ТӘУЕЛСIЗДIКПЕН ТҮЙДЕЙ ҚҰРДАС...

ТӘУЕЛСIЗДIКПЕН ТҮЙДЕЙ ҚҰРДАС...

ТӘУЕЛСIЗДIКПЕН ТҮЙДЕЙ ҚҰРДАС...
ашық дереккөзі
267

2008 жылдың 16 желтоқсан күнi Қазақстан Республикасы өзiнiң ардақты мерекесi — Тәуелсiздiктiң 17 жылдығын атап өттi.Ғасырларға татитын осы жылдар iшiнде Қазақстан күрделi де қиын асуларды табыспен өте бiлдi. Жаңа мемлекет ең басты мiндеттердiң бiрi ретiнде егемендiктi нығайтып, өз елiмiздiң әрбiр азаматының рухани және материалдық дамуына кең жол аша бiлдi. Тәжiрибе көрсетiп отырғандай, жаңа мемлекеттiң азаматтары үшiн басты құндылық — бiлiм алу болып отыр. Яки, iлiм-ғылым, бiлiм алуға құштарлық жаңа Қазақстандағы басты қажеттiлiктiң бiрiне айналады. Тек бiлiмдi қоғам ғана кәсiби бiлiктi адамдардың жаңа толқынын тудыруға қабiлеттi. Осылайша өмiрдiң өзi негiзгi қажеттiлiктi айқындады. Осынау жалпы мемлекеттiк аса маңызды мiндеттi Қазақстандағы басқа да жоғары оқу орындарымен қатар, алғашқы жекеменшiк “Қайнар” университетi де 17 жылдан берi табыспен жүзеге атқару үстiнде.

“Қайнар” университетiнiң құрамына Алматы қаласындағы басты оқу орнымен қатар Астана, Ақтөбе, Ақтау, Павлодар, Тараз қалаларындағы қашықтан оқыту орталықтарының өкiлдiктерi енедi. Отандық бiлiм беру жүйесiнiң алғашқы энтузиастарының бiрi ретiнде университет ректоры, академик Еренғайып Сәлiпұлы Омаров мырза бұл маңызды мәселеге орасан зор үлесiн қосуда. Ұзақ жылдардан берi ол шетелдерге сапары кезiнде батыстық бiлiм беру жүйесiнiң тәжiрибесiн жете үйренiп, Франция, АҚШ, Канада,Англия, Түркия, Германия, Австрия, Швеция, Хорватия, Таиланд, Қытай, Ресей және басқа елдердiң жоғары оқу орындары және ғалымдармен тығыз ғылыми байланыс жасауға әдеттенген. Алға қойған биiк мақсат барлық кедергiлердi жеңуге әрi көптеген бiлiктi, өресi биiк адамдармен кездесуге мүмкiндiк жасайтын көрiнедi. Мәселен, университет ректоры Түркияның премьер-министрi кезiнде Сүлеймен Демирельмен жүзбе-жүз жолығып, кеңiнен пiкiр алмасты. Британия тағының мұрагерi принц Чарльз, басқа да әлемге аты әйгiлi көрнектi тұлғалармен жолығуын тағдырдың маңдайға жазған бақыты деу керек шығар…

Көптеген елдердiң белгiлi ғалымдары Қазақстанға арнайы келiп, ғылыми және оқу процесiн ұйымдастырудағы озық тәжiрибемiзден үлгi алады, “Қайнар” университетiнде лекция оқып, ғылыми конференция, симпозиум, өткен жывлдарда ұйымдастырылған ондаған форумдарда өздерiн толғандырған мәселелердi кең бөлiсудi мәртебе санайды. Жаңа сапалық кезең мен әлемдiк стандартты халықаралық, атап айтқанда, еуропалық бiлiм кеңiстiгiне батыл енуiмiздi талап етуде. Осыған байланысты “Қайнар” университетi Еуропа университеттерi Ұлы Хартиясының Болон конвенциясына ену жөнiндегi Қазақстан университтерiнiң меморандумына (Тараз декларациясы) қол қойды. 2008 жылдың 8 қыркүйегiнде Барселона қаласында (Испания) “Қайнар” университетiне №2351135 бiлiм сапасы сертификаты табыс етiлген-дi. Сонау 1991 жылы бiздiң ұсынысымызбен Қазақстан және Орталық Азиядағы ең алғашқы жекеменшiк жоғары оқу орны – “Қайнар” университетi бiлiмнiң есiгiн айқара ашса, 2008 жылдың көктемiнде болашақ студенттер – үмiткерлерге “Университет күнiнде” өз есiгiн 17-шi рет айқара ашқан.

Мектептер мен колледждердi жаңа тәмамдаған жастар атақты университетте қандай келелi iстерге куә болды?

Алматы қаласының қақ ортасында орналасқан бас корпуста қомақты қор жинақталған университет кiтапханасы орналасқан. Мұндағы көптеген ғылыми құнды еңбектермен бiрге университеттiң профессорлары мен оқытушылары дайындаған және жарыққа шығарған 400 атаудан астам ғылыми еңбектер, оқулықтар және оқу-әдiстемелiк құралдар келушiлердiң көзайымына айналған. Электрондық басылымдар залында 700 данадан астам электрондық және магниттi таратушылар, оның iшiнде электронды оқулықтар бар. Оқулық кiтаптардың қоры үнемi жаңартылып және толықтырылып тұрады. Соңғы үш жылдың iшiнде университеттiң профессор-оқытушылар құрамы 43 монография, 12 авторлық оқулық, 58 оқу-әдiстемелiк құралдарды, 410 ғылыми мақалаларды жарыққа шығарды. Олардың 40-ы шетелдерде жарық көрген. “Қайнардың” жас қонақтары сабақ өтетiн бөлмелер, компьютер сыныптарын қызыға аралап, асханада дәм татуға, КВН клубының дайындығын тамашалауға, шахматтан жарысқа қатысуға, Заң-клуб, IТ, НR, өзге де студенттiк клубтардағы пiкiр таласқа қатысуға мүмкiндiк алды. Университет қабырғасында спорттық секциялар, аэробика залы белсендi жұмыс iстейдi. Дзю-до, суға жүзу, қазақша күрестен бiздiң спортшыларымыз Қазақстан жоғарғы оқу орындары арасындағы ең таңдаулы жиырма құраманың қатарына енiп келедi. Студенттермен көпсалалы жұмыс жүргiзуде тәрбие жұмысы бойынша проректор, профессор М.Т.Тұрыскелдиннiң еңбегi өлшеусiз. Басқа аймақтардан келген студенттер үшiн жайлы жатақхананың есiгi әр қашанда ашық.

Оқу бiтiрушiлердiң қызметке орналасуын көпжылдық бақылау нәтижесiне қарағанда, еңбек нарығы және таңдаған мамандықтарына орай бiздiң университеттi бiтiрушiлердiң 87 пайызы бiр жылдың iшiнде өзi қалаған жұмысқа орналасады екен. “Қайнар” университетiн тәмамадаған көптеген жастар таяу және алыс шетелдерде – Вашингтон, Париж, Берлин, Амстердам,Стамбұл, Анкара және басқа қалаларда да табыспен жұмыс iстеп жүр. Көптеген оқу бiтiрушiлерiмiз ғылыммен тереңдеп айналысуда: 25 адам ғылыми диссертациялар қорғады, олардың iшiнде үшеуi доктор атағын алды.

Түрлi кезеңдерде университеттiң ғылыми қызметiне көптеген инвесторлар, оның iшiнде шетелдiк инвесторлар да тартылып келедi. Республикалық “Шарапат” сақтандыру қоғамы, “Шаян” фирмасы, “Крамдсбанк”, “Әлембанк”, “Евразия” қоры, “Тенгиз-Шевройл”, “Корпус Мира”, РАЕН ИЕАН (Россия), БРАЙТОН (Ұлыбритания) университетi бiзбен қоян-қолтық жұмыс iстеп келедi. Университет екi рет Халықаралық “Темпус-Тасис” грантына ие болды.

“Қайнар” университетi Еуропа және Қытай жоғары оқу орындарымен, сондай-ақ ТМД аумағында Ресей мен Қырғызстанның жоғары оқу орындарымен қарым-қатынасын жыл сайын нығайтып келедi. Университеттiң ректоры академик Е.С.Омаров Румыния, Египет, ҚХР (Шаңхайда), Мәскеу мен Санкт-Петербургте “Қазақ өркениетiнiң тарихы” курсынан дәрiс өткiзген. Сондай-ақ әлемге аттары белгiлi ғалымдарымыз – философия ғылымының докторы, ҚР ҰҒА-ның академигi А.Н.Нысанбаев, тарих ғылымдарының докторы, қытайтанушы – профессор К.Ш.Хафизова Қытай жоғары оқу орындарында лекциялар оқып, елеулi ғылыми еңбектерiмен кеңiнен таныстырды. ҚР ҰҒА-сының академигi А.Н.Нысанбаев 2008 жылдың шiлде-тамыз айларында Кореяның Сеул қаласында болып өткен ХХII Бүкiләлемдiк Философия конгресiне белсене қатысып, “Адамдық субьективтiлiк рухани – адамгершiлiк феноменi ретiнде”, “Планетарлық этиканың қалыптасуы мен ауқымдасуы” тақырыбында қызықты баяндама жасады.

Әлемге белгiлi шетелдiк мамандар “Қайнар” университетiне жиi келiп тұрады. 2007 жылы САДИМЕС Еуропалық магистратураның профессоры Македония (Грекия) университетiнiң экономика докторы Мари Деливанес бiздiң университеттiң қабырғасында “Әлемдiк экономикалық дағдарыс: одан шығудың жолдары”, НАНТ (Франция) университетiнiң экономика докторы П.Колева “Еуропа елдерiндегi отбасылық қарым-қатынастар” атты қызықты лекцияларын оқыды.

“Қайнардың” әрiптестерi арасында Мәскеу мемлекеттiк халықаралық қарым-қатынастар институты мен Сорбонна, Рединг университетiнiң Еуроазиялық зерттеулер орталығы, халықаралық қарым-қатынастар Корольдiк Институты (Ұлыбритания), Швеция халықаралық қарым-қатынастар институты, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институты, Гарфард университетiнiң Ресей зерттеулер орталығы, Джон Хопкинс институты, АҚШ-тың Канзас университетi, Мәскеудiң Карнеги қоры, РАН-ның (Ресей) Қиыр Шығыс және шығыстану институты, Фулбрайт қоры, Тасис және басқа жоғары оқу орындары мен ұйымдар бар.

Ұшқыр уақыт бiздiң елiмiздiң қазiргi мамандарының алдына тағы да бiр үлкен талап қойып отыр. Бұл – үш тiлдi: қазақ, орыс және ағылшын тiлдерiн жетiк меңгерудiң заманға сай жоғары талабы. Сондықтан да университетiмiздiң алты факультеттерiнiң әрбiрi – қазақ филологиясы, тарих және халықаралық қарым-қатынастар; шет тiлдерi; педагогика және психология; заң; экономика; ақпараттық жүйе факультеттерi осы үш тiлдi оқытып-үйретуге мейлiнше көңiл бөледi.

Бұл мәселеде қазақ филологиясы, тарих және халықаралық қарым-қатынастар факультетi (деканы ғалым-лингвист, жазушы, профессор Ө.А.Айтбаев) табыспен жұмыс атқарып келе жатыр. Мұнда қазақ тiлiн оқыту орталығы жұмыс iстеп, филолог клубы қазақ тiлiнде жарық көретiн түрлi мерзiмдiк басылымдардың редакторларымен студенттер кездесуiн ұйымдастырады, “Жыл кiтабы” пiкiрталасы жүйелi түрде өткiзiледi. Факультеттiң мұрындық болуымен қазақ тiлiне арналған түрлi кештер және мерекелер қызықты түрде жүргiзiледi. Факультеттiң қызметкерлерi және студенттер “Хабар”, “Ел арна” және басқа да телеарналардағы қазақ тiлiн насихаттауға қатысты түрлi телехабарларға белсендi түрде қатысады.

Халықаралық қарым-қатынастар мамандығын таңдаған студенттер түрлi шетелдiк ұйымдар, елшiлiктердiң қызметкерлерiмен тұрақты кездесудi дәстүрге айналдырып келедi. Сондықтан да факультетте “Елшi сағаты” ұйымдастырылуын әр қашанда тағатсыздана тосады. Нидерланды Корольдiгiнiң Қазақстандағы Төтенше және өкiлеттi елшiсi Питер ван Лиувен,АҚШ елшiлiгiнiң ҚР-дағы оқу бағдарламасы бойынша кеңесшiсi Дж.Кенни, Венгрияның Төтенше және өкiлеттi елшiсi Миклош Яцкович, Иран Ислам Республикасының елшiсi Мұртаза Сафари мырзалар және басқалармен жылы жүздесу жас студенттердiң жүрегiнде өшпес iз қалдырғаны даусыз.

Университеттiң басты мiндетi – студенттердi бүгiн және өмiр бойы оқуға құштарлығын ояту. Және бұл оқуды мәңгi есте қалатындай қызықты ете бiлу. Өйткенi, мамандықтың алғашқы талаптарын меңгергенмен оқуды бiтiрушi әлi де толыққанды кәсiби шебер болып шыға келмейдi. Ол үшiн көп оқып, заман талабына сай жаңалықтарды жiтi қадағалап отыру керек. Осы тұста университет қабырғасында алған тәлiм-тәрбие айтарлықтай көмектеседi. Оқу-бiлiм адамның өмiр бақи серiгi. Адамның бiлiм көкжиегiн кеңейтуге күрделi әрi салиқалы зерттеулер барынша көмектесетiнiн айта кетуiмiз керек. Мәселен, 2005 жылы академик Е.С.Омаровтың “Қазақ өркениетiнiң қысқаша тарихы” кiтабы жарық көрдi. Мiне, осынау ғылыми еңбекте “Қазақ өркениетi” деген жаңа атау елiмiздiң, бүкiл әлемнiң ғылыми айналымына алғаш рет ендiрiлдi.

Жаңалыққа, бұрын қалыптаспаған жаңашылдыққа бiздiң “Қайнар” университетiнiң белгiлi ғалымдары, бiлiктi оқытушылары ғана емес, бiлiмге құштар студенттер де әр уақытта ұмтылу үстiнде.

Қайша Егiзбаева,“Қайнар”университетiнiң

оқу iсi бойынша проректоры, профессор

Серіктес жаңалықтары