“АБДИ” КОМПАНИЯСЫНЫҢ ТӘУЕЛСIЗДIККЕ ТАРТУЫ
“АБДИ” КОМПАНИЯСЫНЫҢ ТӘУЕЛСIЗДIККЕ ТАРТУЫ
Соңғы уақыттарда елдегi оқу-ағарту саласына белсене араласып жүрген “АБДИ Компани” АҚ кеше “Қазақстан тарихы мен мәдениетiнiң үлкен атласы” атты кiтаптың тұсаукесер рәсiмiн өткiздi. Белгiлi тарихшылар мен археологтар, географтар мен картографтар қатысқан тұсаукесерде компания президентi Әбдiбек Бимендиев үлкен атласта қамтылған материалдарға қысқаша тоқтала келiп, тұсаукесердiң қазақ халқы үшiн аса қастерлi Желтоқсан оқиғасы мен Тәуелсiздiк күндерiне орай арнайы ұйымдастырылғанын, кiтапты компанияның халыққа тартуы ретiнде ұсынатындығын баса айтты. Өткен қараша айының сегiзiнде “Қазақстан тарихы мен мәдениетiнiң үлкен атласының” Гонконгтан келген ең алғашқы сүйiншi данасын Елбасы Н.Ә. Назарбаевқа табыс еткенiне тоқталды.
Кiтаптың ғылыми редакторы Қанат ӨСКЕНБАЙДЫҢ айтуына қарағанда, 880 беттен тұратын атласқа түрлi саладан барлығы 250-ге жуық маман атсалысыпты, 80 автордың екеуi ҚР ҰҒА академигi, жиырма төртi ғылым докторы, қырық екiсi ғылым кандидаты. Оның үстiне кiтапты дайындау үшiн көршiлес Ресейден 27 ғалым шақырылыпты. Жай салмағының өзi 5-6 келi тартатын үлкен атласқа 140-қа жуық көне карта, елiмiздегi тарихы мен дәстүрi бай қалалардың мұрағатынан алынған сирек кездесетiн 4 мыңға жуық фотосурет кiрген. Кiтапқа пайдаланылған фотосуреттер мен көркемсуреттер барлығы 22 ғылыми мекеме қорынан жинақталған. Оның iшiнде Ресейдегi Орыс географиялық қоғамы мен РҒА Материалдық мәдениет тарихы институтының мұрағатынан, Ресей Ұлттық кiтапханасы мен Санкт-Петербургтегi Мемлекеттiк Эрмитаж қорынан алынған деректер ерекше көз тартады. Үлкен атлас “Табиғат”, “Археология және тарих”, “Этнография”, “Қазiргi Қазақстан”, “Қазақстанның қалалары мен облыстары: тарих және мәдениет ескерткiштерi” атты бес iрi тараудан тұрады. Мұның iшiндегi ең үлкенi “Археология және тарихтың” өзi (610 бет) ары қарай “Ежелгi дәуiр”, “Ортағасыр” (Түркi мемлекеттерiнiң дәуiрi, Моңғол империясының құрылуы мен ыдырауы. Шыңғыс әулетiнiң үстемдiгi; Қазақ мемлекеттiлiгi дәуiрi); “Жаңа заман”, “Кеңестiк Қазақстан” деп аталатын төрт бөлiмнен тұрады.
Кiтапта ерекше көзге түсетiн жайт — ғылыми тұрғыдан сарапталып, тарихи негiзiне мейлiнше ұқсата салынған көне тұрғын жайлардың, көне қару-жарақтар мен киiм-кешек, сауыт-саймандардың көркем суреттерi көрушiнi таңғалдырмай қоймайды. 100-ден астам мұндай суреттердiң iшiнде 58 реконструкцияны айрықша атауға болады. Мәскеулiк белгiлi тарихшы әрi өнертанушы М.В.Гореликтiң Қазақстанның арғы-бергi тарихындағы барша қару-жарақ түрлерiн зерттеп, оларды күллi Еуразия даласындағы қару-жарақ, сауыт-сайман түрлерiмен салыстыра салған суреттерi көне түркiден 19 ғасырдың соңына дейiн қолданылып келген қазақ қару-жарақтары мен сауыт-саймандарын көз алдымызға әкеледi. Кiтапты парақтаған әрбiр оқырман сауыт киген ғұн көсемi Атилла патшаны да, арғымақ мiнiп, қару асынған қазақ ханы Жәнiбектi де, қыпшақ әйелi мен моңғол әйелiнiң киiмiн де көре алады.
Қазiргi уақытта Ресей өз мұрағаттарындағы түрлi дереккөздердi алтынға балап отырғаны, анау-мынау қаржыға ұстата салмайтыны белгiлi. Қазақстанға қатысты дүниелердi сатып алу үшiн мемлекеттiк “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша қомақты ақша бөлiнгенi де бар. Бұл орайда компания президентi Ә.Бимендиевтiң қара нар көтеретiн үлкен iске “тәуекел деп тас жұта” кiрiскенi байқалады. Iрi кәсiпкерлерiмiздiң барлығы да осындай азаматтық танытып елдiң рухани жүгiнiң бiр шетiн арқалайтын болса, онда “Мәдени мұра” секiлдi арнайы бағдарламаның қажетi де болмас па едi.
Гүлзина ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ