“ТҰРҒЫН ҮЙ” БАҒДАРЛАМАСЫНА ӨЗГЕРТУ ЖАСАЛДЫ

“ТҰРҒЫН ҮЙ” БАҒДАРЛАМАСЫНА ӨЗГЕРТУ ЖАСАЛДЫ

“ТҰРҒЫН ҮЙ” БАҒДАРЛАМАСЫНА ӨЗГЕРТУ ЖАСАЛДЫ
ашық дереккөзі
206

Әу баста мемлекеттiк “Тұрғын үй” бағдарламасы қабылданған кезде баспанаға мұқтаж жандардың бөркiн аспанға атып қуанғаны рас. Әсiресе, құжат қабылдайтын науқан басталған кезде таңның атысынан кештiң батысына дейiн кезек күтiп, баспана үшiн кез келген жанжалға белдi бекем буған отбасыларды көргенде, “өз үйiм — өлең төсегiмнiң” ауадай қажеттiгiне анық куә боласыз.

Сонау АҚШ-тан басталған әлемдiк қаржылық дағдарыс елiмiздегi жылжымайтын мүлiк нарығына да әжептәуiр салқынын тигiзуде. “Темiрдi қызған кезiнде соқ” саясатына кiрiскен Үкiмет мемлекеттiк тұрғын үй құрылысы бағдарламасын заман талабына сай толықтыруды қолға алды. Яғни, бұл шараның негiзгi көздегенi — пәтер кезегiнде тұрған азаматтарды баспанамен қамтуға атсалысу. Мәселен, алдағы екi жылда құрылысы тоқтап қалған үлескер азаматтардың тұрғын үйлерi толығымен аяқталып, пайдалануға берiледi. Үкiметтiң Елбасы тапсырмасы бойынша жүзеге асырғалы отырған кешендi шаралары жалпы құрылыс саласы тамырына қан жүгiртуге едәуiр септiгiн тигiзбек.

Баспанасыздың үмiт шоғын жандандыратын мемлекеттiк “Тұрғын үй” бағдарламасы әлi де жалғаса бередi. Мемлекеттiң құрылыс саласына жасаған көмегiнiң арқасында жаңа жылға дейiн 11 мың үлескер өз үйлерiне кiредi. Қалған 32 мың салымшының баспанасы алдағы екi жылда дайын болмақ. Үкiмет, жалға берiлетiн үйлердiң құрылысына бөлiнетiн қаржыны көбейтуге және әкiмдiктерге жеке компаниялар соққан үйлердi сатып алуға рұқсат берiп отыр. Ал мемлекеттiк бағдарлама бойынша салынған үйлердiң бағасы бұған дейiн айтылған 56 мың теңге деңгейiн ұстап тұрмақ. Әлбетте, баспалдақ бойынша жүзеге асырылып келген бағдарламаға енген тың өзгерiстердi естiген халықтың қуанышында шек жоқ. Бұл жолы 2005-2007 жылдар аралығында iрiктеуден өтiп, үй тимей қалған отбасыларға тағы бiр мүмкiндiк тумақ. Яғни, баспанаға шын мұқтаж отбасылардың бұл бақыттан қағылғанын ескерген Үкiмет 2008-2010 жылдар аралығындағы бағдарламаға жаңа өзгерiс енгiзiп отыр. ҚР Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмов: “2005-2007 жылдардағы бағдарлама бойынша кезекте тұрған адамдардың мүддесi жаңа бағдарламада ескерiледi. Бiз әкiмшiлiктерге тұрғын үй құрылысына бөлiнген қаржыны құрылысқа салмай, дайын үйлердi сатып алуға мүмкiндiк бердiк. Пәтерлер бағдарламада көрсетiлген бағамен әрi соған лайықты адамдарға сатылады” деп мәлiмдедi. Сондай-ақ, Үкiмет отырысында: “2005-2007 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысын дамыту мемлекеттiк бағдарламасын аяқтау. Осы бағдарлама негiзiнде дайын болған, бiрақ толық тапсырылмаған үйлердiң немесе құрылысы аяқталмаған үйлердiң пәтерлерiн 2008-2010 бағдарламасы аясында iске асыру. Бұл мемлекеттiк бағдарлама бойынша пәтер кезегiнде тұрғандарға, яғни мемлекеттiк қызметкерлер, бюджет қызметкерлерi және жас отбасыларға “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкi” арқылы жылына 4 пайыздық өсiммен жеңiлдетiлген несие беру” сынды шешiмнiң қабылдануы арқасында, мемлекеттiк бағдарлама бойынша өткен отбасылар көп сарылып күтпейтiн болады. Егер жергiлiктi әкiмдiктер тез әрекет жасаса, олар құрылысы аяқталған дайын тұрғын үйлерге кiрiп, қоныс тойын тойлауы мүмкiн. Бұдан бөлек, Үкiмет жалға берiлетiн үйлердiң қатарын тағы 2600 пәтерге көбейткелi отыр. Премьер-министр осы мақсатқа 15 миллиард теңге бөлiнетiнiн мәлiмдедi.

Ал ҚР Индустрия және сауда министрi Владимир Школьниктiң айтуынша, Екiбастұз қаласында құрылысы аяқталған, бiрақ саудасы келмегендiктен, пайдалануға берiлмеген 53 пәтерлiк тұрғын үй бар. Жеке құрылыс компаниясы бұл үйдi әкiмдiкке 140 миллион теңгеге сатуға әзiр. Әкiмдiк дәл осындай үйдi өзi соғатын болса, 235 миллион теңге шығындайтыны белгiлi. Бұл ретте, мемлекеттiк бағдарлама аясында жалдап тұратын және несиелiк үй салу еркiмен бiрге, әкiмдiктерге дайын үйлердi жеке құрылыс компанияларынан сатып алуға да рұқсат берген жөн.

Аймақтарда пәтердiң әр шаршы метрiнiң өзiндiк құны 400 доллардан аспауы керек. Қазiргi жағдайда бұл баға құрылыс компанияларын шығынға батыруда. Сондықтан, құрылыс компанияларына үйдi өз шығынын ақтайтын бағаға тұрғызуға ерiк берiледi. Бұл жас отбасылар, бюджет саласындағы және мемлекеттiк қызметкерлер сатып алатын пәтер құны көтерiледi дегендi меңземейдi. Үй құрылысы мен пәтердi өткiзу арасындағы өзгерген соманы жабу әкiмдiкке жүктеледi. Ипотекалық несиелеу жүйесi де жеңiлдетiлiп, пайыздық өсiм төмендеуi мүмкiн. Бұл бағытта Үкiмет банктермен келiссөз жүргiзiп жатқан көрiнедi.

ҚР Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмов: “Бiрiншiден, 2005-2007 жылдағы бағдарламадан қалған пәтерлердi 2008-2010 жылдардың бағдарламасына лайықтап өткiземiз. Яғни, бағдарлама бойынша 2005-2007 жылдардан берi кезекте тұрған адамдар Қаржы министрлiгi әзiрлеген жүйе бойынша, жаңа бағдарламаға қосылады. Екiншiден, Тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында, бiз әкiмдiктерге, құрылыс жүргiзгенше, бағасы құрылыс бағдарламасында көрсетiлген сомадан жоғары болса да, дайын үйлердi сатып алуға мүмкiндiк беремiз. Үшiншiден, пәтерлердi сату жүйесiн өзгертудi ұсынып отырмыз. Нәтижесiнде бағдарламада көрсетiлген бағаға сәйкес, пәтерлер бағдарламаға iлiккендерге сатылады. Саудасы келмей қалған пәтерлердi сатып аламын деушiлердiң барлығына ипотекалық несиелеу жүйесiндегi коммерциялық бағаға сатуға мүмкiндiк беремiз” деп қорытты.

Ал Алматы қаласында қазiргi уақытта бiрiншi бағдарламамен 5715 пәтерлер берiлсе, 200 пәтер қалып отыр. Алматы қаласы әкiмiнiң орынбасары Cерiк Сейдумановтың сөзiне қарағанда, 200 пәтер айналасы 1 айдың iшiнде тапсырылмақ. Бiр өкiнiштiсi, аталмыш бағдарлама негiзiнде салынып жатқан тұрғын үйлердiң сапасы сын көтермейдi. Мұны жоққа шығармайтын қалалық әкiмшiлiк жақында ғана пайдалануға берiлген “Ақындар” көшесiндегi үйдiң сылағы түсiп, терезелерi сына бастағандығын тiлге тиек етсе де, жұрттың наразылығына ұшыраған құрылыс компаниялары жұмған аузын ашар емес. Сәтiн салса, алдағы екi жылда Алматыда 6000 пәтерлiк тұрғын үй салынады деп күтiлуде. Бiрақ мұқтаж жандардың арманына айналған бұл үйдiң бәрi нақ баспанаға зәру жандарға берiле ме, оған күмән басым.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары