ОЛЕГ НАМ ВИКТОР ЦОЙДЫҢ АЯҒЫН ҚҰША МА?

ОЛЕГ НАМ ВИКТОР ЦОЙДЫҢ АЯҒЫН ҚҰША МА?

ОЛЕГ НАМ ВИКТОР ЦОЙДЫҢ АЯҒЫН ҚҰША МА?
ашық дереккөзі
225

Үлескерлер Алматы қалалық мәслихатының депутатын мандатсыз қалдырмақ

Кезiнде дүркiреген “Қуат” корпорациясының да iсi керi кеттi. Мыңдаған үлескерлердiң қаржысын оң жамбасына басып алып, ешқандай әрекет етпей отырған “Қуат” корпорациясының президентi Олег Нам бүгiнде Алматы қалалық мәслихатының депутаты, “Нұр Отан” партиясының мүшесi.

Алматы қалалық №19 сайлау округiнiң сайлаушылары оның депутаттық мандатын мерзiмiнен бұрын тапсыруын талап етуде. 25 қарашада баспасөз мәслихатын өткiзген “Азат” партиясының қалалық филиалы, “Талмас” қоғамдық бiрлестiгi және алданған үлескерлер Олег Намның депутаттық өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату мақсатында қол жинайтындықтарын мәлiм еттi. Оларды бұндай қадамға итермелеген депутат Нам басқаратын “Қуат” корпорациясының миллиондаған қаржыны басқа мақсатта пайдаланып, үлескерлердiң аузын аңқитып кеткенiне қарамастан, оларға жолығып, мәселенiң мәнiн ашып беруге әрекет етпей отырғандығы.

— “Қуат” корпорациясының проблемасы он мыңдаған адамдардың бас ауруына айналды. Корпорацияда кәсiподақтың жоқтығы салдарынан ондағы жұмысшылардың да құқығы бұзылуда. Айлық жалақы жөнiнен қарыз деген бастан асады. “Қуат-Проект” деген жобалау институты бойынша қарыздың өзi 200 миллион теңгеге жеткен, — дейдi “Талмас” қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Айнұр Құрманов.

“Сайран” мега-ауданының 42-кварталының бастамашыл тобының өкiлi Роман Мальков:

— “Қуат” корпорациясының бiзге үйiп-төгiп берген уәделерiнiң бiрде-бiреуi орындалған жоқ. Ол “12 қабатты үйдi жаздың үш айында саламыз. Бiз өз iсiмiз үшiн жауапкершiлiктi мойнымызға алуға дайынбыз. 42-кварталдың 3 үйi жыл бойына салынып бiтетiн болады” деген. Алайда, алға жүрген iстi көрiп отырғаным жоқ. “Қуат” корпорациясының активтерi “Сайран” мегаауданының 20 және 42-шi кварталдарын салу мақсатында құрылып жатқан “Глобал билдинг” компаниясына аударылып жатқалы 4 ай болыпты. Алайда, ол тек активтерi ғана, ал қарызды қайтару туралы ешқандай әрекет жоқ, — дейдi.

Үлескерлердiң тағы бiр түсiнбейтiнi — “Қуат” корпорациясының мемлекет қазынасынан қаржы бөлiнетiн фирмалар тiзiмiне қосылғандығы. “Тұран әлем банк” Премьер-министрге “Қуат” корпорациясы бiтпей тұрған нысандарды аяқтау мақсатында мемлекеттiк бағдарламадан бөлiнген 134 миллион долларды өзге мақсатқа жұмсап жiбергенiн айтып, шағымданған екен. Үлескерлердiң басым көпшiлiгi “Қуат” корпорациясына әлi құрылысы басталмаған нысан үшiн пәтер құнының 100%-ын төлеп қойған. Әрi олар пәтер жалдап тұруға мәжбүр және банкке несие төлейдi.

Кейбiр ақпарат көздерi “Қуаттың” iс-әрекетiн қаржы полициясы тексерiп жатқандығын айтса, екiншi ақпарат көзi “Қуат” қаржы полициясының олардың iсiн тексеруiне мүмкiндiк бермей отырған көрiнедi. Сонымен қатар, үлескерлер аяқталмаған нысандарды бiтiру мақсатында бөлiнген қаржының көбi “Қуатқа” тиесiлi болғандығына сенiмдi. Бiрақ, үлескерлер әлi күтуде.

Бiр қызығы, Олег Нам үлескерлердiң талай реткi наразылық акциясына селт етпейтiн көрiнедi. Үлескерлер Нам мырзамен бетпе-бет кездесiп, аузынан жылы сөз естуге мәжбүр. Қарашаның 4-iнде “Қуат” корпорациясының үлескерлерi құрылыс компаниясының бас кеңсесiнiң алдында “қоныс тойын” өткiзiп, Наммен кездесуге әрекет еткен. Алайда, “қоныс тойын” тойлаушыларды “құттықтауға” Нам мырзаның өзi келмегенмен, компания басшылары жиналған үлескерлердiң барлығын кеңселерiне шақырып, тiлдесуге мәжбүр болған. “Қуат” корпорациясының басқарма төрағасы Валерий Хегай үлескерлердi “бәрi жақсы боладымен” жұбатып, “Қуаттың” беделiне алаңдайтындығын бiлдiрген. Қызығы, оның он мыңдаған үлескердiң ертеңiне бас ауырып, басы сыздай қоймаған. Ал, үлескерлердiң “Қуат” құрылыс жұмысын нақты қай кезде бастайды?” деген сауалына жауап бере алмаған.

— Компания басшылығы барлық кiнәнi қаржылық дағдарысқа аударып отыр. “Бiздiң ақшамыз қайда кеттi?” деген сауалымызға В. Хегай: “Бiз қаржыны жекелеген нысандарға емес, жалпылай “МегаСайран” жобасына құйдық” деген жауап берген. Демек, бiз жекелеген пәтер иесi болмай шықтық. Ал, “бiздiң үйлерiмiздiң құрылысы қашан басталады?” деген сауалымызға В. Хегай мырза Шығыс айналма автожолын салған кезде, жер сатып алуға қатысқандығын айтады. 2008 жылы қазанның 17-сiндегi жағдай бойынша, Алматы қалалық әкiмшiлiгiнiң “Қуат” корпорациясының алдындағы қарызы — 5 миллиард 200 миллион теңгенi құрайды екен. Бiздiңше, “Қуат” корпорациясының президентi осы ақшаның бiразын үлескерлерден алуы мүмкiн. Сондықтан да, бiз оның депутаттық мандатынан айыруға шақырамыз. Ал, Қаржы полициясы толық тексеру жүргiзсiн, — дейдi Роман Мальков.

Үлескерлер бұл жолы да Нам мырзадан бiрауыз жылы сөз естимiз бе деп үмiттенген екен. Нам мырза тым-тырыс. Ал, Алматы қалалық мәслихатының төрағасы Төлеубек Мұқашев Олег Нам өте жауапты азамат дей отырып:

— Менiң мәслихат хатшысы ретiнде, азамат ретiнде де Олег Намға тағар кiнәм жоқ. Оның жауапкершiлiгi жоғары, барлық жұмыстарға белсене қатысатындығын депутаттардың бәрi растайды. Оның үстiне халық Олег Намды “Қуат” компаниясының басшысы болған соң сайлаған жоқ қой, — деген “Азаттық радиосына” берген сұхбатында.

Естерiңiзде болса, осыдан 1,5 ай бұрын Мәжiлiс депутаты Виктор Цой “Ақ ауыл” корпорациясы мен үлескерлер арасындағы дау-дамайдың салдарынан депутаттық мандатын тапсырған болатын. Ендi оның аяғын мәслихат депутаты Олег Нам құшуы мүмкiн.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары