ҚҰМАРПАЗДАРДЫҢ АҚШАСЫ БIШКЕККЕ КЕТIП ЖАТЫР!
ҚҰМАРПАЗДАРДЫҢ АҚШАСЫ БIШКЕККЕ КЕТIП ЖАТЫР!
Ел Үкiметi “Ойын бизнесi туралы” Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгiзiп, аяқ аттап басқан сайын шамы жарқырап “мен мұндалап” тұратын ойынхана мен құмарханалардың iс-әрекетiне тыйым салған болатын. Әрине, бiржола тамырына балта шаппаса да, көршi Ресей сияқты белгiлi бiр аймаққа, яғни, Бурабай мен Қапшағай қаласы маңына көшiрудi жөн деп тапқан-ды.
Бұл әңгiмеден кейiн қазақтың табиғаты сұлу әрi нулы жерi Бурабай мен Қапшағай аймағын жын-ойнақтың мекенiне айналдыруға қарсылық танытқандардың даусы әр жерден шықса да, естiр құлақ болмады. Шешiмiн тауып, қаржысы бөлiнiп, нүктесi қойылған мәселе шығар дедiк те, аузымызға құм құйдық. Бәлкiм, билiктегiлер бiрдеңенi бiлетiн шығар, не де болса қалалар мен аудан орталықтарында қыз-қыз қайнаған ойынханалар мен ойын клубтары есiгiне қара құлып салып, болашағымыз – балалардың санасын уламайтын болды деп қуанғанымыз рас. Бiрақ… Елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен ойын ұяшықтарын ашып алған бәзбiр пысықайлар әлi күнге кәсiбiнiң көзiн тауып, “қалауын тапсаң қар жанар” әрекетiне басып жүр. Неге десеңiз, аталмыш “Ойын бизнесi туралы” Заң бiршама түзетулерге ұшырап, қатаңдатылса да, бұл тәртiпке мұрын шүйiрiп қарайтындардың да бар екенiне көзiмiз жеттi. Сөзiмiзге дәлел, Алматының өзiнде былтырғы жылы ақшаның буына мас болып заңсыз жұмыс iстеген үш-төрт ойынхана әшкереленген едi. Ал шынтуайтына келгенде, дәл осындай жасырынбақ ойнап жүрген қаншама ойынхана мен ойын клубтары бар екендiгi бiзге беймәлiм. Бiр бiлетiнiмiз, басқа қаланы қайдам, Алматы қаласының ойын клубтарының сөнген шамы қайта жанып, құмаршылардың көзiнiң жауын ала бастады.
Жақында Туризм және спорт вице-министрi Қайырбек Өскенбаев: “Ойын бизнесiн қайта дамытуға рұқсат. Ендi Қапшағай мен Бурабай аймағында сауықхана аша беруге болады. “Ойын бизнесi туралы” Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгiзiлiп, жобаны жоғары палата депутаттары бiрiншi оқылымда мақұлдап, Қаржы және бюджет комитетiне тапсырды. Бұл құжат мемлекеттiк реттеу жүйесiн одан әрi жетiлдiрмек. Ендi құмар ойындары мен ұтыс ойындарын өткiзуге және оған қатысуға байланысты Азаматтық кодекске де өзгерiс енгiзiледi. Сауықхана жұмысын ұйымдастыру қызметiн реттеуге және жауапкершiлiгiн күшейтуге қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Кодекс те толықтырылады” – дедi. Бiр айта кетерлiгi, вице-министр мырза ойынханалар жабылғалы берi көптеген азаматтар көршi жатқан елдерге барып жүр. Ақшаны сыртқа жiбергенше өзiмiзде қалдырайық” деген ойын да жасырмады.
Ал Сенат депутаты Төлеген Мұхамеджанов та: “Экономикалық дағдарысқа байланысты сол ақшаның өзiмiзде қалғаны дұрыс. Ойнайтын адам бәрiбiр ойнайды. Сондықтан мұны жылдамдатып шешу керек” деп вице-министр Қайырбек Өскенбаевтың сөзiн қоштаған пiкiр бiлдiрдi. Министрдiң айтуынша, құрылыстың алды ағымдағы жылдың наурыз айында басталмақ. Дәл қазiр Қапшағай мен Бурабайда құрылыс жұмыстары қарқынды жүрiп жатқанға ұқсайды. Және бiр жайт, министрлiк құрылыс бiткенге дейiн бұл аймақтарда ойын-сауық ашуға рұқсат беруге дайынбыз деп отыр.
Заңды дайындау барысында ойын автоматтарын түрлi топтарға бөлу басты қиындық тудырған. Ендi олар ұтысы бар және жоқ болып екi түрге бөлiнедi. Заң қабылданса, ұтысы бар автоматтарға балалар ойынына арналғанына қарамастан, тыйым салынады. Тiптi, көше бойынан қаз-қатар отауын жаққан ойын автоматтарының да ұтысы бар болғандықтан, оларға да тыйым салынбақ. Өйтпеген жағдайда, мұның ойнау тәсiлi өзгертiлуi керек. Алайда, Туризм және спорт министрiнiң орынбасары Қайырбек Өскенбаев: “Заңды қатайтып отырмыз. Ойын автоматтары түгелдей тәркiленiп, сот бойынша алынады. Ойын залдарында ойыннан түскен ақша да тәркiленедi” десе де, көздi бадырайтып қойып, “кәсiбiм- нәсiбiм” деп жұмысын жандандырып жатқандарды қайда қоясыз.
Депутаттар құжатқа өзгерiстер енгiзуге қолдау бiлдiрдi. Бiрақ олар құмар ойындарының тыйым салынған жерлерде әлi күнге дейiн әрекет етiп отырғанын осы iске жауапты Туризм және спорт министрлiгi кiнәлi. Себебi, министрлiк ойын бизнесi өкiлдерiне берген уәделерiн уақытылы орындай алмай келедi деп есептейдi.
ҚР Мәжiлiс депутаты Амангелдi Момышев: “Ойынханаларды Қапшағай мен Бурабай аймағынан ашамыз дегенiне екi жыл болды. Әлi iстеп жатқан ойынхана жоқ. Тездету керек қой. Қазақтардың ақшасы Бiшкекке кетiп жатыр, лицензия берiп аштыру керек” деп бәйек болды. Ендi министрлiк жергiлiктi аймақтағы әкiмшiлiктермен сөйлесiп, келiсiмiн алса, лицензия беруге сақадай-сай.
Жаңа құжатқа сәйкес, ендi лицензия 10 жыл мерзiмге берiледi. Бұдан бөлек ойын бизнесiн ашқысы келетiндерге қойылатын талаптар да өзгерiп отыр. Мысалы, ойынхана иелерi ұтысты үш күннiң iшiнде беруге мүмкiндiгi болуы керек, сонымен қатар олар ойыншылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуi тиiс екен. Сөйтiп, Тышқан жылының соңында Қапшағай мен Бурабайда ойын-сауық орындары салынып болғанша, осы аймақтарда ойын автоматтары мен ойынханалар аша беруге рұқсат берiлетiнi белгiлi болды. Бұдан былай құмар ойынына басымен салынып кеткен базбiр құмаршылардың ақшасы өз экономикамызға нақ түсiп жатса, депутаттардың да ұйқысы тынышталатын шығар.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ