ҚАЗАҚ ЖҰМБАҒЫ
ҚАЗАҚ ЖҰМБАҒЫ
Халықтық – поэзиялық һәм философиялық ойлау жүйесiнiң, көркемдiк логикасының тегеуiрiндi қуаты мен тереңдiгiн, дүниетану даналығы мен ұлттық болмыс даралығын танытатын қазақ сөз өнерiнiң таңғажайып құбылыстарының бiрегей саласы, тапқырлықтың, ойшылдықтың, суретшiлдiктiң, ұшқырлықтың, тамылжыған “ақындықтың ұрығы-дәнi” – жұмбақтар әлемi.
Қазақ халқы рухани тарихында сан ғасырлар мен замандар бойы мұхиттың тоқсан дариясындай қайнап жатқан небiр тамаша үздiк фольклорлық жауһар үлгiлердi туындатқаны мәлiм. Сөз жоқ, халықтың ақыл-ойының, жан сезiмiнiң, берекелi, бейнелi iс-әрекеттерiнiң, тағылым-тәжiрибесiнiң, бiлiмпаздық зердесiнiң көрiнiсi, жемiсi iспеттi осынау көркемдiк сұлулыққа бөленген фольклорлық дүниелер – оның тұрмыс-тiршiлiгiмен, шаруа-кәсiбiмен, ғұрып-дәстүрлерiмен, дүниеге көзқарасымен тамырлас. Жұмбақтанудың өзектi мәселелерiн пайымдауда, тарихи-табиғи тамырларын айқындауда деректiк материалдарды тұтастай жинап, жүйелеу, фольклорлық, этнографиялық айғақтарға жүгiну, сонымен бiрге жұмбақ табиғатын танып тексеруде салыстырмалы типологиялық, диахрондық әрi синхрондық әдiске мықтап сүйену – ғылыми-теориялық тұрғыдан әбден негiздi. Тегiнде, ұлттық фольклортану ғылымында қазақ жұмбағының зерттеу тарихнамасына үңiлетiн болсақ, ұшан-теңiз жұмыстар атқарылғаны аян. Яғни, жиналу, жариялану жағынан алғанда. Жұмбақ табиғатын саралап сипаттауда А.Байтұрсынов, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, М.Ғабдуллин сынды оқымыстылырдың ой-пiкiрлерi де әлi күнгеше өмiршеңдiгiмен өзгешеленедi.
Десек те халықпен бiрге жасасқан қазақ жұмбағының беймәлiм қырлары мен сырлары өлшеусiз екендiгiн қадап айтуға болады. Осы орайда әдебиет зерттеушiсi, шығыстанушы, исламтанушы Шәмшәдин Керiмнiң “Қазақ жұмбағы” (Алматы, “Арыс”, 2007) атты еңбегiнде аталмыш көне жанрдың табиғаты, түп-негiзi, даму жолдары, көркемдiк әлемi, сөз саптау тәсiлдерi, дәстүр сабақтастығы және ғалам әрi түркiтiлдес халықтардың жұмбақтарымен ортақ сарын-cипаттары жарқын мысалдармен дәйектi дәлелденедi, зерделенедi. Қолжазба қорындағы, түрлi-түрлi жарияланымдардағы, ел аузындағы телегей материалдарды екшеп, сүзiп, салиқалылықпен сараптап, қазақ жұмбағының зерттеу тарихнамасы мен жанрлық сипатын бажайлап түсiндiредi. Арғыдағы қыпшақтың жазба мұрасы “Кодекс Куманикустан” бастап, Ш.Ш.Уәлихановтың, Ы.Алтынсариннiң , М.Ибрагимовтың, Я.Лютштың, М.П.Мелиоранскийдiң, Е.А.Алекторовтың. А.В.Васильевтiң, Г.Н.Потаниннiң, Ә.Диваевтың айтулы жинаушылық, жариялаушылық еңбектерiне тоқталады. Сондай-ақ, жұмбақ мәтiндерi тiркелген қолжазбалардың нөмiрiн атап көрсетедi. Бұл мәлiметтер зерттеудiң ғылымилығын, деректемелердiң шынайылығын айғақтайды.
Жұмбақтанушы Ш.Керiм текстологиялық түзетулер жасап отырады. Түсiп қалған жолдарды қалпына келтiредi. Мысалы,
Дүниеде бiр айдаһар бiлесiң бе?
Жаны жоқ қимылдайтын денесiнде.
Iшiнде бақша-бақша сүйегi бар,
Жарқылдар жалғыз көзi төбесiнде.
Тұрады адам келсе, аузын ашып,
Кетпейдi келген адам одан қашып,
Барады ақырын-ақырын қадам басып (Киiз үй).
Зерттеушi соңғы үш жолын қосқан.
Ш. Керiмнiң зерттеуi ауқымдылығымен, қарымдылығымен ерекшеленедi. Моңғолия мен Қытай қазақтарының жұмбақтары да зерттеменiң нысанасына айналады. Мәселен, венгриялық мадияр профессор Мандоки Қоңыр Иштван (1944-1992) ағылшын тiлiнде “Монғолиялық қазақтардың жұмақтары” деген атпен 1 том әзiрлеген. Ш.Керiмнiң көрсетуiнше, ол жұмбақ мәтiндерiнде қазақтардың ауызекi сөйлеу тiлiне тән фонетикалық, диалектiлiк ерекшелiктерiн, ерiн үндестiгiне байланысты туындайтын заңдылықтарын ескерген дейдi.
Немесе Шыңжан өлкесiнiң “Шалғын”, “Мұра” журналдарында қыруар жұмбақтар жарық көрген.
Қазақ жұмбағының жанрлық бiтiмi, жiктемесi, түрлерi, композициялық құрылысы яки “байлауы” мен “шешуi” астарлы, тұспал қасиеттерi, тақырыптық әдет, ұқсастық белгiлерi кеңiнен әңгiмеленедi. Орыс фольклортанушысы С.Г.Лазутиннiң: “Жұмбақты жасыру және жұмбақты шешу – бұл поэтикалық жарыс, метафоралық образдар сайысы, адамның поэтикалық ойлау қабiлетiн сынау. Жұмбақтау және жұмбақты шешу кезеңi, сөз жоқ, эстетикалық ләззат бередi, бiз ондағы халықтың поэтикалық ой жүйесiнiң сұлулығына тамсанамыз, оның өткiр ауыстыруларымен, жұмбақтың тапқырлыққа құрылған поэтикалық-ассоциацияларымен, шымшыма юморымен қанаттанамыз” – деген түйiндi тұжырымы оның таным құралы, көркемдiк-шеберлiк ұстаханасы, сөз меруерттерiнiң алтын құндағы, адамзат ақыл-ойының сұлулық әлемi екендiгiн дәлелдейдi.
Қазақ жұмбағының жып-жинақы керемет келiстi кемел суретшiлдiгiн көрсететiн киiз үйдiң қасиетiн былайша мөлдiрете ыспаттайды:
Бұғы, бұғы ұзын,
Бұғыдан да бойы ұзын.
Алтын қошқар мүйiзi,
Аба киiк терiсi.
Я болмаса:
Қазша қанатын жаяды,
Үйрекше мойнын созады,
Құсша қонады – деп, тастүйiн құрылып, жинақталып жатқан мезетiн бейнелейдi.
Әрi қарай:
Алтынменен аптадым,
Күмiспенен күптедiм.
Бiрiн өрге шығарып,
Бiрiн жерге түптедiм – деп, керегенi көз алдыңа көлбеңдетедi.
Мұндағы салыстырулар мен ұқсастырулар халықтың ақындық ойлау мәдениетiн терең танытады. Профессор Ш.Керiм қазақ жұмбағының тек-төркiнi мен даму тарихын талдап таразылау барысында әлемдiк фольклортанудағы тұжырымды ой-пiкiрлерге жүгiне отырып, өзiндiк ой-пiкiрлерiн, байламдарын ортаға салады. Бағзы заманның мифологиялық, этнографиялық, космогониялық айғақтар, табу мен әдептiлiкке негiзделген эвфемизмдер, тұспал, тыйым сөздер, тотемдiк түсiнiктер мәнiсi тексерiледi. “Халық поэзиясындағы жұмбақтар өздерiнiң алғашқы қауымдық мифтiк сипатын таза сақтаған” (Ф.Н.Буслаев), “Халық жұмбақтары – көне метафоралық тiлдiң жаңғырықтарын бiзге жеткiзушi” (А.Н.Афанасьев) дейтiн түiндеулер ақиқат шындық. Ежелгi заманда аңшылықпен шұғылданушылар аң-құстың, құралдардың тiкелей атын айтпаған. Астарлап, ишараттап жеткiзген. Мәселен, аңды сойды деп төтесiнен айтпаған, майланды; қасқырды – қарақұлақ, ұлыма, серек, ит-құс деген сияқты. “Атекем тәтекемдi қуып барады, оған ауылдағы жәкемдер үрiп жүр.” Аю – ата, түлкi – тәте, ит – жәке сөз-ұғымымен алмастырылған. Бұл ретте зерттеушi көптеген жанды мысалдарды жарасымды келтiредi.
Әр елде тарихи-мәдени дәстүрлердiң өзiндiк сипаты болатыны сияқты жұмбақты қолдану, айту да қилы-қилы. Ш.Керiмнiң көрсетуiнше, XVIII ғасырда Ресейде (рождество мен Васильев кешiнде) диханшылардың отбасында ырыздық, егiн егуде молшылық болу үшiн, түрлiше ғұрыптық өлеңдермен қатар жұмбақ айту салты болған. Тарадж тайпасында жұмбақты шешу егiстiктiң өнiмдi болатынына сенген. Татарларда Нардуган мейрамы кезiнде Күн, Ай, Жер, Су, Жыл, Жаңбырды ардақтап, жұмбақ айту дәстүрi болған. Қазақтар Ұлыстың Ұлы күнiнде айтыс, би, жаңылтпаш, жұмбақ айту жарысын ұйымдастырған.
Әр халықта жұмбақ айтудың белгiлi бiр мерзiмi болған. Мұны көптеген мысалдармен дәлелдеп жеткiзедi.
Түркi-монғол тектес халықтарда “жұмбақ” атауының этимологиялық тегiне ой жүгiртедi. Ұлт руханияты тарихында жұмбақтың кең қолданысқа ие болғанын, нешеме алуан түрлерiнiң (тыйым жұмбақ, ертегi жұмбақ, ойын жұмбақ, айтыс жұмбақ, әдеби жұмбақ, таза жұмбақ) пайда болғанын, сан қырлы қызметiн ( магиялық, тұрмыстық, эстетикалық, педагогикалық) айқындап саралайды.
Жұмбақ – соншалықты таңғажайып күрделi құбылыс. Халықтың ғұламалық зердесiнен, дүниенi мейлiнше терең әрi жан-жақты ұшқыр қабылдауынан, суреткерлiк табиғатынан, көркемдiк ойлау мәдениетiнiң жоғарылығынан, ассоциациялық тұрғыдан байланыстыру шеберлiгiнен туған өзгеше бiр тастүйiн байтақ әлем. Мысалы:
Бiр топ қамыс,
Бiр топ қамыс астында қиған қамыс,
Қиған қамыс астында жылтырауық,
Жылтырауық астында пышылдауық,
Пышылдауық астында тебендеуiк,
Тебендеуiк астында қатар-қатар тас,
Ортасында жылмыңдауық. (Шаш, қас, көз, мұрын, ерiн, тiс, тiл)
Осы бiр түйдектiң музыкалық архитектоникасы, стилистикасы, поэтикалық синтаксисi, сөз-образдар мен сөз-символдар жүйесi, поэтикалық қайталаулары бiр-бiрiмен жарасым тауып, көркемдiк сұлулыққа бөленген. Демек, көне мифтiк аңыздармен байланысы, образдық-метафоралық, логикалық құрылымы сан алуан жарқын, дәйектi мысалдармен дәлелдi зерделенген деуге болады. Сонымен бiрге жұмбақтың мақал-мәтелдермен, өлең-жырмен, қара сөзбен, шешен сөзбен, ертегiмен ара қатынасы да арнайы қарастырылады.
Көркемдiк дәстүрдiң жалғастық табуы және оны шығармашылықпен меңгеру, ақындық дербестiкке ұмтылыс, құлшыныс жасау, суреткерлiк қолтаңба қалдыру – айтыс ақындарына тән қасиет. Зерттеушi Ш.Керiм айтыс ақындарының өнернамасына, шеберлiк қабiлетiне, фольклор жұмбақтарына, қалайша ұтымды пайдаланғанына, жаңаша тыныс, рух берiп жырлағанына зейiн аударады.
Нақтылы келгенде, ұлттық поэзия тарихындағы классикалық жұмбақ айтыстарына (Әсет пен Ырысжанның, Сапарғали мен Нұржанның), сондай-ақ Бармақ Мұқамбаевтың, Қарасақал Ерiмбеттiң, Мәшһүр Жүсiптiң, Молда Бәйiмнiң, Малыбай Рақымжанның, Мәлике мен Данышпанның, Нұралы Нысанбайұлының, Шораяқтың Омарының, Сәттiғұл Жанғабылұлының, Кердерi Әбубәкiрдiң жұмбақтарындағы жаңалықты құбылыстарды, таңдамалы сөз-образдарды ғылыми-теориялық тұрғыдан саралап таразылайды.
Жинақтап айтқанда, әдебиет зерттеушiсi Шамшәдин Керiмнiң “Қазақ жұмбағы” дейтiн iргелi зерттеуiнде жұмбақтың мейлiнше көнелiгi, тыйым сөздер – табумен төркiндестiгi, сан алуан көркемдiк қызметi, жанрлық түрлерi, типологиясы, логикалық құрылымы, поэтикасы, стилистикасы, көркемдiк дәстүр сабақтастығы, позиялық сипаттамалар жүйесi терең пайымдалған, байыпты түсiндiрiлген.
Серiк НЕГИМОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор