыр ханның саяси көрегендiгi осы жәйттi болжай бiлгендiгiмен және солар төндiрген қатердiң алдын ала алғандығымен бағалануға тиiс.
Қайтiп алдын ала алды?
Жоңғарлар халықты ақтабан шұбырындыға ұшыратқан шақта ол ширығып, Арал маңындағы халқынан жиырма мың сарбаздық әскер жиып алды. Бiрақ шығыстан анталап елдi қасiретке ұшыратып келе жатқан ойрат-қалмақтарға емес, терiстiк-батыста тас-түйiн боп берi шапқалы тұрған торғауыт-қалмақтар мен казак-орыстарға қарсы аттанды. Бұл жақта ол 1724 жылдың жазына дейiн соғысты. Ақыры, солтүстiк жорығының нәтижесiнде торғауыттарды әлсiретiп, қазақ жерiне ол тараптан төнген қауiптiң алдын алып жойды да, құсша ұшқан жауынгер жасақтарымен жаз соңында оңтүстiкке күрт бұрылды. Жоңғар шептерiне қойылған әскери бекеттердi бұзып жарып өтiп, Түркiстанды, Ташкенттi, сол маңдағы өзге де кенттердi алды, оларды жарты жылдай өз қарауында ұстап тұрды. Алайда, дұшпанның анық басымдығы салдарынан, әлденеше мәрте орын алған қанды шайқастардан соң, 1725 жылдың көктемiнде Бұхара жағына ығысты.
Ұзамай ол бастаған қазақ жасақтары Едiл қалмақтарымен тағы соғысып, ақыры өзара бiтiмге келдi. Сосын халық өкiлдерiнiң әйгiлi Ордабасы жиыны торғауыттар мен ойраттарға қарсы жеңiстi жорықтар жасап аты шыққан Әбiлқайыр баһадүрдi бас қолбасшының ақбоз атына мiнгiздi де, ол оңтүстiк майданда Қалдан-Серен басқыншыларына қарсы жүргiзген ұлы бетбұрысты жеңiмпаз шерулердi бiрнеше бағытта бастап кеттi.
Аңырақай шайқасынан кейiн, солтүстiктегi қазақ қоныстарын қорғауға шұғыл аттанар алдында, дұшпанмен уақытша бiтiм жасауы өз алдына, ол iнiсi Бұлқайыр басқарған 70 мың жiгiтi бар әскердi шепке қалдырып кеттi. Бұлқайырдың ойраттарға қарсы жасаған жорықтары жайындағы деректердi ғалымдар қытай құжаттарынан тауып, күрделi шақ шындығын ашуға пайдаланып жүр.
Бекең: “Алайда Әбiлқайырдың ерлiгiн де, iстеген ерлiгiн жуып-шайып кететiн мiнезiн де жасырмай ашып айтқан екi адам болса, бiрi – А.Левшин де, екiншiсi – Қазыбек бек”, – деп тұжырыпты. “Мiнезi” орайында да, “бәрiн күдiк сүзгiсiнен өткiз” қағидасын ұстанатын басым мынаны айтпай тұра алмаймын. Левшин Әбiлқайыр қаза тапқаннан соң елу жыл өткенде ғана дүниеге келдi. Ес бiлiп, магистр атанып, Петербургте сыртқы iстер коллегиясында iстедi. Орынборға жолдама алғанға дейiнгi осы баспалдағының өзi оның Әбiлқайыр тұлғасына тек империя қызметшiсiнiң көзiмен ғана қарай алатындығын көрсетсе керек.
Жалпы, Левшин түрлi қызметте болып, Мемлекеттiк Кеңес мүшесi лауазымына дейiн өскен, iшкi iстер министрiнiң орынбасары кезiнде шаруаларды азат ету реформасының негiзгi принциптерiн жасаған, Ресейдегi крепостнойлық құқықтың тарихынан патшаға арнап қысқаша шолу жасап берген сұңғыла мемлекет қайраткерi. Ол қазақ тарихы мен тұрмысын Азия департаментiнiң арнайы тапсырмасымен келiп зерттеген-дi. 1820 жылы, жиырма екi жасар жас жiгiт кезiнде, Орынбор шекара комиссиясына жiберiлдi. Мұнда ол үш жылдай iстедi, қазақ және қазақтың оралдық көршiлерiне қатысты мұрағаттық iсқағаздарды ақтарып талдаумен шұғылданды. Оның зерттеулерiнiң нәтижесiнде Жайық әскерiнiң тарихын жинақтаған бiрден-бiр дерек көзi ретiнде танылған “Жайық казактары жайындағы тарихи және статистикалық шолу” туды. Әйгiлi “Киргиз-казак немесе киргиз-кайсак ордасы мен даласын суреттеу” ол Одессада қалабасы лауазымын атқарып жүрген шақта, 1832 жылы Петербургте басылып шықты. Қазыбек бектiң қолжазбасын көшiруге тапсырыс берушiнiң бұл кiтапты бiлуi ықтимал.
Сонымен, ол қазақ iстерiмен таныса бастаған кезде, Әбiлқайырдың бұл дүниеден көшкенiне жетпiс жыл өтiп кеткен, демек, ол хан жайында тек мұрағат материалдары мен орыс шонжарларының естелiктерiне қарап қана қорытынды жасай алды. Ал үкiмет тапсырмасын орындауға келген жас зерттеушi үшiн – “Орынбор өлкесiнiң Бiрiншi Петрi” генерал-губернатор Неплюевтiң “айлакер, өркөкiрек, қу, кекшiл, сенiмсiз” қазақ ханы жайында iсқағаздарда қалдырған мiнездемелiк түрлi жазбалары iрi бедел болғаны күмән туғызбаса керек.
Ендi “орыстың қазақ жерiне ендеп кiргенiне Әбiлқайырдың қатысы” қандайлығын сәл шолайық.
Бiрiншi Петрдiң ең сенiмдi шәкiртi және iзбасары Неплюев өлкеге әуелi “командир” лауазымымен 1842 жылы келдi. Содан өлкенi он алты жыл бойы басқарып тұрды. Бiрiншi Петрдiң күншуақты Азия қақпасын ашу жайындағы арманын жүзеге асыру жолында мемлекеттiк маңызы зор iстер атқарды.
Келген бетте Әбiлқайыр ханмен жұлдызы жараспады. Шекарада қалмақ, башқұрт, казак-орыстармен жиi шабуылдасып жүретiн Әбiлқайыр бұған өзiнiң әскери жорықтарымен сес көрсеттi. Ол қазақ iшiнде өзi жеке-дара билiк жүргiсi келдi, ал Неплюев оны орыс тағына бағынышты бодан ретiнде көруге тырысты. Әбiлқайыр орыс мемлекетiмен бейбiт қатар өмiр сүру, тату қарым-қатынас орнату орайындағы келiсiмiнiң нәтижесi ретiнде, Орынбор экспедициясының бастығы Кирилов 1735 жылы Жайық пен Ордың құйылысына салдыра бастаған қаланы өзiнiкi деп жария етiп, өз хандығы қызметiне жаратқысы келдi. Ал Неплюев көшпендiлер серкесiнiң ондай еркiндiгi мен еркелiгiн көтерудi ойына да алған жоқ. Ол осынау бұзық та қу ханның қарамағындағы көшпендi қазақтардың шабуылынан орыс иелiгiндегi жерлердi қорғау үшiн көптеген қамалдар салдырды. Тек 1843 жылы сегiз қамал, он сегiз далалық бекiнiс орнатты. Бас қаланың iргесiн жаңа жерге көшiрiп қалады. Орынбор, Жайық казак әскерлерiнiң әскери құрылысын жақсартты, империя мүддесiне адал башқұрттардың, шоқындырылған қалмақтардың, басқа да қазақ шекарасына тақау қоныстанғандардың жағдайын жасады. Дала төсiндегi мансапқұмар шонжарларды, Әбiлқайырдың ел iшiндегi билiгiн шектеу мақсатында, оған қарсы ыңғайда қолдап отырды.
Неплюевтiң ұсынысы бойынша Сенат 1844 жылдың бас кезiнде Орынбор губерниясын құру туралы үлкен қаулы қабылдады. Орыс шекарасына үздiксiз шабуылдарымен, сауда керуендерiн тонап, орыс жасақтарын тұтқындауымен мазасыздық туғызып тұрған көшпендiлердiң Орынборға қараған бөлiгiн түгел жойып жiберу хақында Мемлекеттiк кеңес құпия қарар шығарды. Сол мақсатпен атты казак қосындары қазақ даласына кiреберiс өлкеге көп мөлшерде шоғырландырыла бастады. Алайда бұл зұлымдық iске аспай қалды, Елизавета Петрқызы дегенмен, әкесiнiң үмiт артқан шәкiрттерiнiң бiрiнiң зымиян жоспарын жүзеге асыруға рұқсат етуге батылдық жасай алмады. Халықаралық қоғамдық пiкiрден, өзiне Орта Азия хандықтарын, Түркияны, Персияны қарсы қойып алу қаупiнен сескенсе керек. Қызылбастарға тiрi барысты сыйға жiберiп, мәмiлегерлiк байланыс жасап тұрған, қазақтың ғана емес, қарақалпақтың да ханы, жақындары Бұхараны билеп тұрған Әбiлқайырдың қай қиырға да шапшаң жөңкiлiп құйындата ұрыс салуға қабiлеттi жасақтары оңай берiспес те едi.
Сонда Сенат Неплюевтiң сұрауымен бiрнеше пәрмен шығарған. Орынборды көпес, шебер және қолөнершi адамдардың қылмысты болғандарын жер аударып қоныстандыру орнына айналдырды. Губерния қамалдарына қашқындар мен “тегiн бiлмейтiн” адамдарды апарып, казак қауымдарына қосып қалдыруға шешiм қабылдады. Сол жылдың шiлдесiнде шведтермен соғыстың аяқталуына байланысты, патшайым қылмыскерлерге кешiрiм жариялады және олардың едәуiр бөлiгiн Орынбор желiсiне қоныстандыруға әмiр еттi.
Орыс қоныстарына тезiрек қорған болуды мақсат етiп, Әбiлқайыр ханның қарамағындағы жауынгер көшпендiлердiң шапқыншылығына тосқауыл болатын қамалдар желiсiн бiрнеше жылда-ақ тұрғызды. Өлкеде түрлi дәрежелi жүз он төрт бекiнiс бой көтердi. Мұның бәрiне Әбiлқайыр жол ашты деу тым үстiрттiктi, мәселеге жан-жақты қарай алмаушылықты бiлдiредi.
Тым өзiмшiл де бiрбет ханды ауыздықтау үшiн орыс әкiмi оған қарсы шенқұмар Барақ сұлтанды астыртын айдап салды деуге негiз бар. Қанша өтiнiш берiлсе де, ол ханды өлтiрушiнi жазалауға ықылас та бiлдiрген жоқ.
Егер Бекең Әбiлқайырдың мiнезiн шын бiлгiсi келсе, онда өзi сiлтеме жасаған екеумен қатар, ханды 1736 жылы жүзбе-жүз көрiп тiлдескен ағылшын саяхатшысы Джон Кестльдiң: “Әбiлқайыр хан түсi сондай жылы кiсi”, “оның шешiмi ру ақсақалдарының құптау-құптамауына байланысты” деп келетiн жазбаларына да назар аударғаны жөн.
Тым соза бермейiн, бәлкiм осы айтылғандар-ақ Бекең мен оның пiкiрлестерiнiң шындықты iздей түсуiне түрткi болып қалар. Шын отансүйгiш әдiлеттiлiктi де сүйсе керек.
Бейбiт ҚОЙШЫБАЕВ