“ҮШ ОТАУ” ҰЙЫМЫ

“ҮШ ОТАУ” ҰЙЫМЫ

“ҮШ ОТАУ” ҰЙЫМЫ
ашық дереккөзі
432

Алаш идеясының қытай қазақтарына таралуы туралы сөз

Биыл Алаш Орда үкiметiнiң құрылғанына тоқсан жыл толып отыр. Баспасөз беттерiнде Алаш қайраткерлерiнiң саяси көзқарастары мен еңбектерi хақында әлсiн-әлсiн мақалалар жарық көруде. Алаш қозғалысы елiмiздiң өткен тарихы болғандықтан, тарихшыларымыз обалы не керек жұртымыздың жүрiп өткен бұл кезеңiне кешендi һәм терең зерттеулер жүргiзiп келедi. Дейтұрғанмен, Алаш қозғалысының әлi де ашылмаған қалтарыс-бұлтарысы баршылық. Алаш қозғалысының осындай жұртшылыққа беймәлiм, тасада жүрген тұсы — Алаш идеясының Қытай қазақтарына таралып, бұл өлкелерде Үш Отау қозғалысы болып жалғасын табуы едi.

Алғашқыда Үш Отау қозғалысы хақында бүгiнгi Қытайдың Шыңжан аймағында тұратын Қ. есiмдi қандасымыздан естiп бiлдiм (Қытайда Үш Отау қозғалысы әлi ақталмағандықтан қандасымыздың аты-жөнiн толық айтуды жөн көрмедiк). Жасы жетпiстен асып қалған бұл қандас ағамыз кезiнде Үш Отау ұйымының белсендi мүшесi болыпты. Оның айтуынша Үш Отау ұйымы Қытайдың коммунистiк Үкiметiнiң 1960-шы жылдары жүргiзген Мәдениет төңкерiсi кезеңiнде, Алтай қаласында (бұрынғы Сарысүмбе) құрылған. Ұйымның Үш Отау атының мағынасы һәм мақсаты Қазақстан мен Моңғолия және Қытай қазақтарының, яғни, үш мемлекетке бөлiнiп кеткен қазақ қауымының басын бiрiктiрiп Қазақ мемлекетiнiң тәуелсiздiгiне қол жеткiзу болған. Алғашқыда, кешегi коммунистiк жүйенiң қылышынан қан тамған алпыс-жетпiсiншi жылдары қазақтың тәуелсiз мемлекетiн құруды мұрат еткен мұндай қозғалыстың болғандығына күмәнмен қарадым. Көп ұзамай Үш Отау ұйымы туралы бiрнеше деректер қолыма тиiп, Қазақ мемлекетiнiң тәуелсiздiгi жолында күрескен Үш Отау ұйымы жөнiнде тарихи шындыққа көз жеткiзгендей болдым.

Жазушы Жәди Шәкеннiң 2006 жылғы “Үн” журналының № 3-4 санында жарияланған “Перiштелер” атты тарихи хикаясында Үш Отау ұйымын құрушы Қызырбек Оралов пен Сейiтхан Әбiлхасымовтың аянышты өмiрi баян етiледi. Үш Отау қозғалысының жетекшiсi Қызырбек Ораловты Қытай үкiметi қапияда қолға түсiрiп, өлiм жазасына кеседi. Ал, қозғалыс жетекшiлерiнiң бiрi Сейiтхан Әбiлхасымов Моңғол асып аман қалады. Қытай архивтерiнде Қызырбек Оралов хақында “Үш Отауды құрушы Алтай өңiрi газетiнiң тiлшiсi ақын Қызырбек Оралов 1968 тамыз айының жиырма екiсiнде ұсталып, 1970 жылы шiлденiң жетiсiнде жаумен тiл бiрiктiрiп отанға опасыздық жасаған керi төңкерiстiк топтың бас қылмыскерi деген айыппен өлiм жазасына кесiлген” (Бұл мәлiмет Жәди Шәкеннiң жеке қорынан алынды) деп қорытындыланған мәлiметтер бар.

Мұндағы “…керi төңкерiстiк топтың бас қылмыскерi” деген сөз, Қызырбек Ораловтың төңкерiсшiл топтың басшысы екендiгiн ұқтырғанмен, Қытай сотының бұл үкiмiнде Үш Отау туралы нақты ештеңе айтылмайды.

1990 жылдары Моңғолиядан Қазақстанға оралған Сейiтхан Әбiлхасымов Қытай қазақтарының ХХ ғасырдағы ұлт-азаттық күресi туралы бiрнеше сүбелi еңбектер жазды. Оның Жұлдыз журналының 2006 жылдың №10 санында жарияланған “Қуып келедi, қашып барамыз” атты тарихи әңгiмесiнде Алтай қазақтарының тәуелсiздiк жолында Қытай коммунистерiне қарсы ұйым құрып күрескендiгi сөз болады. Бұл тарихи әңгiмеде Үш Отаудың аты аталмағанмен, олардың құрған ұйымының, бiз сөз етiп отырған Үш Отау екендiгiн байыптау қиын емес. Бiрақ, шығармада ұйым жетекшiлерiнiң тым ерте қолға түсуiне қарап, Үш Отау қозғалысының кең көлемде бұқаралық сипатқа ие бола алмағандығын аңғарамыз.

Үш Отау ұйымы шын мәнiнде жоғарыдағы үш мемлекетке телiм-телiм болып бөлiнiп кеткен қазақтың басын қосуды мұрат еткен бе? Жоқ әлде, Қ. есiмдi қандас бауырымыздың жәй айта салған сөзi ме?

Әдепкiде, “Үш Отау бәлкiм баяғы Көлбай Тоғысовтың Үш Жүз партиясының жаңа атауы емес пе?” деген де ой келдi. Бiрақ, 1918 жылы Алаш Орда Үкiметi Көлбай Тоғысовты өлiм жазасына кескеннен кейiн, Үш Жүз партиясы қайта тарих сахнасында көрiнген емес. Сонымен бiрге жазушы Жәди Шәкен “Перiштелер” атты шығармасында Үш Отауға Қазақпен бiрге Ұйғыр және Моңғол азаматтарының да мүше болғандығын айтып өтедi. Осыған қарап Қытайдың озбыр саясатына қарсы Қазақ, Ұйғыр, Моңғол болып Үш Отау ұйымын құрды ма екен деген ойға берiлдiм. Бiрақ, санамда қылаң берген бұл ойдың еш қисыны жоқ едi. Себебi, Үш Отау қозғалысы Алтай өлкесiн ғана қамтыған. Ал, Алтай өлкесiнде ұйғырлар мен моңғолдар некен-саяқ. Сондай-ақ, Шыңжандағы қырқыншы жылдардағы ұлт-азаттық төңкерiске Үш Аймақ төңкерiсi деген де атау берiлгендiгi белгiлi. Үш Аймақ төңкерiсi — Iле, Тарбағатай, Алтай өңiрiндегi аз санды ұлттарды Қытайдың отаршылдық саясатына қарсы көтерiлiсi болатын. Үш Отау бәлкiм Үш Аймақ төңкерiсiнiң заңды жалғасы ма? Бұл пiкiрiмнiң де еш ретi жоқ едi. Өйткенi, Үш Аймақ үкiметi тiкелей Кеңес үкiметiнiң коммунистiк түзiм орнатуымен құрылды (Қараңыз: Х.Оралтай. Елiмайлап өткен өмiр. “Оспан батырдың “Орыс ойыншығы — Үш Аймақ үкiметiне” қарсы шығуы” атты бөлiм. Алматы, 2005). Ал, Үш Отаудың Қытай мен Моңғол қазақтары және Қазақстанды бiрiктiрiп, ұлттық мемлекет құруды мұрат етуi, бұл қозғалысқа Кеңес үкiметiнiң ықпалының болмағандығын көрсетедi.

Жиырмасыншы ғасырдағы тарихқа көз жiберсек, күллi Қазақтың басын бiрiктiрiп тәуелсiз мемлекет құруды алғаш рет Алаш арыстары арман еттi. Үш Отаудың да мұраты – үш мемлекетте жатқан қазақтың басын қосып бiртұтас мемлекет құру болды. Алаш пен Үш Отау идеяларының үндестiгi жәй кездейсоқтық па? Жоқ әлде, заңды сабақтастық па?

2004 жылғы Шыңжан қоғамдық ғылымдар институты журналының №3 санында Қалиолла Мұртазаұлының “Әншi Әсет” атты мақаласында, Алаш Орда үкiметiнiң жетекшiсi Әлихан Бөкейхановтың Қытай қазақтарына үндеу хат жазып, оны Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Райымжан Мәрсеков қатарлы күрескерлерге Шыңжан қазақтарына жеткiзудi тапсырғандығы айтылады. Бiрақ, мақалада бұл хаттың мазмұны хақында нақты ештеңе айтылмаған. Дегенмен, жоғарыдағы азаматтардың Шәуешек қаласында Құлжа мен Тарбағатай өңiрiнiң игi жақсыларымен жиын оздыруы және Ахмет Байтұрсыновтың Алтай қазақтарына хат жазып, оны жеткiзудi Әсетке тапсыруына қарап үндеу хаттың мазмұны Алаш идеясын Шыңжан қазақтарына насихаттауды көздеген деп тон пiшуге болады.

Бiздiң бұл ойымызды 2007 жылы “Ана тiлi” газетiнiң №33 санында жарық көрген Уахап Қыдырханұлының “Мiржақыптың Өр Алтайдағы iздерi” атты мақаласы қуаттай түседi. Бұл мақалада шығарма иесiмен сұхбаттасқан жасы сексеннiң сеңгiрiне шыққан Жапабай болыстың немересi Әкiрамбек ақсақалдың жоғарыдағы Алаш азаматтарының Шәуешекке келуi хақында: “Олардың мұнда келуiнде екi мақсат болыпты. Бiрi – ақ пен қызыл арасындағы аласапыранда үркiп, үдере көшiп кеткен елдiң жағдайын бiлу, көнсе қайта көшiру. Екiншiсi — Алаш Орданың ауқымын осы жақтағы елде де ұлғайту болыпты” деп айтуынан, Алаш идеясының сол жиырмасыншы жылдары Шыңжан қазақтарына таралғандығын аңғарамыз. Сондай-ақ, ақ пен қызылдың тартысынан басқа отызыншы жылдардағы үркiншiлiк кезiнде де қазақтардың Жоңғар Алатауынан асып ауа көшкенi белгiлi. Бұл кезде Алаш Орда үкiметi құлағанмен, қозғалысқа дем берген би-болыстардың бiр сыпырасы Алаш идеясын өлтiрмей Шыңжанға ала кеткен болатын.

Алаш идеясы Алтай қазақтарының 1938 жылы Ырысхан мен Есiмхан бастаған көтерiлiсi және 1941 жылдан 1951 жылдар аралығындағы Оспан батырдың көтерiлiсiне жанама түрде болса да әсер еттi. Бүгiнде Шыңжан қазақтарының бұл төңкерiстерi туралы зерттеушiлер арасында екi ұдай пiкiр бар.

Тарихшылардың бiр тобы; “Ырысхан, Есiмхан, Оспандардың көтерiлiсi – Шыңжандағы аз санды ұлттардың басын бiрiктiрiп, Шығыс Түркiстан Ислам мемлекетiн құруды мақсат еткен” дейдi. Оған дәлел ретiнде 1945 жылы Шығыс Түркiстан Ислам мемлекетi құрылып, оған басшы болған Әлихан төре мен Оспан батырдың Қытайға қарсы тiзе қосып күрескендiгiн алға тартады (Гулшiн Шандароғлу. Доғу Түркестанның қаһарманы Оспан батыр. Ыстанбул. 2006).

Тарихшылардың келесi бiр тобы Шығыс Түркiстан Ислам мемлекетi құрылмастан халық Оспанды Алтай қазақтарының ханы етiп сайлағанын, сондай-ақ, Оспан батырдың көтерiлiсi Шығыс Түркiстан қозғалысынан бiрнеше жыл бұрын басталғандығын алға тартып, бұл төңкерiстердiң Қазақ халқының азаттық алу жолында болғандығын айтады (Қараңыз: Тұрсынхан Зәкенұлы. Оспан батыр. Жас Түркiстан. 1999, №2).

Осы екiншi пiкiр шындыққа жақын секiлдi. Өйткенi, Оспан батыр көтерiлiсшiлерi Шығыс Түркiстанның ай-жұлдызды жасыл туын емес, Абылайдың ақ туын көтерiп жүрген (Жәди Шәкенұлы. Алтайдың ақиық батыры. Шалқар, 1998, қазан — 1999, наурыз). Сонымен бiрге, Шығыс Түркiстан көтерiлiсi басшыларының бiрi қырғыз генерал Ысқақбек Мононов Оспан батырға Шығыс Түркiстан Ислам мемлекетiнiң ай-жұлдызды орденiн тақпақ болғанда, Оспан Батыр: “Мынау қатындардың шолпысы секiлдi бiрдеңе ғой” деп ордендi қасында отырған бәйбiшесiне беруi, (Сейiтхан Әбiлқасымұлы. Оспан батыр. Қазақ әдебиетi. 1994. №42), Оспанның Кеңес үкiметiнiң көлеңкесiнде құрылған Шығыс Түркiстан мемлекетiне мойынсұна қоймағанын көрсетедi.

Оспан батырдың көтерiлiсiне Алаш идеясының арқау болғандығына соңғы кезде тапқан нақты дерегiмiз – Соян Қажыбайұлының “Iсләмұлы Оспан батыр” атты мақаласы болып отыр. Шығарма иесi өз мақаласында кезiнде тыңшы, чекист болған Марқаба ақсақалдың мына сөзiн айтып өтедi; “…Мен 1935 жылы Моңғол үкiметiнiң Iшкi iстер органынан мынандай тапсырма алдым: “Оспан қазақтың Алаш партиясымен байланыс жасайды екен. Солардың тапсырмасымен Моңғол, Қытай, Қазақстандағы қазақтардың басын қосу немесе үш отауды бiр мемлекет құру туралы тапсырма алыпты. Соны анықта” дедi. Мен Оспанның жанында екi жыл жүрiп нақты мәлiмет ұстай алмасам да, Оспанның: “Әлихан Бөкейханов; түбi телiм болған қазақтар басын қоспай қазақ — қазақ болмайды дептi” дегенiн бiрнеше рет естiдiм” (Соян Қажыбайұлы. Iсламұлы Оспан батыр. Оспан батыр. 169 бет. Алматы — 2007).

Бұл дерек Оспан батырдың көтерiлiсiн Шығыс Түркiстан емес, Шығыс Қазақстан үшiн болған көтерiлiс деп қорытуымызға негiз бола алады. Сондай-ақ, аталмыш дерек Қызырбек Ораловтың алпысыншы жылдары құрған Үш Отау ұйымының шығу тегiн бiзге анықтап берiп отыр. Яғни, Үш Отау ұйымы шынында да Моңғол, Қытай, Қазақстандағы қазақтардың басын бiрiктiрiп, тәуелсiз мемлекет етудi мұрат еткен. Нақтырақ айтар болсақ, Үш Отау атты саяси терминдi Үш Отау ұйымының жетекшiсi Қызырбек Оралов қалыптастырмаған. Үш Отау терминi сонау отызыншы жылдары айтыла бастаған. Бұл саяси терминнiң пайда болуына тiкелей Алаш идеясы арқау болған. Қызырбек Оралов құрған Үш Отау ұйымы осы Алаш қозғалысының заңды жалғасы деп тұжырымдауға болады.

Үш Отау қозғалысының үш мемлекетке тiлiм-тiлiм болып бөлiнiп кеткен қазақтың басын қосуды мұрат етуi щовинистiк пиғыл ма? Жоқ әлде тарихи сабақтастықтан туындаған идея ма?

Бүгiнгi таңда Өр Алтай тауының батыс беткейi ғана тәуелсiз Қазақстанның құрамында. Әсiлi, Өр Алтайдың төрт қапталында ежелден қазақтар мекендеген. Терiскей тұсындағы Ресейге қарасты Қосағаш ауданы түгелiмен қазақтың атамекенi. Шығысындағы бүгiнгi күнi Моңғолға қарасты Қобда беткейi сонау Һұн, Түркi қағанаттары, Керей, Найман хандықтарына құнарлы мекен болған. Қазақ хандығы мен Жоңғар хандығы осы өңiр үшiн екi жүз жылдай бiр бiрiмен қырқысты. Жоңғар мемлекетi жер бетiнен жойылған кезде (1757), Абылай хан Цинь патшасымен дипломатиялық күрес жүргiзiп, Алтай тауының шығысы мен оңтүстiк беткейiн ресми түрде Қазақ хандығына қаратқан болатын (Цинь патшасы “Гаузүун патшалығының орда естелiгi”. 793 том. 20 бет. Тайпей 1964).

Абылай хан өлгеннен кейiн Жетiсу мен Тарбағатай және Алтай қазақтарына Әбiлпейiс хан билiк жүргiздi. Әбiлпейiс хан өлгеннен кейiн оның баласы Көгедай хан 1791 жылы Қытайға протекторат ретiнде бағынып Алтай тауының шығысы мен күңгейiне Абақ Керей хандығын құрды (Асқар Татанайұлы. “Тарихи дерек. Келелi кеңес”. Шыңжан халық баспасы. 1993 ж). 1871 жылы Ресей мен Цинь империясының өзара келiсiмiнде шекара белгiлерiн орнатуы, бiртұтас отырған қазақты екiге бөлiп жiбердi. Ал, Абақ Керей елi 1911 жылға дейiн Цин империясына бағынышты болды (Мұхан Исахан. Абақ Керей хандығы. Қазақстан Заман. 2007 №30).

1911 жылы Цин империясын жойған Сунь Яциннiң Қытайды бiртұтастандыру реформасы Алтай қазақтарын iшкi егемендiгiнен айырды. Алғашқыда Қытайдың бұл реформасына қарсы Алтай өлкесiнде Зуха батыр көтерiлiс жасады (Қараңыз: Батырхан Құсбегiн. Зуха батыр. Шыңжан баспасы. Үрiмшi — 2002). Зуха батырдан кейiн Қытайға қарсы күрескен Бөке батыр болды (Шәмiс Құмар. Бөке батыр. Шыңжан баспасы. Үрiмшi — 2002). Алайда, Зуха батыр мен Бөке батыр көтерiлiстерi стихиялы түрде өрбiдi. Ал, отаршылдықтың темiр шеңгелiнен құтылу үшiн Шыңжандағы күллi қазақ көтерiлуi тиiс едi.

ХХ ғасырдың қырқыншы жылдары Қытай басқыншылығына қарсы нәтижелi күрес жүргiзген Оспан батыр болды. Оспан батыр 1944 жылы, Гоминдань басқыншыларын тас-талқан етiп жеңiп, Уақытша Алтай мемлекетiн құрды (Гулшiн Шандароғлу. Доғу Түркестанның қаһарманы Осман батыр. Ыстанбул — 2006). ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Абақ Керейдiң егемендi ел ретiнде өмiр сүргендiгi, Оспан көтерiлiсiне идеялық тұрғыдан ықпал еттi. Сонымен бiрге, Қытай қазақтарына Алаш идеясының таралуы да Оспан көтерiлiсiнiң бұқаралық сипатта өрбуiне мейлiнше әсер еттi. Себебi, Оспан батыр көтерiлiсiн тек Абақ Керей емес, Шыңжандағы күллi қазақтар қолдады.

ХХ ғасырдың басындағы Қытай қазақтарының империалистiк жүйеге қарсы жасаған көтерiлiстерi ұлт-азаттық сипатта өрбiдi деуге толық негiз бар. Өйткенi, Iле, Тарбағатай, Алтай өлкелерiн ежелден Қазақ тайпалары жайлаған. Бұл өлкелердi 1770 жылдары Цинь патшасының ресми түрде Абылай ханға бергендiгiн жоғарыда айтып өттiк. 1791 жылы Көгедайдың тұсында Абақ Керей елi Цинь патшалығына сыртқы саясатта бағынғанмен, iшкi егемендiгiн толық сақтай алды. Демек, Үш Отаудың үш елдi қатар жайлаған қазақтың басын қосып, тәуелсiз мемлекет құруды мұрат етуiнде ешқандай бiр щовинистiк пиғыл жоқ. Бұл тарихи сабақтастық негiзiндегi ұлттық идея болатын.

1951 жылы Оспан батырдың көтерiлiсi жаншылғаннан кейiн, Қытай коммунистерi Шыңжанда отарлауды одан арықарай жалғастырды. Әсiресе, Мәдениет төңкерiсi кезiндегi хунебейндiк қозғалыс Алтай қазақтарын әбден титықтатты. Осы шақта ұлт-азаттық күрестi ту етiп Үш Отау ұйымы тарих сахнасына шықты. Алайда, қазақтың өз iшiнен шыққан опасыздар ұйым жетекшiлерiн Қытай жендеттерiне ұстап беруiмен Үш Отау қозғалысының да ғұмыры келте болды. (Сейiтхан Әбiлхасымов. Қуып келедi. Қашып барамыз. Жұлдыз журналы. 2006 жыл. №10)

Сөз соңында айтпағамыз Алаш және Үш Отау қозғалысының көсемдерi мырышқа түйрелiп көздеген мұратына жете алмағанмен, бүгiнде үш елдi қатар жайлаған Қазақтың басын қосу идеясы әлi өмiршеңдiгiн жоғалта қойған жоқ. Қазақстан тәуелсiздiгiн алғанға дейiн Алаш және Үш Отау идеясын шет елдерде Қарыс Қанатбай, Хасан Оралтай сынды азаматтар ұдайы насихаттап келдi. Алаш және Үш Отау идеясын насихаттау бұдан арықарай да жалғасын табуы тиiс-тi. Өйткенi, Алаш және Үш Отау идеясы ұлтымыздың ұйысып, кемелденуiне арқау бола беретiндiгi хақ.

Мұхан ИСАХАН

Серіктес жаңалықтары