Тұрсынәлi РЫСКЕЛДИЕВ: ӨЗ ЖЕРIМДЕ ТҰРАМ, ҚЫТАЙДАН ЗЕЙНЕТАҚЫ АЛАМЫН

Тұрсынәлi РЫСКЕЛДИЕВ: ӨЗ ЖЕРIМДЕ ТҰРАМ, ҚЫТАЙДАН ЗЕЙНЕТАҚЫ АЛАМЫН

Тұрсынәлi  РЫСКЕЛДИЕВ: ӨЗ ЖЕРIМДЕ ТҰРАМ, ҚЫТАЙДАН ЗЕЙНЕТАҚЫ АЛАМЫН
ашық дереккөзі
272

Тұрсынәлi Рыскелдиевтiң қазақ оқырманына есiмi таныс болмағанымен, көршiлес алып елдiң халқына танылып үлгерген жазушы. Оның қаламынан туған шығармаларының көбi сонда жүргенiнде жазылған. Жазушының “Тасқын” трилогиясы Қытайдағы қауымдасудың салқынының көрiнiсiн суреттеген шығарма. Бүгiнде атамекенiне қоныс аударғанымен, азаматтық алып үлгермегендiктен, зейнетақысын әлi де сол елден алып жүр. Жазушының да шығармаларының басты тақырыбы – оралман қазақтардың жай-күйi, мұң-зары.

– Тұрсынәлi аға, сiздiң бабаларыңыз Қытай елiне қашан қоныс аударып едi?

– Бiз Найман iшiнде Матай деген ру боламыз. Осыдан қаншама жыл бұрын, ол кезде Қазақстанның территориясы бөлiнбей тұрған кезеңде, бiздiң бабаларымыз көшiп-қонып жүрген. Сонда Iле аймағын, Алтай-Тарбағатай маңайы түгелiмен бiздiң бабаларымыздың құт мекенi болды. Бiздiң онда қоныс тебуiмiздiң ашаршылыққа, қуғын-сүргiнге мүлдем қатысы жоқ. Кейiн шекара бөлiнгенде бiздiң бабаларымыздың жартысы ар жақта, жартысы бер жақта қалыпты. Баяғы ата-бейiтiнiң өзi қақ бөлiнiп, жартысы ар жақта, жартысы бер жақта қалған жоқ па? Елiмiз тәуелсiздiк алып, Елбасы дүниежүзiндегi қазақтарды жинағаннан кейiн, осында көшiп келе бастадық.

– Бабаларыңыз туған мекенге қай кезде көшiп келдiңiз? Көшi-қон мәселесi басталып, жан-жақтан қазақтардың көшi басталған уақытта келдiңiз бе?

– Мен 1998 жылы көшiп келдiм. Әке-шешемнiң бейiтi сол жақта. Матай iшiнде Қызай деген елмiз. Сол Қызайлардың көбi әлi сол маңда тұрып жатыр.

– Тәуелсiздiк алғанға дейiн қазақ мемлекетi туралы, қазақтар туралы мағлұматтар болды ма, сiздерде…

– Кiшкентай кезiмiзден-ақ бiлiп өстiк қой. Студент шақтарымызда да, қазақ жерi, қазақ елi туралы жақсы бiлдiк. Орта мектепте оқып жүргенiмiзде Қазақстанның оқулығын пайдаландық. Оқулықтардың көбi осы жақтан барып тұрды. Қытай мен Кеңес одағы онда дос мемлекеттер. Қазақстанның оқулығын сол жақтағы қазақ мектептерi жиi пайдаланатын. Мен Шыңжаң университетiнiң қытай тiлi мен әдебиетi факультетiне оқуға түстiм. Сол кезеңнiң өзiнде сол жерде орыс тiлi факультетi болды. Сол факультетте оқитындар Кеңес Үкiметiнiң оқулықтарын пайдаланып, бiлiм алды. Мен де солармен араласып-құраласып жүрiп, оқулықтармен жиi танысып отырдым. Ал жалпы, ес бiлiп, хат танығаннан бастап, Абайдан бастап, қазақ жазушыларының шығармаларымен жете танысып өстiк қой. Шыңжаң университетiнiң кiтапханасында дүниежүзi әдебиетiнiң өкiлдерiнiң барлықтарының дерлiк кiтаптары болды. Жаппай-тұрмай сол кiтаптарды оқыдық. Оның үстiне, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиевтiң өлеңдерi бiзге таныс болды. Хат та алысып тұрдық. Неге екенi белгiсiз, бiзге Мұқағалидың өлеңдерi жете қойған жоқ. Ұлтшылдық идеясы ұстанған, ұлтшылдық туралы қозғалған тақырыптағы өлеңдер көп жете қоймайтын. Өйткенi, Қытай мен Кеңес одағы дос. Ондай тақырыптардағы дүниелердi көп өткiзбедi, оларды жiбермедi.

– Онда Кеңестiк Қазақстанды ғана жақсы бiлген болдыңыздар ғой…

– Ол кезде дәл солай түсiнiп кеткен жоқпыз. Алаш идеясы туралы бiлдiк, оқыдық, сезiндiк. Таңжарық деген ақынымыз осында келiп оқыған. Алаш азаматтарымен танысқан, алаш идеясын бiлген. Алаш арыстарымен араласқан. Мұхтар Әуезов пен Iлияс Есенберлин Қарқаралыдағы Ереуiлтөбедегi көтерiлiстi бастаған адамдарға ескерткiш қояды. Сол ескерткiш қою кезiнде Таңжарық та болып, Мұхтар Әуезовпен кездесiп, танысып-бiлiсiп, араласады. Одан кейiн, Алаш арыстарымен араласып, сол идеяны бойына сiңiредi. Кейiн мұнда қайтып келгеннен кейiн, ұлттық идеясы мықты азаматтарды жинап, кәдiмгiдей үш аймақ төңкерiсiн бастаймыз деп дайындалған. Алтай-Тарбағатай аймақтарының барлығында дүмпулер болған. Осыдан кейiн, бұл дүмпулердi бастаған адамдарды Үрiмжiде жиналыс болады деп шақырып алып, ұстап әкетедi. Атқанын атады, кейбiреулерiн түрмеге жабады. Алаштықтар қандай идея ұстады, Кеңес үкiметi оларға қандай қысым көрсеттi, оның бәрi бiзге таныс болды.

– Алаш қайраткерлерi туралы тәуелсiздiк алғаннан кейiн ғана айта бастадық. Оған дейiн алаш идеясының, алашорданың жабық тақырып болғаны белгiлi. Ал, ол идеялар сiздерге қалай жеттi?

– Бұл жақтан қашып барғандар бар. Не үшiн қашып келдi, қандай оқиғалар болды, соның бәрiн бiз естiп, бiлiп отырдық. Сонан кейiн, отыз тiстен шыққан сөз отыз рулы елге тарамай ма? Тәуелсiздiк идеясы, алаш идеясы бiзге таныс тақырып болды. Бiрiнен екiншiсiне, бiрiмiзден-бiрiмiзге жеттi. Онда жаспын. Университеттi жаңадан бiтiрген кезiм. Өлеңдерiм-әңгiмелерiм жаңадан шыға бастады. Ұлтшыл негiзде жазылған шығармаларымыз, идеяларымыз оларға ұнамады. Содан қуғын-сүргiн басталды ғой. Бiздi қамады, зынданға салды. Зынданда жатсам да, түрмеде жатсам да, қолымнан қаламым түскен жоқ. Күндiз қара жұмыс iстеп келем, түнде қағаз жазам. Кейiн Мао Цзун кеткеннен кейiн ғана бiз бостандыққа қол жеткiздiк. Оған дейiн бiзде бостандық, тәуелсiздiк болған жоқ,

– Алып империяның қол астында бола тұра, әлгiндей тақырыптарға баруға қорыққан жоқсыздар ма?

– Қытайда бiр жылдары ашылып сайрау деген болды. Айтқызғандарын айтқызып, жариялап жiбердi. Соның бәрiн айтқызып, жариялап алғаннан кейiн, кiмде қандай идея барын бiлдi? Олар зиялы қауымды осылай пайдаланды.

– Сiздiң шығармаларыңыз жарыққа шығар кезде ешқандай кедергiлер болған жоқ па? Цензура жұмыс iстемедi ме?

– Жалпы, мен Қытайдың рахатын да көрдiм, азабын да тарттым. Мұндағы колхоз, совхоз құру мәселесi ол жақта да жүзеге асты. Колхоздастырамыз деп жүрiп, қазақтардың маңдайалды адамдарын түрмеге жапты, атты. Байларды жер аударды, қызметтен алып тастады. Осындай саяси зобалаң басталды. Одан кейiн мәдени төңкерiс белең алды. Мао Цзун зиялыларға қарсы болса, одан кейiн билiкке келген жаңа басшы зиялыларды қолдады. Зиялы қауымды өзiне тартты да, “саясат уақытша нәрсе, мәдениет – мәңгiлiк” дегендi ұстанды. Содан бастап, Қытайдың басқа қаламгерлерi де, бiз де азат бола бастадық. Шығармаларым шықпайтын бұрын. Азаттық алғанннан кейiн, жарыққа он шақты кiтабым шықты. Қытайдың таңдаулы дарындысы болдым. Ол жақта “Халық жазушысы” деген ат жоқ. Сол атпен пара-пар “Таңдаулы дарынды” деген атағын алдым. Қытайдың бiрiншi дәрежелi жазушысымын. Күнi бүгiнге дейiн зейнетақымды сол жақтан алып тұрам.

– Зейнетақыны сол жақтан алып тұратыныңызға қарағанда, Қазақстанның азаматтығын әлi алмаған сияқтысыз ғой…

– Әзiр алғам жоқ. Отбасымның бәрi азаматтық алды. Қазақстанның тұрғыны, Қытайдың азаматымын.

– Зейнетақыңыз қанша?

– Ол жақта бiрiншi дәрежелi профессорлар қанша алса, зейнеткерлiкке шыққаннан кейiн де ақшасы сол күйiнде сақталады. Қазiр 500 долларға таяу зейнетақы алам. Бұл мемлекеттiң жұмысшы қызметшiлерiне ғана берiледi.

– Демек, сiз Қытайда мемлекеттiк қызметте жүрдiңiз ғой…

– Қытайда кәсiптiк жазушы дейдi. Кәсiптiк жазушы болғаннан кейiн қызмет iстемейдi. Жиындарға қатысады. Аймақтық жазушылар одағы төрағасы болып қызмет атқардым. Бұл жағдай жақсы болған кездегi оқиғалар. Оған дейiн жоғарыда айтқанымдай, қамалдым, зынданда болдым. Түрлi азапты бастан кештiк қой. Қытайдың қаламгерлерi де азаттық алып, түрмеден шыққаннан кейiн, жағдайлары түзеле бастады.

– Жазушының ең үлкен объектiсi – адам проблемасы екенi белгiлi. Сiзiдiң шығармаларыңызға арқау болған не нәрсе?

– Менiң қамалғанымның, зынданда жатқанымның пайдалы жағы да бар. Өйткенi, сол кезеңнен бастап, Қытайдың ұшқары, солшыл саясатына жүрегiм ауырды. Жүрегiм ерте жараланды. Сол кезеңдегi өмiр шындығын жазуға тырысқаным үшiн шығармаларым ұзақ уақыт жарияланбады. Менiң шығармаларымның көбiнде сол кезеңдердiң, әсiресе қазақтардың тағдыры сөз болды. Оған менiң шығармамды оқыған кез келген оқырманның куә болары сөзсiз. Сол кезеңдегi оқиғалардың бәрi шығармаларымда айтылған, жазылған.

– Кеңес үкiметi кезiнде тап күресi белең алды. Бай-кедейлiктен арылып, елдiң бәрi тең дәрежеде өмiр сүрсiн деген ұстаным болғаны рас. Сiздерде бай кедейлiктер деген болды ма?

– Негiзiнен, таптық күрес аяқталды деп айтады. Әр саясаткердiң ұстанатын саясаты бөлек. Таптық күрес жойылды дегенмен, қанаушылық болды. Сөз жүзiнде социалистiк қоғам деп айтылғанымен, iс жүзiнде социалистiк кезең болды деп айта алмаймын. Капитализмнiң барлық элементтерi кездесiп тұрды.

– Сiздер оқыған кезде қазақ тiлiне шектеу қойылмаған екен. Қазiр “қазақ мектептерiнде қазақ тiлiнде оқыту азайып кетiптi” деп естiп жатамыз. Оның орнына қытайландыру саясаты жүргiзiлiп жатқанға ұқсайды. Бұл сөз қаншалықты шындыққа жанасады?

– Бұл жөнiнде менiң айтарым, қазақ тiлiнiң мәртебесiн қаншалықты көтеремiз дегенiмiзбен, ол Қытайдың еркiндегi нәрсе. Олардың мемлекеттiк тiлi -қытай тiлi. Қытайда мемлекеттiк қызметке тұру үшiн қытай тiлiн бiлу абзал. Сондықтан, “қытайланып барады” деп әңгiме айтудың да жөнi жоқ. Қытайда жұмыс iстеп, жан бағу үшiн, қытай тiлiн бiлмегенде қайтсiн?!

Тұрсынәлi ағамен әңгiмемiз ендi басталғандай. Қытайдың Мемлекеттiк мәдениет саласында еңбек сiңiрген қайраткер атағын алған жазушымен Қытайдағы қазақ әдебиетiнiң жай-күйi, әдебиеттiң проблемалары туралы әңгiмелер әлi де жалғасын табар деген үмiттемiз. Сонымен қатар, жазушының көп томдық шығармалар жинағының 6 томы жарыққа шығып, қазақ оқырманына жол тартты. Бүгiнде мемлекеттiк тапсырмамен “Ұлы көш” тетрологиясын жазып жатқан Тұрсынәлi аға аталмыш томдықтың екi томын жарыққа шығарды.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары