ӘЛЕМ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ РУХАНИ СҰХБАТЫ ЖӘНЕ “АЛАШ” МҰРАТЫ

ӘЛЕМ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ РУХАНИ СҰХБАТЫ ЖӘНЕ “АЛАШ” МҰРАТЫ

ӘЛЕМ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ РУХАНИ СҰХБАТЫ ЖӘНЕ “АЛАШ” МҰРАТЫ
ашық дереккөзі
811

Астанада Астана қалалық әкiмшiлiгi мен Тiлдер басқармасының ұйымдастыруымен дәл осы тақырыпта үш күн қатарынан өткен жиынға әлемнiң 11 елiнен делегация келдi. Сондай-ақ, ұлт зиялылары бас қосып Қазақ елiнiң алдағы мұратын талқылады.

Әлем қазақтарының басы қосылған Кiшi құрылтай деңгейiнде өткен бұл жиында ұлт боп ұюдың келелi мәселелерi талқыланды. Оның ең басты қалдырған әсерi — ХХ ғасырдың басында ұлт көсемдерi — Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мiржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай бастаған “Алаш” зиялыларының мұратымен қазiргi әлем қазағының мұратының үндесiп жатқандығы жайында айтылған ойлар. Қазiр алаштықтар аңсаған тәуелсiздiк қолымызда тұрғанымен, жаһанданудың тасқыны ұлттық рухымыздың еңсесiн тiктеуге мұрсат бермей отырғандығы айқын.

Әуелi ұлттық санамыз дағдарысқа ұшырап, бодандықтың қыл шылбырынан босай алмай отырғандығымыз да, отарлаушы елдiң тiлiнде сөйлеп, отарлаушы елдiң мәдениетiн ұлықтаудан намыстанбайтындығымыз да — сана деградациясының көрiнiсi. Алаш идеясының 1 ғасырдай уақыт өтсе де өмiршең болып тұруының астарында не жатыр? Ұлт қамын жеке басының қамынан жоғары қойған ұлт серкелерiнiң елдi ұлт боп ұйыту жолында жүйелi де, саналы iспен айналыса бастауында тұр. Ресейден кiндiгiн үзiп кетуге талпынбаса да, автономия сұрай бiлуiнiң өзi бiздiң серкелерiмiздiң көрегендiгiн танытса керек. Ұлтты дамыту үшiн көсемсөз бен көркем әдебиеттiң өкiлдерi қай салада болсын еңбектенуге, қай салада болсын ұлттық термин қалыптастыруға тырысты. Саяси күрестiң нәтижесi Қазақ автономиясын жариялауға алып келгенi бүгiнде дәлелденген шындық. Гумилев атындағы Еуразия университетiнiң проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы “Белгiлi алашшы Смағұл Садуақасұлы 1920-1921 жылдары әрекет етпегенде елiмiздiң солтүстiгiнiң тұтасымен Сiбiр губерниясына қарап кетер қаупi бар едi” деген ой айтса, “Самұрық-Қазына” ұлттық холдингi басшысының кеңесшiсi Шерубай Құрманбайұлы саяси күрес әлсiреп, ұлт серкелерiнiң қадамын аңди бастаған кезде олардың оқу-ағарту iсiмен айналысқандығын айтады. “Алаш зиялылары әуелi тiл мәселесiне қатты көңiл бөлдi. Алашордаға дейiн ғылымды жүйелеу iсi болған жоқ. 1924 жылы сол кездегi Қазақ елiнiң астанасы Орынборда Қазақ бiлiмпаздарының I съезi өтедi. Онда талқыланған мәселелер — әлiпби, емле ережесi, қазақ тiлiндегi оқулықтар мәселесi, терминология проблемалары болды. Сол кездiң өзiнде 400-дей жаңа термин жасалған. Бүгiнгi күнi қолданып жүрген терминдерiмiздiң көбi сол Алаш зиялылары жасаған терминдер. Олардың термин жасаудағы басты ұстанымы — қазақ тiлiнде жасау, көршi түркi тiлдерiнен алу және жаһандық терминдерге қазақ шапанын кигiзу болған. Термин жасау барысында Мағжан Жұмабайұлы “Педагогика”, Жүсiпбек Аймауытұлы “Психология”, Елдос Омарұлы “Пiшiндеме (геометрия)”, Мiржақып Дулатұлы “Математика” оқулықтарын жазған” дейдi ол. Әрине, Алаш зиялылары ұлтты әрқилы дамытудың мақсатында өздерiне жат ғылыммен шұғылданып, бала тiлiндегi оқулықтарды жазуды мұрат тұтқан. Сөйтiп, сәл де болса ұлт үшiн қызмет етуге барын салған. Бүгiнде қоғамда “Қазақ ұлт ретiнде қалыптаса қойған жоқ” деген ойлар жиi айтылады. Қазақтың ұлт болып қалыптасуына — ХХ ғасыр басындағы зиялы қауым еткен еңбектiң үштен бiрiн жасасақ, бүгiнде қазақ саяси құқын басқаша талап ете алар едi.

Қазақтың сан ғасырлық тарихында, мақтан етер саяси күресi осы “Алашорда” тұсында болғаны жасырын емес. Алайда, сол барымызды ұлықтаудың өзiн бiз әлi күнге дейiн кешеуiлдетiп келемiз. Әрине, ұлттық тарихқа деген жаңаша көзқарастың бiртiндеп қалыптасып келе жатқаны шындық. Бiрақ, бiр өкiнiштiсi сол, саяси даму жолымызда ұлт арыстарының саяси күресiн үлгi етiп ала алмай отырмыз.

Елдiктiң символы ретiнде — Қазақ хандығының негiзiн салған Жәнiбек пен Керей хандардың атында бүкiл Қазақстан бойынша бiрде-бiр көшенiң болмауы, олардың ескерткiшiн әлi орнатпауымыз — ұлттық салғырттығымыздың салдары емей немене. ХХ ғасырда ұлтты оянуға үндеген Алаш зиялыларына арналған ескерткiш те жоқтың қасы. Осы жиында Семей қаласында Алаш ардагерлерiне арнап ескерткiш тұрғызылғандығы айтылды. Әрине, Алашорда үкiметiнiң орталығы — Семей қаласы болғаны анық. Алайда алашшылар бүкiл алты алаштың қамы үшiн күрескен жоқ па? Ұлтты ұйытуға шақырған ұлт серкелерiне деген көзқарастың неге салқын тартып тұрғанын ешкiм дөп басып айта алмайды. Сол себептi де Алаш қозғалысының 90 жылдығы бiр жылға шегерiлдi. Тек ендi ғана қолға алынғанымен бүкiл ел болып, жалпыхалықтық деңгейде атап өте алмай отырмыз.

“Руханият” қоғамдық ұйымының жетекшiсi, ғалым Ербол Тiлеш “Егер Алаш идеясын саяси дамудың басы ретiнде қарастырып, Алаш идеясымен табыса бiлсек, сана бодандығынан арылар едiк” деген ой айтса, академиктер Рымғали Нұрғали мен Ақселеу Сейдiмбек ең әуелгi дағдарыстың мәдени дағдарыс екендiгiн айтты. “Рухани мәдениет өмiр сүруi үшiн ұлттың болуы керек. Ол сонысымен құнды” дедi Ақселеу Сейдiмбек. Сондай-ақ, Ақселеу ағамыз бiздiң мәдениеттiң тек Қазақстан территориясымен шектелмеуi қажеттiгiн, әрi шетте жасалып жатқан рухани жәдiгерлерiмiздi бiр орталыққа топтастырудың қажеттiгiн айтты. “Бiз аумағымыздың үштен бiрiне ғана ие болып қала алдық. Тек Ресейдiң өзiнде қаншама территориямыз қолды болды. Қытай мен Өзбекстан ата-бабамыздан мұраға қалған жерiмiздiң қаншасына жиендiк еттi. Сол себептi де бiз мәдениеттi бүгiнгi территория деңгейiнде ғана қарастырмауымыз керек” дедi ол.

Дәл осы ойды әр мемлекеттен келген қандастарымыз да сөз еттi. Мәселен, Еуропадағы Қазақ қоғамдары федерациясының төрағасы Абдулғайым Кесiжi Еуропа қазақтарының ана тiлiнде сөйлеу дәстүрi үзiлiп бара жатқандығын айтып, бұл тұрғыдан Еуропа қазақтары көмекке зәру екендiгiн жеткiздi. Ал, Бейжiңде Ұлттар баспасында қызмет ететiн Айқын Әбиденұлы келген оралмандардың рухани қуатын пайдалану жағы жеткiлiксiз болып жатқандығын айтты. Сондай-ақ, Моңғолиядан келген қандастарымыз рухани байланыстың әлсiздiгiн, қазақ баспасөзiнiң жетпейтiндiгiн сөз етсе, ресейлiк қандастарымыз қазақ тiлiнiң құрдымға кетiп бара жатқандығын тiлге тиек еттi.

Тiл демекшi, шеттегi қазақтар түгiлi қазақ тiлiнiң мәселесi мемлекеттiк мәртебе алғанына қарамастан, бiзде де күйiп тұрғандығы белгiлi. Қытайлық режиссер, өзге түгiлi Бейжiңдi мойындатқан Жанар Сағатқызы “тiл бiрiктiредi, тiл айырады” дейдi. “Бiздiң барлығымыздың басымызды бiрiктiрiп отырған — тiл. Қазақ болғанымызбен, қазақ тiлiн бiлмесек, бiз бүгiнгiдей бiр атаның балаларындай табыса алмас едiк. Өз тiлiңдi бiлмеу намыс, өзiңнiң тегiңдi бiлмеу — рухсыздық” дейдi ол. Алаш зиялыларын кезiнде тiл мәселесi қатты толғантқаны белгiлi. Сол себептi де 1905 жылғы Қарқаралы петициясында мынадай жолдар болған: “Қазақты басқаратын адам қазақ тiлiн бiлуi керек. Жердi сатуға болмайды. Бала орыс бiлiмiн алудан бұрын, қазақша бiлiм алу керек” деген. Тура бүгiнгi заманның толғағы тоқсан мәселесi. Ал, бұны ұлт зиялылары шырылдап қанша айтқанымен, тiлдiң саяси билiк құралына айналмауы — оның шын мәнiсiндегi мемлекеттiк тiл деңгейiне жете алмауына әсер етiп отыр. Осы орайда Диқан Қамзабекұлы қоғамда қалыптасып бара жатқан қазақтың 40%-ы ана тiлiн бiлмейдi деген деректiң қате екендiгiне тоқталды. “Бiздiң бағамдауымызша, тiлдi бiлмейтiндердiң саны — 4%-дың үстiне. Бiрақ, солардың көбi билiкте отыр. Билiктегiлердiң 80%-ы мемлекеттiк тiлдi бiлмейдi екен” дейдi ол. Ал, Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының орынбасары Сұлтанәлi Балғабаев Солтүстiк өңiрлердiң көбiнде қазақ мектептерiнiң жоқтығын сөз еттi. Мәселен, Ақмола облысы Есiл ауданының Знаменка ауылында 60% қазақтар тұрады, алайда қазақ мектебi жоқ, Сандықтауда да солай. Демек, солтүстiк өңiрлер әлi күнге дейiн қазақтандыру iсiн қолға ала алмай отыр. Сөйте тұра халық 2009-2010 жылдары мемлеккеттiк тiлге тұтастай көшедi деймiз күпиiп. Ал, “Арыс” баспасының директоры, жазушы Ғарифолла Әнес тiлдi дамытуға бөлiнiп жатқан қаржының жыл өткен сайын көбейiп отырғаны ештеңе шешпейтiндiгiн, бұған қоғамдық қозғалыстың жетпей отырғандығын айтады.

Қалай дегенмен де, әлем қазағы жиналып, Алаш мұраты мен қазақтың бүгiнi мен ертеңiн талқылады. Оның iшiнде шетте жүрген қазақтардың рухани мәселесi де сөз болды. ХХI ғасырдың табалдырығын имене аттаған қазақтың болашақта ұлт боп ұйысып, ел болып қалу мәселелерi кiм-кiмдi де бейжай қалдырмайтындығы аңғарылды.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары