СӨЗI МЕН IСI ҚАБЫСПАЙТЫН YKIMET

СӨЗI МЕН IСI ҚАБЫСПАЙТЫН YKIMET

СӨЗI МЕН IСI ҚАБЫСПАЙТЫН YKIMET
ашық дереккөзі
419

Премьер-министрден бастап, бүкiл министрлер кабинетi интернетте өздерiнiң жеке блогын ашуға кiрiстi. Жақсы бастаманы Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтiң өзi бастады. Жаңа жылдың үкiметтегi алғашқы жаңалығы да осы болды.

Кәрiм Мәсiмов өз блогын ашқаннан кейiн министрлер мен өзге де Үкiмет мүшелерiне блог ашуға тапсырма бердi. Министрлер кабинетiнiң мүшелерi жұмыстарының бастан асып жатқанына қарамастан, өздерiнiң жеке күнделiгi – блогты жүргiзуге пейiлдi екендiктерiн танытып, оған құзырлары жететiндiгiн бiлдiрдi. Премьердiң блогының адресi – htpp://primeminister.government.kz. Демек, интернетi бар кез келген адам Премьердiң блогына енiп, өзiн толғандырып жүрген сауалдарды қоя алады. Өкiнiштiсi сол, Премьер ең әуелi блогын орыс тiлiнде жүргiзген көрiнедi. Алайда, интернеттi пайдаланушы қазақтiлдi оқырман бұған бейжай қарай алмапты. Шетелдегi және елдегi қазақ блогшыларының көбi Мәсiмов мырзаға “Блогтың тақырыбында Официальный блог Премьер-Министра Республики Казахстан деп жазылған, бұдан бұл блог ресми бас министрдiң блогы екенiн аңғаруға болады. Қазақстан Тiлдер туралы заңдарына сүйенсек, мемлекеттiк ресми құжаттар мемлекеттiк және ресми тiлде болады. Яғни сiздiң де блогыңыз мемлекеттiк тiлде болуы керек” деген мағынада сұрақтар қойған екен. Әуелi украиналық бiр блогшы “Хм. Странно, почему вы ведете блог на русском языке. У нас и Премьер-министр и Президент – все на государственном языке разговаривают” деген екен. Ал, қазақ блогшылары өздерiнiң ескертпелерiнен кейiн,(бәлкiм, украиналық блогшының мысқылы жанына тидi ме екен?) Мәсiмов мырза блогына қазақша мәтiн де қосыпты. Премьердiң бұл қадамын құптаушы блогшылар да кездесiптi. Мәселен, Бақытнұр есiмдi блогшы “Бас Министр, ендi дұрыс болды. Қазақстанда 10 миллион, ал шетелде тұратын мен сияқты 5 миллион қазақ бар (әрине, өзiңiзге де белгiлi). Барлығымыз орысша бiле бермейтiндiктен, блогыңызды қазақша қозғалта бастағаныңыз өте орынды деп санаймын” деген екен. Дегенмен, Бас министрдiң блогындағы қазақшалар тек “Сәлемдесу”, Жаңа жылмен құттықтау мен қысқаша өмiрбаянынан өзге ештеңе жоқ. Үкiметтiң ресми жиналыстарының барлығы орыс тiлiнде өтетiндiгi мәлiм. Премьер мырза жеке күнделiгiне ресми жиналыстардағы сөйлеген сөздерiн, “Хабар” агенттiгiне берген сұхбатын қойған екен. Барлығы да сол басқыншы империяның, метрополияның тiлiнде.

Бiздi таңқалдырғаны Премьер-министрдiң сөзi мен iсiнiң қабыспай тұрғандығы. Осыдан бiр ай уақыт бұрын, өткен жылдың 12 желтоқсанында “Эхо Москвы” радиостанциясына сұхбат берген К. Мәсiмов “Орыс тiлiне “мемлекеттiк тiл” мәртебесiн бермеймiз. Себебi, бiз қазақ тiлiн дамытуымыз керек. Бүгiнде Қазақстан халқының 100 пайызға жуығы орыс тiлiн меңгердi. Ал қазақ тiлiн әлi үйрене қоймады. Сонда бiздiң мемлекеттiк тiлiмiз қайда қалады?” деген едi. Ендеше, осы проблеманың шешiлуiн Премьер мырза өзiнен бастауы керек едi. Бiрақ, ол кiсi өзi үлгi көрсетуге әзiрге дайын емес секiлдi.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары