Армия – тәрбие мектебі

Армия – тәрбие мектебі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты «Turkistan» газетіне берген сұхбатында армияның қоғамдағы рөліне айрықша тоқталып, оның ең алдымен тәрбиелік миссия атқаруы тиіс екенін атап өткен болатын. Президент: «Армия жастарға қолдау көрсетіп, оларды еліміздің нағыз азаматы ретінде тәрбиелеп шығаруы керек. Командирлер әскери қызметшілерге үлгі-өнеге болуға тиіс. Әскерде әлімжеттікке, бұзақылыққа, рушылдыққа, жершілдікке орын жоқ, ондай жайттарға жол берілмейді. Мұның бәрін өзім жеке қадағалап отырамын», – деді.

Президенттің бұл сөзі армияның мәні тек жауынгерлік дайындықпен шектелмей, қоғам үшін аса маңызды тәрбиелік институт ретіндегі орнын айқын көрсетеді. Өйткені қоғамның тұрақты дамуы мен ұлттық қауіпсіздіктің беріктігі тек заманауи қару-жарақпен немесе техникалық әлеуетпен өлшенбейді. Оның негізінде ең алдымен саналы, тәртіпті, жауапкершілігі жоғары азаматтар тұрады. Осы тұрғыдан алғанда, армияның басты міндеттерінің бірі – ел қорғайтын жауынгерді ғана емес, мемлекетшіл көзқарасы қалыптасқан, өмірге дайын тұлғаны тәрбиелеу. Сондықтан «Армия тәрбиелік рөл атқаруы тиіс» деген ұстаным бүгінгі күннің нақты талабына айналып отыр.

Қай уақытта да тәртіп пен жауапкершілік – армиялық тәрбиенің өзегі. Әскери қызметке келген әрбір жас азамат үшін ең алғашқы сабақ – тәртіп. Белгіленген күн тәртібіне бағыну, уақытты тиімді пайдалану, бұйрықты мүлтіксіз орындау сарбаздың жеке жауапкершілігін қалыптастырады. Бұл – тек әскери талап емес, азаматтың бүкіл өміріне қажет маңызды дағды.

Көптеген жастар әскерге дейін еркін ортада өсіп, жауапкершіліктің салмағын толық сезіне бермеуі мүмкін. Ал әскери қызмет барысында әр әрекеттің салдары бар екенін терең түсінеді. Өз міндетіне салғырт қарау бөлімшенің жұмысына, жолдастарының қауіпсіздігіне әсер ететінін ұғынады. Осылайша армия ұжымдық жауапкершілік пен өзара сенімге негізделген тәрбиелік орта қалыптастырады.

Армия – патриоттық тәрбиенің де басты мектебі. Мемлекеттік Ту, Елтаңба мен Әнұранға құрмет көрсету, әскери ант беру, тарихи әскери мерекелерді атап өту сарбаздың елге деген жауапкершілік сезімін арттырады. Қазақстан Қарулы күштерінде тұрақты түрде өткізілетін әскери-патриоттық сабақтар, тарих сағаттары мен ардагерлермен кездесулер жас сарбаздардың бойында Отан қорғаудың маңызын терең ұғынуға мүмкіндік береді. Бұл – құр ұранмен емес, нақты өмірлік тәжірибе арқылы берілетін тағылымды тәрбие.

Армиядағы тәрбиенің тағы бір маңызды қыры – әлеуметтік теңдік қағидаты. Әскери бөлімде сарбаздың әлеуметтік жағдайы, шыққан өңірі немесе туыстық байланысы емес, оның тәртібі, еңбегі мен қабілеті бағаланады. Мұндай орта жастардың бойында әділдікке деген сенімді қалыптастырып, адал еңбектің әрдайым бағаланатынын нақты дәлелдейді.

Сонымен қатар әскери қызмет барысында отбасылық және моральдық құндылықтар да нығаяды. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, жолдасына тірек болу, ортақ мақсат жолында бірлік таныту – армияда күнделікті қалыптасатын қасиеттер. Әртүрлі өңірден жиналған жастардың бір ұжымға бірігуі өзара түсіністік пен төзімділікті арттырады.

Әскери ортада зиянды әдеттерден аулақ болу, салауатты өмір салтын ұстану қатаң талап етіледі. Бұл да – жас азаматтың денсаулығын ғана емес, рухани тұрақтылығын қалыптастыруға бағытталған тәрбиенің маңызды бөлігі.

Осылайша, армия тек қару ұстап, бұйрық орындайтын құрылым емес. Ол – азаматтың мінезін қалыптастыратын, жауапкершілігін арттыратын, елге адал қызмет етуге тәрбиелейтін маңызды әлеуметтік институт.

Сондықтан «Армия тәрбиелік рөл атқаруы тиіс» деген ұстаным – жай ғана ұран емес, мемлекеттің болашағын айқындайтын стратегиялық көзқарас. Армиядан өткен азамат – тәртіпті, еңбекқор, патриот әрі қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезінетін тұлға. Ал мұндай азаматтар қашанда елдің ең сенімді тірегі.

Отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов, "Қарулы күштердің ардагерлері" РҚБ төрағасының орынбасары

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары