БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ ШЕРТКЕН СЫР

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ ШЕРТКЕН СЫР

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ ШЕРТКЕН СЫР
ашық дереккөзі
346
СЕЙФУН
 

— Мен 1936 жылдан бастап Қиыр шығыста болдым. Сен ол кезде қанша жаста едiң?

— Әлi дүние есiгiн ашпағам. — Қиыр Шығыстың жазы жауынды, қысы қарлы, аязды, жерi сай-жыра болып келедi. Сай-жыраның бәрi ағаш. Ол кезде жапондар Манчжурияны алып қойған кез. Бiз Сейфун дейтiн (Сырдария сияқты) өзен жағасында тұрдық. Сейфун-асау өзен деген ұғым бередi. Ол шекарадан 60-70 шақырым қашық. Казарма жоқ. Палаткадамыз. Төрт офицерге бiр палатка. Қыста да, жазда да сонда тұрамыз. 8306-шi полкiмiздiң командирi полковник Коваленко, штаб бастығы майор Лаский. Мен 25-26-дағы лейтенантпын. Коваленко қырықтан, Лаский отыздан асқан кiсiлер. Сейфунның жағасында бiз үш жыл тұрдық. Үш жыл iшiнде, Құдай салмасын, бiр жақсылық көрген жоқпыз. Ол кезде машина аз, жол жаман. Владий Востокпен арамыз 250 шақырымнан астам. Жауын көп, жер батпақ. Азық-түлiк таситын машина жолда тығылып, әкеле жатқанын жол-жөнекей шашып, төгетiн. Ол жеткенше әбден қорлық көрiп қиналатынбыз. Ну ағаш қой, содан үй тұрғызайық десек, жапондар ертең болмаса, бүрсүгiнi шабуылға шықпақ деп қолымыз бармады. Шекара 30 шақырым жерде, бiз резервтемiз. Отбасы, бала-шағадан хабарымыз жоқ. Отбасыңды алып келсең, сәбилердi өлтiрiп аласың. Тамақ та нашар. Қара нанның өзiн оқта- текте көремiз, кейде жетпей қалатын да кезi бар. Сейфуннан балық аулау деген де қиын. Ой, несiн айтасың, үш жыл қорлық көрдiк-ау. Мен взвод командирiмiн, артиллеристпiн. Меншiгiме Дәрiгер деген ақ ат берiлген. Әскери әзiрлiк деп бәрiмiздi ары-берi қуады. Солдаттар жаяу, жорық кезiнде оңбай шаршайды. Сейфунде кiшкентай көпiр бар. Одан бәрiмiздi бiрдей өткiзбейдi. Сейфунның ар жағы ну тайга. Тайганы сендер тағылық әлемi деп ойлайсыңдар. Менiңше, табиғат бiзден ақылдырақ тәрiздi. Тайганың заңы, менiң байқауымша, ит пен құсты өсiре бермейдi екен. Ну емендер, ну қарағайлар, ну шыршалар өседi, бiрақ олар, табиғаттың заңы болу керек, араласып емес, бөлек-бөлек өседi екен. Бүгiнде сендер мынау пәлен облыс, пәлен аудан дейсiңдер ғой, тура сол сияқты, жер ерекшелiгiне байланысты табиғат мына жерге емен, мына жерге тек қарағай өссiн деп әдейiлеп шешкендей.Таң қаларлығы — ол емендер мен қарағайларға адам қолы тиген емес. Бұл жағынан Қиыр Шығыс Африкадан кем түспейдi. Аудан-аудан болып өскен әр өсiмдiк дән, жапырақ, тамыр байлайды. Соған орай әр ауданды әртүрлi жәндiк мекендейдi. Құстардың орналасуы да солай. Мына ауданда бар құстар ана ауданда жоқ. Неге десең, олар қай жерде не өсетiнiн бiледi. Кесiртке, жылан, бақа, тағы басқалары тек белгiлi, өз ауданынан ғана қоректерiн табады. Құстар да ауданды таңдайды. Бүркiт, қаршыға тәрiздi жауыз құстар ет жейдi. Олардың iрiсi де, майдасы да кездеседi. Бәрi қай жерде не барын, қыс, көктем, жаз кезiнде қайда тiрлiк ететiнiн де бiледi. Тайгада түлкi, арыстан, жолбарыс, қасқыр да жетерлiк. Оларға да тиiп жатқан ешкiм жоқ. Олар аштан өлмесiн дегендей қоян, тышқан, мысық тәрiздi жануарлар да жыртылып айырылады. Бiрi өсiп жатады, бiрi құрып жатады. Солардың iшiндегi менi таң қалдырған бiр тышқан болды. Ол жерге ұя салмайды екен. Оны орысша белка, қазақша тиiн дейдi. Менiң Ресейдегi көргенiмнен мүлде бөлек. Тиiн тышқанның, қоянның бiр туысы болу керек. Өзi жұдырықтай ғана. Терiсi өте әдемi, құлағы қоянға ұқсайды. Қоян байғұс жерде жүгiрiп қаша алмастан қолға түседi ғой. Тиiндер нағыз спортшы-акробаттар. Зәулiм еменнiң дiңгегiн кемiрiп, қол жетпес жерге ұя салады. Табиғат қандай ақылды! Адамның қолы жетсе болды, құртады деп есептеген ғой. Бiздiң кез келген инженер тиiннiң үй салу өнерiн бiлмейдi. Олар тағы қандай таза десеңшi?! Ұясын тазалыққа сәйкестеп жасайды екен, мен әдейi көрдiм. Кiшкентай үйiнiң жанынан тағы да үй салады екен. Ол оның қоймасы көрiнедi. Тайгада неше түрлi жаңғақтар өседi. Тиiн аса бiлгiр агроном және ғалым болу керек, жаңғақтың тек жақсысын ғана таңдайды, шiрiп кетедi-ау дегенiн жыймайды. Жаңғақты қоймасына әкеп сақтайды, ауа таза болсын, жаңғақтар шiрiп кетпесiн деп ұясының аузына көк шөптi әкеп iлiп қояды. Тиiн ғалымдардың айтуы бойынша жылына үш-төрт балалайды екен. Бiр туғанда төрт-бес бала туады. Емшек емуден хабары жоқ. Балалары туғанда тiстенiп туатын көрiнедi. Жаңғаққа тiсi өткендерi тiрi қалады, тiсi өтпегендерi өледi. Өлген балаларын ұядан шығарып тастайды. Тұқымының төрттен бiрi аман қалатынға ұқсайды. Тазалықты сұмдық ұнататын аң екен. Кiшкентай тазалық болмаса, шатақ. Сонда ерлi-зайыптысы қыста жаңғақтың өспейтiнiн ескерiп, өздерiнше есеп жасап, қысқа жетерлiктей жаңғақ жинайды екен. Қиыр Шығыстың қысы қатты қыс қой, менiңше, жинағандарын өздерi де есептеп жеп, балаларына да есеппен үлестiретiн болу керек. Адам оны қарауылдап жүредi. Одан тиiндердiң хабары жоқ. Қыс түссе, семiредi. Көктемге тамағымыз жетедi деп уайым ойламайды. — Жүр, бiраз секiрейiк, — деп тысқа шығады. Тамақтары тоқ, зерiгедi ғой. — Ә, солай ма? Секiрiңдер. Екi-үш балаң шықпады. Келесi күнi шығар, — деп адам қарауылдайды. — Е, кеше үшеу едiң, ендi алтау болыпсыңдар. Ехе-хе, тағы серуендей түсiңдер, — деп адам аңдып отырады. — Ешқандай қауiп жоқ, — деп тағы далаға шыққанда мерген «бах, бах» дегiзiп бәрiн атып өлтiредi. Терiлерi бағалы. Мергенде қанағат жоқ, ұясын ақтарып, бiрiншi сортты жаңғақтарды алады. Оларды мың жыл сақтасаң да шiрiмейтiн етiп қойған. Қарағым, бұл менiң ойдан шығарғаным емес, көргендерiм…Красноярскi өлкесiндемiн. Пихтун дейтiн аудан бар. Тауға шыққанда ел ентiккен, содан Пихтун деп атаған. Ар жағы шың-құз. Жазда әрең жетесiң. Аңдарына ешкiм тимеген. Ол жердiң жыландары көп екен. Ең алғаш көргенде зәрем ұшты. Жолымызды бөгеп жыландар өтiп жатыр. Қасымдағы менi ертiп барған кiсiлер қорқар емес. Жыландар бiлектей-бiлектей, iрi болады екен. Бiрақ та олар улы емес. Тайганың шөбiн жейтiн болу керек. Ойпырмай, құстары да қызық. Жарықтықтардың кейбiреуi бiздiң көкек, қарлығаш сияқты, бiр жағынан мүлде ұқсамайды. Сенi көре салып қиқулап ұшады да, қорықпастан иығыңа кеп қонады. Астапыралла-а! Баукең балаша мәз боп күлдi. — Ойбай-ай, мынау қайтедi? — деп қолыңды сiлкисiң. Алғаш мен сөйттiм. Құстардың қорықпауына қарағанда оларды өлтiру жоқ қой. Красноярскiнiң ар жағында отыз шақырым жерде Столбы дейтiн жер бар. Бiрде соған мен де барам дедiм. Ертемен тамақ ап кеттiк. Жол жоқ. Шаршап — шалдығып, он шақырымдай жүрдiк-ау. Өлдiк-талдық дегенде бiр алаңға әзер кездестiк. Алаңның өзi кiшкентай ғана. О жақ бұ жағы екi жүз, үш жүз метрден аспайды. Алаң ортасында арал төбе бар екен. Соған бардық. Төбенiң аты төбе, тап-таза. Осы жерге қонайық дедiм мен. Примусымыз, аяқ-табағымыз бар. Кәдiмгi жабайы табиғат. Құстар именбейдi. Кекiлiктер толып жүр. Қызық көрiп, ұшып кеп иығымызға, палаткамызға қонады. Соншалық аңқау. Кiшi калибрлi мылтығымыз бар. — Атпаңдар! — Неге? — Өздерi келедi. Иығымызға қонғандарының екi- үшеуiн ұстап ап сойдық. Дауыл сындырған ағаштың кеуiп қалған бұтақтарын аралап, от жақтық. Жай ағаш су, жанбайды. Құстар отымызды қызық көрiп, тұмсығын, қанатын күйдiрiп, хақ-хақ деп ақыры қашты. Өздерiнiң тiлiмен: — Ой, бармаңдар, бiрнәрсе жарқылдап жатыр, күйiп қайттық, — деп туыстарына хабарласа керек. Құстардың, жануарлардың, өсiмдiктердiң тiлi жоқ деген қате деп ойлаймын. Әрине, оларда бiздiң тiлiмiз жоқ, бiрақ өздерiнiң тiлi бар, оны бiз түсiнбеймiз. Әрi-берiден кейiн құмырсқа жер астындағы ауа құбылысын бiздiң метрологиялық ғылымымыздан бұрын бiледi. Балықтар теңiз, мұхит құбылысын бiзден бұрын сезедi. Толқын басталар кезде төменге кетедi. Сел болатынын, жер сiлкiнетiнiн тышқандар күнiбұрын болжайды. Өсiмдiктерде де ондай қасиет мол. Мұны мен Сейфун жағасында тұрған кезiмде ерекше сезiндiм…
СIБIРЛIКТЕР
 

— Сен Сiбiрде болып па едiң?

— Жоқ. — Онда тыңда. Соғыстан кейiн, әскери академияны бiтiрген соң, өлкелiк партия комитетiнiң бюро мүшесi, өлкелiк соғыс комиссариатының бастығы, бригада командирi болып, Сiбiрдi бiр жыл емес, екi жарым жыл емiн-еркiн аралағаным бар. Бастық болғаным, үлкен болғаным рас. Бiрақ та мен көрерменмiн. Менiң көзiм жазушының, суреткердiң, оқырманның көзi. Сiбiрге қазақтың өңкей жақсылары барды. Әйтсе де олар абақта, лагерьде болды. Көбi сонда өлiп кеттi. Олар абақ пен лагерьден басқасын көрген жоқ. Тұтқында, азапта жүрдi. Жазуға мүмкiндiктерi болған жоқ, Құдай бiледi, жазған да жоқ. Сiбiрдiң қысы өте қатты болады. Кей кезде бiр жетi бойы үйден шығармай қамап қояды. Өзiң қамалмайсың, боран, аяз қамайды. Сол боранның қамауында отырып, күнделiк жазғам. Қапаста отырған кiсi ойланады ғой. Сол «Сiбiр күнделiктерiм» өте қызық. Шала-шарпы жазылған шығар. Дегенмен қызық. Сiбiрдiң адамдары өзге өлке адамдарына ұқсамайды. Олар «бiз сiбiрлiктермiз!» деп өздерiн мақтан етедi. Олар ержүрек халық. Революционерлер, айдаудағылар ұрпағы. Олармен екi жарым жыл тiлдесiп, қарым-қатынас жасағам. «Сiбiр сырын айтады сырласқанға, Сiбiр мұңын айтады мұңдасқанға» — деп басталатын өлеңiм сонда туған. Сiбiрлiктер көп халық. Оларда бiр жақсы жерi шовинизм, ұлтшылдық деген жоқ. Неге десең, Тайга өмiрi қатал. Сен орыс, мен қазақ деу атымен кездеспейдi. «Ей, адамбысың, бiрлесiп, мынаны iстейiк» — дейдi. Тайгалық бауырмалдық деген осы. Аңшылар тиiн аулайды. Оның терiсi қымбат. Нағыз аңшылардың екi мылтығы болады. Бiреуi қосауыз, екiншiсi шағын калибрлi. Қосауыз мылтық iрi аңдарды, құстарды ату үшiн керек. Аю, қасқыр, түлкi көп. Аңшылар оларды сирек атады. Сiбiрдiң түлкiсi көк келедi. Қызыл түлкi құмда болады. Көрмейсiң бе, аңдардың түр-түсi де жер жағдайына орайлас. Ақ жерде қызыл тез көрiнiп қалады ғой. Табиғат қандай ақылды, ә? Сiбiрдiң аңшылары аңға шыққанда ешкiмдi ертпейдi, жалғыз кетедi. Неге десең, атқан аңыма ешкiм ортақ болмасын, не көрсем де өзiм көрейiн дейдi. Тағы бiр қызығы, тұз бен оқтан басқа түк алмайды. Кейбiр аңшылар аялдаған жерiне күрке iстеп кетедi екен. Iшiне пеш құрады. Соған шаршағанда қонады. Құстың етiн пiсiрiп жейдi. Кетерiнде күрке iшiн сыпырып, пештi тазалап, қу ағашты жарып, үйедi. Шақпақ қалдырады. Сөйтiп өзiнен кейiн келетiн адамға бәрiн дайындап кетедi. Кiрiп барсаң, қазан тұр, мына жағында отын жиюлы. Пеш тап-таза. Тайгада шұңқыр жердiң бәрi көлшiк. Кейбiреулерi терең, кейбiреулерi саяз. Оларда балық көп болады. Тормен, немесе қолмен де ұстайды. Тағы бiр ерекшелiгi, иленбеген терi ауыр болады екен. Оны жеңiлдету үшiн аңшы тамағын пiсiрiп отырып, әлгi терiнi кептiрiп, уқалайды. Илеп, жарты салмағын жояды. Сондағы бiр қызық нәрсе, Сiбiрдiң огарка, огарек дейтiн арша сияқты бiр талы болады екен. Исi жақсы. Пышақпен кесiп, бұрышқа қойып қояды. Кеуiп қалған, шыбық сияқты нәрсе. Үйдiң бiр бұрышында бөлке нан сияқты балшық тұрады. Кiшкене тесiгi бар. Соған әлгi шыбықты сұғып, шақпақты тұтатып, от жағады. Шыбық секiлдi әлгi тал шамға ұқсап жанып, күркенiң iшiне жарық бередi. Баукең басын шайқап, таң қала сөйледi. — Өмiр қалай үйретедi, ә? Сол шыбық-шамды да күркеге бұрын келгендер дайындап кетедi екен. Бұл ғажап адамгершiлiк қой! Аңшылар бiр ай жоқ боп кетiп, қыстағына қайта оралады. 15 тиiннiң, 5 түлкiнiң, 2 қасқырдың терiсi қанжығада. Қып-қызыл олжа. Былай қарасаң, жабайы адам тәрiздi. Ал шындығында жабайы емес. Қайта олардың бұл iсi — ерлiк! Тағы бiр өте қызық заңы бар. Жүгiрiп келе жатқан аңды аңшы атып өлтiредi. Сойып, терiсiн алады. Аю ма, қасқыр ма, бәрi бiр. Ендi оны күркеге барып, илемек. Көп ұзамай соңынан бiреу қуып жетедi. — Аманбысың? Аюды өлтiрген сен бе? — Мен. — Ендеше терiсi сенiкi емес, менiкi, Бiрiншi көрген менмiн. Соңынан аңдып бiр тәулiк жүрдiм. Сенiң алдыңа бiлсең, мен айдап келдiм. — Мә, алыңыз, — дейдi атқан аңшы сөзге келмей. Баукең күлдi. — Бұл — Тайга заңы. Егер жөнге жығылмаса: — Е, сен Сiбiрдiң заңын бiлмеймiсiң?! — деп оны кiнәлайды. Қызық та әдiл заң ғой, ә? Бұған да үйреткен — өмiр. Бұл тағы еш жерде жазылмаған заң. Бұл, түсiнсек, ерлiк заңы! — Алдымен мұны мен таптым. Атуын сен аттың, оған рақмет, терiсi менiкi, — десе бiттi, таласпайды. Сiбiр халықтарының әйелдерi, әсiресе, қыздары аңшы келедi. Неге десең, қыздардың қолдары бос, ал әйелдердiң балалары бар. Үйден көп ұзап шыға алмайды. Тайга iшiнде жiгiт қызға жолығып қалса, оған тиiспейдi. Ал егер көргенсiздiк жасаса, оны басқа аңшылар атып тастайды. Қыздың көңлi жарасса, онда сөз басқа, әрине. Қандай қасиеттi заң десеңшi?! Бұл заңдарды халықтың өзi ойлап тапқан. Тағы бiр қызық нәрсе, аңға шыққанда ешкiм сөмкесiне бiр шөлмек спирт, арақ салмайды. Салса, жазаланады. Бұл — iшiп ап бiрнәрсеге ұрынбасын дегендiк. Мұның бәрi тұрмыстың шығарған заңы. Олардың: «Бiз — сiбiрлiктермiз!» — дегенде, «бiз майда емеспiз, әдiлмiз» дегендi бiлдiргендерi. Олар тағы шетiнен шыныққандар. Ауру-сырқауды бiлмейдi, балалары аязды аяз демей, жалаңтөс батырларша жүредi. Мұны саған бұрын айттым ба, айтпадым ба, шырағым, «бiз — сiбiрлiктермiз» дегендерiнiң төркiнi осыдан шығады. Короленконың Сiбiрде жүрiп жазған әңгiмелерi бар, оқымасаң оқып шық. Өте қызықты дүниелер. Ол Якутияда айдауда болған. Бұрынғы Сiбiр туралы «Қасиеттi Байқал көлi» деп Рылеев жазды ғой. Ол өлеңi кейiннен революция гимiне айналып кеттi. Мен Сiбiрдiң шет жағасын көрдiм. Сен Сiбiр туралы бiлгiң келсе, онда болғандардың шығармаларын тауып оқы. Қазақтың «үлеспеген еншiмiз» дегенiндей, олар тапқан олжасын бөлiсiп жейдi. Мынау менiкi, сенiкi дегендi бiлмейдi. Ұлы Отан соғысында сiбiрлiктер Тайга заңын сақтай бiлдi, ынтымақ танытып, адал соғысты…
ТҰТҚЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУ
 

— Үй-iшiң аман ба? Кiшкентай Баукең қалай? Қырқынан шықты ма?

— Шықты, шүкiр, денсаулығы жаман емес. — Е, айтпақшы, бiр сыбыс естiдiм. Бiрақ келiнге мен айтты демейсiң. Тiптi менiң бiлетiнiмдi сездiрме. Анау Айгүл қарындасыңды ауру деп естiдiм. Бүйрегi ауыратын көрiнедi. Оқуын бiтiрген соң оны дәрiгерге қаратыңдар. Операция жасаса, сәтiн салса, түк емес. Әйтпесе, асқынып кетiп, ауыр халге ұшырауы мүмкiн. Осылай деп оңаша келiнге айт, қарындасыңмен сөйлессiн, сен сөйлеспе. Өзi кiп-кiшкентай неме, денсаулығын жойып алса, қиын, орны толмас өкiнiш болады. Бөлме iшiн қайта үнсiздiк жайлады. — Сұрағың бар ма? — Әнеукүнi Сiбiрде жүргенiмде түрме тұтқындарымен кездестiм деп едiңiз. — Есiме жақсы салдың, балам, — дедi Баукең тұнжырай ойға батып. — Мен лагерьде бар-жоғы үш күн ғана болдым. Үш күнде байқағандарым көп. Қажет десең, тұтқындармен кездесiп, сөйлеген сөзiмдi айтып берейiн. — Қажет. — Лагерь бастықтары маған бағынышты, себебi қарамағымда әскер бар. Олар айтқандарын тыңдамай, көтерiлiс жасаған тұтқындарды: «Қазiр әскер келiп, бәрiңдi құртады» — деп қорқытады. Көтерiлiсшiлер де ақымақ емес қой, қайта, олардың көбi дерлiк шетiнен алғыр, зерек адамдар, қай жақтан қауiп төнерiн жақсы бiледi. Қиыншылық — ерiк-жiгер, қайрат-күшiңдi, ақыл, сана-сезiмiңдi, адамгершiлiк, ар-ұятыңды сыннан өткiзедi. Сендер болсаңдар жұмсақ кiлем үстiнде аунап, түзу, асфальт көшелерде бұлғаңдап, еркелеп жүрсiңдер. Көңiлдерiңе келсiн, келмесiн қиындықтың не екенiн бiлмейсiңдер… Баукең ойға батып, қайта сөйледi. — Тұтқындағыларға барғанымда менi солдаттар жан-жағымнан қоршап, асқан сақтық, қырағылықпен күзетiп жүрдi. Ол лагерь өте үлкен едi, ССРО-да одан үлкен лагерь болған емес. Жап-жас кезiм. Моңғол келiп қалды деп бәрi маған таңырқап қарайды. Қарасаңдар қараңдар деймiн iшiмнен. Ә дегеннен күзеттiң күшейгенi тегiн емес деп түйдiм. Құдайдың бергенi болу керек, менде iшкi сезiм, интуиция деген бар. Түрме бастығы лагерьдi тегiс аралатып: — Мынандай магазинiмiз, асханамыз, мәдениет үйiмiз тұтқындарға қызмет етедi, — деп бәрiн таныстырып шықты. Лагерьдегiлер жұмыс iстейдi. Тәртiп бойынша оларға қою, кейбiрiне майлы сорпа, жарты килограмм нан, жұмыс iстемегендерге жуынды-пуынды, ал жақсы iстегендерiне ақша бередi екен. Ақшаң болса, магазин ашық, бiрақ ешкiмге арақ сатылмайды. Мыңдаған тұтқын ғой. Олардың кейбiреуi жұмысқа бармай: — Мен аурумын, — деп тынығып жатады екен. Заң бойынша ауырып қалғандарға жұмысқа шық деп айтпайды. Ал жақсы жұмыс iстеп, ақша тапқандардың тамағы тоқ. — Бүгiн кiм қанша ақша тапты? — деп «ауырып» жатқандар адал тер төккендердi аңдитын көрiнедi. Ал жұмысқа бармай мүлде сарыжамбас атанатындары бастықтары екен. Бәрi соған бағынады. Астапыралла-а! Кейбiреулерi тапқан табысын жасырса, аңдушылар бiлiп қояды. Содан оны арамдық iстедiң, тапқан табысыңды жасырдың деп жазалайды екен. Тiптi кейбiрiн өлтiрiп те тастайтын көрiндi. Түсiндiң бе? — Түсiндiм. — Менiң көзiмше бiр жас жiгiттi өлтiрдi. …Енi тар жолмен келе жатқанбыз. Нанға кезекке тұрғандардың жанына жақындадық. Тұтқындар нанды талон арқылы алады екен. Бiр жас жiгiт өзiне тиесiлi бөлке нанды алып, қуанып топтан ұзап бара жатыр едi, бiр егделеу төртпақ келген тұтқын жүгiрiп қуып жеттi. — Наныңның жартысын маған бер! — Бермеймiн. Өзiмiз не жеймiз? — Мен саған жартысын бер дедiм! — Жоқ. Төртпақ келген тұтқын қойнынан қанжарын суырып ап, көз iлеспес жылдамдықпен ананың кеудесiнен төмен қарай бiр, көлденеңiнен бiр тартып жiбердi де, нанды алып, тайып тұрды. Ана байғұс шалғы тиген шөптей жапырылып, құлап түстi. Баукең баукеспе қанiшердiң жас жiгiттi қалай сойғанын тiсiн шықырлата кiжiнiп, қолын сермей көрсеттi. — Не түрме бастығы, не күзетшiлер баукеспеге бiр ауыз сөз айта алмады. Бiреуi болмаса бiреуi атып салар деп ойлап едiм, атпақ түгiлi тоқтатқан жоқ. Мен таң қалдым. Жап-жас жiгiттi тапа тал түсте, бәрiмiздiң көз алдымызда жайратып тастап, қанiшер асықпай аяңдап, тайып тұрды. Түрiм өзгерiп кеткен болу керек: — Жолдас полковник, сiз бекер босқа қиналып, қайғырмаңыз, бiз мұндайға үйренгенбiз, — деп лагерь бастығы менi жұбатты. — Мұндай iс бiзде әдеттегi iске айналған. Ашығын айтсақ, түрменiң өз королi, өз патшасы бар. Оларды жазалау, тәртiпке келтiру мүмкiн емес. Талай мәрте әрекет жасап, күресiп те көрдiк. Бәрi нәтижесiз аяқталды. Лагерь бастығы кешке қарай тұтқындарды мәдениет үйiне жинап, кездесу өткiздi. Өзi сөз сөйледi. — Бұларың қалай? Бүгiн бiр баукеспе жап-жас жiгiттiң өмiрiн қиды. Оны, әрине жазалаймыз. Заңды бұзушылар ешуақытта жазасыз қалмайды. Неге бiр-бiрлерiңнiң тамақтарыңды тартып жейсiңдер, неге бiр-бiрлерiңдi ренжiтесiңдер? Бәрiң тұтқынсыңдар, бөтен бiреуге емес, өздi-өздерiңе зиянкестiк жасайсыңдар. Бұларыңды қойыңдар. Сендер пендесiңдер. Белгiлi мерзiмге жазаланғансыңдар. Жазаларыңның мерзiмiн өтегендерiңе Совет үкiметi кешiрiм жасайды. Қатал тәртiп құрсауында жүрiп неге бiр-бiрлерiңдi ренжiтесiңдер? Бiз сендерге заңда белгiленген тағамды ғана беремiз. Ол әрқайсыларыңның өмiр сүрулерiңе жетедi. Неге бiр-бiрiңнiң қорегiн тартып жейсiңдер? Араларыңда жастар да, кәрiлер де бар. Айтыңдар, Совет үкiметiне қандай ренiш-өкпелерiң болу керек? Мен лагерь бастығы ретiнде заңда көрсетiлгендей тәртiп орнатуым қажет. Ол үшiн алдымен өз араларыңда өздерiң тәртiп орнатыңдар. Бiр жапырақ нан үшiн бiр-бiрiңдi өлтiрмеңдер. Қанiшерлердiң тiлiн алмаңдар, олар жағдайларыңды ауырлатқан үстiне ауырлата бередi. Бiз баскесерлердi бiлемiз, олардың жазасына тағы жаза қосылады. Өздерiң күнде көрiп жүрсiңдер, ылаң салатындар-араларыңдағы баскесерлер. Олар тағы ерекше қатыгез. Сендер үлкен ұжымсыңдар. Менiң лагерiмде сегiз мың тұтқын бар. Өз жағдайларыңды өздерiң ретке келтiрiп, ұйымшылдық танытыңдар. Сөйтiп тәртiп орнатыңдар. Сендер мұнда заңға қарсы шығып, қылмыс жасап, тәртiп бұзғандарың үшiн отырсыңдар. Лагерьде тағы қылмысқа барып, жазаларыңа жаза қосып алып жүрсiңдер. Әрине, шындықты айтуым керек, бәрiң бiрдей баукеспе емессiңдер. Араларыңда аз ғана топ бар. Солар сендердi бұзып жүрген. Олармен күресу бiзге қиын соғып келедi. Араларыңда оларды жасырын қолдайтындар да бар. Сендердiң қолдауларыңсыз арамзалар еркiн қимылдай алмайды. Мен бар-жоғы лагерь бастығымын. Менiң мiндетiм — сендердi жазалау мерзiмдерiң бiткенше лагерьден сыртқа жiбермей ұстау. Мен де адаммын, сендер де адамсыңдар. Бiр-бiрлерiңдi түсiнiп, өз араларыңда адамгершiлiк жолымен тәртiп орнатыңдар. Әрине, лагерь — курорт емес. Лагерьдiң де, курорттың да өз заңы, өз тәртiбi, өз адамгершiлiгi бар. Соны мойындап, қиындыққа төзулерiң, оны жеңулерiң керек. Мен өзiм орындауға тиiстi нұсқауларды, онда да бәрiн емес, сендерге қатыстыларын ғана баян етейiн. Олар төмендегiлер; тұтқындарға зорлық-зомбылық көрсетушi қаныпезерлердi сотсыз ату, ал қалған заң бұзушыларға тәртiптiк жаза қолдану. А) Ескерту жасау; б)Он тәулiк гаупвахтаға қамау; в) Заң бұзушылық әрекетiн қайталаса, жартылай аштық жағдайда 15 тәулiк гаупвахтада ұстау, г) Заң бұзушылықты тағы қайталаса, аштан-аш бес тәулiк жеке камераға қамау. Осындай жаза қолдануға мен хұқылымын. Үлгiлi тәртiптерiң, жақсы еңбектерiң үшiн сендердi марапаттауға, жазаларыңның мерзiмiн қысқартуға, тiптi тұтқыннан бiржола босатуға да хұқылымын. Бүгiнгi сендерге айтайын дегенiм осы. Лагерь бастығы сөзiн аяқтап, маған бұрылып қарады. Екеумiз президиумда қатар отырғанбыз. — Жолдас полковник, ендiгi сөз кезегi сiзде, — дедi жымиып. Мен мүлде дайындықсыз отырғам, маған сөз бередi деген ойымда жоқ. Iшкi тәртiп мәселесiн талқылар деп күткем. Тұтқындағыларға мен не демекпiн? Ең құрығанда алдын-ала ескертсе ғой. Мiнбеге шығып, сасқанымнан: — Жолдастар! — деппiн. Ол сөзге әбден үйренiп қалғам ғой. Тұтқындар қарқылдап күлдi. Мұны күтпегем. Бiраз ойланып тұрдым. Тұтқындағылар менiң абыржып қалғанымды сезiп, ду қол шапалақтады. Ду қол шапалақтау менi қолдағаны шығар деп түсiнiп, есiмдi тез жиып ала қойдым. Ол байғұстарды ешкiм жолдастар деп атамаған ғой. Бұл сөздi кейбiрiнiң естiмегенiне он, жиырма жыл болуы да мүмкiн. — Жолдастар, мен өлкенiң әскери бастығымын. Бiздiң де өз мiндетiмiз бар. Тоқетерiн айтсам, мен жауынгермiн! (Жауынгермiн деген сөздi қатты дауыстай, жiгерлене айттым). Түрмеде ешқашан болған емеспiн! Бiрақ жауынгер тағдырының тауқыметi тұтқын тағдыры тауқыметiнен ауыр болмаса, жеңiл емес. Себебi, әр адым сайын ажал аңдыған ұрысқа тәуекел деп енесiң. Одан аман шығуың, шықпауың екiталай. Әсiресе, бетпе-бет ұрыста солдаттың өз еркi өзiнде болса да, ол бұқпайды, жауымен қанды айқасқа тайсалмай енедi. Оқ ысқырып, құлағыңның түбiнен өтiп жатыр. Сол оқтың бiрi саған тисе, өлесiң, не жараланасың. Сенiң өлгенiңдi, не жараланғаныңды ешкiм бiлмейдi. Өлсең-Отан үшiн құрбан болдың, ол-жақсы. Жаралансаң-жаман, өте жаман. Жолдастар (тұтқындағылар тағы ду қол соқты)! Соғысу оңай емес. Ол-азап, ал жаралану-одан өткен азап. Әрине, жарақаттың түрi көп. Оның жеңiлдеуi, орташа ауырлауы және ең ауыры болады. Үшеуi де дәрiгерлiк көмектi қажет етедi. Содан сен, амал жоқ, әскери госпитальға түсесiң. Жолдас еркектер (тұтқындар ду күлдi)! Көз алдарыңа елестетiңiздершi, ақ халат киген әйелдер келiп, сендердi тастай қатты тақтайға, не темiр төсекке жатқызып, жарақаттарыңды қарайды. Кей тұсын қолымен басып, байқайды. Қиналғандарың сондай, жаның көзiңе көрiнедi. Шыдамсыздар айқайлап, не шыңғырып жiбередi. Бұл аздай ендi дәрiгерлер кеп, скальпелiн жалаңдатып, азаптайды. Скальпель-өткiр пышақ. Сол пышақпен сенi кескiлей бастайды. Яғни, — деп айқайладым. — Тiрi адамды малша кескiлеп, сояды! Қаны жан-жаққа шашырап, әлсiреп жатқан жаралы жанды көз алдарыңызға елестетiңiздершi?! Тауықты бауыздағанның өзiне денең түршiгедi. Ал адам тауық емес қой. Сiздер жұмыс iстеп жүрсiздер. Сонда тырнақтарыңыздың астына жазатайым жаңқа ма, не тiкен бе кiрсе, қандай күйде болар едiңiздер? Шыдай алмай айқайлауларың, не ерiндерiңдi тiстеп, төзiмдiлiк танытуларың мүмкiн. Ал соғыста жағдай мүлде басқа. Оқ қолыңды, не аяғыңды жұлып әкетедi, не жаралайды. Ондағы айқай тiптi бөлек. Сан етiңдi жалбыратып, жамбас, не төс сүйегiңдi күл-талқан етедi. Оқ ешкiмдi, ешнәрсенi аямайды. Бәрiнен iшек-қарныңды ақтарып тастағаны жаман. Қарныңда сенiң өмiрiңе нәр берер тамағың, қорегiң, iшегiңде әлi қорытылып бiтпеген боқ бар. Оған қан араласса, тезарада жұқпалы ауру пайда болуы мүмкiн. Оны емдеп, жазу оңай емес. Бiр жақсысы, бiздiң хирургтер өте сауатты, шын мәнiндегi ажал арашашылары. Оларға мың да бiр рақмет. Өлiм аузында жатқандардың талайын аман алып қалды. Бiрақ, амал не, олардың көбi жарымжан, мүгедек болды. Сiздер, жаман қылықтарыңыз, iстеген қылмыстарыңыз үшiн түрмеде отырсыздар. Аяқ-қолдарыңыз, iшек-қарындарыңыз, бiр сөзбен айтқанда дендерiңiз сау. Майданның алғы шебiнде оқ тиiп, жараланған жоқсыздар. Жауынгерлер өзi үшiн емес, елi, Отаны, тiптi мына сiздер үшiн де жауыз жаумен берiспей соғысты. Өлгенi өлiп, жараланғандары жараланды. Аяқ-қолынан айырылып, мүгедек болып, Отанымызды жау құлдығынан қорғап қалды. Олар соғыстан кейiн де қарап отырған жоқ, әл-қадарынша тер төгiп келедi. Ешқандай қылмыс жасаған емес. Олардың жалғыз кiнәсi — Отанын, елiн сүйгенi, адамдарды, оның iшiнде сiздер де барсыздар, жақсы көргенi. Олар-халқының азаматтары, отбасының ақылды иелерi, жарларының сүйiктiлерi, бала-шағаларының абыройлы әкелерi, туған-туыстарының айбынды бауырлары. Мен сiздердiң Отанымыздың намысы, ар-абыройы үшiн қолдарыңызға қару алып, жаумен соғысу, не бейбiт өмiрде ертеңдi-кеш маңдайдан тер тамшылатып, адал еңбек ету орнына түрмеге түскендерiңiздi ешқандай жазғырып, кiнәламаймын. Бәлкiм, қылмыс жасауларыңызға әртүрлi, яғни әдiлеттi, әдiлетсiз себептер болған шығар. Кейбiреулерiңiз жастық-мастықтың, достық-қастықтың, көре алмаушылық, бөле алмаушылықтың кесiрiнен саналы түрде емес, қателесiп, не абайсызда аяқтарыңызды шалыс басып, қылмысқа ұрынған шығарсыздар. Әрине, ойлана бiлетiн қыз-жiгiттерге жастық шақ-ақымақ шақ емес. Оны көрген-бiлгенi, тәрбиесi жоқтар ғана солай ойлайды. Мұндай осалдықтан жуықарада құлантаза арыла қоймаспыз. Өзiмшiлдiк, тоңмойындық, күншiлдiк, жалқаулық, даңғойлық, маскүнемдiк секiлдi әлсiздiк кiм кiмдi де қылмысқа итермелейдi. Менде де көз бар. Сiздер маған қарап отырсаңыздар, мен сiздерге қарап тұрмын. Кеше ғана ата-ана қамқорлығында асыр сап ойнап, еркiн өскен, Отанымыздың азаматтары атанған сiздердi қазiр темiр тордың iшiнде кездестiргенiме қатты өкiнiп, қайғырып, ренжулiмiн. Мен сiздердi бiрiншi рет көрiп тұрмын. Сiздер маған залдан мыңдаған көзбен қарап отырсыздар. Мың көз — мың от, мың үмiт. Сондықтан мен сiздердi ертеңгi азаматтар, күнәларынан әлi-ақ арылып, адал, арлы жолға түсетiн отандастарым, бауырларым деп бiлемiн, — дей келiп, бiраз бөгелiңкiреп: — Ойымды толығырақ жеткiзу үшiн туған әдебиетiмнiң бiрер мысалына жүгiнуге рұқсат етiңiздер? — деп едiм, тұтқындар: — Рұқсат, рұқсат, — деп тұс-тұстан шулай дауыстады. — Туған ауыз әдебиетiмде халқымның дүние есiгiн ашқан күнiнен соңғы демi бiткенге дейiнгi жүрiп өткен жолы жырмен өрнектелген. Басқасын айтпағанның өзiнде, титiмдей кезiмiзде аналарымыз бiздi аспандағы күнге, айға, жұлдызға, асқар тауға теңеп, әнмен әлдилеген. Бұл тамаша, теңдесi жоқ дәстүр. Мен сiздердi қазiр күнге, айға, жұлдызға, асқар тауға теңеп әнмен әлдилегiм-ақ келiп тұр, бiрақ сiздер сәби емессiздер ғой. — Тұтқындар жаппай қол соғып, қарқылдай күлдi. — Сiздерге сәбидiң көңiлiн, сәбидiң тазалығын тiлеймiн. Әлдилеп, аялап өсiрген асыл аналарыңызға, сүйiктi жарларыңызға аман-есен оралуларыңызды тiлеймiн. Тұтқындар қайта дүрлiгiп, ұзақ қол соқты. — Бiздiң халқымыздың «Қыз Жiбек» жырында байлығы шалқар қарт әке: — Шенiне ешкiм батып жолай алмаған жалғыз қызым Жiбектi ерiксiз елеңдеткен кiм? — дегенде, Төлеген батыр: — Асқар төбе бел едiм, Алшын деген ел едiм. Елден шыққан ер едiм, Танымасаң айтайын, Жалғыз қызың Жiбектiң, Алтын саясын көтерiп, Бетiнен сүйген мен едiм, — деген жыр жолдары есiме түсiп тұр деп, алдымен қазақша айтып, iзiнше оны жолма-жол орысшаға аударып, мен сiздердi аруды аялаған асқар төбе бел, елден шыққан ер деп бiлем, — дегенiмде: — Браво! Браво! — деп тұтқындар тұс-тұстан кеңiрдектерiн жырта айқай сап, зал iшiн жаңғырықтыра қол соқты. — Жолдастар! Жолдастар дегенiме кешiрiңiздер? Бұл сөздi мен алғашқыдай жаңылысып емес, дәл қазiр әдейi, мақсатты түрде айтып тұрмын. Сiздер мерзiмдi жазаларыңызды ертерек өтеп, жолдастар деген сөзге ертерек ие болуларыңызды, оны абайсызда қайта жоғалтып алмауларыңызды шын жүректен тiлеймiн. Сөзiмнiң соңында халқымның: «Аз жұмысты қиынсынсаң, көп жұмысқа тап боларсың» деген мақалын естерiңiзге салғанды да жөн көрдiм. Ойланыңыздар… — деп сөзiмдi аяқтадым. Тұтқындар орындарынан тiк тұрып, зал iшiн жаңғырықтыра, «Браво! Браво!» деп айқайлап, ұзақ қол соқты.
  Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ, жазушы  

Серіктес жаңалықтары