СИЫР ЖЫЛЫ ЖЕМIСТI ОЙЛАРҒА ТОЛЫ БОЛҒАЙ НЕМЕСЕ ҚОҒАМНЫҢ КЕЙБIР ДЕРТТЕРI ТУРАЛЫ

СИЫР ЖЫЛЫ ЖЕМIСТI ОЙЛАРҒА ТОЛЫ БОЛҒАЙ НЕМЕСЕ ҚОҒАМНЫҢ КЕЙБIР ДЕРТТЕРI ТУРАЛЫ

СИЫР ЖЫЛЫ ЖЕМIСТI ОЙЛАРҒА ТОЛЫ БОЛҒАЙ НЕМЕСЕ ҚОҒАМНЫҢ КЕЙБIР ДЕРТТЕРI ТУРАЛЫ
ашық дереккөзі
268

“Дүние – қолдың кiрi” деген аталы сөз социалистiк-меркантилдiк қоғаммен бiрге кеттi, ұмытыла бастады. Қазiргiнiң жасы да, кәрiсi де дүние шiркiннiң молдығын, тағам түрiнiң көптiгiн, мүлiк бiткеннiң жаңасын, жаңа болғанда соңғы үлгiдегiсiн… жақсы көредi. Рухани игiлiктер ысырылып, заттық игiлiктерге көбiрек мойынсұна бастадық.

Қазiр қалтасында ұялы телефоны жоқ мектеп оқушысы – сыныбының қоры. Ал осыдан аз-ақ уақыт бұрын, бес-алты жыл бұрын қалта телефонға тек басшылар, кәсiпкерлер, тасы өрге домалай бастаған мамандар ғана ие едi ғой. Ол кезде қалта телефон адамның мұқтажын өтейтiн құралдан гөрi кiсiнiң қоғамдағы әлеуметтiк дәрежесiне меңзейтiн заттық игiлiктiң ролiн көбiрек атқаратын. Ендi оның өз дәрежесi құлдырап, ересектер емес, жасөспiрiмдер арасында дәреже сынасу құралына айналды. Заттық игiлiктiң күнi санаулы екенi бесенеден белгiлi емес пе.

Адамның бағасы ойымен, бiлiмiмен ғана емес, киiмiмен, көлiгiмен өлшенетiн күн туды. Баспанасыз екi достың бiрi үш бөлмелi пәтерге ие болса, екiншiсi өзiн қор тұтып, достық жiбi үзiлетiндiгiн де көз көрдi. Заттық игiлiктер санамызды жаулады, тiптi рухани әлем адамдары – өнер мен әдебиет өкiлдерiнiң өздерi “жазу үшiн жағдай қажет” деп ұрандатуға шықты. Жазу үшiн салауатты психологиялық ахуал, шабыт шақыратын күй және тамақ тiлемеген қарын керек екенi белгiлi. Тек жазушы қауымның өзi шыттай шетелдiк маркалы киiм үлгiлерiмен көзге ұрып, қымбат бағалы көлiктермен ойқастап жүрудi, Алматының қуықтай пәтерлерiнен Алатау бөктерiндегi пент-хаустарға көшудi ұната бастағандығы ойлантады. Қоғамды рухани игiлiктердi бағалауға қайта үйрететiн жазушылар мен ғалымдар емес пе?

Әрине, мұның бәрi өткiншi. Өйткенi, қайталап айтайық, заттық мәдениеттiң дәуренi шектеулi. Абай тұтынған ескi жиһаздардың кейбiрiн Абай мұражайынан табарсыз, онда олардың қанша жыл сақталатыны бiр Аллаға ғана аян (әйтеуiр мәңгiлiк емес). Абайдың дана сөздерiнiң әлi қанша жасарын бiз бiлмеймiз, оны санауға Сiз бен бiздiң өмiрiмiз аздық қылады.

Ендеше, бiздiкi қай жарыс? Не дүрбелең? Той жасаса, әлдекiмнен асыра сiлтеу, киiм кисе, бағасын мақтан ету, көлiк мiнсе, қымбатырағын алуға тырысу… қайдан шықты? Әлде спартандық өмiр салтын ұстануға шақырған социалистiк жүйеде тым жұпыны жабағы өмiр кештiк пе? Бiрақ молынан iшiп-жеп, малына киiнгендер ол кезде де болған. “Қауқарың барда қарпып қал” дейтiн мәтелдiң дәуренi жүрген кез сол болатын. Осы социалистiк жүйенiң өзi бiздi заттық игiлiктiң ең жоғарғы сатысына – iшiп-жем, өмiр сүруге қажеттi заттардың бәрi тегiн болатын коммунизм заманына қарай шақырған жоқ па?

Ендеше, тоғышарлық дертi бiздi бұрынырақ шалған екен де.

Заттық игiлiктерге мойынсұнғанымыздың бiр көрiнiсi. Қашан, қалай, кiмнiң дәстүрге енгiзгенiн қайдам, қазiр тәй-тәй басқан баланың тұсауын кесу рәсiмiнде елде жоқ бiр салт қалыптасыпты: баланың алдына үш зат қойылады. Кiтап, нан және ақша. Ақша болғанда, кәдiмгi теңге. Қызылорданың халқы бұл рәсiмдi, тiптi, “заттандыра” түскен: олар баланың алдына машинаның кiлтiн, қалта телефонын да қояды. Бала қайсысына бiрiншi қол созса, өмiр жолы да сол заттық игiлiкпен бiте қайнасып жатпақ-мыс. Ақшаны ұстаса, бай болады. Кiтапты ұстаса, ғалым болады. Ал нан ұстаса, тоқ болады деп жатады. Сонда мәшиненiң кiлтiн ұстаса, кiм болмақ? Ол жағы күңгiрттеу, әрине. Әйтеуiр, баласы қаз-қаз тұрған ата-ананың баласы мәшиненiң кiлтiн ұстағанда мәз болып, кейбiр жас аналардың рәсiм үстiнде “Ақшаны ұста!” деп дауыстап айтып қалып жататынын да естiдiк. Мұндай дәстүрмен жас ұрпақты да заттық игiлiктерге табынуға тәрбиелеп жатқан жоқпыз ба, осы?..

Тоғышарлық тұтынушылар қоғамын қалыптастырады. Бұл заманда өз ақылын жұмсауға ерiнетiн, өзгенiң ақылының жемiсiн жеп, дайын өнiмдi тұтынатын адамдардың саны көбейедi. Бiз көрген социалистiк жүйеге тоғышар адамдардың көбiрек болғаны тиiмдi болған шығар. Өйткенi, жүйенiң темiрқазығы – партия болғанда, iргетасын – серкенiң соңынан iлесiп жүре беретiн отардай момын қауым құрайтын. Партиялық құрылысты жандандыруға керек адамдарды електен өткiзгендей сүзiп алып, Партия өзi таңдап, жоғарылатып отырған.

Ал демократия өзiнiң ең жақсы мағынасында мемлекеттiң төменнен, қара халықтың тарапынан басқарылуын құптайды. “Демократия да қоғам дамуының ең жақсы үлгiсi емес, бiрақ адамзат одан жақсы жүйенi әлi ойлап тапқан жоқ” деген Черчилль. “Халық деген – тобыр” деген Марк Твендi қазақтың “Ел iшi – өнер кенiшi” деген сөзi жоққа шығарады. Өнер – бар жақсылықтың бастауы, ойдың қайнары. Ендеше, үздiксiз дамуды тiлеген қоғамда басы артық, қажетсiз адамдар болмауы керек. Әрбiр адам жақсылыққа ұмтылу арқылы айналасын да жақсылыққа үндей алады. Сонда қоғамның түзелуi әрбiрiмiздiң қолымызда емес пе? Төменнен басқарылу дегенiмiздiң өзi осы емес пе?..

Заттық игiлiктерге табыну қатiгез адамдар қатарының көбеюiне әкеледi. “Дүниенiң басы – сайран, аяғы – ойран” демекшi, дүние қуған түбiнде қайырсыз, жалғыз қалмақ. Ата-анасын Қарттар үйiне өткiзген балаға да, iштен шыққан шарананы тастанды қылған анаға да таң қаламыз, жақтырмай таңдай қағамыз. Шын мәнiнде, бұл екi жағдайда да кiнәлi тек бiр адам емес. Қайырсыз iс қылған жанның жақын-жуығы, туыстары, қала бердi достары, көршiлерi, түптеп келгенде тұтас қауым немесе қоғамның өзi кiнәлi.

“Кiм де кiм жаман болса, замандастарының бәрi виноват” деп Абай атамыз ненi меңзедi десеңiзшi?!

“Жақсы адамдар жауыздыққа қарсы тұрмаған кезде жамандық көбейедi” деген сөз бар. “Много зла совершаются из-за того, что добрые люди молчат”.

Айдың арғы бетiне үңiлсек, атасын ошақ басынан аластатқан бала кiмнен туды, неден ондай болды? Оған қатiгездiктi кiм үйреттi? Исламда бала – ата-ананың аманаты дейдi, ендеше ата-ананың ең басты мiндетi – балаға жақсы тәрбие беру. Балаға жақсы тәрбие бере алмаған ата-ана қартайғанда одан рахат көрмедiм деп неге ренжидi?

Ал тоғыз ай құрсағында, жүрегiнiң астында бүлкiлдеп жатқан нәрестенi, кейде тiптi бес-алты ай көз алдында өсiп, жетiлiп қалған сәбиiн қай ана көзi қиып қоқысқа тастайды? Ана құрсағында жүрегi жаңа соға бастаған бiр айлық баланы iште өлтiруге кiмнiң дәтi шыдайды? Бiз газеттен, теледидардан адам жиренетiн трагедияның, өмiр сұмдығының тек соңғы нәтижесiн көремiз, бiрақ зұлымдықтың қайдан шығып, қалай жасалғанын бiлмеймiз, тамырын көрмеймiз. Шындығына келгенде, мына жалған дүниеде әркiм өз қайғысымен әуре. Өзгенiң трагедиясының себебiне үңiлiп, iзденгiмiз де келмейдi.

Баласын қоқысқа тастаған жасөспiрiм қыз өз шешесiнен мейiрiм көрдi ме? Мейiрiм көрсе, неге оның кешiрiмiн күтпейдi? Шын мәнiнде, ол жасөспiрiм қыз жауыздықтың құралы емес, құрбаны. Өз басына келетiн зауалдан қорқып, қоғамның қаталдығынан сескенiп, қылмысқа амалсыз барады.

Қылмыскердi ақтау ниетiмiзде жоқ, дегенмен, әр қауым өзi тудырған құбыжықтармен алысатыны рас. Америкалықтар семiздiкпен, еуропалықтар саналы, жоспарлы бедеулiкпен, жапондықтар мектеп оқушысының деңгейiндегi сауатсыздықпен күресiп жатыр. Бiз немен күресуiмiз керек? Дертiмiз не екенiн бiлмей, оның емiн iздеу де қиынға түспек.

Сонымен, қоғамның дертi неде?

Санамалай бастасаң, дерт те көп, ой да көп, уайым да көп. Тiлдiң шұбарлануы, қоғамда бiр-бiрiне түсiнiгi қайшы екi Сананың өмiр сүруi, Дiлдiң әлсiздiгi, Дiннiң бұзылуы – дертiмiздiң асқынғандығының көрiнiстерi ғана, басқаша айтқанда, нәтижесi.

Дерт – Жүректе шығар.

Жақсы ниет – жарты iс. Ойдың тазалығы Сөздiң дұрысталуына, Iстiң түзелуiне жетелейдi. Ал ой Жүректе сүзектен өткенде барып, жақсарады. Бiрақ қазiргi адамдар үшiн жүректiң тазалығын сақтау да қиынға соғатын сияқты.

Жүректi Иман тазартады. Иман рухты да күшейтедi. Иман әлсiрегенде, адамдар рухани игiлiктерден гөрi заттық игiлiктерге көбiрек ұмтылады.

Иманы әлсiреген адамды қауымы түзей ала ма? Сөзсiз, көмектесе алады. Ал тұтас қауым адасқанда, оларды кiм түзейдi?

Осы орайда, көнеден келе жатқан дана сөз есiме түсiп отыр: “Ас айныса не түзейдi?” деп сұрапты бiреу. “Ас айныса, тұз түзейдi”. “Тұз айныса, не түзейдi?” деген сұраққа жауап болмапты. “Халық айныса, не түзейдi?” деп сұрағанда “Халық айныса, хан түзейдi” деп жауап берiптi. “Ал хан айныса, не түзейдi?” дегенге тағы да жауап болмапты. Сондықтан тұтас қауым болып адасқаннан сақтасын.

Салыстырмалы түрде алғанда, бiз әлi жас қауымбыз, жаңа елмiз. Ендеше, дертiмiздiң көп болып, уайымның күшейiп тұруы бiз үшiн заңдылық. Мұңсыз болғаннан Құдай сақтасын. Тек уайым сарыуаымға созылмай, рухты түртiп оятып, сабырлы iске шақырып тұрсын деңiз. Сол үшiн де Ой керек, ойлау керек. Жоғары мiнберлерде, газет бетiнде, күнделiктi өмiрде, күйбең тiршiлiкте.

Сиыр жылы жемiстi ойларға тоқ болғай!

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары