ТӨЛҚҰЖАТТА ҰЛТТЫ АНЫҚТАМАУ: ҰЛТТЫ ЖОЮҒА ӘКЕЛЕ МЕ, ЖОҚ ИНТЕГРАЦИЯҒА БАСТАЙ МА?

ТӨЛҚҰЖАТТА ҰЛТТЫ АНЫҚТАМАУ: ҰЛТТЫ ЖОЮҒА ӘКЕЛЕ МЕ, ЖОҚ ИНТЕГРАЦИЯҒА БАСТАЙ МА?

ТӨЛҚҰЖАТТА ҰЛТТЫ АНЫҚТАМАУ: ҰЛТТЫ ЖОЮҒА ӘКЕЛЕ МЕ, ЖОҚ ИНТЕГРАЦИЯҒА БАСТАЙ МА?
ашық дереккөзі
245

Қазақстанда 5-қаңтардан бастап “Биометрикалық электронды төлқұжат” берiле бастады. Әдiлет министрлiгiнiң баспасөз қызметiнiң таратқан мәлiметiне қарағанда, бұл төлқұжат тек шетелге шығатын азаматтар үшiн берiледi екен. Оның алғашқы құны – 5 мың теңгедей.

Бұл құжаттың ерекшелiгi сол – онда қай ұлт өкiлi екендiгiң айтылмайды. Тек қана азаматтығы деген бөлiмге “Қазақстан Республикасы” деп жазылатын болады. Демек, осы уақытқа дейiн “Қазақстанда 130 ұлттың өкiлi тұрады” деп жалаулатқанымыздың соңы мифке айналмақ. Яғни, Қазақстанда бiр ғана ұлт өкiлi – Қазақстан Республикасының азаматтары тұрады. Дәл осы мәселе қазiр қазақ қоғамында қызу пiкiрталастың көрiгiн қыздырып отыр. Әсiресе, қазақтың ұлт патриоттары бұл құжатта азаматтығының анықталмайтындығына қарсы. Олардың көбi “Билiк осы уақытқа дейiн ойға алған, бiрақ, жүзеге асыра алмай келген “қазақстандық ұлт” идеясын осылай жүзеге асыруды көздеп отыр. Бұл арқылы бiздiң ұлтымыз жойылады. “Қазақстандық ұлт” идеясы ұлттың тамырына балта шабудан туындаған” деген пiкiрдi ұстанады. Шынымен де солай ма? Ондағы “ұлты” деген бағанға елдегi ұлттар өкiлдерiнiң атын атап, түсiн түстемей-ақ, “Қазақстан Республикасының” азаматы” деген бiрауыз сөзбен-ақ оның азаматтығы һәм ұлты анықталатын болады. Бұл өз кезегiнде “тауға қарап ұлыған”, “орманға қарап мөлиген”, билiк бас-басына түгендеп “пәленбай ұлттың өкiлi тұрады” деп жар салған елдегi жеке-жеке этностардың бiр қазанда қайнап, бiр тiлде сөйлеп, бiр этномәдениеттiң төңiрегiнде топтасуына мүмкiндiк жасай ма, жоқ шынымен-ақ, “қазақ” ұлтының жойылуына бастай ма? Тек шетелге шығушыларға арналған бұл төлқұжат бүкiл қазақстандықтарды болмаса да, ел тұрғындарының 70%-ын қамтитын болады. Өйткенi, бүгiнде Қазақстан азаматтарының басым бөлiгi жылына бiр рет шетелге шығып, нәпақасын сырттан iздейтiнi жасырын емес. Демек, электронды төлқұжат Қазақстан аумағын тұтас қамтиды деген сөз. Әрине, бiрiншiден, төлқұжатта ұлтты анықтамауды адамзат баласы бүгiн ойлап тапқан жоқ. Ол ғасырлар бойы сынақтан өткен және өз жемiсiн берген тәжiрибе. Бұл жерде – басқыншы ұлт өкiлдерiнен тұратын федеративтiк мемлекеттер мен ұлттық мемлекеттердiң бiр-бiрiнен сәл ғана айырмашылығы бар. Ұлттық дамудың ерекше үлгiсiн сарапшылар Ұлыбритания мен Франциядан алуды үгiттейдi. Бұл мемлекеттер әрi ұлттық, әрi демократиялық ұлыс жасай бiлдi. Сондай-ақ, бұл қатардан Жапония, Түркия, Германия секiлдi елдердi де көруге болады. Қазiргi есепке жүгiнсек, Түркияда 76 ұлттың өкiлдерi өмiр сүредi екен. Алайда, 1982 жылы қабылданған Конституциясында “Түркия Республикасының әрбiр азаматы түрiк болып табылады” дейтiн бап бар екен. Бұл Түркия Түркия болғалы қолданылып келе жатқан өзгермейтiн қағида. Германияда 3 миллионға жуық түрiк бар. Алайда, олар төлқұжатында “түрiк” болып жазылмайды. “Немiс” деп тайға таңба басқандай көрсетiлген. Осы ретте мен Мюнхенде тұратын, журналист-зерттеушi, қоғам қайраткерi, халықаралық “Алаш” сыйлығының иегерi Хасан Оралтай ағамыздан Германияның бай тәжiрибесi жайында сұрап бiлген едiм. Ол кiсi маған төлқұжатын көрсетiп, “ұлты” деген бағанда “Der Deutsche” деп жазылып тұрғандығын айтып едi. Бiрақ, Хасан ағамыз төлқұжатындағы “немiс” деген атаудан болып, немiс болып кеткен жоқ. Керiсiнше, шетте жүрсе де ол кiсi қазақ мүддесi, қазақ идеологиясы үшiн жұмыс iстедi. Бiрақ, немiс тiлiн де үйренiп, немiс мәдениетiнiң де өкiлi бола бiлдi. Ал, Америка секiлдi басқыншы ұлт өкiлдерiнен құралған құрама мемлекетте “мемлекеттi құраушы ұлттың” болмауы себептi, олардың төлқұжатында “американдық” деген жазу бар. Американдық мәдениет англо-саксон мәдениетi төңiрегiнде топтасқан, пуритандық мәдениет. Ондағы басым дiни ағым – протестанттық. Сондай-ақ, 89 субьектiсi бар Ресей Федерациясының да төлқұжатында оның ұлтын анықтау шарт емес, “ресейлiк” деген жалпы атау телiнген. Мен жақында Өскеменге сапарлап қайтқан едiм. Сонда ұшақта Ресей Федерациясының Чешен республикасының азаматшасымен бiрге ұштым. Өзiн Ася деп таныстырған ол да маған төлқұжатындағы “ресейлiк” деген жазуды көрсеттi. Ал, мен оған бiздегi әрбiр ұлттың төлқұжатта көрсетiлетiндiгiн айтып ем, таң қалды. АҚШ, РФ секiлдi өзге де федеративтi мемлекеттерде азаматтығын анықтау барысында “мемлекеттiң” атауын телу де өз тәжiрибесiн берген. Бұл ретте бiздiң билiк жоғарыда аталған Франция, Англия, Түркия, Германия секiлдi ұлттық мемлекеттердiң тәжiрибесiне сүйенгеннiң орнына, федеративтiк мемлекеттердiң тәжiрибесiне сүйенiп, “Қазақстандық ұлт” идеясын ұсынды. Бұл идея қоғамда қолдау тапқан жоқ. Бәрiнен бұрын бұған қазақ ұлтшылдарымен бiрге елдегi түрлi ұлт өкiлдерi де қарсы болды. Елдегi мемлекет құраушы ұлт – қазақтар “бұл идея ұлттың тамырына балта шауып, қазiргi басым мәдениет орыс мәдениетiнiң төңiрегiнде топтасу белең алып, соның негiзiнде мемлекеттiк тiлдiң төрге озуына бөгет болады” деп қорықса, өзге ұлт өкiлдерi “қазақстандық” сөзiнiң негiзiнде “қазақ” сөзi бар, бұл бiздiң ұлт болып сақталуымызға қауiп төндiредi, онсыз да қазақ мәдениетi күн өткен сайын белең алып келедi, орыс тiлi түрлi салалардың ысырылып, қазақ тiлiнiң қолданылу аясы кеңейiп келедi” деп қорықты. Яғни, бiздегi ұлттық саясат әлi бiр бағытқа бет алған жоқ. Оған әуелi қазақ мәдениетiне басымдық бере алмаған, елде екi түрлi ұлттық саясат ұстанған билiк те, өзiнiң саяси құқығын билiктен жөндi талап ете алмай отырған қоғам да кiнәлi. Билiк әлi күнге дейiн жалтақтық танытып, төлқұжаттағы “ұлты” деген бағанды бос қоюды жөн тауып отыр. Сол жерге “қазақстандық” деп жазатын болса, қазағы да, өзгесi де өре түрегеледi, “қазақ” деп жазатын болса, өзге ұлттың қытығына тиедi. Демек, осы бiр нәзiк иiрiмдердiң түйiнiн шешу билiкке де оңай болмай отырғанға ұқсайды. Ендеше, талайдың шамына тиетiн осы бiр электронды төлқұжатты асығыс-үсiгiс қабылдауға не түрткi болды? ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету ме, терроризммен күрес пе, жоқ, сыртқы күштердiң ықпалы ма? Әдiлет министрлiгiндегiлердiң ресми мәлiмдемесiн тыңдасаңыз, әрине, бұл террористердi құрықтауға таптырмайтын құрал көрiнедi. Сондай-ақ, Еуроодақ 2009 жылдан осындай электронды төлқұжатсыз ешкiмдi өз аумағына енгiзбейтiн болыпты. Яғни, Батыстың талабы солай. Ендеше, билiк оны неге көпшiлiк талқысына салып, жұрттың пiкiрiн бiлмедi екен? Қалай дегенмен де, талайдан берi талас тудырып келе жатқан “қазақстандық” идеясы жүзеге асудың алғашқы алғышарты осылай жасалып отыр. Бұл ұлттың тамырына балта шаба ма, жоқ, елдегi түрлi ұлт өкiлдерiн интеграцияға бастай ма? Әзiрге оны айту қиын. Себебi, бiздегi ұлттық саясаттың бет-бейнесi айқын емес. Егер, осы уақытқа дейiн күлбiлтелемей, “қазақ” мәселесi шешiлiп, қазақ мәдениетiне басымдық берiлiп, мемлекеттiк тiлдiң тағдыры шешiлгенде, “қазақстандық” атауынан қорықпауға болатын едi. Бiрақ, қазiр бәрi неғайбыл – тiлiң де, дiнiң де, қазақ мәдениетiнiң басымдыққа ие болуы да, отарсыздандыру саясатының жүргiзiлмеуi де, бiртұтас тарихи сананың қалыптаспауы да – жиырма жылға тақау тәуелсiздiк тарихымызда әлi де ойлана тұруды қажет етедi. Ең әуелi бұл идеяны қабылдауға бүкiл қоғам дайын болуы керек. Бiздегi саяси интеграция идеологияның солқылдақтығынан өте баяу жүзеге асып келедi. Қазақ – мемлекетқұраушы ұлттың жауапкершiлiгiн өз мойнына алғанымен, өзге ұлттар оны мойындағысы келмейдi. Ең жаманы, өзге ұлт өкiлдерiнiң барлығы дерлiк орыс мәдениетiнiң төңiрегiнде топтасқан. Елдегi түркi тектес халықтың өкiлдерiнiң орта буыны қазақ тiлiнде сайрап тұрғанымен, қазiргi буыны қазақ мәдениетiн көзге iлмейдi. Өйткенi, оларды ата-анасы бұрынғы дүрмекпен орыс мектебiне берiп отыр. Сөйтiп, түбi бiр, дiнi бiр түркiлердiң өзi өзiн өзекке тепкендей қылық танытады. Ресейдiң тепкiсiне зығырданы қайнап отырса да, бiздегi чешен ұлтының өкiлдерi тағы да қазақ мәдениетiне бойұрғысы келмейдi. Бұның барлығы, елдегi өзге ұлт өкiлдерiнiң басқыншы империя тiлiнде сөйлесек сөйлейiк, ал кеше ғана ес жиып етек жапқан Қазақстанның, қазақтың тiлiнде “өлтiрсең де” сөйлемеймiн дегенiн танытады. Бiзде “Қазақстан – сенiң елiң, қазақ тiлi – сенiң тiлiң” деген идеология әлi жоқ. Осында туып, осында ержетiп, осында бiлiм алып, осында бай-қуатты дәрежеге жетiп алшаңдап жүргендердiң көбi “Қазақстан – менiң екiншi Отаным” деп сайрайды. Яғни, бiзде “кiмнiң арбасына отырсаң, соның жырын жырлайсың” деген қағида әлi берiк орнаған жоқ. Ал, қоғамның күн өткен сайын екiге жарылып бара жатуы, “қазақ мәселесiнiң” бiтеу жарадай сыздай түсуi – бәлкiм бiр күнi жарылысқа әкелер. Билiк әуелi осының алдын алуы керек.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары