Елордада жалған хабарландыру арқылы 850 мың теңге тапқан алаяқ ұсталды

/
Елордада жалған хабарландыру арқылы 850 мың теңге тапқан алаяқ ұсталды
Polisia.kz

Астана қаласында полицейлер интернет-алаяқтық дерегін ашып, азаматтың сеніміне кіріп, қомақты қаржысын иемденген күдіктіні ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 21 жастағы елорда тұрғыны интернет-платформалардың бірінде Canon маркалы кәсіби фотоаппаратты жалға беретіндігі туралы жалған хабарландыру жариялаған. Хабарландыруға сенген азамат жалға алу үшін алдын ала төлем жасаған.

Алайда күдікті ақшаны алғаннан кейін уәде еткен фотоаппаратты бермей, түрлі сылтаумен уақыт созған. Кейін жәбірленушімен байланысын үзген. Нәтижесінде азаматқа 850 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Тергеу барысында осыған ұқсас тағы 7 алаяқтық дерегіне қатысы бары анықталды. Күдікті өз кінәсін мойындады.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Полиция азаматтарды интернет арқылы тауар сатып алу немесе жалға алу кезінде қырағы болуға шақырады.  Әсіресе алдын ала толық төлем жасаудан сақ болып, сатушының немесе қызмет көрсетушінің жеке басын, интернеттегі пікірлерін және байланыс деректерін мұқият тексеру қажет.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары