“ШАҢЫРАҚ” ШАЙҚАЛМАСЫН ДЕҢIЗ...

“ШАҢЫРАҚ” ШАЙҚАЛМАСЫН ДЕҢIЗ...

“ШАҢЫРАҚ” ШАЙҚАЛМАСЫН ДЕҢIЗ...
ашық дереккөзі
190

Заңсыз салынған үйлердi күреуге мораторий жариялағаннан берi “Шаңырақ”, “Красный трудовик”, “Әйгерiм”, “Ұлжан” секiлдi проблемасы шаш етектен ауылдардағы дау-дамай аздап тыншыған секiлдi едi. Алайда, Алматы қаласында жасақталған жаңа Алатау ауданының әкiмшiлiгi аудан бойынша инвентаризация жасап, заңсыз салынған үйлердi анықтау мақсатында арнайы жұмыс тобын құруы тұрғындардың тағы да мазасын ала түскен тәрiздi.

Өткен аптада “Красный трудовик” және “Шаңырақ-5” шағынауданының тұрғындары Алатау аудандық әкiмшiлiгiне жаңа шағыммен келдi. Олардың бұл жолғы талабы — жұмыс тобына өз араларынан өкiл енгiзу болған екен. Бұл жұмыс тобын Алатау ауданының әкiмi Бағдат Мәнiзоров басқарады. Ал оның құрамына шенеунiктермен қатар мемлекеттiк емес ұйымдардың да өкiлдерi енген. Мәселен, заңсыз салынған үйлердiң жақтаушысы болып жүрген, “Шаңырақ” қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Асылбек Қожахметов осы топқа ендi. Алайда, тұрғындар жұмыс тобының iсiне бәрiбiр күдiкпен қарайтындықтарын айтып, оған өздерiнiң арасынан бастамашыл топ — Светлана Саврукова, Жұлдыз Қыдырмоллаева және қоғамдық қорғаушы Ризада Жақыпбектi енгiзулерiн талап етiп отыр.

Қоғамдық қорғаушы Ризада Жақыпбектiң айтуынша, тұрғындарды iлдалдалап салып алған үйiнен қуып шығудың әлi күнге дейiн жалғасып жатқаны тұрғындардың жұмыс тобына деген күмәнмен қарауына алып келiп отырған көрiнедi.

Алатау ауданы әкiмшiлiгiнiң алдына келген тұрғындардың талап етуiмен оларды әкiмшiлiкке енгiздi. Алайда, әкiмнiң өзi болмағандығы себептi аудан әкiмiнiң орынбасары Қайрат Әбдiбеков олардың талабын тыңдауға келiстi.

Бiрақ, Қайрат Әбдiбеков олардың бұл талабы орынсыз деген пiкiрде. Өйткенi, жұмыс тобының құрамына енгендердiң арасында қоғамдық қозғалыс өкiлдерiнiң саны жеткiлiктi.

— Ал, аталған шағын аудандардың тұрғындары өз пiкiрлерiн айтып, ұсыныстарын енгiзу арқылы бiрлескен топ жұмысына көмек бола алады. Былай тiркелмеген ұйымдардың өкiлдерi оған ене алмайды, — дейдi ол.

Алатау ауданы құрылғаннан берi ондағы халықтың ұйқысы тыныш болмай тұрғанға ұқсайды. Қаншама үй күрелiп, қаншама адам Алатау әкiмшiлiгiн сотқа берiп үлгердi. Бiрақ, бiр қызығы Алатау ауданы әкiмшiлiгiнiң өкiлдерi сот процесi кезiнде тұрғындардың үйлерiн күреуге қатыспағандығын айтып бағуда. Мәселен, 12 тамызда үйi күрелген А. Каримова Алатау ауданы әкiмшiлiгiн сотқа берген екен. 1 қазанда өткен сот отырысында әкiмнiң өкiлi Алатау ауданы әкiмшiлiгiнiң қызметкерлерi үй күреу iсiне араласпағандығын айтып баққан. Бұл туралы “gazeta.kz” сайтына қоғамдық қорғаушы Айнұр Құрманов мәлiм еткен екен. Бiрақ, Айнұр Құрманов Алатау ауданы әкiмшiлiгiнiң қызметкерлерiнiң бұл iске араласқандығын дәлелдейтiн құжаттардың барлығын айтады. 12 тамызда Алатау ауданына қарасты 60 үй күрелген. Аудан әкiмi Қайрат Әбдiбеков “Көкқайнар” шағын ауданынан — 12, “Красный трудовик” шағын ауданынан — 50 үйдiң күрелгенiн растап отыр (“gazeta.kz”, 1-қазан, 2008 жыл).

— Заңсыз салынған үйлер ғана күрелдi. Бiзде тұрғындар басып алған жер жеткiлiктi. Онда бiр типтi үйлер салынып жатыр. Бiз ол үйлердiң қожайындарын табуға тырыстық. Бiрақ, таба алмадық. Тапқандарымыздың ешқайсысында қажеттi құжаттары болмады. Қалалық қызмет арқылы бұл жерлердiң жеке тұрғын үй тұрғызуға арналмағандығын анықтадық, — деген ол.

Ал, инвентаризация жасау мақсатында құрылған жұмыс тобы “Красный трудовикте” 71 нысанның заңсыз салынғанын анықтаған. Қазiр қыстың көзi қырауда заңсыз салынған үйлердi күреу және тұрғындарды далаға тастауға әкiмшiлiктегiлердiң дәтi бармай отыр екен. Сол себептен де олар бұл үйлердiң иелерiне басқа нұсқаларын ұсынуды жөн көрiп отырғандығын айтады. “Бәлкiм, оларға басқа баспана, жер телiмдерiн ұсынатын шығармыз. Ешкiмдi далаға тастамаймыз” – дейдi ол. Сондай-ақ, әкiм орынбасары проблеманы шешудiң жаңа жолы — “Бұнда көп қабатты үйлер тұрғызып, пәтерлердi жалға беру арқылы, “Шаңыраққа” орнығып алғандардың проблемасын шешудi жоспарлап отырмыз” дедi.

Бiрақ, тұрғындар соған қарамастан “Әйгерiм-2”, “Шаңырақ-2”, “Шаңырақ-5” және “Красный трудовик” шағын аудандарының тұрғындарын сотқа шақыру iсi әлi жалғасып жатқандығын айтса, әкiмшiлiк өкiлдерi бұл елдiмекендерде заңсыз салынып жатқан үйлер жауыннан кейiнгi саңырауқұлақтай қаптап кеткендiгiн сөз еттi. Тұрғындар үйлерiнiң “заңсыз салынды” дегенiмен келiсе алмайды. Өйткенi олардың көбiнiң қолында аудан әкiмшiлiгiнiң жер телiмiн беру туралы шешiмi бар. Алайда қалалық әкiмшiлiктiң Жер қатынастары басқармасы жерге иелiк етуге құқық беретiн құжат бола алмайтындығын айтады. Сол себептi де, заңсыз басып алған үй иелерi өз еркiмен үйдi босатып, өз қаржыларына оны күреудi ұсынуда.

Қоғамдық қорғаушылар бұның өз кезегiнде жаңа әлеуметтiк проблемаларды туғызатындығын айтуда. Әкiмшiлiктегiлер қыстың көзi қырауда ешкiмдi далаға сүйреп тастамайтындығын айтса, қоғамдық қорғаушылар оған сенiмсiздiк бiлдiредi. Өйткенi, заңда “Қыста үй күреуге тыйым салынсын, тұрғындардың құқығы қорғалсын” деген арнайы бап жоқ.

“Хабар” агенттiгiнiң таратқан мәлiметiне қарағанда, Алматы қалалық прокуратурасында жер басып алып, заңсыз құрылыс тұрғызғанға орай 4 мыңдай iс тiркелген. Бұл нысандардың көбi табиғат қорғау зоналарында — 875 үй, газ құбырының үстiнде — 812 үй орналасқан екен. Жердi басып алуды тоқтату мақсатында жергiлiктi билiк үйлестiру кеңесiн, арнайы комиссия мен мобильдi тiректер жасақтаған. Бұлар күн сайын даулы аймақтарға ревизия жасап отыр әрi жаңа нысанның күнiне әлденешеуi бой көтеретiндiгiнiң куәсi болуда.

Осы мәселеге байланысты қылмыстық топтар да қолға түскен екен. “Шаңырақ” шағын ауданында заңсыз жер сатумен айналысқан 4 ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталған.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары