ТҮБI БIР ТҮРКIМIЗ
ТҮБI БIР ТҮРКIМIЗ
Бүкiл әлемдiк ғылымдағы ғажайыптардың бiрi саналып келген көне түркi жазуының кiлтiнiң ашылуының 115 жылдығына орай ұйымдастырылған Қыздар педагогикалық университетi “Түбi бiр түркiмiз” атты фестиваль ұйымдастырған едi. Бұл фестивальдiң мақсаты — түркi жұртына ортақ тарихты, әдебиеттi, жазу тарихын, мәдениеттi, көркем өнердi, сәулет өнерiн, сурет өнерiнен тарихи тағылым алып қана қоймай, бүгiнгi ұрпақтың бабалар жолын ұлағатты жалғастырушысы екенiн, сонымен бiрге түркi жұрты табынар, сыйынар орталық қазақ жерi, ежелгi Түркiстан ордасы екендiгiн ұғындыру болды.
Бұған қоса бiздiң отанымызда бiр құдықтан су iшiп, бiр таба нанды бөлiп жеп отырған түркi халықтарының өкiлдерiнiң: қазақ, ұйғыр, түрiк, түркiмен, татар, қырғыз, өзбек және т.б. ұлт өкiлдерiнiң жүрегiндегi бауырмалдық сезiмдi ояту, халықтар достығын насихаттау мақсаты өткiзiлген шараның биiк идеяларының бiрi болды. Аталған ұлт өкiлдерiнiң салтынан, тiлiнен, музыкасынан, тарихынан ұқсастықтардың барын көрсетiп, түп-тамырының тереңнен бастау алып жатқандығын, түркi деген алып еменнiң, кәрi еменнiң тарам-тарам тамырының үлкен бiр көзден нәр алып жатқандығын аңғарту болатын.
Бiр апта бойы өткен фестивальдiң алғашқы күндерi ашылу салтанаты мен тақырыпқа байланысты ашық сабақтар жүргiзiлдi. Студенттер мұражайлар мен түркi халықтарының жекелеген орталықтарына барды. Этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлымен болған кездесу студенттер жүрегiне жылы естелiк қалдырды. Ғалыммен кездесу студенттер үшiн көп жаңалықтардың көзiн ашты. Түркi мәдениетi, түркi сөзi, қазақтың сөз байлығы, таным мен парасат биiгi сияқты ұлттық құндылықтардан сыр шерткен бұл дәрiс тыңдармандар жүрегiне ой салды.
Соңғы екi күн фестивальдiң ең қызықты, шешушi күндерiне айналды. “Бiлiмдi мыңды жығар” атты бiлiм сайысы — студенттердiң түркiтануға қатысты бiлiмдерiн, сонымен бiрге өздерiне бөлiнiп берiлген ұлт тарихына, тiлiне, әдебиетiне, өнерiне байланысты сұрақтарға жауап бердi. Әсiресе студенттердiң түркi жазба нұсқаларын мүдiрмей оқуы, түркi тарихы мен әдебиетi, тiлдiк құрылымы сияқты сұрақтарға жарыса жауап беруi — фестивальдiң өз мақсатына жеткендiгiн дәлелдей түстi. Бұл сайыста “Қырғыздар” тобы ерекше бiлiмiмен көзге түстi.
Келесi күнi тамырын тереңнен тартқан түркi жұртының салт-дәстүрiнде де ұқсастықтың бар екенiн көрсеткен тамаша сайыс өттi. Бұл сайыс бiрнеше кезеңнен тұрды. Бiрiншi, “Танысайық сiз бен бiз” сайыс түрi бойынша әрбiр ұлт өкiлдерi өздерiнiң ұлтын көрермендерге таныстырды. Бұл сайыс өз ұлтының қандай қасиеттерiмен мақтана алатынына, мақтан тұтар ұлы тұлғаларының бар екендiгiмен, жерiмен, елiмен, ауасымен, тауымен мақтанатындығын көрсету арқылы жүрекке iзгi сезiм ұялатты. Сонымен қатар “Кел, билейiк” сайысы, “Өлең — сөздiң патшасы”, “Салт-дәстүрiм — тiрегiм”, “Ас — адамның арқауы” атты номинациялар бойынша өз өнерлерiн көрсеттi. Айталық, құдiреттi поэзия күшiмен көрермендер жүрегiне жол таба бiлген түрiк тобы болса, салт — дәстүр сайысынан ұйғыр тобы жеңiмпаз атанды. Сондай-ақ, ұлттық ас мәзiрiн дайындауда түрiкпен, түрiк топтары биiктен көрiнсе, мың бұралған биiмен өзбек, қырғыз топтары көрермендерiн тәнтi еттi. Ал, ұлттық көрменi насихаттаудан ұйғыр, татар топтары үздiк нәтижеге ие болды. Фестивальға қонақ ретiнде түркi халықтары мәдени қорының президентi, “Түркi әлемi” халықаралық газетiнiң бас редакторы Ахмет Дағдұран, Түркия елшiлiгiнiң дiни кеңесшiсi Ариф Гекче, Түркия елшiлiгiнен келген қонақ Нұреддин Тоқай, түркi халықтары мәдени қорының атқарушы директоры Дариға Жүнiс, түркi халықтары мәдени қорының “Түркi әлемi” халықаралық газетiнiң тiлшiсi Дәулетбекова Раушан, С. Демирел университетiнiң проректоры Мехмед Изол Әли Камран, Кувейт-түрк балкан өкiлi Бекир Сөнмез, түркi халықтары мәдени қорының мүшесi, ақын Қалжанова Жақсыгүл, ұйғыр халқының еңбек сiңiрген әртiсi Зухра Каримова, ҚР еңбек сiңiрген әртiсi, татар-башқұрт ұлттық мәдени орталығынан Әлiбек Жаңбырбаев, татар-башқұрт ұлттық-мәдени орталығынан педагог-композитор Тамендаров Ғалымжан Гиряевич мырза және жастар комитетiнiң өкiлдерi шақырылды.
Түбi бiр түркi жұртының тiлi мен өнрiн, салт-дәстүрiн паш еткен бiр апталық шара студенттердiң де, көрермен мейiрiн де қандырды. Түркi жұрты түгел бол деп ұрандайтын қазақ жерiндегi игi бастама жыл сайын жаңарып, жалғасын таба бермек деп ойлаймыз.
Айгүл САТБЕКОВА