МОЙНЫҢДА ҚАРЫЗ БАРДА, МАЛЫМ БАР ДЕМЕ

МОЙНЫҢДА ҚАРЫЗ БАРДА, МАЛЫМ БАР ДЕМЕ

МОЙНЫҢДА ҚАРЫЗ БАРДА, МАЛЫМ БАР ДЕМЕ
ашық дереккөзі
326

Әлемдiк қаржы дағдарысы Қазақстанды да сырт айналып өте қойған жоқ. Елiмiздiң соңғы жылдардағы экономиканың қарыштап дамуы iркiлiп, қоғамда әлеуметтiк, саяси экономикалық алаңдаушылықтар орын алып отыр. Әсiлi, мемлекет қандай қоғамдық формацияда өмiр сүрсе де, мейлi, социалистiк немесе нарықтық экономиканы мұрат тұтса да ешқашан бағасы түспейтiн, ардақты ұғым бар. Ол – еңбекқұмарлық!

Еңбек етуден рухани ләззат алатын табанды, қайсар жандар қазiргi экономикалық дағдарыс кезеңiнде де алған беттерiнен қайтпай, өздерi ойға алған жұмыстарын одан әрi де табысты жүргiзiп отырғандығы осы сөзiмiзге нақты дәлел. Солардың бiрi көпшiлiкке аты мәлiм “БИС” компаниясы. Заманауи талаптарға сай, жаңа сипаттағы компанияның Бас директоры Дiлдәхан Әмiрәлiұлы Ахметов бала күнiнен еңбексүйгiштiгiмен, көпшiлдiгiмен көзге түскен азамат. Өзi бiлiм алған жоғары оқу орындарында жайсаң азамат замандас студенттердiң арасында ұлтжандылығы, туған халқына, қазақтарға деген шексiз құрметiмен ерешеленетiн. Өмiрдiң өткелдерi тынымсыз еңбек жолында да осы асыл қасиеттерiнен айрылған жоқ. Бiзбен пiкiрлескен “БИС” компаниясының Бас директоры Дiлдәхан Ахметов мырза:

– Қызылорда – Қазақстандағы халқы аз, жерi үлкен облыстардың бiрi. Халқы өте момын, сөйте тұра мұндағы адамдардың пайым-парасатына бiлiм-бiлiктiлiгiне, адами асыл қасиеттерiне үнемi тәнтi боламын, – дедi жүзi жылы шырайланып.

– Мен осында алғаш 2001 жылы келдiм, ол жылдары компаниямыз шағын ғана едi, небары 26 адам жұмыс iстейтiн. Табандылық, тынбай iзденiс, тынымсыз еңбектiң арқасында iрiленiп, қазiр мұнда 600-ден астам адам еңбек етуде. Осы уақыт iшiнде мамандандырылған Мұнай тасымалдау Департаментiнде “Петро-Қазақстан” ресойлс тасымал компаниясымен үзбей әрiптес болып қоян-қолтық жұмыс жүргiзудемiз. Бұрын-соңды Қазақстанды, әсiресе, сырға тұнған Сыр бойын естiп-бiлмеген ағылшын, швед, поляк, француз басқа да талай-талай шетелдiк мамандармен тiл табысып, батыстың озық жұмыс iстеу тәсiлдерiн, әлеуметтiк қорғау бағытындағы жақсы дәстүрлерiн үйрендiк. Сырт қарағанда кез келген жұмыс қарапайым, оңай ғана болып көрiнгенмен, шындап келгенде оның тасасында жұмысшылардың киiм киюi, жатын орны, iшетiн тамағы, ауыр еңбектi бағалау сияқты, бiр қарағанда ұсақ-түйек, дұрысында аса маңызды жайттар үлкен рөл атқарады. Өркениеттi дамыған Батыс елдерiнiң дұрыс ықпалы тигенiн мақтанышпен айта кетуiмiз керек. Бiздiң iзденiстерiмiзге, жаңаны игеруге де ұмтылыстарымызды әркез қолдап отырған Қызылорда облыстық әкiмшiлiгi де шексiз алғысқа лайық.

Облыс көлемiндегi, қала бердi бүкiл республикадағы аса iрi тасымал компаниясы болғандықтан болашақта да атқарар жұмыстарымыз шаш-етектен. Жақында Жусалы елдi мекенiнен жылу жүйесiн, мұнай тасымалдау вагондарды тазалап жуу станциясын пайдалануға бердiк. Мұнда жаз айларында 150-200, ал қыста 300-ге дейiн мұнай тасымалдайтын вагондар бабына келтiрiледi. “Петро-Қазақстан”, “Торғай-Петролеум” компаниялары 2500-3000 вагондық тазалаудан өтедi.

Жусалы елдiмекенiндегi 120 адам жұмыспен қамтамасыз етiлдi, қазiргi әлемдiк дағдарыс кезiнде бұл елеулi нәрсе. Өйткенi, жер-жерде әлемнiң көптеген елдерiнде қысқартулар жүрiп жатқаны мәлiм. Тiптi, әлем банктерiнiң көбiсi несие бермек түгiлi осыған дейiн түкiрiгi жерге түспей жүрген талай даңқты қаржы институттарының жаны алқымына тiрелдi. Олар да ақша сұрап, алақан жаюда. Әлемдiк дағдарыс Қазақстанды айналып өтуi мүмкiн емес-тi. Олай ойлаудың өзi де нақты өмiр шындығынан мақұрым қалғандықтың көрiнiсi, яғни, бүгiнгi таңда шағын және орта кәсiпкерлiктiң жағдайы онша еместiгiне түсiнiстiкпен қарауымыз керек. Бұл сала Қазақстан үкiметiнiң, ең әуелi, Елбасы Н.Назарбаевтың назарында болып, айтарлықтай жұмыстар атқарылып, мемлекеттiк қолдау көрсетiлiп жатқаны құптарлық iс. Бұл – бiздiң келешегiмiз кемел болатындығын айқын дәлелдейтiн маңызды шаралар.

Бiздiң елiмiздегi экономикалық жағдай соншалықты керi кетпейтiндiгiне алғы шарттар жеткiлiктi. Елбасымыз айтқандай: “Қазақстан бұдан қиын да күндердi бастан кешкен”. Ең бастысы, алдағы күнге нық сенiмiмiздi жоғалтпауымыз керек. Қазiр банктердiң кепiлсiз ешқандай жоспар дәлелденбеген бағдарламасыз бейберекет несие беруi тоқтатылды. Мұның өзi шағын компаниялардың жұмысы, құрылыстардың тоқтап қалуына әкелiп соғып отыр. Бiр жағынан бұл заңдылық та сияқты.

Ақшаны үнемдеп жұмсау, бейберекет шашпауға адамдар үйрене бастады. Жалпы атамыз қазақ “Мойныңда қарызың барда, малым бар деме” деп көрегендiкпен айтуы бекер емес. Қарызға алған, еңбексiз келген азғантай ақшаның мойынға артар ауыр азабы бар. Шағын және орта кәсiпкерлiктiң мойнына ауыр жүк артылып отыр. Жұмыс орындары қысқаруда. Жақында бiзге Премьер-министр мен облыс әкiмi қол қойған 20 талаптан тұратын меморандум келiп түстi. Онда жұмысшылардың әлеуметтiк жағдайын түсiрмеу керек, жұмыс орны қысқартылмау керек, еңбекақысыз демалысқа жiберiлмеу керек, жiберiлген жағдайда еңбекақысы сақталу керек дегендей түрлi талаптар көрсетiлген. Әрине, мемлекеттiң, үкiметтiң, халықтың жағдайын, оның әл-ауқатының төмендемеуiне қабырғасы қайысатыны құптарлық-ақ iс, дегенмен жеке кәсiпкер үшiн бұл талаптардың үдесiнен шығу оңай тимейтiнi ақиқат.

– “БИС” компаниясына бiлiктi мамандарды өз қандастарымыздың арасынан, дәлiрек айтсам, жергiлiктi адамдардың арасынан iрiктеп алғаныңыз байқалады. Бұл – кездейсоқтық па, әлде нақты себебi бар ма?

– Ақыл да халықтан, асыл да халықтан шығады. Сiзге бiр құпияны айтып берейiн, сәл жалқаулығы болмаса, қазақтың қолынан барлық нәрсе келедi. Тiптi, қазақтардың жаңаға үйiр, бейтаныс нәрсенi жылдам үйренуге өте қабiлеттi екендiгiн бұдан бұрынғы ғасырларда да сайын даламызды шарлаған саяхатшылар мен жиһанкездер үнемi жазып, баса айтып келуi тегiн дейсiз бе?! Әттең, небiр дарынды, от боп жанғалы тұрған аса қабiлеттi балаларды одан әрi тереңдеп оқытуға ауыл адамдарының қолы көбiне қысқалық етiп жататыны өкiнiштi-ақ.

Мен 25 жасымнан өндiрiске, түрлi шаруашылыққа араластым, тiптен 24 жылдан берi осы өндiрiсте жұмыс iстеп келе жатырмын. Өмiрде, өндiрiсте түрлi адамдармен, жастармен жиi араласып жүру бақытына ие болдым. “Әттең-ай шын тұлпар болғалы тұрған азаматтың жоқшылықтан аяғы тұсалып, өрiсi тарылды-ау”– деп iштей өкiнген кездерiм де жиi кездестi. Менiңше, адам шын абыройды елуге дейiн жинауы керек, осыған дейiн абыройлы болған жан қалған ғұмырында да жүзi жарқын, елге қадiрлi күйде өмiр сүредi. Мынау, аз ғана өмiрде өз қолыңмен бiрдеңе өндiрiп, бiреуге қуаныш сыйлап күн кешсең, өзгелерге нақақ зияныңды тигiзбесең, әр iсiңдi адал ниетiңе, жүрегiңдегi отыңа сенiп жасасаң, мұның бәрi де өзiңе қуаныш сыйлайтын бақыт.

Ал мамандарды нелiктен жергiлiктi халық арасынан таңдап алуға ұмтыламын? Қызылорда халқының басты ерекшелiгi, мұндағы бiлiм деңгейi өте жоғары. Адамдардың көбiсi батыста, Ресейде бiлiм алғандар. Тiптен, мұнда баяғы қазақы ақсүйектiк бiтiм, бiр-бiрiне деген құрмет бұзылмай сақталған. “Ана әулеттiң ұрпағы ғой, Пәленшеевтiң әулетi ғой” десе, фамилияға ыстық ықылас, құрмет көрсетедi. Ата-баба дәстүрi, халықтың жақсы салттары әлi күнге қаймағы бұзылмаған. Ал өз елiмде өзiмнiң туған ұлтымның адамдарын қолымнан келгенше қамтамасыз ету менiң, мен секiлдi әрбiр iскер азаматтың басты борышы деп санаймын. Өткен 8 жылда бiздiң компанияда еңбекақы төлеу бiрде-бiр рет кешiктiрiлген жоқ. Мемлекеттiк бюджетке құйылатын салықтарды да дер кезiнде төлеп тұруды бұлжымайтын дәстүрге айналдырдық.

Адамның өзгелердi құрметтеп, сыйлауы, шын жүректен туындайтын азаматтық жанашырлығы әрбiр iсiнен-ақ байқалып тұрады. Көпшiлiктi жасанды мiнез, үстiрт әрекеттермен алдау мүмкiн емес. Бiрнеше жыл бойы Сырдарияның қыста тасып, бiрталай елдiмекендердi су басып кеткенi мәлiм. Бұл – бiрнеше рет қайталанған қайғылы оқиға. Бiз салық ретiнде бюджетке жылына 50 млн.теңге төлеп тұрамыз. Осыған қарамастан салықтан тыс талай рет миллиондаған теңге көлемiнде, дәлiрек айтсам, соңғы үш-төрт жылда 15 млн.теңге көлемiнде жергiлiктi халыққа көмек жасадық. Үйлерi бұзылып, баспасыз қалған бiраз адамдарға жайлы үйлер салып бердiк. Одан бөлек өз жұмысшыларымызға да жәрдем қолын созып, өңiрдiң әлеуметтiк жағдайын жақсартуға күш салып жүрмiз. Ең бастысы, мұның бәрi әлдекiмдердiң күштеуi немесе ықпалымен атқарылған жұмыстар емес. Өз еркiмiзбен, азаматтық борышымызды адал түсiну арқылы ғана тәуелсiздiгiмiздi баянды, елiмiздiң келешегiн жарқын ете аламыз.

– Сiз бен бiздiң әңгiмемiз Тәуелсiздiк мерекесiнен кейiн iле-шала өрбiп отыр. Бұл мерекенi өз басыңыз қалай қабылдайсыз?

– Азаттық деген асыл сөз. Тәуелсiздiк – әрбiр халықтың асыл мұраты, қазақ халқының да сан ғасырлар бойы көксеген арманы, бүгiнгi мақтанышы, ұлы мерекесi. Бәлкiм бодандықтың салқыны бойымызға сiңген, осынау кұдiреттi сөздiң мәнiсiне әлi тереңдеп ене алмай жүрген шығармыз. Қазақстанда өсiп келе жатқан, болашақта дүниеге келетiн жас ұрпақтар бiзден әлдеқайда бақытты. Олардың санасы таза, рухы биiк, намысы қайраулы болатынына еш күмән жоқ. Тәуелсiздiк үшiн әрбiр ұрпақ өз үлесiн қосуға тиiс, сол жолда аянбай тер төгуге, қажет болса қан төгуге дайын болуы керек. Құдай қаласа, 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға Қазақстан ТМД елдерiнiң арасында бiрiншi болып төрағалық еткелi отыр. Бұның абыройы жоғары ғана емес, елiмiзге қиын жауапкершiлiктер жүктейтiн мiндет екенiн дәйiм есте болғаны жөн. Татулықтан асқан тәңiрдiң сыйы жоқ. Тату ел ретiнде әлемге үлгi болып отырғанымыз бөлек, қазiр Қазақстан халықаралық деңгейде кез келген алпауыт елдер амалсыз санасатын iргелi мемлекетке айналғанына бәрiмiз куәмiз. Рас, рухымызды биiктетiп, санамызды сiлкiлеп тазартатын тұстар да жоқ емес. Мен 10 адам басқаратын басшыдан бастап ондаған мың адамды басқаратын әрбiр азаматтың алдында Абай өлеңдерi, “Абай жолы” романы жатса дер едiм.

– “Тәуелсiздiк үшiн әрбiр ұрпақ өз үлесiн қосу керек” деп отырсыз. Оныңызбен әрбiр саналы азамат келiсетiнiне күмәнiм жоқ. Дегенмен, ол үшiн не iстеу керек? Өз басыңыз не iстедiңiз?

– Ендi… әркiм өз қолынан келгенiн жасаса елiмiз қуатты бола түспей ме? Жусалыда ашылған станция бiздiң “БИС” компаниясының басты үлесi шығар.

– Айтпақшы, осы Жосалыдағы вагон станциясындағыдай нысан ТМД аумағында некен-саяқ деседi ғой.

– Иә, ол рас. Шымкентте 1985 жылы салынған вагон жуатын станция бар, бiрақ ол нысанның халықтың тыныс көзi – ауаны ластауға зияны көп тиiп отырғанын барып көруге болады. Залалы шаш-етектен. Мұндағы ластың iшiнде Менделеев кестесiндегi барлық элементтер бар шығар-ау, ал бiз оған жол бермеуiмiз қажет. Онсыз да Қызылорда өңiрiндегi тұз жеп отырған тұрғындарды мұнай қалдығымен улау қылмыспен пара-пар. Сондықтан да бiздiң жобамыздың орындалуы ұзаққа созылды әрi қымбатқа түстi. 2004 жылы құрылыс жұмысын бастап 2008 жылы аяқтадық. Жосалы станциясында да лас су қалдықтары, газ қалдықтары жиналады, бiрақ бәрi де толықтай қайта өңдеуден өтедi. Шетелдерге әртүрлi шикiзат таситын вагондарды көргенде көзiң сүйсiнедi, олар бiздiң вагондар сияқты екi жағынан мұнай, мазут ағып жүрмейдi. Бiздiң станцияда өткiзiлiп, көз сүйсiндiретiн күйде ары қарай аталмыш нысанда вагондар жуып тазаланып, жинастырылып, құнттай болып қайта пайдалануға берiледi. Әзiрше мұнда 130 адам жұмыс iстейдi, бәрi де Қармақшы елдiмекенiнiң бiлiктi азаматтары. Нағыз кәсiби маманды табу, таңдап алу оңай мәселе емес. Мәселен, инженер-технологтарды конкурстық негiзде қабылдаймыз.

– Дiлдәхан Әмiрәлiұлы, сiз “Нұр Отан” партиясы облыстық бөлiмшесiнiң Саяси кеңес мүшесi ғана емес, облыстық мәслихаттың да депутатысыз. “Елу – ердiң жасы” десек те сол жер ортасы – айтарлықтай iс тындырмаған азаматтар аз емес. Ал сiздiң жөнiңiз басқа. Айтыңызшы, адамның шын азамат болып қалыптасуы үшiн өмiрде не қажет?

– Ең әуелi туған халқын, өз Отанын шексiз сүйе бiлуге тиiс. Адамның табынары да, мұның шағары да туған халқы. Бұл сөздерiмнiң әсiре патриоттық болып көрiнуi де ықтимал, бiрақ өз басым қалтықсыз сенетiн бiр шындық бар, ол – туған халқынан, оның барша жақсылықтары мен жамандықтарынан тыс қалған адам ешқашан шын бақытты бола алмайды. Бiздi – менi, сiздi, бәрiмiздi Құдай қазақ етiп жаратты, кiндiгiмiз осынау ұлан-байтақ, ұлы далада кесiлдi, ендеше қазақ жұртының бар қуаныш-қайғысы, арман-тiлегi, мақсат-мұраты бәрiмiзге ортақ.

Мен қарапайым шаруа отбасында 1959 жылы дүниеге келiп, бала күнiмнен еңбекке араластым. Шымкент энергетикалық техникумының автоматизация мамандығы бойынша тәмамдағанымды әлi күнге мақтан тұтамын. Бұл өте ауыр сала, оған екiнiң бiрiнiң жүрегi даулай бермейдi. Бiрақ, өзiммен бiрге осы оқу орнын тәмамдағандардың көбiсi басшылық орындарда жұмыс iстейтiндiгiнiң өзi көп жайттан сыр суыртпақтамай ма?! Алматыдағы қазiргi Қ.Сәтбаев атындағы политехникалық университеттiң тау-кен факультетiнде бiлiм алуымды одан әрi жалғастырдым. Дәм-тұз айдап, қасиеттi Сыр бойында ұзақ жылдардан берi адал еңбек етiп жатқан жайым бар. Екi ұл, екi қызым көзiмнiң қарашықтары. Екi ұлым жоғары оқу орнында техникалық салада бiлiм алуда. Техника мамандарына сұраныстың күн санап өсiп келе жатқаны бекер емес. Заманның кiлтi озық ойлы, бiлiктi техника мамандарының қолында болғалы тұр. Жалпы өмiрдiң өзi тұтас физика, қозғалыстан тұрады. Кибернетика мен потенцияны бiлген адам педагог та, экономист те бола алады. Заңды бiлмеуiмiз, оны бiлуге талпынбауымыз қоғамдық өмiрде көп кедергi келтiруде. Әсiлi, мектептерде заңды неғұрлым тереңiрек оқытатын уақыт келiп жеттi.

– Компанияңыздың “БИС” деп аталуы қызық екен. Үлкен концерттен кейiн “Бис!”, “Браво!” деп өңеш жырта айқайлаған көпшiлiк, ду қол соққан жұрт көз алдыңа келедi. Өнерге, әнге қатысыңыз жоқ па?!

– Ә-ә, алып бара жатқан өнерпаз емеспiн, классикалық музыкаға да қатысым шамалы. Бiрақ, шын жүректен туған шығармалардың бәрi адамға жат емес қой. Шынайы өнер туындылары рухани құндылықтарымыз, жан-дүниеңдi шексiз байытар ғажайып нәрселер. Ал компаниямыздың ерекше атауына келсек, оның соншалықты жұмбағы жоқ. Бөрiбай, Исраил, Серiк деген үш ағаларымыздың құрметiне есiмдерiнiң бас әрiптерiнен қойылған. Кейiннен оны мен де өзгерткiм келген жоқ. Несi бар. Қысқа да нұсқа құлаққа әдемi жағымды экспресивтi сөз. “БИС” компаниясы тек Қызылордада ғана емес Атырау, Ақтау өңiрлерiндегi iрi мұнай компанияларымен өзара тиiмдi әрi табысты жұмыс жүргiзiп келе жатқан құрылымдардың бiрi. Сiрә, жаңа атауымыздың өзi жақсы аура қалыптастырып iсiмiздiң алға басуына септiгiн тигiзетiн болар…

Сұхбаттасқан Қуанышбек БОТАБЕКОВ

Серіктес жаңалықтары