ДОСТАСТЫҚТАҒЫ АЛАУЫЗДЫҚ

ДОСТАСТЫҚТАҒЫ АЛАУЫЗДЫҚ

ДОСТАСТЫҚТАҒЫ  АЛАУЫЗДЫҚ
ашық дереккөзі
410

Бурабайдағы бейресми кездесудiң түйткiлдерi

Бурабайдағы бейресми кездесуге өзбек, түркiмен мен беларусь президенттерi қатысқан жоқ. Олардың басқосудан бас тартуын сарапшылардың көпшiлiгi Достастық арасындағы алауыздықтың күшейе бастауы мен Ресейдiң посткеңестiк кеңiстiкке деген ықпалының әлсiрей бастауымен байланыстырады.

Өткен аптаның соңында Қазақстан президентi Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президентi Дмитрий Медведев, Армения президентi Серж Саргсян, Тәжiкстан президентi Эмомали Рахмонов, Қырғызстан президентi Құрманбек Бакиев Бурабайда бейресми түрде бас қосты. “Галстуксыз кездесудiң” басты тақырыбы әлемдiк қаржылық дағдарысқа ТМД елдерiнiң төтеп беруi, Достастық елдерi арасындағы экономикалық, әскери, саяси т.б. мәселелердi шешу едi. Осы себептi күн тәртiбiне ТМД елдерi арасында құрылған Ұжымдық қауiпсiздiк туралы келiсiм ұйымы (ҰҚКҰ) мен ЕурАзЭҚ шеңберiнде қордаланып қалған қиындықтарды шешу, аталған ұйымдарды одан ары дамыту мәселелерi шығарылған. Кездесудегi келiсiм бойынша, әлемдiк қаржылық дағдарысқа қарсы тұру үшiн 5 мемлекет бiрiгiп, 10 млрд. долларлық қор құратын болды. Сонымен қатар ТМД аумағындағы бiртұтас кедендiк одақ құруға қатысты 20 құжатқа қол қойды. Келесi жылдың көктемiнде қалған 12-сi қабылданбақ. Ал 2009 жылдың сәуiрiнен бастап, интеграциялық одақ толық жұмыс iстей бастайды. Қабылданған құжаттар арасында “2009-2010 жж. Қазақстан мен Ресейдiң бiрiккен әрекеттерiнiң жоспары” мен 10 жылға арналған стратегиялық даму мен ынтымақтастық жоспары бар. Негiзi мұндай ұсынысты Мемдведевке Назарбаев жасады. Басқосу барысында ҰҚКҰ-ның ықпалын арттыруға күш салынып жатқанмен, ұйымның әлi де қауқарсыз екендiгiн мойындаған Назарбаев тамызда Грузия мен Ресей арасында орын алған әскери қақтығыстарды мысалға келтiре отырып, алдымен нақты ұстаным мен қағидалардың аражiгiн ашып алу керектiгiн алға тартты. Қап тауының етегiндегi кикiлжiңде Абхазия мен Оңтүстiк Осетияны тәуелсiз мемлекет ретiнде таныған Ресей ТМД мүшелерiн екi елдiң егемендiгiн мойындауға шақырған. Алайда, ҰҚКҰ мүшелерiнiң ешқайсысы Кремльдiң дегенiне көнген жоқ. Тiптi, орыстармен арасы өте жақын беларусьтердiң өзi парламенттiк сайлауды сылтауратып, тәуелсiздiктi мойындау мәселесiн кейiнге шегере берген. Себебi, абхаздар мен осетиндердiң мәселесiне басын қатырмайтын Минск Мәскеумен арадағы газдың бағасын шеше алмай әлек. Бурабайға келмей, Мәскеуде хоккей ойынын тамашалаған беларусь президентi Лукашенко Бурабайдағы кездесуге кеткен Медведевтi Мәскеуде бiр күн бойы күтiп жатты. Бұл Лукашенконың ТМД-дан гөрi Ресеймен арадағы ынтымақтастық пен қарым-қатынасқа басымдық беретiнiн аңғартады. Бүгiнде Минскiге бағытталатын “көгiлдiр ағынның” бiр текше метрi Германияға арналған бағамен бiрдей. Белоруссияның наразылығын тудырған да — осы. Лукашенконың “Экономикамыз қиын жағдайда тұр. Кремль көмектеседi деген үмiттемiз. Оның үстiне, тегiн ештеңе сұрап тұрған жоқпыз ғой. Ерте ме, кеш пе, есесiн қайтарамыз. Бiз ешқашан ешкiмге қарыздар боп қалған емеспiз” деп салмақ сала сөйлеуiнiң астарында “керiсiнше болған жағдайда, Ресейдiң ТМД мен посткеңестiк кеңiстiктегi ықпалын арттыруды көздейтiн әрекеттерiн қолдаудан бас тартамыз” деген сес жатыр. Тағы бiр мәселе, желтоқсан айының басында Ресей-Белоруссия Одақтас мемлекеттерiнiң жоғары мемлекеттiк кеңесiне қатысудан бас тартқан Лукашенко орыстармен бiрiккен әуе кеңiстiгiндегi қорғаныс жүйесiн құру туралы мәселенi созбаққа салып жүр. Сондай-ақ, Еуропа-АҚШ-қа Зымыранға қарсы қорғаныс (ЗҚҚ) жүйесiнде ынтымақтастыққа мүдделi екендiгiн айтып, емексiтiп қойды. Оның Медведевпен кездесерден сәл уақыт бұрын АҚШ-тан 5 млрд. доллар көлемiнде көмек сұрауы да тегiн емес. Лукашенко елiндегi демократияны қатаң сынға алған кәрi құрлық жуырда өткiзiлген парламенттiк сайлаудың қорытындысына наразы. Өйткенi, бiрде-бiр оппозиционер билiк жасаған кедергiлердiң кесiрiнен депутаттық мандатқа ие бола алмады. Алайда, Минск Брюссельдiң көңiлiне жағатын әрекеттердi жасауға көштi. Бұған дейiн Еуроодақтың Белоруссиядағы саяси тұтқындарға бостандық беру туралы талаптарына құлақ аспай келген Лукашенко жуырда өз елiндегi бiрқатар саяси тұтқынға кешiрiм жасады. Осының нәтижесiнде, белорусь шенеунiктерiнiң көпшiлiгi ЕО шекарасынан кедергiсiз өткiзiлетiн болды.

Сарапшылар қауымы Ислам Каримовтың Бурабайдан төбе көрсетпеуi теген емес деген сенiмде. РФ Қарулы Күштерi Бас штабының бастығы Николай Макаров АҚШ-тың Қазақстанмен және Өзбекстанмен аталған екi елден өзiнiң әскери базасын орнатуға қатысты келiссөздер жүргiзiп жатқанын мәлiмдедi. Қазақ билiгi бұл сыбысты дереу жоққа шығарды. Ал өзбектерге келсек, АҚШ-тың Өзбекстандағы елшiлiгiнiң ресми өкiлi әскери базаға байланысты ақпараттың қауесет екендiгiн мәлiмдедi. Бурабайдағы бейресми кездесуден бұрын Өзбекстанның ТМД құрамынан шығуы мүмкiн екендiгi туралы сыбыс тарап кеткен. Жұрт “жел тұрмаса…” деп отыр. 2005 жылы Әндiжанда бейкүнә жандарды (қарттар, аяғы ауыр әйелдер, балалар) қырып салып, қаланы қанға бөктiрген Каримовты АҚШ та, Батыс та қатаң айыптаған едi. Олардың Өзбекстанға қару тасуға, көптеген өзбек шенеунiгiнiң Еуропа мен Америкаға сапарлауына қатаң тыйым салуы да Әндiжандағы қанды қырғынға қатысты. Стратегиялық одақтасым деп таныған екi алпауыт сырт айналғаннан кейiн Каримов ТМД-ға қайта оралуға бел буған. Бiрақ арада үш жылға жуық уақыт өткенде Еуроодақ пен Вашингтон өзбектердi қайта iштарта бастады. Дипломатиялық қатынастар белсендi түрде жүргiзiлiп, сан санкция күшiн жойды. Кезiнде америкалық базаны елден түре қуып, Путиннiң қолтығына барып тығылған Каримов бүгiнде “ескi әуенiне” қайта басқан. Үстiмiздегi жылдың қарашасында өзбектер ЕурАзЭҚ құрамынан өз ерiктерiмен бас тартты. Әрине, бұл қазақтар мен өзбектердiң арасында қара мысық жүгiрiп өттi деген сөз емес. ТМД-дан аулақтауға тырысқан өзбектер керiсiнше, қазақтармен қоян-қолтық әрекет етуге тырысады. Өйткенi, көмiрсутегiлердi халықаралық нарыққа тиiмдi жолмен тасымалдауға Астана ғана емес, Тәшкен де мүдделi. 2008 жылдың көктемiнде түркiмен мен өзбек қазақтармен бiрiгiп, Кремльге газ бағасын қымбаттату туралы талап қойды. Осының нәтижесiнде, 2009 жылдың қаңтарынан бастап, қазақ пен өзбек, түркiменнiң “көгiлдiр отыны” Ресейге орташа еуропалық бағамен сатылатын болды. Әрине, бұдан орыстар жағы ұтылмайды. “Газпромның” басшысы сол кезде-ақ: “Ресей халқы газдан таршылық көрмейдi. Өйткенi, бiз арзанға сатып алып (Орталық Азиядан — Н.Ж.), Батысқа қымбат бағаға қайта сатудың есебiнен өзiмiздiң халықты қамтамасыз етемiз” деп ашық мәлiмдеген.

Яғни, қазақ, өзбек, түркiмен, әзiрбайжанның арзан көмiрсутегiлерiнiң арқасында Ресей iшкi нарықтағы тұтынушылық сұранысты қанағаттандырмақ.

Еуропалық Одақ пен Ақ Үй жүзеге асыруға асығып жүрген Nabucco жобасына қосылуға әзiрбайжандар мен түркiмендер кет ары емес. Кремльге маза бермейтiн де осы. Алайда, қарт Каспийдiң құқықтық мәртебесi әлi анықталған жоқ, шекара бөлiсiнiң мәселесi шешiлмеген, жобаның құны тым қымбат, қауiпсiздiгi де көңiлге үмiттен гөрi күдiктi көбiрек ұялатады. Соған қарамастан, орталықазиялық мемлекеттер еуропалық газ құбырының тиiмдi жақтарын сарапқа салу үстiнде. Өйткенi, Баку, Ашхабад, Тәшкен мен Астана каспийлiк көмiрсутегiлердi еуропалық нарыққа Ресейдiң қатысуынсыз тасымалдайтын жолдарды көптеп табуды көздейдi. Айтпақшы, еуропалықтар ұсынған Каспий бойы құбыры мен кремльдiк Каспийлiк құбыр тағдыры да әлi шешiлген жоқ. Келiсiмдердiң көпшiлiгi қағаз жүзiнде сақтаулы.

Бурабайға түркiмендердiң келмеуiнiң астарында саяси доқ немесе басқа бiр зiл жатқан жоқ. Марқұм Түркiменбашының кезiнде-ақ, түркiмендер түрлi саммиттерге қатысуға аса құлшына бермейтiн. Алайда, кейбiр ақпарат көздерi таратқан деректерге сүйенсек, Түркiменстан Ресеймен одақтас болуға асығып жүрген көрiнедi. Өйткенi, жуырда ирандықтар мен түркiмендер арасындағы туындаған газ дауы түркiмендердi Ұжымдық қауiпсiздiк туралы келiсiм ұйымына мүшелiкке өтуге мәжбүрлейдi. Өздерiне доқ көрсеткен Ираннан қорғану үшiн. Бурабайдағы жұрт күтпеген тосын жаңалық қырғыздардың америкалық әскери базаны жабатыны туралы дерек болды. Мұндай мәлiмдеменi қырғыз президентi Бакиев Бурабайдағы кездесуде жасады. Қырғыздардың бұл шешiмiн әркiм әр саққа жүгiртуде. Бiр анығы — Ресей орталықазиялық аймақтағы ықпалын барынша күшейтуге жанталаса әрекет етiп жатыр.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары