ЖАНАЗАМЫЗДЫ ЖАЛҒЫЗ ӨЗI ШЫҒАРЫПТЫ

ЖАНАЗАМЫЗДЫ ЖАЛҒЫЗ ӨЗI ШЫҒАРЫПТЫ

ЖАНАЗАМЫЗДЫ ЖАЛҒЫЗ  ӨЗI  ШЫҒАРЫПТЫ
ашық дереккөзі
280

Қадiрлi Қаламдастар!

Аты-жөнiн есiме түсiре алмай-ақ қойдым, әйтеуiр, бiр жұмырбасты айтқан: “Менiң бiлетiнiм — өзiмнiң ештеңе бiлмейтiнiм” дегенге бүгiн мен де иланып отырмын. “Мен бiлем! Мен!” деп төсiн тоқпақтамайтын иманды жанның аузынан шыққан адал сөз ғой, иланбасқа болмас.

Яғни, пәлен жыл бойы қаламымыз тоқайласып жүрген үлкен-кiшi ағайын, қай-қайсымыздың да әзiл-сықақ өлең-әңгiме, хикая жазуымыздың “бекершiлiк” екенiн де бүгiн бiлдiм. “Қайдан? Қалай? Кiмнен?” дейсiңдер, әрине. Айтайын: “Түркiстан” гәзетiндегi “Бауыржан-шоу. 15 жыл күлдiрiп келедi” деп аталған сұхбаттан (19. Х11. 2008 ж.). Ағылшынның осы “шоу” дейтiнi қазақ тiлiне қадалған бiр тiкен болды-ау! Алайда, егер бұл болмаса, Бауыржан Ибрагимовтың театры ат-айдарсыз қалар ма едi, кiм бiлсiн. “Шоу” бiзге шошаңдап жетiп келгенде-ақ: “Той-думаншыл қазекемнiң “думан” сөзi сау-сәлемет тұрғанда “шоуға” шоқынбасақ қайтедi?” деп жаздым, бiрақ тым құрыса сыңар құлақ та естiмедi. Бардан жоқ жасауға дәндеп алдық қой!

Жә, сұхбат туралы сөзiм суып қалар, қайтып оралайын. Гәзет тiлшiсi театр директорына:

— Бүгiнгi сатираның жағдайы мәз емес дегендi жиi естiп жүрмiз. Сiздiң бұған пiкiрiңiз қандай? — дептi. Сатираның жанашыр жоқшысын тапқандай-ақ! Шоқтықтанған директор мырза:

— Сатираның сапасы сын көтермейдi. Кеуделерiн қағып, “сатирикпiз, драматургпiз” деп жүрген азаматтарда мардымды дүние мүлде жоқ. Жазып әкелгендерi сахнада сомдауға сай келмейдi. Ұсынған дүниелерiнiң өткiрлiгiнен бұрын өтiмдiлiгiн, яғни, қаламақыларын сұрап дал болады. Сол себептi де көп қойылымдарды өзiмiздiң әртiстердiң жазғандарымен толықтырып жүрмiз, — дептi. Ол театрдағы әртiстердiң шетiнен сатирик екендерiн бiлгендерiң бар ма?!

Бүгiнде марқұм Темiрбек Қожакеев, отыз жыл бойы қазақы күлкiнiң қыр-сырын тексерiп, шүкiршiлiк етiп жүрсе де, артында қалған әзiл-сықақшылардың жаназасын мынау директор мырза жалғыз өзi шығарарын сезбей өткенiн бiлдiм. Содан кейiн ғой, бәрiңе дереу телефон шалып: — “Мардымды дүниесi мүлде жоқ” шiркiндер, анау Бауыржаннан “дал болып сұрап алған қаламақыларыңды” тез қайтарып берiңдер, ертең о дүниеде қарыздар болып жатпалық! — деп шырылдағаным. Бiрақ бәрiң де ол театр жаққа аяқ баспағандарыңды айттыңдар. Сендiм. Себебi мен де аяқ басқан емеспiн.

Бiздiң аяқ баспауымыз бүгiнде отыз жылдығын тойлап жатқан “Тамаша” театрынан басталғаны естерiңде шығар. “Тамашаның” тамаша күлкiсi азайып кеттi!” деген дабыл естiлген жылы Қазақстан Жазушылар одағының Сатира кеңесi театрдың басшыларымен ақылдасуды ойластырып, бәрiмiздi екi-үш мәрте жинады емес пе? Бiрақ театрдың дiзгiн-шылбырын ұстағандар, қанша шақырсақ та, қарасын көрсетпедi ғой? Әне, менiңше, сатира театрларының сатириктерден сырт айналу, олардың жазып бергендерiн “атау-ахиретсiз” қалдыру немесе өңiн айналдырып жiберу, “жиендiк” жасау, сөйте тұра әзiл-сықақшыларды сырттай жазғыру “сырқаты” сонда басталған. Өкiнiшке қарай, мысалы, “Тамашаның” өзi де, оның көп отауының бiрi “Бауыржан-шоу” да сол “сырқаттан” сауыға алмай келедi. Рас қой?

Ендi бұл отаудың “ыңқыл-сыңқылын” тiзбелемей, бiрер “күрсiнiсiне” мойын бұрайық.

1. Уа, Мыңбай, Умбетбай, Сейiт, Қажытай, Көпен, Еркiн! Директор Б. Ибрагимов мырза 15 жыл бойында қайсысыңмен хабарласты, нендей қолқа салды? Мәселеңки, менi iздеген жоқ. Ал мен қойылымдарының үшеуiне бардым да, әлгi “құдағи, бiр партиясынан” өзге тартымды дәнеңе болмасын аңғарып, ол жақтан аяғымды тарттым. Сендер де сөйткендерiңдi айтқансыңдар.

2. Директор мырзаның сөз саптауынан сезгенiм: театр сатириктердi iздеуге тиiс емес екен, сатириктер театрды iздеуге мiндеттi екен. Ақын Иран Ғайыптың: “Өз күнiмдi өзiм көрсем, керегiң не сенiң?” дегенiндей, әзiл-сықақшылар театрды iздеуге мiндеттi болса, күлкiнi ұйымдастыру мәселесi солайша өз-өзiнен шешiлiп жатса, театрға директордың қажетi не?!. Менiңше, театр басшылары, бiрiншi кезекте директор әзiл-сықақшы ақын-жазушылармен хабарласып, қай тақырыпты күлкi керектiгiн айтып, жазып бере қоюын өтiнiп жүруге тиiс емес пе? Рас, бiздiң көбiмiзде сахнаға сай етiп әзiрлеп бере қояр дағды, бейiмдiлiк жоқ. Небiр мықты ақындардың өз өлеңдерiн жатқа айта алмайтыны сияқты. Ендеше, ондай жағдайда, театр бiздiң туындыларымыздан ұнатқанын таңдап алып, оған өздерiнiң бiрi қосалқы автор болумен (“жиендiк” жасамай) сахнаға шығаруды жөн көрсе, ешқайсымыз бас тартпас едiк, солай ғой?

Театрдың, көрерменнiң мүддесiне орайлы екiншi жол бар. Ол — әзiл-сықақшылардың кiтаптарын, гәзет-жорналдардың күлкi бұрыштарындағы дүниелердi пайдалану. Соңғы жылдары: Үмбетбай Уайдаұлының “Бiз былай байығанбыз”, “Сен кiмге күлесiң?”, Еркiн Жаппасұлының “Қымсынбашы, қылықтым!”, менiң “Удай уәде” және “…изация”, Мұхтар Шерiмнiң Төрттомдығы, Таңдай Кенейдiң “БОМЖ”, “Сiз бен бiз” кiтаптары, т. б. жарық көрдi. Директор мырзаның, оның әртiстерiнiң бiзге: “Мына кiтабыңыздан мынау бiр нәрселерiңiздi сахналасақ демегi” былай тұрсын, олардың бiрде-бiрi ешқайсымыздың жинағымызды қолына алып та көрмегенi даусыз десем ше? Алып, оқып байқаса: “…мардымды дүние мүлде жоқ” деп, Алатауды қырғыздарға қарай итерiп тастап шiкiреймес едi, ә?

Әлбетте, күлкi театрларының “самы” да, “замы” да бiздiң кiтаптарды дүкеннен сатып алмай-ақ қойсын, өзiмiз-ақ беремiз. Мәселен, мен өздерi хабарласқан “Шаншар” мен “Терiсқақпайдың” басшы-қосшыларына әзiл-сықақ әңгiмелер жинағымды сыйладым.

Қай жұмырбастының айтқаны тағы есiмде жоқ, әйтеуiр, бiрi: — “Бiреу бiлгендi бiреу бiледi, артық бiлген арамза болады!” — дептi, соның ыңғайына қарай айтарым: осыдан бiраз бұрын көпке танымал Көпен Әмiр Бек “Бауыржан-шоу барымтаны қашан қояды?” деп өткiр де орынды мақала жазғаны (“Жас алаш” гәзетiнде) естерiңде шығар. Ол мақаланы он шақты гәзеттiң көшiрiп басқанын көрген де, естiген де боларсыңдар. Сөйтiп, Бауыржан Ибрагимовтың “даңқы” Қазақстанды шарлап кеттi, ә?!. Демек, директор мырза бiр Көпенде кеткен ұпайын бәрiмiзден қайтарудың сәтi түсуiн күтiп жүр екен. Бiздiң аты-жөнiмiздi атап әуресi не, қазiр қазақта сатира жоқ деп қаулы шығарып, мөрiн баса салыпты.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары