МIНДЕТТI ӘЛЕУМЕТТIК САҚТАНДЫРУ ЖYЙЕСI

МIНДЕТТI ӘЛЕУМЕТТIК САҚТАНДЫРУ ЖYЙЕСI

МIНДЕТТI ӘЛЕУМЕТТIК САҚТАНДЫРУ ЖYЙЕСI
ашық дереккөзі
801

Қазақстанның тәуелсiздiк алуымен нарықтық қоғамдық қатынастарға тең болатын халықты әлеуметтiк қорғаудың өзiндiк жүйесi қалыптасуда. Өз өмiрiнiң жағдайын қалыптастыруға деген әрбiр адамның жауапкершiлiк деңгейiнiң артуы елiмiздегi нарықтық экономиканың ерекшелiгi болып табылады. Қоғамдағы әрбiр адамның өзiнiң өмiрiне қауiп төндiретiн және ол ондай жағдайды жалғыз өзi түзете алмайтын жағдайлар да болатынын атап өткен жөн. Осыған байланысты әлеуметтiк сақтандыру нарықтық экономика жағдайында жұмыс iстейтiн халықты әлеуметтiк қатерден әлеуметтiк қорғау нысандарын айқындайды.

Әдетте әлеуметтiк қатерлердiң мынадай белгiлерi болады:

Бiрiншiден, экономикалық. Оған:

– экономикалық дағдарыс, қайта құрылу өндiрiстi оңтайландыру, экономикалық қайта құрылу нәтижесiнде жұмыс күшiн ұсыну мен сұраныстың сәйкес келмеуi себебiнен еңбек ету қабiлетiнен айрылу қауiпi;

– жұмыс берушiлердiң қолайлы еңбек жағдайын жасап қауiпсiздiк техникасын қамтамасыз етуге қаражат жұмсауға ынтасыздығының салдарынан кәсiптiк ауру, өндiрiстiк жарақат алуға байланысты еңбек ету қабiлетiнен айрылу. Мұндай жағдайларда қатердiң себебi қызметкердiң өзiне байланысты болмайды.

Екiншiден, кейбiр қатерлер уақытша еңбек ету қабiлетiнен айрылу және зейнеттiк жасқа жетуiне байланысты жағдайлардың туындауына да тiкелей байланысты.

Материалдық қамтамасыз етiлмеу қатерiн кәсiптiк ауру, өндiрiстiк жарақат алу мүмкiндiгiнiң туындауы деп те қарастыруға болады. Мұндай қатерлер жалпы сипат алады. Бiрақ оның ерекшелiгi бұл қатердiң сақтандырылған барлық халыққа бiр мезгiлде туындамайтындығы. Сонымен қатар әлеуметтiк – экономикалық жағдайлармен тығыз байланысты барлық халыққа бiр мезгiлде туындайтын қатерлер де бар, мысалы: инфляция, дефолт және т.б. Мұндай қатерлер әлеуметтiк сақтандырылуға жатпайды.

Халықты әлеуметтiк қорғауда сақтандырудың қажеттi және маңызды жүйесiн құру сақтандырылғандарды материалдық қамтамасыз ету мақсатында сақтандыру төлемдерiнiң нақты қызметiн анықтау болып табылады.

Өз кезегiнде бұл олардың көлемiн, нысанын және сақтандыру төлемдерiн төлеудiң тәртiбiн белгiлеудiң әдiстемелiк негiзiн құрайды.

Халықаралық еңбек ұйымы – әлеуметтiк қорғау ұғымын халықтың экономикалық белсендi бола алмау және өзiн жоғары жалақылы еңбекпен айналыса алмауы жағдайында (кәрiлiк, денсаулық, асыраушысынан немесе жұмысынан айрылуы) оларға өмiр сүруге қажеттi жағдай жасап азаматтардың тұрмыс жағдайының деңгейiн көтеру деп түсiндiредi.

Осыған сәйкес Қазақстандағы реформа жылдары әлеуметтiк қорғаудың үш деңгейлi жүйесi құрылды.

Бiрiншi деңгей – Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепiлдендiрiлген әлеуметтiк төлемдер, яғни қоғамның дамуына азаматтың қосқан жеке үлесiн есепке алмай бiрдей деңгейде барлық азаматтарға беретiн төлемдер (базалық зейнетақы төлемi, мемлекеттiк жәрдемақы, бала тууына/бала күтiмiне берiлетiн бiр реттiк төлемдер);

Екiншi деңгей – мiндеттi зейнетақы жарналары есебiнен төленетiн зейнетақы төлемдерi мен “Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қоры” АҚ төленетiн әлеуметтiк төлемдер, яғни азаматтардың қоғамның дамуына қосқан жеке үлестерiн ескере отырып қосымша әлеуметтiк қамсыздандыру.

Үшiншi деңгей – ерiктi сақтандыру есебiнен әлеуметтiк төлемдер.

Бүгiнгi күнi әлеуметтiк сақтандыру жүйесi Қазақстандағы әлеуметтiк-экономикалық қатынастардың маңызды және қажеттi элементтерiнiң бiрi болып отырғанын атап өткен жөн. Республикадағы мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнiң негiзiн айқындайтын заңнамалық база жасалған. Сақтандырудың басқа түрлерiнен (мүлiктi, көлiктi және т.б. сақтандыру) оның принциптi айырмашылығы, ол еңбек қызметiне араласа алмауы себептi материалдық қамтамасыз етiлмеуден азаматтарды қорғауды қамтамасыз етедi. Сондықтан, әлеуметтiк сақтандырумен ең бiрiншi өмiр сүрудiң негiзгi көзi еңбек ақысы немесе табысы болып табылатын өз еңбегi арқасында өмiр сүрiп жүрген жалдамалы жұмысшылар қамтылған.

Осылайша мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесi деп мемлекет белгiлейтiн және кепiлдiк беретiн мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылар арасындағы қатынастарды реттейтiн нормалар мен ережелер жиынтығын айтамыз.

Мiндеттi әлеуметтiк сақтандырудың негiзгi принциптерi:

1) мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтаудың және орындаудың жалпылығы;

2) әлеуметтiк төлемдермен қамтамасыз ету үшiн қолданылатын мемлекет кепiлдiк берген шаралар;

3) әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне мiндеттi қатысу;

4) әлеуметтiк қатер туған жағдайда әлеуметтiк төлемдер төлеу үшiн әлеуметтiк аударымдарды пайдалану;

5) мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушыларға әлеуметтiк қатер туған жағдайда әлеуметтiк төлем төлеу мiндеттiлiгi;

6) мiндеттi әлеуметтiк сақтандыруды қамтамасыз етушi мемлекеттiк органдар қызметiнiң жариялылығы.

Қазақстандағы мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесi жүйеге қатысушыларды, яғни республикадағы жұмыспен қамтылған халықты әлеуметтiк қорғаудың қосымша түрi болып табылады. 2005 жылдан бастап мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушыларға әлеуметтiк қатер туған жағдайда әлеуметтiк төлем төлеу жарғылық капиталына мемлекеттiң жүз пайыз қатысуымен құрылған “Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қоры” акционерлiк қоғамының (бұдан әрi – Қор немесе МӘСҚ) қаржы ресурстары есебiнен жүргiзiлуде.

Бұл ретте МӘСҚ қаржылық ресурстары “Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы” Қазақстан Республикасы Заңымен белгiленген мынадай ставкалар бойынша төлеушiлер төлейтiн, Қорға аударылған әлеуметтiк аударымдарды шоғырландыру және әлеуметтiк салықты қайта бөлу жолымен қалыптастырылады:

2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап – әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсiнен 1,5 пайыз;

2006 жылдың 1 қаңтарынан бастап – әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсiнен 2 пайыз;

2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап – әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсiнен 3 пайыз;

2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап – әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсiнен 4 пайыз;

2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап – әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсiнен 5 пайыз.

Әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген және әлеуметтiк қатер туған жағдайда әлеуметтiк төлемдер алуға құқы бар заңды тұлғалар мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылар болып табылады.

Әлеуметтiк аударымдарды есептеудi және төлеудi жүзеге асыратын жұмыс берушiлер немесе өзiн-өзi жұмыспен қамтыған тұлғалар (өзiн өзi жұмыспен қамтыған оларға табыс әкелетiн жеке кәсiпкер, жеке нотариус, адвокат) әлеуметтiк аударымдарды төлеушiлер болып табылады.

Қор негiзгi қызметiн өз мiндеттерi бойынша өз активтерiмен жауап беретiн сақтандыру ұйымдары сияқты сақтандыру принциптерi арқылы жүзеге асырады.

МӘСҚ мемлекеттiң бюджет жүйесiне кiрмейдi және бюджеттен тыс ұйым ретiнде құрылған. Қор қызметiнiң айқындаушы сәтi коммерциялық емес, әлеуметтiк мақсат болып табылады: мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне (бұдан әрi – МӘСЖ) қатысушыларға әлеуметтiк қатер туған жағдайда әлеуметтiк төлем төлеудi жүргiзу.

Әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушыға МӘСҚ әлеуметтiк төлем алуға құқық мынадай жағдайларда туындайды:

1) еңбек ету қабiлетiнен айрылған жағдайда уәкiлеттi орган медициналық– сараптама қорытындысы негiзiнде еңбек ету қабiлетiнен айрылу дәрежесiн белгiлеген күннен бастап;

2) асыраушысынан айрылған жағдайда– қайтыс болуы туралы куәлiкте, немесе сот хабар-ошарсыз кеттi деп таныған шешiмде көрсетiлген күннен бастап;

3) жұмысынан айрылған жағдайда – мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушының жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға жұмыссыз ретiнде тiркелген күнiнен бастап;

4) жүктiлiгi және бала тууы жағдайына табысын жоғалтқан жағдайда еңбекке қабiлетсiздiгi туралы парақта көрсетiлген жүктiлiгi және босануы жөнiндегi демалыстың басталған күнiнен бастап;

5) жаңа туған баланы асырап алуына байланысты табысын жоғалтқан жағдайда – еңбекке қабiлетсiздiгi туралы парақта көрсетiлген жаңа туған баланы асырап алған қызметкердiң демалысы басталған күннен бастап;

6) бiр жасқа толғанға дейiнгi нәресте күтiмi үшiн табысын жоғалтқан жағдайда – баланың тууы туралы куәлiгiнде көрсетiлген туған күнiнен бастап.

Екi не одан да көп бала туған жағдайда бiр жасқа толғанға дейiнгi бала күтiмi үшiн әлеуметтiк төлем әр балаға жеке тағайындалады.

Бұл ретте бiр жасқа толғанға дейiнгi бала күтiмi үшiн төленетiн әлеуметтiк төлемнiң ең төменгi мөлшерi республикалық бюджеттен төленетiн мемлекеттiк жәрдемақы (баланың туу кезегiне байланысты) мөлшерiнен кем емес мөлшерде белгiленген. Ал ең жоғарғы мөлшер сол жылға республикалық бюджет туралы Заңмен белгiленген 10 еселенген ең кiшi еңбек ақы мөлшерiнiң 40 пайызынан аспау керек.

2005 жылдан МӘСЖ қолданысқа енгеннен бастап 2008 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша МӘСҚ жүргiзiлген әлеуметтiк төлемдер сомасы 21 314 млн. теңгенi құрады, оның 20 491,3 млн теңгесi тек қана ағымдағы жылдың 9 айында төлендi. Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә.Назарбаевтың “Жаңа әлемдегi жаңа Қазақстан” атты Қазақстан халқына арналған Жолдауына сәйкес әйелдердiң балаларды тәрбиелеуi мен кәсiптiк қызметiн қатар атқару мүмкiндiгiн қамтамсыз ету мақсатында 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘСЖ қатысушы – жұмыс iстейтiн әйелдер үшiн жүктiлiктi, бала тууын және аналық кезiн мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру енгiзiлдi. Осыған байланысты 2008 жылы Қордан төленген әлеуметтiк төлемдер сомасы бiрден көбейдi.

Елiмiзде мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнiң енгiзiлуiнiң негiзгi мақсаты базалық мемлекеттiк жәрдемақылар, қосымша төлемдерден басқа әлеуметтiк қатер туған жағдайда әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген жұмыс iстейтiн азаматтарды қамтамасыз ету болып табылатынын атап өткен жөн.

МӘСЖ қатысушысы үшiн мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнен төленетiн әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерi Қорға түскен әлеуметтiк аударымдардың нақты мөлшерiне және ұзақтығына байланысты болады.

Республика бойынша әлеуметтiк төлемдер құрылымында 2008 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша негiзгi үлестi жүктiлiгi және босануы бойынша – 10 484,4 млн.теңге (51,2 %) және бала күтiмi үшiн – 8 998,8 млн.теңге (43,9 %) құрайды.

2008 жылдың 9 айы үшiн әлеуметтiк төлемдердiң аса көп бөлiгi республика бойынша төленген әлеуметтiк төлемдердiң жалпы көлемiнiң Алматы қаласында (18 %), Оңтүстiк Қазақстан облысында (10 %), Астана қаласында (9 %) жүргiзiлдi.

“Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қоры” АҚ қызметiне талдау нәтижесiнде әлеуметтiк сақтандыру барлық уақытта әлеуметтiк қорғаудың универсалды тетiгi болып табылмайтынын көрсеттi. Ол экономика жағдайына, еңбек нарығына, қоғамның демографиялық даму шарттарына т.б. факторларға байланысты болады. Мысалы, экономиканың құрылымдық қайта құрылуы, халықтың табысындағы дифференциацияның өсуi, ұзақ мерзiмдi демографиялық өзгерiстер, халықтың өмiр сүру ұзақтығының өсуi – осы және басқа да бiрқатар мәселелер әлеуметтiк сақтандыру институттарының экономикалық, құқықтық және ұйымдастыру тетiктерiн одан әрi жаңартуды қажет етуi мүмкiн.

Осының бәрi әлеуметтiк қорғау мемлекеттiң монополиясы болуды тоқтатып және көпсубьектiлi сипат ала бастағанын көрсетiп отыр. Оның субьектiлерi мемлекеттен басқа (Үкiмет және жергiлiктi атқарушы органдар) жұмыс берушiлер, қызметкерлердiң өздерi, қоғамдық ұйымдар, бюджеттен тыс мекемелер мен бiрлестiктер, қайырымдылық қорлары, коммерциялық ұйымдар – демеушiлер, жекелеген меценаттар.

Әлеуметтiк қорғау – бұл мемлекеттiң қамқорлығы деп ойлау, бүгiнгi шындыққа жауап бермейдi. Сонымен қатар ол тек қана жұмысшылар мен жұмыс берушiлердiң және мемлекеттiң бiрiгiп күш салуының арқасында ғана тиiмдi болуы мүмкiн.

Қазақстандағы әлеуметтiк қорғаудың жаңа жүйесiнiң негiзгi мақсат-мiндеттерi экономикалық өсудi қолдаудың элементтерiн: әлеуметтiк қатер туған жағдайда қосымша қорғауды ұсынады.

А.ҚҰРМАНОВ, “Мемлекеттiк әлеуметтiк

сақтандыру қоры” АҚ президентi

Серіктес жаңалықтары