ТҮРКИЯДАҒЫ ҚАЗАҚ РАДИОСЫ
ТҮРКИЯДАҒЫ ҚАЗАҚ РАДИОСЫ
Шетелдегi қазақ мұралары жайында сөз қозғағанда, алдымен Қытай мен Моңғолиядағы қазақтардың рухани мұрасы ойға оралады. Ал, Қазақстан тәуелсiздiгiн алғашқылардың бiрi болып таныған Түркиядағы азғана қазақ жайында аз бiлемiз.
Жалпы, Түркиядағы қазақтардың қоныстануын екi кезеңге бөлiп қарастыруға болады. Бiрiншiсi, 1954 жылы Қытайдың Алтай аймағынан ауып, Гансу-Шыңхайды көктей өтiп, Тибеттi басып, Гималайды өрмелеп, Үндiстан мен Пәкiстаннан пана тауып, Түркияға арып-ашып жеткен қазақтар. Түркi елi бұл қазақтарды маңдайынан сипап қарсы алды. Жеке-жеке ауыл құрып, алдына мал салып, қолына жұмыс бердi. Он жыл бойына салықтан құтқарып, ес жиып, етегiн жабуына көмектестi. Екiншiсi, Қазақстан тәуелсiздiгiн алғаннан кейiн, Түркияда тұруға өз еркiмен қоныс аударған соңғы буын. Солардың бiрi — Торғын Сұлтанқызы, 1992 жылы Қазақстан президентi Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркияның сол кездегi президентi Сүлеймен Демирелдiң екi ел ынтымақтастығына орай, өзара студент алмасу бағдарламасы бойынша Түркияға оқуға келген екен. Ол Анкара қаласындағы Гази университетiнiң журналистика факультетiн бiтiрiп, Түркия мемлекеттiк радиосы мен телевидениесiнде жұмысқа орналасады.
Бүгiнде Түркияда қазақ тiлiнде радио-хабар таратылатындығын бiлетiндер кемде-кем болар. Түркияның мемлекеттiк телерадио корпорациясында “Түркия үнi” атты радио-бағдарлама жұмыс iстейдi. Бұл радио әлемнiң 30 тiлiнде хабар таратады екен. Соның бiрi — күнiне қысқа толқыннан тiкелей эфирде жарты сағат тыңдарманымен қауышатын қазақ тiлiндегi бағдарлама. Бұл бағдарламаның жұмыс iстегенiне он жыл толыпты. Әрi интернет парақшасы бар екен. Оның жүргiзушiсi әрi редакторы Торғын Сұлтанқызы.
Бiрақ, өкiнiштiсi сол — бұл радионың тыңдаушысы аз көрiнедi. Торғын Сұлтанқызы тыңдармандардан хат-хабар, пiкiр ұсыныстардың аз түсетiндiгiн айтады. Ол “Түркия үнi” радиосындағы қазақ тiлiндегi бағдарламаны атажұрттағы ағайындар да тыңдап, оған өз ықылас-ниеттерiн танытып, үлестерiн қосса деп армандайды. Сол себептен де қазақ ағайындардан хат күтедi. Радионың интернеттегi мекен-жайы — www.trt.net.tr Ал, электронды адресi — kazak@trt.net.tr.
Торғынның айтуына қарағанда, Анкарада он қазақ үйi бар екен. Ондағы қазақ қоғамдары мәдени шаралар ұйымдастырып тұрады. Қазақстанның Түркиядағы консулдығы тарапынан қазақ тiлiнiң курсы ашылған.
— Бұдан өзге қолдан келер қайран жоқ, — дей келе Торғын Қазақстаннан Түркияға мәдени шара өткiзу мақсатында делегация көп келетiндiгiн айтады.Сондай-ақ, Түркияға келген лауазымды тұлғалар алдымен Түркиядағы қазақ диаспорасымен кездесудi көздейдi екен.
Тағы бiр сүйiншiлi хабар — жарияланғалы берi көптеген интернет жүлделерiн жеңiп алған Түркияның мемлекеттiк телерадио корпорациясының интернет парақшасы жаңа бейнесiмен оқырманға қайта ұсынылған.
— Қатынас министрi Бинали Йылдырым ТРТ интернет парақшасының жариялана бастауына орай Анкарада ұйымдастырылған рәсiмде ТРТ-нiң 30 тiлде, бес құрлықта 24 сағат жүргiзген эфирiнiң түрлi мәдениет пен өркениеттi табыстырған қызмет екенiн айтты. Мемлекеттiк министр Мехмет Айдын да “Мәдениетiмiз бен өркениетiмiздi әлемге түсiндiрiп, адамзатқа үлес қосамыз. Мұны да өз тiлдерiнде атқарамыз. Жаңалығымыз осы” дедi — дейдi Торғын Сұлтанқызы.
Ал, ТРТ бас директоры Ибрахим Шахин ТРТ интернет парақшасының 30 шет тiлдегi эфирiмен әлемдегi алдыңғы қатарлы бес интернет парақшасының арасында орын алғанын жеткiзген. “www. trt.net.tr және www.trt-world.com адрестерiндегi парақша мықты техникалық инфрақұрылым, толық мазмұн, 35 портал және ТРТ Сыртқы эфирлер бөлiмшесi тарапынан дайындалған 30 тiлде интернет эфирi арқылы қолданушылардың қызметiне ұсынылған.
Парақша түрiк, ағылшын, немiс, француз, итальян, испан, орыс және арабшамен бiрге албан тiлi, әзiрбайжан түрiкшесi, босняк тiлi, грекше, болгарша, қытайша, дари тiлi, парсыша, грузин тiлi, хорватша, қазақша, қырғызша, венгр тiлi, македон тiлi, өзбекше, пешту тiлi, румын тiлi, серп тiлi, татарша, түрiкменше, урду тiлi және ұйғырша да бар 30 тiлде бүкiл әлемге сенiмдi, жылдам мағлұмат пен хабар көзi болады. Trt.net.tr-де Түркиядағы саяси әлеуметтiк, экономикалық және мәдени оқиғалармен бiрге басқа да елдерге қатысты хабарлар да 30 тiлде берiледi.
Парақша дамытылған RSS және podcast эфирлерi мен тек интернеттен көрiлетiн тiкелей көрiнiс пен дауыс мұрағатына да ие. Бұдан бұрын қысқа толқын, жасанды серiк және www.trt.net.tr-нiң түрiкше парақшаларынан ұсынылған радио эфирлерi ендi интернеттiң көрiнiс және интерактивтiк қасиеттерiмен бiрлесiп, басқа өрiспен тыңдарманға жеткiзiледi” дейдi ол.
К. ЕСТАЙ