ГАЗАДАҒЫ ҚАРУЛЫ ҚАҚТЫҒЫС БЕЙКҮНӘ ЖАНДАРДЫ ҚЫРШЫНЫНАН ҚИЮДА

ГАЗАДАҒЫ ҚАРУЛЫ ҚАҚТЫҒЫС БЕЙКҮНӘ ЖАНДАРДЫ ҚЫРШЫНЫНАН ҚИЮДА

ГАЗАДАҒЫ ҚАРУЛЫ ҚАҚТЫҒЫС БЕЙКҮНӘ ЖАНДАРДЫ ҚЫРШЫНЫНАН ҚИЮДА
ашық дереккөзі
222

Газа аумағындағы қарулы қақтығыстарда жүздеген адам қаза тапты. Израиль кезенген қарудан ажал құшқан палестиналықтардың басым бөлiгi – бейбiт тұрғындар. Араларында балалар мен әйелдер, қарт адамдар бар. Әлем назары қанды қырғынға ауған шақта халықаралық БАҚ Газадағы мектептi бомбалаған Израильдiң қатiгездiгiн, еуропалық шенеунiктердiң босбелбеулiгiн қатаң сынға алды.

Былтыр тамызда Қап тауының етегiнде басталған қанды қырғын жыл соңында Газа аумағына ұласты. ХАМАС мүшелерiн құрықтауды сылтауратып, Газадағы мектептердi, бейбiт тұрғындар тұратын аумақтарды атқылаған Израиль әскерилерiнiң қолынан жүздеген күнәсiз жан ажал құшты. Олардың арасында балалар, әйелдер мен қарттар бар. Батыс Израильдiң қаһарына ұшыраудан қорқып, соғысты тоқтатуды қатаң талап етуге батпай отыр. Есесiне, еуропалық БАҚ белсендi. Олар Еуроодақ пен кейбiр бұқаралық ақпарат құралдарынан еврейлердiң қарапайым халықты қанға бөктiрген әрекеттерiн ақтайтын мақалаларды жариялауға тыйым салу керек деген ұстанымда. Либерал-демократтық партия көсемi Ник Клегг ағылшын премьерi Гордон Браунды Израильге қару сатуды доғаруға шақырды. Бiрiккен Ұлттар Ұйымындағы ливиялық делегация Қауiпсiздiк Кеңесiне Газа аумағындағы ахуалға қатысты қарарды енгiзе отырып, соғыс жүрiп жатқан жерге халықаралық бақылаушылар күштерiн орналастыруды ұсынды. Екi жақты татуластыру мақсатында әрекет етiп жатқандар қатарында Франция президентi Н.Саркози, Түркия премьерi Р.Ердоған, т.б. бар. Президенттiк қызметi аяқталуға санаулы күндер қалғанда Джордж Буш Изарильдiң әрекетiн толық қуаттайтынын ашық мәлiмдеп, еврейлердiң қолтығына су бүркiдi. Ал қызметiне 20-қаңтардан бастап кiрiсуi тиiс жаңа президент Барак Обама ресми ұлықтау рәсiмiнiң өткiзiлмегенiн көлденең тартып, Палестина мен Израиль арасында орын алған қарулы қақтығыстар туралы жақ ашпай отыр. Әлбетте, оның бұл қылығын сынға алған жақтастары жеткiлiктi. Солардың бiрi – демократ Барни Франк. Ол Обаманың үнсiздiгi АҚШ-қа бүйрек бұратын кейбiр араб елдерiнiң қатарын сиретедi деп алаңдайды. Бүгiнде Жер шарының түкпiр-түкпiрiнде Газа секторының ойран-топанын шығарған Изарильдiң басқыншылық әрекетiн сынға алғандардың наразылық шерулерi жиiлеген. Венесуэла билiгi наразылық шарасы ретiнде Израиль елшiсiн Венесуэладан қуып жiбердi.

Ресми мәлiметтерге сүйенсек, ұрыс басталғалы берi Газадағы Деир әл-Балах, Хан-Юнис, Рафах, Газа сити, Джабалия, Бейт-Ханун, Бейт-Лахиямен бiрге босқындар лагерi орналасқан Ябна бомбаланған. Ал израильдiк аймақтан Нетивот, Ашкелон, Сдерот, Беэр-Шеваға шабуыл жасалынған. Сондай-ақ, Нагария қаласына Ливан жақтан бiрнеше зымыран тасталыныпты. Кеше таң ата израильдiк жаяу әскер мен ауыр артеллериясы Газа аумағының оңтүстiк бөлiгiне дендеп ендi.

Қазiргi кезде соғыстан қаза тапқан бейбiт тұрғындар саны сағат санап өсуде. Израиль Газа аумағына журналистердi кiргiзуге қатаң тыйым салған. Осының кесiрiнен адам шығынына қатысты тәуелсiз дерек көздерiнiң мағлұматтарын алу мүмкiн болмай отыр. Алайда, палестиналық дәрiгерлер берген соңғы мәлiметтерге жүгiнсек, 683 палестиналық ажал құшса, 3 мыңнан астамы жарақат алған. 6 қаңтар күнi Газадағы Бiрiккен Ұлттар Ұйымы ашқан мектеп бомбаланды. Осының салдарынан 48 адам қаза тапты. Олардың басым бөлiгi – балалар. Еврейлердiң әскерилерi атыстың мектеп төңiрегiнен басталғанын айтып ақталуда. Қазiргi таңда Газадағы ауруханаларда ине шаншар орын жоқ. Егер кезенген қарулар толас таппаса, қаза тапқандар мен жарақат алғандар саны өсе берерi айқын. Соғыс басталғалы берi 7 израильдiк әскер мен 4 бейбiт тұрғын ажал құшқан. Қазақстандық азаматтарға келсек, үстiмiздегi жылдың 6 қаңтарында ҚР Сыртқы iстер министрлiгiнiң баспасөз қызметi соғыс өртiне оранған Палестина мен Израиль аумағынан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын екi әйел мен олардың 5 баласы Ресей арқылы елге көшiрiлiп әкелiнгенiн мәлiмдедi. Әйелдердiң бiрi Ашхабадтағы туыстарына, ендi бiрi Алматыға оралған. Қарулы қақтығыстардың бастапқы кезеңiнде бiр кездерi палестиналықтарға күйеуге тиiп, елден жырақ кеткен 15 келiншек Қазақстанға қайтудан бас тартқан болатын. Бүгiнде соғыс аймағында қалған жетi отандасымыз Туған жерге қайтуға тiлек бiлдiрiп отыр. Кеше соғыс өртiне оранған аймақтан 250 шетелдiк көшiрiп әкетiлдi.

Бейсенбi күнi Израиль мен Палестина өкiлдерi Каирдегi басқосуда тараптардың талаптарын талқыға салды. Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты құрылған төрттiк – БҰҰ, ЕО, АҚШ пен Ресейдiң ресми өкiлi Тони Блэр соғыстың тоқтатылатынына үмiт артқанмен, соғыс толастар емес. ХАМАС Изралиьден Газа аумағына қысым жасауды тоқтатуды, ал Израиль ХАМАС-тан еврейлер жерiн атқылауды доғаруды талап етiп отыр. Екi жақ келiсiмге келген жағдайда, “әдеттегiдей” қысқаша мерзiмге бейбiтшiлiк орнайды, жасырын жолдармен тасымалданатын қару-жарақ контрабандасына тосқауыл қойылуы да мүмкiн. Бiрақ сарапшылар пiкiрiнше, қарулы қақтығыстардан еврейлердiң бас тартуын ХАМАС палестиналықтардың жеңiсi ретiнде насихаттайды. Ал хамастықтарды әлсiретуге мүдделi Израильге бұл ұнамайтындықтан, аумақтағы ахуал ушыға түсуi мүмкiн деген қауiп айтады. Оның үстiне, хамастықтардың қару-жарақтан өз ерiктерiмен бас тарта қояры күмәндi. Яғни, жарты ғасырдан астам уақытқа созылған еврейлер мен арабтар арасындағы жер дауы шешiмiн таппағандықтан, қордаланған қиындықтар мен түйткiлдер сеңi бұзылмаған қалпы қалады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары