469
ОСПАН БАТЫР ТУРАЛЫ: НҰРҒОЖАЙ БАТЫРДЫҢ ЕСТЕЛIКТЕРI
ОСПАН БАТЫР ТУРАЛЫ: НҰРҒОЖАЙ БАТЫРДЫҢ ЕСТЕЛIКТЕРI
Шыңжаң қазақтарын зерттеп жүрген американдық тарихшы Линда Бенсын “Қазақтың алтын аңызы” деп атаған Оспан батыр Шыңжаңдағы қазақтардың тәуелсiз Шығыс Түркiстан мемлекетiн құруды мақсат етiп алға шықты. Ол күрес барысында тек өзiнен сан жағынан да, қару жағынан да еселеп үстем болып отырған армиялармен ғана шайқасқан жоқ. Ол сонымен қатар, сол кездегi әлемдiк деңгейде айтулы саясаткерлер болған Сталин, Чан Қайшы және Мау Зыдұңның зор саясаттарына да қарсы күрестi.
Бiз осы мақаламызда 24 жылдан берi жарық көрмей сандық түбiнде жатқан Оспан батыр және оның алдындағы Ырысхан – Есiмхан көтерiлiсi туралы тың деректердi қамтыған маңызды бiр қолжазба естелiктен сөз қозғамақпыз. Ол – осы көтерiлiстердiң барлығына қатысқан және Оспан батырдың шәйiт болған тоғыз комиссарынан тiрi қалған дара мүшесi Нұрғожай батырдың естелiктерi. Ол өзiнiң Оспан батыр қозғалысындағы орнын естелiктерiнде былай деп атап өтедi: “Мен ең бiрiншi рет, Оспан iшiнде, құрылған тоғыз комиссардың, яғни тоғыз полковниктiң бiрi едiм. Ең жоғарғы әскери қолбасшы Сұлубай батыр шәйiт болғаннан кейiн барлық әскери құқық Кәмел екеуiмiздiң қолымызда болды. Ал Кәмел батыр шәйiт болғаннан кейiн барлық әскери соғыс қимылдары негiзiнен менiң қолымда болды.” 1912 жылы туылған және өрт алып, жалындап жатқан киiз үйге iркiлместен кiрiп анасы мен қарындасын алып шыққаны үшiн 11 жасында батыр атанған Нұрғожай 1940 жылы Көктоғайда Ырысхан – Есiмхандардың жетекшiлiгiнде басталған көтерiлiстiң iшiнде болды. Сол кездегi көрген уақиғаларын естелiктерiнде егжей-тегжейлi баяндайды. Осы көтерiлiс табысқа жетiп Қытай губернаторы Шың Шысаймен тоқтам жасалып, қарулар табыс етiлдi. Бiрақ Оспан батыр осы тоқтамның шарттарының орындалмайтынын бiлгендiктен, қару тапсырмай тауға шығып кеттi. Сонда Оспан батырға қосылғандардың алғашқылардың бiрi Нұрғожай батыр болды. Нұрғожай батыр 1951 жылы Оспан батыр жау қолына түскенге дейiн оның қасында қолбасшылық қызметте жүрдi. Түркияның Ыстамбұл қаласында, 1986 жылы 29 қазанда дүние салды. Нұрғожай батырдың бұдан тыс бiр естелiгiн Мимар Синан Көркем өнер университетi, Тарих кафедрасының меңгерушiсi, өзiмнiң ұстазым проф. Гүльчин Чандарлыоғлы 2006 жылы Ыстамбұлда түрiк тiлiнде жарыққа шығарды. Чандарлыоғлы ол естелiктердi Нұрғожай батырмен сұхбат өткiзе жүрiп, 1973 жылы бiр неше айда жазып алған. Кейiн қарбалас жұмыстармен жүрiп сол естелiктердi баспаға дайындауға мүмкiндiк таба алмаған. Бiз 2006 жылы осы естелiктердiң баспа жұмыстарына көмектесiп жүргенде екiншi бiр естелiктiң, тiптi қазақ тiлiнде бар екенiнен хабардар болдық. Сол естелiктердiң ешқандай бұрмалаушылыққа жол берместен, тiптi мұның кепiлi ретiнде қолжазба нұсқасымен бiрге бастыруды ұсыныс етiп, оны жарыққа шығаруға ұлықсат алдық. Сөйтiп бiр жылдан аса уақыт жұмыс iстеп осы естелiктердi 600 бет көлемiнде баспаға дайындадық. Құдай қаласа, ол осы жылдың соңында Қазақстанда қазақ тiлiнде жарық көрмек. Естелiктi баспаға дайындау барысында тек төте жазуды қазақ әрiптерiне көшiрумен шектелмедiк. Сонымен қатар естелiкте баяндалған уақиғаларды басқа деректермен салыстырып, оларды сiлтемелермен беттердiң аяқ жағында көрсеттiк. Ол естелiктерiнде бiреулерден естiгендерiн қамтығаманын былай деп атап өтедi: “Мен Алтай қозғалысы атты осы қозғалыстың бастан-аяқ iшiнде болдым. Сондықтан менiң осы реткi жазып отырған тарихтарыма естiген сөз бен әрекеттердi қоспадым. Тек өзiм сөйлеп өзiм iстеген iстер, Оспанның айтқандары, Оспанның маған берген жарлықтары, “Шығыс Түркiстан Ақ Үй Соғыс Комитетiнiң” бастан-аяқ ахуалын, оның мен арқылы болған көптеген iс-әрекеттерiн ғана баяндап шықтым.” Естелiгiнiң тiлi жатық және көптеген жайлардан хабардар етуде. Басқа сөзбен айтқанда ол роман ләззатында оқылатын тарихи естелiк. Бұл бiр жағынан қазақ халқының ауызша әңгiме дәстүрiнiң байлығын, керек десеңiз олардың заманауи әдеби туынды романдардан қалыспайтынын көрсетедi. Өйткенi, естелiк ауызша әңгiме ретiнде жазылған. Оқушылар оны жалықпай оқитын болады. Оны романға балайтын екiншi себебiмiз, роман уақиғалардан гөрi адамның iшкi сырын, жан дүниесiн ортаға салатын туынды. Ал Нұрғожай батырдың естелiгiнде бiз ешбiр тарихи кiтапта болмағанындай Оспан батырдың жеке басына, әсiресе оның сол кездегi уақиғалар турасындағы ой-пiкiрлерiмен де таныс боламыз. Өйткенi сөзiмiздiң басында айтқанымыздай Нұрғожай батыр – Оспан батырға етене жақын болған сенiмдi адамдарының бiрi. Сондықтан онымен Оспан батыр арасында оңаша әңгiмелесулер көп болған. Онда Оспан батырдың айтқан сол кездегi Кеңес Одағының, Қытай үкiметiнiң өздерi жөнiндегi саясаттары, АҚШ, Үш аймақ бастықтары, әсiресе Дәлелхан Сүгiрбаев туралы пiкiрлерi де бүкпесiз ашық берiлуде. Сонымен қатар Оспан батырдың өздерiн сол кезде қолдаушы бiр де бiр түрiк – мұсылман мемлекетiнiң немесе бiр мемлекет басшысының болмағаны жөнiндегi өкiнiштерi де тiлге тиек етiлуде. Оспан батыр мен үзенгiлестерi де өздерiнiң iстерi туралы арттарында ешқандай дерек iз тастай алмаған. Сондықтан ол туралы көбiнесе оларға соңғы кезде жау болған Үш аймақ төңкерiсшiлерiнiң жазғандары мен деректерiне сүйенуге мәжбүр боламыз. Олар әрине бiр жақты болғандықтан Оспан батырдың iс-қимылдарын бейтарап және толық суреттей алмайды. Мiне, осындай жағдайда Нұрғожай батырдың естелiктерiнiң құндылығы арта түсуде. Марқұм Нұрғожай батыр өзiнiң көрген бiлгендерiнiң тарихта қалуының қажеттiлiгi жөнiндегi үлкен жауапкершiлiктi толық түсiнген. Ол сондықтан естелiктерiн қалтыруға көп мән берген. Мұны екi рет iске де асырған. Мiне, бұл да үлкен өркениеттiлiк. Өйткенi өркениеттi елдерде маңызды мемлекеттiк iстердiң басы қасында болған қайраткерлер мiндеттi түрде арттарында естелiк қалдырады. Өйткенi, олар мұны келесi ұрпақтардың тәжiрибе алулары үшiн қажет деп санайды. Нұрғожай батыр университет бiтiрiп жоғары бiлiм алмаған болса да, ауылда өсiп қарт-қариялардың, билердiң әңгiмесiн естiп соғыс майданында жаумен шайқасып далада оқып жеткен. Ол бұл туралы естелiгiнде былай деуде: “Оспан оқымаған адам едi. Бiрақ шын батыр едi. Оның тоғыз орынбасары да оқымаған немесе сауатты ғана адамдар едiк. Бiздi заман мылтықпен ер жеткiздi.” Қазақтың әскери тарихы тұрғысынан да маңызды естелiкте бұл туралы мынадай жолдарды кездестiремiз: “Соғысты соғыстан үйрендiк. Жамандықты жамандықтан үйрендiк. Уды умен қайтардық. Құтты Сұлубай айтқандай: “Аспанда айырплан бытырлаған, Қайласы бұл Қытайдың артылмаған. Бiз қазақ малды баққан момын едiк, Соғысты бұрын көрiп жатылмаған”. Осы өлеңде айтылғандай бiз соғыс өнерiн соғыстан үйренiп алдық. Мал бауыздаудан қорқатын момын бiз қазақтар жауды тырнағымен бауыздауды үйренiп алдық.” Нұрғожай батыр қазақтардың соғыс кезiндегi ұйымдасу кабiлетiн көрсететiн сөздерi болса мынадай: “Әркiм бiр тұлып талқан алып айлап соғыс жүргiздi. Онан басқа жаудың әскери қорын тартып алып бөлiп берiп отырдық. Жау қаруларын, оның басқа олжаларын түсiрген адамдардың өзiне бердiк. Ер, әйел, жастарға дейiн мылтық үйретiп бүкiл елдi жаппай мылтық ата бiлетiн етiп шығардық. Жаудан мыңдаған, он мыңдаған түскен жәшiк-жәшiк оқтарды машықтанушыларға үлес берiп отырдық. Бүкiл олжа, оқтың үштен бiрi машыққа жұмсалды. Соңғы кезде мал бағатын жылқышылар, қойшылар, түйешiлер, сиыршылар да қолына мылтық алып кезiккен жау мен атысып малды қорғай алатын дәрежеге жеткен едi. Әрбiр рулар өз алдына қарауыл ұстай алатын болды. Жаудың ұзақ уақыт атқылап күрес отында түрткiлеп жүрiп нығайтуы бiздi талай талай соғыс кабiлеттерiне тәнтi еттi. Өр Алтай аталған үш аудан халқында бөлiнушiлiк болмады. Осындай ұлы бiрлiк күш бiздi өз кезiнде көптеген нәтижелерге қолымызды жеткiздi.” Нұрғожай батыр сонымен қатар ешбiр деректе айтылмаған Қазақстан мен Шынжаң қазақтарының тағдырлас, тамырлас, ниеттес бiр халық екенiн көрсететiн маңызды бiр жағдайды да тiлге тиек етуде: “Генерал Банкенi он адамымен оңашада атып тастадық. Соңғы Ышқынты шайқасында Генерал Разборов өлтiрiлдi. Соңғы бiтiмде орыстар генералдарының басын сұрады. Генерал Банкенiң сүйегiн бердiк. Разборовтың сүйегiн бермедiк. Өйткенi ол соғыс қылмыстысы едi. Көктоғайдағы орыс елшiлерiне Ырысхан, “Сендер 1937 жылы Мәскеуге апарып өлтiрген Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың басын әкелiп берiңдер” дедi. Бұл сөз сонымен тынышталып қалған едi… Бiр кезде залым Мадарин Ырысханға “жауға бiткен көзiң бар, дауға бiткен сөзiң бар” дегендей, Ырысхан осы жолы жауға бiткен көзiнiң пайдасын да, дауға бiткен сөзiнiң пайдасын да көрсеттi. Орыстар генералдарының басын сұрағанда, оған да Ырысхан ұтымды жауап таба бiлдi. Қазақтың ен соңғы бастығы Бөкейханның басын сұрады. Бұл неткен табылған жауап.” Бұл сөздердiң 1940 жылы айтылғанын ескерсек, ол бiзге сол кездегi Кытайдағы қазақтардың атамекен Қазақстандағы саяси уақиғаларды байқап отырғандығын және Әлихан Бөкейхан және Ахмет Байтұрсын сынды саяси жетекшiлердi жоғары бағалап, тiптi өздерiнiң де басшылары ретiнде санайтынын көрсетедi. Нұрғожай батыр естелiктерiнiң аяғында өздерiнiң 1940 – 1951 жылдары арасында жүргiзген әрi қарулы, әрi саяси күрестерiн жай бiр батыр емес, құды бiр саяси сарапшы ретiнде былай деп қорытындылауда: “Бiздi бандит Шың Шысай өлтiрмекшi болды. Бiз оның қолында әсте арам өлмекшi емес едiк. Олар бiздi қуалады. Бiз қашып жүрiп ең ақырында бандит Шың Шысайды қуалап жүрiп соққыладық. Шың Сысайды сақтап қалу үшiн орыс өкiметi де, монғол өкiметi де барлық күшiн жұмсады. Орыстар да Көктоғай Шiңгiлге әскер кiргiздi. Моңғолдар да Көктоғай Шiңгiл жерiне талай рет әскер кiргiздi. Шiңгiл Көктоғай халықтарын орыс пен монғол әскерлерi аяусыз қырған. Олардың барлығын жылмен, айы-күнiмен өз мәнiнде жазып қалтырдық. Шың Сысай Ресейден жалт бергенде, бiз де сол кездегi жағдай қажетiне сай, қайтадан орыспен, монғолмен дос болып олардан қару жарақ алдық. Шың Сысай бандит, Шынжаңнан кеткен соң, орыс пен монғол бiзге де қойдың басын көрсетiп иттiң етiн сата бастаған кезде, тағы да сол заманның қажетiне сай тыныштық iздеп У Жушидi [Үрiмжiдегi Чан Қайшының губернаторы – Ә. Қ.] келiп таптық. Бiздiң еркiмiзден тыс дамитын билiк-егемендiк қозғалысының ауқым жағдайына бой ұсындық. Ондағы көздегенiмiз қазақ пайдасы едi. Қазаққа социал-демократиялық басшылық едi. Ел болып кетудiң қамы едi. Бiрақ жаратқан Құдай бiзге өте бiр қажеттi нәзiк жағдайды туғызып бере алмады. Не лаж!..” Өмiрi және ұлт-азаттық күресi шетелдерде жүздеген мақалалар мен ондаған кiтаптарға арқау болған Оспан батырдың туғанына келесi 2009 жылғы 110 жыл толмақ. Осындай айтулы жылдың қарсаңында жарық көргелi отырған Нұрғожай батыр естелiктерi, мазмұнының көкейтестiлiгiне байланысты бiр проблемамен бетбе-бет келерi анық. Ол, осы естелiктердi рас Нұрғожай батырдың өзi осыдан 24 жыл бұрын жазылып қалтырды ма? Әлде сандық түбiнен табылды деп соңғы жылдары қолдан ұйымдастырылып ұсынылып отырылған жалған естелiк пе? Әйтпесе ол бұрыннан неге шықпады? Мұндай сұрақтардың сұралуы заңды да орынды. Өйткенi тарихта ондай жалған естелiктердiң болғаны жайында жеткiлiктi мысалдар баршылық Нұрғожай батырдың естелiктерiне де осындай күмәнмен қараушылықтың болуы әбден ықтимал. Оның алдын алу үшiн Нұрғожай батырдың отбасына ұсыныс жасап, естелiктiң түпкi нұсқасының Қазақстан мемлекеттiк Архивiне өткiзiлуi жөнiнде келiсiм алдық. Ол, кiтаптың тұсаукесерi кезiнде мемлекеттiк архив қызметкерлерiне табыс етiлетiн болады. Сонымен естелiк туралы әрқандай бiр күмәнданушылық болған жағдайда, оған технологиялық тексерулер жүргiзiп дәптердiң қағазы, сиясы тағы басқа ерекшелiктерiнен оның 24 жылдық па, емес пе екенiн анықтауға болады. Сонымен қатар бұл естелiктер қазақ халқының мәдени мұрасына жатады. Сондықтан мұндай маңызды естелiктiң Қазақстан мемлекеттiк архивiнiң иелiгiнде болғаны дұрыс. Отбасы тұрғысынан алғанда, ол естелiктiң отбасында күннiң бiрiнде жоғалып кетуi мүмкiн. Бiрақ архивте мәнгi сақталары сөзсiз. Сонымен қорыта айтар болсақ, Оспан батырдың күресi туралы деректердiң барлығы қазiрге дейiн толық жарияланды деп айта алмаймыз. Нұрғожай батырдың естелiктерiн болса, оған қосылған сүбелi үлес болады. Жаудан тайсалмайтын жүрегiнiң оты, нысанаға дәл тиетiн оғы, шешен сөзiмен бiр тарихтың әрi жасалуына, әрi жазылуына бiрдей үлес қоса бiлген некен саяқ кездесетiн тарихи тұлғалардан бiрi болған Нұрғожай батыр қазақ халқының жүрегiнде қызметтерiмен мәңгi сақталмақ.
Әбдiуақап ҚАРА, Тарих ғылымдарының докторы
Стамбұл қаласы