Дүйсембай СЕЛИХАНОВ: КЕЛЕШЕГIН ОЙЛАҒАН ҚАЗАҚ ТҮБIНДЕ ҚАЗАҚСТАНҒА КӨШЕДI

Дүйсембай СЕЛИХАНОВ: КЕЛЕШЕГIН ОЙЛАҒАН ҚАЗАҚ ТҮБIНДЕ ҚАЗАҚСТАНҒА КӨШЕДI

Дүйсембай СЕЛИХАНОВ:  КЕЛЕШЕГIН ОЙЛАҒАН ҚАЗАҚ ТҮБIНДЕ ҚАЗАҚСТАНҒА КӨШЕДI
ашық дереккөзі
237

Жақында Шығыс Қазақстан облысында “Ел шежiре” қоғамдық қайрымдылық қорының ұйымдастыруымен “Шығыс Қазақстан облысында оралмандарды бейiмдеу шаралары және оның тиiмдiлiгi” атты дөңгелек үстел болып өттi. Дөңгелек үстелге Шығыс Қазақстан облыстық Көшi-қон департаментiнiң бастығы Дүйсембай Селиханов, облыстық көшi-қон полициясы және оралмандар өкiлдерi қатысты. Дөңгелек үстелде оралмандар өздерiн толғандырып жүрген мәселелер төңiрегiнде пiкiр алмасты. Ең әуелi Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi дайындап, Үкiмет қабылдап, Парламент мақұлдаған “Нұрлы көш” бағдарламасы талқылана келе, оралмандарды бейiмдеу шараларының қандай бағыт алуы қажеттiгi жайында ой бөлiстi. Мәселен, Ұлан аудандық мәслихатының депутаты Нұртай Тiлеужанұлы “Шеттен келген ағайындар азаматтық алу үшiн, көшi-қон квотасына қол жеткiзу үшiн мiндеттi түрде тiркеуге отырады. Олардың мұнда туғаны жоқ, туысқаны жоқ, кез-келген адам жетелеп әкелiп тiркеуге отырғыза алмайды. Мiне, сол себептi де бейiмдеу орталығында ағайындарды тiркейтiн болса құба-құп болар едi” деген тiлек айтты. Ал, “Дидар” газетiнiң қызметкерi Бодаухан Тоқанұлы бейiмдеу орталығын құқықтық ақпаратпен қамтамасыз ететiн болса деген тiлек айтты. Өйткенi, мұндағы оралмандар түгiлi құзырлы органдардың қызметкерлерi оралмандардың құқын көп жағдайда бiле бермейдi екен. Ол кiсi бiр апта бойы “Оралман куәлiгiмен” жұмысқа орналасуға болады дегендi дәлелдей алмай жүргендiгiн айтады. Ал, үшiншiлерi, белгiлi бiр кәсiпке баулу қажеттiгiн сөз еттi.

Бiз осы және басқа да ойлар төңiрегiнде осы облыстың Көшi-қон департаментiнiң бастығы Дүйсембай Селиханов мырзамен ой бөлiскен едiк.

– Дүйсембай Мағзұмұлы, жалпы Шығыс Қазақстан облысындағы оралмандар жайымен таныстырып өтсеңiз?

– Бүгiнге дейiн Шығыс Қазақстан облысына Қытайдан, Моңғолиядан, Өзбекстаннан, Ресейден және басқа да алыс-жуық шетелдерден 40 мыңдай адам қоныс аударған екен. Бұл дегенiңiз бiр ауданның халқына тепе-тең. Олар көбiнесе Зайсан, Үржар, Жарма, Тарбағатай, Қатонқарағай, Ұлан, Глубокий және Күршiм облыс орталығынан шалғай аудандарға қоныс тебуде. Ең көбi Зайсан ауданына қоныстанды, онда 5000 отбасы бар. Ал, шекара маңында, қара топырақты, құнарлы аудандарға қандастарымыз аз барып жатыр. Бұл өңiрлерде өздерiңiзге белгiлi өзге ұлт өкiлдерi басым аудандар. Шемонайха ауданында 50-дей, Бородулихода 70-ке жуық әулет жиналған, Зырян, Рейдер, Курчатов, Бесқарағай аудандарында да оралмандар аз. Бұл аудандардың келешегi зор, жерi шұрайлы, табиғаты көркем аудандар. Егiн ексе де, мал өсiрсе де, онда тiршiлiк көзiн табуға болады. Олардың әлеуметтiк жағдайы шешiлген. Сол себептi де, оралмандарды осы өңiрлерге көбiрек апаруды көздеуiмiз керек.

– “Нұрлы көш” бағдарламасының артықшылықтары неде деп ойлайсыз?

– Мен өз басым үш мемлекеттегi ағайынның жағдайын жақсы бiлем. Көршi Қытайда өте көп болдым. Моңғолияда 100-мыңнан астам қазақ бар. Олардың өмiр сүрiп жатқан жерi атамекенi болғанымен, бүгiнде өзге елдiң қоластында, сол себептi де шетте отырған елдiң күйiн сұрап не қылайық, қалай дегенмен де, ол кiсiлерге оңай тиiп отырмағаны анық. Моңғолиядағы қазақтың жағдайын жаман дей алмаймын. Тiл жағынан болсын, экономикалық тұрғыдан болсын, мәдени мәселелерiн сақтауы тұрғысынан болсын оларға қысым жасалып отырған жоқ. Әлеуметтiк жағдайы айта қоярлықтай емес. Ал, Қытайдағы миллионнан астам қандасымыз миллиардтың қысымына төтеп бере алады деудiң өзi ақылға сыймас. Ондағы ағайындарды да сақтап қалатын бiр-ақ жол бар – атажұртына оралу.

Бiр жағынан Қазақстанға халық керек, жұмыс күшi керек, екiншi жағынан мына ұлан-ғайыр өлкеге ие болуымыз керек. Өзге ұлт өкiлдерi елiн-жерiн iздеп, Қазақстаннан ауа көшiп жатыр. Олардың орнын қазақ басуы керек. Осы орайда “Нұрлы көш” бағдарламасын жасау барысында, бiздiң министрлiк, көшi-қон комитетi және көшi-қон басқармалары бiрлесе жұмыс жасадық. Бiз көшi-қонды реттеудi қалай жолға қою керек дегенге зерттеу жұмыстарын жүргiздiк. Заңдарды қандастарымызды көшiрiп әкелiп, арықарай бейiмделiп кетуiн қолға алдық. Олардың көшiп келгеннен кейiнгi тағдырын шешудi көбiрек ойластырдық. Қазiргi заңға енгiзiлiп жатқан өзгерiстерге орай, келген ағайындарға заңды түрде жер берiлуi керек, үй сатып алуына төмен пайызбен несие қарастырылды.

Кейбiр облыстарда келушiлердiң саны басым болса, кейбiр облыстарда ағайындар аз шоғырланған. Сырттан келiп жатқан оралмандар Қазақстанның кез-келген түкпiрiне барып қоныстануы тиiс. Ол үшiн кейбiр облыстарға басым артықшылықтар берiлдi. Мәселен, “Нұрлы көште” – оңтүстiк, орталық және солтүстiк аймақтар деп қарастырылып отыр. Мәселен, бiз солтүстiк аймаққа жатқызылдық, бiзге келетiн ағайындарға төленетiн жәрдемақы оңтүстiк облысқа көшiп келгендерге төленетiн жәрдемақыдан екi есеге артық болып келедi. Яғни, көшiп келушiлердi ынталандыру мақсатында осындай коэфициенттер қолданылып отыр. Ендi менiң жеке тағы бiр ұсынысым бар. Мысалы, бiз Көшi-қон комитетiне, көшi-қон комитетi министрлiкке ұсыныс жасай отырып, бiздегi халқының саны аз, шекара аудандарға баруға ниет етушiлерге өзге ауданға барғысы келетiндерге төленетiн жәрдемақыдан тағы да артық жәрдемақы төлесек. Бiзге бөлiнген қаржыны дифференциялап, қазағы аз аудандарға ағайындарды жiберсек деген ойым бар.

– Бейiмдеу iсi қай бағытта жүрген дұрыс деп ойлайсыз?

– Бiзге менталитетi жағынан Өзбекстаннан келген қазақтар жақын болып келедi. Қалай дегенмен де, бiр Кеңес үкiметiнiң төлдерiмiз ғой. Одан кейiнгiсi – Моңғолиядан келген қазақтар. Ал, бiздiң облысқа келген оралмандардың 80%-ы Қытайдан келгендер. Олардың бiздiң өмiрiмiзге араласып, бейiмделiп кетуi қиындау түседi.

Осы адамдарды ортаға бейiмдеу iсi көлденең тұрғаны ақиқат. Алайда, дәл бүгiнгiдей потенциалмен бұл iстi қолға алу жағы қиын. Облыстық көшi-қон департаментiнде бар-жоғы 7 адам жұмыс iстеймiз. Осы құраммен бiз жылына 1,5-2 мыңға жуық әулеттi қабылдап отырмыз. Бұл оңай жұмыс емес. Былтыр 1100, биыл 1300 қабылдадық, келесi жылы 1500 отбасын қабылдамақпыз.

Демек, бейiмдеу шараларын жүзеге асыру үшiн не iстеу керек? Қазiр министрлiк жоспары бойынша, Қарағанды облысында, Ақтау облысында бейiмдеу орталықтары салынды. Сондай орталықты таяу арада Шығыс Қазақстан орталығы – Өскемен қаласында да салу жоспарланып отыр. Қалалық әкiмшiлiк осы мақсатқа 2 гектар жер бөлiп те қойды.

Бұл бейiмдеу орталықтарында әулеттердiң тұруы қажет емес. Сондай-ақ, зейнет жасындағы адамдарды ортаға бейiмдеу шараларын жүргiзудiң де қажетi шамалы. Менiңше, мектеп бiтiрген жастарды сол бейiмдеу орталықтарында қандай да бiр кәсiпке баулып оқытса, 200-300 орындық жатақхана және оқу корпусы болса, әуелi құқықтық жағынан сауат ашып, Қазақстан заңдарымен таныстырса, екiншiден, тiл курстарын ашса, алфавит бойынша бейiмдесе.

Бүгiнде бiзде ондай орталық бар. Онда қатты қиналған адамдар екi-үш айдан өмiр сүредi. Бүгiнгi бейiмдеу жұмыстарын аудан, қала әкiмдерiне жүктеп қойдық олар қолынан келгенше жұмыстарын iстеп жатыр.

– Дөңгелек үстелде өзiңiз куә болғандай айтылған әңгiмелердiң бiрi – орталықта “тiркеу” iсiн жүзеге асырса жөн болар едi дегенге сайды. Бұған не дер едiңiз?

– Бұл заң. Кейбiреулер тiркеуге тұра алмай қиналып жүрсе, екiншiлерi тiркелiп, квотаға енiп, қажеттi жәрдемақыға қол жеткiзiп алып, өзге мекенге көшiп кетiп жатыр. Ол да күнкөрiс қамы шығар. Қазақстан заңы бойынша, Қазақстан азаматтығын алғанша, тiркелу кiтапшасын қолына бермейдi. Сол себептi де, бұл мәселенi дұрыс көтерiп отырсыздар. Дегенмен, кейбiр адамдар осында келiп, тiркеуге тұрып, квотасын ала алады екен де, өзге облыстарға қоныс аударып кетедi екен. Сол себептi де, бiз осында қалатындарына көмек қолын созып, орталықта тiркеу жұмыстарын жасап жатырмыз. Бұл iстi де қолға алған жөн деп ойлаймын.

– Дөңгелек үстелде кейбiр әкiмшiлiк қызметкерлерi оралмандарға қатысты құқықтық құжаттардан бейхабар екендiгi жайында айтылды. Биылғы жылдың 30 мамырында қабылданған №524 Қаулы бойынша, “Оралман куәлiгiмен” жеке әлеуметтiк код (СИК) берiлетiндiгi айтылған. Алайда, кейбiр әкiмшiлiк орындары бұл Қаулыдан бейхабар көрiнедi.

Тек оралмандарды ғана емес, құзырлы органдарды да қажеттi ақпаратпен қамтамасыз ету жағын қалай жүзеге асыруға болады?

– Әрбiр әкiмшiлiке заңға енгiзiлген өзгерiстердiң нұсқауы жiберiлiп отырады. Әр ауданда компьютер бар. Онда заңдардың базасы орнатылған. Егер, қандай да бiр құқықтық нормалардан бейхабар болып жатса, оны оралманның өзiне тауып әкел деп сiлтеу дұрыс емес. Бұрын бұл база бiзде жоқ едi. Биыл соған қаржы бөлдiрiп орнатып алдық. Не маман құқықтық тұрғыдан сауатсыз болуы мүмкiн, не бюрократ болуы мүмкiн. Өйткенi, ол кез-келген ауданда, кез-келген еңбекпен қамту орталығында бар. Оған жылына белгiлi мөлшерде қаржы төлеп отырамыз, соған орай заңдық нормалар да жаңаланып отырады.

– Келген оралмандардың дипломдары да жарамсыз болып жатады екен. Сiздер оларды жұмыспен қамтамасыз етуде ненi басшылыққа аласыздар?

– Жұмыспен қамту iсi екi бағытта жүзеге асады. Бiрiншi, жоғары бiлiмi жоқ, айналысқан бiр кәсiбi бар адамдар, екiншi, жоғары бiлiмдi, қолында қандай да бiр мамандығы барлығын растайтын дипломы бар адамдар. Мамандығы жоқ адамдарды арнайы кәсiпке баулу қажеттiгiн айттым. Бiзде кейбiр аудандарда оралмандарды кәсiпке баулу iсiн кәсiптiк-техникалық училищелерде жүзеге асырып жатыр. “Нұрлы көш” бағдарламасында әрбiр аудан әкiмшiлiгi өздерiне қажеттi мамандықтар жайында сұраныс жасайды. Кейбiр үлкен қалаларда жұмыс күшi жетiспей жатыр. Егер, қажеттi мамандықтар бойынша шақырылып барса, оларға тек жәрдемақы ғана емес, басқа да жағдайлар жасалуы мүмкiн. Оралмандар көбiнесе егiн шаруашылығымен, мал шаруашылығымен айналысып жатыр. Дегенмен, облыс әкiмi Әдiлғазы Бергенов тапсырма бердi. Ол кiсiнiң тапсырмасы бойынша, келген ағайындар тек ауыл шаруашылығымен айналысып кетпесiн, мамандығы бойынша қызметке де орналассын делiнген. Бiзде мемлекеттiк қызметте жұмыс iстеп жүрген оралмандар да бар.

Кейбiр мемлекеттiң дипломдары бiзге жарамайды. Ол үшiн Астанаға барып Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң қасынан арнайы құрылған комиссияның сараптауынан өтуi керек. Бұл комиссия арнайы сертификат бередi. Сол сертификат арқылы ол кiсiлердi жұмысқа қабылдауға болады.

– Жақында Шығыс Қазақстан облысының әкiмi Моңғолияның Баян-Өлгий аймағына сапар шегiп қайтыпты. Ол делегацияның құрамында сiз де болған екенсiз. Ондағы ағайындардың көңiл-күйi жайында айтып өтсеңiз? Көшiп келуге деген ынтасы қалай екен?

– Ендi ондағы ағайындарымыздың тiрлiгi жаман емес екен. Моңғол ағайындардың қазақтарға деген көзқарасы дұрыс көрiндi. Дегенмен, басқа ел, басқа жер дегендей, бәрiбiр көңiл алаңдаушылығы байқалады.

Келешегiн ойлаған қазақ түбiнде Қазақстанға көшедi деп ойлаймын. Қалай дегенмен де, көш керуен басталып кеттi ғой. Ендi оны тоқтату оңай емес.

– Қазақстанға қазақ керек, соның iшiнде маман керек деп отырсыз. Менiң бiлуiмше, Баян-Өлгийде Шығыс Қазақстан облысының Сәрсен Аманжолов атындағы мемлекеттiк университетiнiң гуманитарлық мамандарды дайындайтын филиалы бар. Кейбiр деректерге қарағанда, бұл филиал әлi күнге дейiн лицензиясыз отырған көрiнедi. Сiздер сол университет қызметкерлерiмен кездестiңiздер ме?

– Иә, жолығып арнайы әңгiме өткiздiк. Осы әңгiме де көтерiлдi. С. Аманжолов атындағы университеттiң ректоры бұл жайында оларға арнайы түсiндiрiп бердi. Сонда ұққаным оқу орнының филиалына арнайы лицензияның қажетi болмайды екен. Дегенмен, оқу-орнының материалдық-техникалық базасы кейбiр талаптарға жауап бере бермейдi екен. Оқулықтар, техникалық құрал-жабдықтар жетiспей жататын жағы тағы бар екен.

– Сондай-ақ, Өскемен мен Баян-Өлгийдi тiке жалғайтын жол мәселесi айтылғалы да бiраз уақыт болды. Биылғы жылы Ресей президентi Медведев жол салуға арнайы рұқсат бергендiгiн айтты. Жол құрылысы қалай жүрiп жатыр екен?

– Менiң бiлуiмше, Қазақстан тарапынан салынуға тиiстi жол салынып бiткен. Ресей мойнына алған iстi бiтiрсе, екi ара 500 шақырымға қысқарады екен. Қазiр Өскемен мен Баян-Өлгий аймағының арасы 1200 шақырым жол жүредi. Ендi бiтпей тұрған 60 шақырымдық жол бiтсе, жол проблемасы екi есеге дейiн азаяды деп ойлаймын.

– Рахмет!

Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары