ҚАЛАҒАҢМЕН БIРГЕ...

ҚАЛАҒАҢМЕН БIРГЕ...

ҚАЛАҒАҢМЕН БIРГЕ...
ашық дереккөзі
182

– Ассалаумағалейкум, Қалаға! – Бiз таңертең осылай амандасушы едiк.

– Амансыңдар ма, жолбарыстарым! – Қалағаң сәлемiмiздi осылай алатын.

Үлкен жүректi жанның қоңырқай үнi күнi бүгiнге дейiн құлағымызда. Тек өзiне ғана тән бiтiм-болмысы, жүрiс-тұрысы әлi күнге көз алдымызда. Көзден кетсе де көңiлден кетпейдi. Ондай жанды қалай ұмытарсың. Ол – қазақтың Қалтайы ғой.

Қазақстанның Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанның туылғанына алдағы 28 желтоқсанда сексен жыл толады. Ол өмiрден ертерек озды. Жазмыштан озмыш жоқ. Дегенмен қазақ әдебиетiн, оның драматургия жанрын дамытып, тiптен әлемдiк деңгейге шығарды. Оның шығармалары өзi өмiрде бар кезде-ақ ғылыми зерттеу айналымына түсiп, “Қалтайтанудың” басталып та кеткенiн көзi қарақтылар жақсы бiледi.

Көпшiлiк: “Қалтайдың тұла бойы толған күлкi”, – дейтiн. Иә, ол сөйлесе тыңдармандарының күлкiге көмiлiп қалатыны рас-ты. Жәй күлкi емес, астарлы күлкi. Терең ой тастайтын, айызыңды қандыратын күлкi. Жұрттың айта алмай жүргенiн, қысқа ғана түйiндеп, күлкiмен жеткiзу, нағыз талантқа ғана тән.

“Қалтайдың қалжыңдарын” қазiр ел аузынан жиi естимiз. Алайда оның былайғы жұрт бiле бермейтiн, басқа да адами асыл қасиеттерi қаншама. Оны бiрге жүрген дос жарандары, етене жақын болғандар ғана жақсы бiледi. Ал өзi “анаған мынандай жақсылық жасадым, мынаған қиналғанда қол ұшын бердiм” деп айтқан емес. Ондай пендешiлiк есептен ада. Жақсылығын шын жүрегiмен жасайтынына бiздiң көзiмiз жеткен.

Бiз деп отырғаным – Дидахмет Әшiмханұлы, Көлбай Адырбекұлы және Айнаш Сатаева. Иә, бiз Қалағаңмен “Заман Қазақстан” және “Түркiстан” газеттерiнде бiрге жүрiп, бiраз жыл қызметтес болдық. Бұл –Тәуелсiздiгiмiздiң алғашқы қиын кезеңдерi едi. Кiмнiң кiм екенi сондайда танылады ғой. Бiз үшiн сол жылдар Қалағаңның азаматтық болмысын тану, жанашырлығы мен қайырымдылығын сезiну, ұлағатты сөздерiн естiп, тәлiм-тәрбиесiн алу жылдары болды. Тумысы бөлек жанның ұлтына деген сүйiспеншiлiгi, кiшiпейiлдiлiгi мен қарапайымдылығы бiздi талай рет тәнтi еттi. Ендi мiне, соның бәрi өзiне деген сағынышқа, жыр дастандай естелiктерге айналды. Соларды бiр мақаламен немесе бiр күндiк әңгiмемен жеткiзу мүмкiн емес. Сондықтан жұрттың алды болып, үшеуiмiз әңгiменiң бiссiмiлләсiн бүгiннен бастағанды жөн көрiп отырмыз.

Дидахмет Әшiмханұлы:

– Қалағаң “Заман Қазақстан” (қазiргi “Қазақстан-Заман”) мен “Түркiстан” газеттерiнiң негiзiн салды. Бағыт-бағдарын айқындап берiп, жұмысын жолға қойғанын жақсы бiлемiз. Бiз үшiн ол – алдымен осы газеттердiң Бас редакторы. Сегiз жыл қызметтес болдық. Талай қиын кезеңдердi, сын сәттердi бастан кештiк. Ұжымда сайдың тасындай журналистер көп едi. Бiртiндеп бiразымыз басқа қызметтерге ауысып, қара шаңырақта сол топтан төрт-бесеуiмiз ғана қалыппыз. Ендi әңгiменiң әлқисасын Қалағаңмен жақын таныстығымыздан, “Заман-Қазақстан” газетiнiң қалай ашылғанынан бастайық.

Көлбай Адырбекұлы:

– Әңгiме-дүкенiмiздiң жөнi де солай ғой, Дидаға.

Дидахмет Әшiмханұлы:

– Менiң “Қазақ әдебиетi” газетiнде бөлiм меңгерушiсi қызметiнде жүрген кезiм. 1991 жылдың күзi болатын. Ақын Әбiраш Жәмiшев телефон шалып, өзiне келiп-кетуiмдi өтiндi. Ол сол кездегi “Дәуiр” баспаханасына қарасты биiк үйдiң жоғары қабатындағы “Ара” журналының редакциясында отыр екен. Келiсiлген уақытта есiгiн аштым. Жылы жүзбен қарсы алды. Содан соң “Араның” редакторы Қалтай Мұхамеджанның жуырда делегация құрамымен Түркияға барғанын, сондағы “Заман” қоғамының басшыларымен кездесiп, бiрлесiп “Заман-Қазақстан” деп аталатын газет шығаруға уағдаласқанын редактордың орынбасары болып Әбiлмәжiн Жұмабайдың, ал жауапты хатшылығына өзiнiң тағайындалғанын, қазiр редакцияға журналистер жинап жатқанынан хабардар ете келiп, маған бөлiм меңгерушiсi қызметiне ұсыныс жасады. Ойлануға мұрсат сұрадым. Ертеңiне келiсiмiмдi бердiм. Ол менi Қалағаң отырған кабинетке алып барды. Бұл кiсiнi бұрын Жазушылар одағында көрiп тұрушы едiм. Бiрақ нендей бiр шаруамен алдында болған емеспiн. Қысқа амандасудан соң Әбекең: “Қалтай, мынау iнiң Дидахмет Әшiмханұлы. “Қазақ әдебиетiнен” бiзге ауысатын болды”, – дедi. Қалағаң жымиып күлдi. “А, а бұл жiгiттi бiлемiн”. Мен iштей газетте жарияланған мақалаларымды оқыған-ау деп топшыладым. Қалекең жарықтықпен алғашқы бетпе-бет тiлдескен таныстығымыз осылай болды.

Көлбай Адырбекұлы:

– Әбiраш аға “Ұлан” газетiнен Сәбит Дүйсенбиевтi, “Қазақстан әйелдерi” журналынан Жұмагүл Солтиеваны да шақыртыпты. Ол Сәбиттен “Жауапты хатшының орынбасарлығын атқара алатын журналистi бiлесiң бе?” деп сұраған екен. Сәбит менi ұсынған. Сол кезде мен де “Қазақ әдебиетi” газетiнде iстеушi едiм. Қалағаңның мықты драматург екенiн бiлгенiм болмаса, етене таныстығым жоқ. Бiрақ спектакльдерiн қөрiп, сырттай iш тартатынмын. Сондықтан болар ұсынған қызметiне бiрден келiстiм.

Айнаш Сатаева:

– “Ара” журналында секретарша едiм. Қалдарбек Найманбаев редактор болатын. Қызым ауырып, соның күтiм-емiмен екi ай үйде отыруыма тура келдi. Жұмысқа келсем, бастық ауысыпты. Бұрын көрген кiсiм емес секiлдi. Сол сәтте-ақ күдiктi ойдың шырмауында қалдым. “Апырай, ендi жағдайым қалай болар екен? “Қазақшаң шамалы екен, боссың” десе не уәж айтамын”. Осылай көңiлiм толқып тұрғанда хат бөлiмiндегi Шолпан Мусина: “Айнаш, жаңа редактордың аты-жөнi Қалтай Мұхамеджан. Жанға жайлы, жақсы кiсi. Жүр сенi таныстырайын”, – деп кабинетiне кiргiздi. Төрдегi стол басында отырған жан көзiме оғаш көрiндi. Ұзын ақ шашы таралмаған, ұйпа-тұйпа. Қалдарбек аға қызметке сыптай киiнiп келушi едi. Көзiм сол кiсiнiң жинақы жүрiс-тұрысына үйренiп қалыпты. Бiрақ жаңа бастықтың түсi жылы екен. Шолпан апай: “Қалеке, секретаршаңыз осы қыз. Орыс мектебiн бiтiрген. Мiнез-құлқы соларға ұқсайды. Әйтсе де өз iсiне тиянақты”, – дедi. Жағдайымнан хабардар болса керек: “Қызым, кiшкенең сырқатынан сауығып кеттi ме?” – дедi. Күлiмсiреген көздерiнен мейiрiм шуағы шашылды. Жылы сөзi жанымды баурап, әкемдi көргендей әсерге бөледi. Әлгiндегi күдiгiм сейiлiп, оғаш көрiнiстен түк қалмады. Қызымның тәуiр болғанын, жұмысқа қайта оралғанымды айттым. Кабинетiнен шығуға ыңғайлана бергенiмде Қалаға: “Қызым, мен жұмысқа сенен бұрын келе алмаймын. Сенен кейiн келемiн”, – деп ескерттi. Тiлдiң құдiретiн айтсайшы. Қалағамның әлгi жан тербеген жылы сөзiнен кейiн мәшинкiге қазақша мақалалардың мәнi мен мағынасын түсiнiп басуға машықтана бастадым.

Дидахмет Әшiмханұлы:

– Менiң басқа газетке ауысқаным бiрден бiрге естiлiп жатты. Көңiлi түзу достарым сәттiлiк тiледi. Ал пиғылы басқа бiреулерi қызғаныш көрдi ме, салған жерден табаламасы бар ма. “Сенiң тiк мiнез-құлқың бiзге белгiлi ғой. Қалтайдың қарамағында көп iстей алмайсың. Ары десе төрт-бес айда сауырыңа қамшы басып, қуып шығады”. Ендi бiрi жаны ашығанси қалды. “Ағаң Оралхан Бөкеев “Қазақ әдебиетiне” бас редактор болып тағайындалған кезде бекер ауысасың. Сол ағаңның жанында жүргенiң жақсы емес пе едi”. Тамшы да тас жарады. Әлгiндей сөздердi қайта-қайта ести берсең көңiлiңе қаяу түседi екен. “Қазақ әдебиетiнде” он жыл iстедiм. Редакциядағылардың жастары үлкенiмен де, кiшiсiмен де сыйластым. Өз еңбегiмнiң арқасында азды-көптi бедел жинадым. Шынында жылы орнымды суытып қайда барамын?” Осы тақылеттес дүдәмал ой бiраз уақыт көңiлiмдi күптi етiп жүрдi.

Газеттiң алғашқы санына мақалалар дайындау үстiндемiз. Сондай күндердiң бiрiнде Әбiраш аға өзiне шақырды. “Дидахмет, мына тақырыпты ойлан да, тездетiп мақала дайында. Көлемi үш жүз жолдан аспасын”. Оңаша отырып тапсырманы орындауға кiрiстiм. Екi сағаттан соң жазғанымды мәшинкiге бастырып, ағаның алдына қойдым. Жатық жазылған соң ба, тез оқып шықты. “ “ Әбекеңнiң қоңырқай өңiнде қан ойнады. 1992 жылдың 24 қаңтарында газеттiң бiрiншi саны жарық көрдi.

Көлбай Адырбекұлы:

– Дидаға, марқұм Әбiраш аға да өз iсiне мығым кiсi едi ғой. Қалекең оған қатты сенетiн. Өйткенi ол кiсi дайындаған, өңдеген материалдардың төрт аяғы тең жорғадай. Ақындығы да мынау дегендерден асып түспесе кем емес. Аудармасы ше. Өз басым Кожа Ахмет Иассауидiң “Хикметерiн” сол кiсiден артық аударғандарды кездестiрмедiм. Сондай жан туралы да естелiктер жазып, құрметтеп еске алынбай қалуы ақындар мен журналистерге сын.

Дидахмет Әшiмханұлы:

– Қазақ баспасөзiнде Әбекеңдей жауапты хатшы болған емес. Ол еш ұмытуға болмайтын жан.

Көлбай Адырбекұлы:

– Қалекең бiреуге жақсылық жасағанды жаны сүйетiн. Редакция қызметкерлерiнiң хал-жағдайларын үнемi сұрап, қолынан келетiн көмегiн аянбаушы едi ғой.

Дидахмет Әшiмханұлы:

– Ағайыннан көретiн жақсылықтың бәрiн Қалтай ағадан көрдiк десем асылық болмас. Еңбегiңдi көре де, бағалай да бiлетiн. Редакцияда екi “Волга”, бiр “Рафик”, бiр “Жигули” көлiктерi бар едi ғой. Кейiндеу қала әкiмi Заманбек Нұрқадiлов жаңа “Уазиктi” де бекiтiп бердi емес пе. “Жигулиге” жүргiзушi құтаймады. Содан әбден зәрезап болған Қалағаң маған: “Дидахмет, мына “Жигулидi” өзiңе жекешелендiрiп ал”, – дедi. Мен көлiк жүргiзе алмайтынымды айтып, бас тартып едiм. “Сен циркке бардың ба?” – деп қабағы астынан қадалды. “Бiр емес бiрнеше рет, Қалаға”. “Барсаң маймылдардың мотоцикл жүргiзгендерiн көрген шығарсың”. “Иә, көрдiк қой”. Қалағаң даусын көтерiп: “Не, солар ғұрлы жоқсың ба?.. Жассың ғой, үйренесiң”, – деп намысыма тигiзе сөйледi. Содан жүргiзушiлер курсында оқып, бiр айдан соң куәлiк алдым. Қалағаң “Жигулидi” өз атыма жекешелендiрiп бердi. Бұл ағамыздың жақсылығы. Ал, жомарттығы ше.

Мiне, ақын-жазушылардың арасында отыз жылдан берi жүрмiн. Шынымды айтсам, солардың iшiнен Қалтайдай жомарт жанды көргенiм жоқ. Дәлел керек пе? Айтайын. Редакция Бөгенбай батыр көшесiндегi №150 үйге қоныс аударған. Павлодарда тұратын Қанапия Асқаров деген ақсақалды бiлушi едiм. Бiр жолы редакцияға сол кiсi келдi. Қалағаңның өзiн көрмесе де шығармашылығына қанық екен. Маған өзiмен танысып, сөйлескiсi келетiнiн жеткiздi. Кабинетiне жол бастап кiргiздiм. Қалағаң сәлемнен соң жөн сұрады. “Павлодарда туып өстiм. Сiз басшылық еткен “Түркiстан” газетiнiң, сондай-ақ “Шалқар” мен “Қазақ әдебиетiнiң” сондағы жанашырымын”. – Шал сөзiн осылай бастап жатқанда өз шаруамен айналысуға есiктен шығып кеттiм. Сәлден кейiн Қалаға шақыртқан соң қайта кiрдiм. Асқаров орнынан тұрып, көнелеу пәпкiсiн қолына алды. Қалекең қатты дауыстап: “Ақсақал, елiңiзге қашан қайтасыз? Түстен кейiн маған тағы соға аласыз ба?” – дедi. Қария басын изеп, есiкке қарай беттедi. Шығып кеткен соң Қалекең шылымын тұтатып: “Дидахмет, мына кiсiнi байқадың ба? Жуырда баласы қайтыс болыпты. Жасы сексеннен асқан. Қайбiр жетiсiп жүр дейсiң. Бухгалтерияда он мың ақша бар ма сұрап бiлшi. Болмаса түстен кейiн өзiм үйден әкеп берейiн” – дедi жанашыр үнмен. “Қалеке, өзiңiзге жетпей жатқанда қалтаңыздан кiмнiң жыртығын бүтiндейсiз?” – деп едiм. Қалағаң: “Ақша кiмге жолдас болған. Адамның орны бөлек қой. Үйдегi қатынның айлықтан жымқырып, жинап жүргенi бар шығар” – дедi жайбарақат үнмен.

Есеп-қисап бөлiмiнiң есiгi құлыптаулы екен. Түс қайта нөмiрге баратын мақалаларды оқып отыр едiм есiк ашылды. Iшке Асқаров ендi. Бағанағыдай емес әжiмдi жүзiне қан жүгiрiптi. “Балам, бастығың неткен мырза едi! Нағыз Атымтай жомарттың өзi ғой! Мен одан ақша сұрағаным жоқ. Қарашы, қолыма қанша ұстатқанын. Қысылып, “алмаймын” десем қоймады”. Таңырқап тұрып, уысы толған теңгенi қалтасына салыпты. Маған қарап: “Бәрiнен де бұрын Қалтайдың әңгiмесiн айтсайшы! Бiлiм-бiлiктiлiгi қандай? Теңiздей терең екен. Құлақ-құрышымды қандырды”, – деп қолын берiп қоштасты.

Камалаш Биғұмар деген кiсi болды ғой. Жарықтық жақсы ғалым едi. Қаражаттан қиналып жүргенде Қалтай ағаға келгенi есiмде. Сонда қалтасындағы барын берiп, риза еттi.

Марқұм Қайым Мұхаметқанов қандай ғалым едi. Семейге қоныс аударарда қаражаттан қатты қиналып жүргенiн естiгенмiн. Ғылым академиясының әдебиет институтына көмек сұрап барса, ондағылар құр қол қайтарған. Осы қаладағы жақын таныстарынан да қайыр болмаса керек. Тек Тұрсын Жұртбай ғана табылғанын қалтасына салады. Қалғанын Қалтай аға бергенi әлi есiмде.

Көлбай Адырбекұлы:

– Жаңылмасам, Қайым ақсақал редакцияға 1994 не 1995 жылдың тамызында келдi. Содан бiрер ай бұрын газетке Ыдырыс Мұстамбаев туралы көлемдi мақаласы жарияланған. Сiз бухгалтериядан тиесiлi қаламақысын алып бердiңiз. Содан соң “Қалтаймен қоштасайын” деп кабинетiнiң есiгiн ашты. Соңынан сiз екеумiз iлесе кiрдiк. Қалағаң аяғының ауруы жанына батып жүрсе де орнынан тұрып, қарсы алды. Қайымға қарама қарсы отырып, хал-жағдайын сұрады. Қайым ақсақал: “Қалтай-ау, жағдайдың несiн сұрайсың. Тәуелсiздiк алғанымызды көңiлге медеу тұтып шүкiрлiк еткенiмiз болмаса, хал-ахуалдың қазiр қандай екенiн көрiп жүрсiң ғой. Үкiметтiң ғылымға салған қаржысы айтуға да тұрмайды. Жастар ғылымды тастап, сауда-саттыққа кетiп жатыр. Жас болса жер ортасынан ауғаны қашан. Өмiрдiң көбi кетiп, азы қалды. Туған елiм Семейге қоныс аудармақшымын. Өзiңдей қимас жандармен қоштасып жүрген жайым бар. Мына қиын кезеңде Алматыға қайта бiр келуге жол түсе ме, түспей ме. Оны көктегi Жаратушы бiледi.” – деген едi.

Дидахмет Әшiмханұлы:

– Бiздiң дәлел ретiнде айтып отырғанымыз халыққа танымал жандар ғой. Ал Қалекеңдi басы ауырып, балтыры сыздағанда iздеп келетiн ақын-жазушылар қаншама. Солардың да меселiн қайтарған емес.

Көлбай Адырбекұлы:

– Әңгiме арқауы Қалтай ағаның қайырымдылығы жайында өрбiп жатыр ғой. Оның тағы бiр тамаша қасиетi кез келген жанмен лезде тiл табысуы дер едiм. Әсiресе атқа мiнген әкiмдермен жанасуын ерекше айтуға болады. Алматыны Заманбек Нұрқадiлов марқұм басқарып тұрғанда бiрнеше рет кабинетiнде кездесiп, Бөгенбай батыр көшесiндегi №150-шi үйдi Балық шаруашылығы министрлiгiне қарасты мекеме есебiнен шығартып, редакцияға бекiттiрiп алды емес пе. Сондай-ақ жоғарыда айтылған автокөлiктердi де бөлгiздi. Түркиядағы “Заман” қоғамының басшылары қаладан жер алсаңыз көп қабатты тұрғын үй салып беремiз. Оның бiрiншi қабатында баспахана, астыңғы жағында көлiк тұрағы болады деген соң Қалағаң Карл Маркс көшесiнiң (қазiргi Қонаев) бойынан жер де алды. Жаңа үйдiң жобасын да сыздырып, сол жердi екi жылдан аса уақыт ұстап отырды. “Заман” басшылары әртүрлi сылтаулармен сөзiнде тұрмай құрылыс жұмыстарын кейiнге шегере берген соң Нұрқадiлов жердi басқаларға беруге мәжбүр болды.

Сол жылдары қала бюджетiнiң жұтаңдығынан тұрғын үйлер аз салынатын. Соның өзiнде Қалағаң әкiмнiң тiлiн тауып, редакция қызметкерлерiне жетi пәтер алып бердi. Абзал Бөкен, Рымтай Сағымбекова, Тынышбек Дайрабай, Айнаш Сатаева және тағы басқалар қоныс тойын жасады. Бiздегi бұл қуанышты жаңалықты басқа редакциядағы журналистер естiп, таң қалатын. Сол жақсылықтың бәрi Қалағаңның тiл байлығының арқасында болды.

Дидахмет Әшiмханұлы:

– Қалекеңдi Республика Президентi Нұрсұлтан Назарбаев та құрмет тұтатын. Араб елдерiне ресми сапарларында өзiмен бiрге алып жүргенiн халық бiрнеше рет теледидардан көрген.

Айнаш Сатаева:

– Сiздер Бөгенбай батыр көшесiндегi үйге ауысқанда мен “Араның” жаңа редакторы Сайлаубек Жұмабектiң қарамағында қалған едiм. Арада бiраз уақыт өткен соң Сайлаубек аға ағынан жарылды. “Айнаш, сен маған сенiп қалма. Мен саған қаладан пәтер алып бере алмаймын. Қалтай ағаңа қайтып бар. Оның сөзi барлық жерге өтедi”. Сол күнi жүрексiнсем де Қалтай ағаға телефон шалдым. “Аға, жаңадан секретарша алып қоймасаңыз, ертең сiздiң қарамағыңызға қайтып барсам деймiн”. Ол iле тiл қатты. “Жарайды қызым, келе ғой”. Қуанғаннан абдырап қалсам керек, аузыма түскен сөз “Кабинетiңiзде зеркало бар ма?” болды. “Қызым, оған қам жеме. Айнаны тауып қоямыз”. Ертеңiне сонда бардым. Қалағаң кабинетiнде отыр екен. Сәлемiмдi әдеттегiдей жылы шырайымен қабыл алды. “Айналайын қызым, анау шкафты аш”. – Қолымен қарсы беттi көрсеттi. Аштым. Iшiнде шағын айна бар екен. “Әзiрге саған сол айна да жарайтын шығар. Кейiндеу тұла бойың тұтас көрiнетiн үлкенiн алып беремiн”, – дедi езу тартып. Қазiр сол жай есiме түссе ерiксiз күлемiн.

1994 жылы жұмысқа асығып барып, кештетiп қайтып жүрiп, жазатайым сүрiнiп кетiп құлап қалдым. Аяғым сынды. Бiраз уақыт үйде күтiнуге тура келдi. Сынық бiтiп, ептеп жүре бастаған кезiмде редакциядан “Айнаш, саған пәтер берiп жатыр, тез кел” деген хабар жеттi. Ондайда қанат бiткендей алып ұшады екенсiң. Аяғымның сыздап ауырғанын елемей редакциядан бiр-ақ шықтым. Қалтай ағам да мәз. “Қызым, саған екiншi Жетiсу микроауданынан үш бөлмелi пәтер берiлдi. Тез үйiңдi көшiрiп, жайланып ал”. – Кiлтiн қолыма ұстатты. Сол күнгi қуанышты айтсайшы. Өмiр бойы ұмытпаспын. 1977 жылдан берi қаладағы жұмысыма ауылдан сабылып жүрiп, 1994 жылы ғана жаңа пәтердiң кiлтiне қолым әзер жеттi-ау. Егер Қалағаң болмағанда пәтер алуым екiталай едi. Сол үшiн ғана емес, Қалағаңның адамгершiлiгi, кең жүректiлiгi, имандылығы, қайталанбайтын кiсiлiк келбетi мен үшiн өмiр бақи қымбат болып қала бередi. Тоқтай тұрыңдаршы… көзiме жас толып кеттi ғой…

Көлбай Адырбекұлы:

– Дидаға, есiңiзде ме, Қалекең республика басшылары қатысқан кезектi бiр жиналыстан келiп, бiзге сол кездегi елдiң әлеуметтiк-экономикалық жағдайының жәй-жапсарымен таныстырғаны. Сөзiнiң соңында: “Әй жiгiттер, жиналыстың үзiлiс сәтiнде жаныма экономика министрi Вячеслав Храпунов келiп салқын сәлемдестi. Басын шайқап: “Қалтай Мухамеджанович, я от вас этого не ожидал” – деп сол сөзiн екi рет қайталады. Бұл оның не дегенi? Мұнысымен ол маған не айтпақшы болды? Қандай өкпесi бар едi? Мен түк түсiнбей-ақ қойдым. Бәлкiм оның бұл сөзiнiң мәнiн сендер бiлетiн шығарсыңдар?” – Қалағаң алдында жағалай отырған бiзге көз жүгiрттi. Сiз: “Қалаға, ол қазақтың күйеу баласы ғой”, – дедiңiз. Қалағаңның қабағы түксиiп: “Қайдағы күйеу бала?” – деп кiжiндi. Сiз: “Қалеке-ау, “Хабар” телеарнасының бұрынғы төрайымы Ләйла Бекетова соның әйелi. Ұлттық мүддемiзге қайшы келетiн көрсетiлiмдердi қайта-қайта экранға шығара берген соң, бiз де оны газетте бiрнеше рет сынап, ақыры қызметiнен босаттырдық қой”, – деп болған жайды есiне салдыңыз. Сонда Қалекең жымиып: “Е,е солай ма едi? Оның маған өкпесi сол екен ғой,” – деп үлкен мұрнын қоңқ еткiзiп бiр тартып қойды.

Солай күй кешiп жүрген шақта Республика Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Бiрiккен Араб эмиратына ресми сапармен баратын болып, Қалағаңды шақыртты. Президент эмират Королiне жанындағы Үкiмет басшыларымен бiрге Қалағаңды да арнайы таныстырған. Түп атасының осы жақтан шыққанын, қазақтар қожа деп атайтынын, ата-бабаларының ислам дiнiн таратудағы еңбектерiн, өзiнiң әлемге танымал жазушы-драматург екенiн тәптiштеп жеткiзсе керек. Король жылы шырайымен басын изеп отырып бар ықыласымен тыңдапты. Өз кезегiнде Қалекеңе жымия қарап араб тiлiнде әлдененi айтқан екен. Назарбаев: “Қалеке, Корольдiң сiзге не айтқанын түсiндiңiз бе?” – деп сұрайды. “Мен Корольдiң ақылды итi секiлдiмiн. Айтқандарын жақсы түсiнемiн. Бiрақ сөйлей алмаймын”. Президент күлiп жiбередi. Аудармашыға аудар дейдi. Король есiтiп, iшек-сiлесi қатқанша күлген. Делегация құрамындағы Храпунов сол жылы Президенттiң Қалтай Мұхамеджанмен рухани-әлеуметтiк тақырыпта кеңескенiн көрiп, оның жан-жақты бiлiмдарлығын, руханият саласында парасатты әлi салмақты ойдың адамы екенiн таниды. Алматыға оралған соң Қалағаңды қабылдауына өзi шақырды. Көп ұзамай Вячеслав Храпунов қасына орынбасарлары мен көмекшiлерiн ертiп, бiздiң редакцияға келдi. Ұжыммен кездесiп, баспасөз жайында бiраз әңгiме өткiздi. Қалекеңнiң астарлы қалжыңы езуiн жиғазбағанын да көрдiк. Храпуновқа редакция жайымен таныстырды. “Бұл үйдiң салынғаны қашан. Онда Сталин жарықтық тiрi екен. Ендi мiне төбесiндегi жабуы шiрiп, қабырғалары жарылған. Су құбырлары жүргiзiлген астыңғы қабатындағы тышқандар тоқтыдай. Ендi сiзге соны көрсетейiн”. – Қалекең баспалдаққа қарай бұрыла бергенде Храпунов қолынан ұстады. “Қалеке, сiзге сенемiн. Үйдiң жайы мәз емес екен. Күрделi жөндеу керек. Сiз биыл соның сметалық жобасын жасатыңыз. Ал мен келесi жылы жөндетейiн”. Кейiн Храпунов сөзiнде тұрып редакцияға көп көмегi тидi.

Айтайын дегенiм, Қалағаң тек достарын ғана емес, қарсыластарын да тiлiмен жаулап алады. Әлдебiреулердей кiр сөздермен балағаттап емес, саналарына шым-шымдап сiңетiн астарлы қалжыңымен. Мұндай қасиет жүзден, не мыңнан бiреуде ғана болады.

Дидахмет Әшiмханұлы:

– Менiң ойыма да өзiм көзiммен көрген бiраз жайлар түстi. Қалекеңмен бiрге Кәрiпжановтың қабылдауына барғаным есiмде. Кәрiбжанов сол кезде Мемлекеттiк мүлiктi жекешелендiру жөнiндегi комитеттiң төрағасы. Қалағаң кабинетiне бас сұққаннан-ақ ол орнынан тұрып, құшақтай амандасып, қатар отырды. Өзiмiз күнде көрiп жүретiн, қадыр-қасиетiн ескере бермейтiн Қалекеңдi ел басқарған жандардың қалай құрметтейтiнiн көрiп, бiр жағы сүйсiнiп, бiр жағы қарадай қысылдым. “Бiз кiмнiң жанында жүрмiз?!” “Қалтай кiм, бiз кiм?!”, “Апыр-ай, қасында жүрiп Қалекеңнiң тұлғалылығын қалай тани алмағанбыз?!” Сол бiр тосын кездесу осындай ойларға жетеледi.

Марқұм Алтынбек Сәрсенбаевтың Мәдениет және ақпарат министрi кезi. Газет шаруасымен Қалағаңа iлесiп, министрлiк орналасқан жайға бардық. Алтынбек басқарған ұжым биiк үйдiң бесiншi қабатында екен. Қалекеңнiң аяғы ауырады. Қолына сүйенiш таяқ ұстап жүргенiне бiраз болған. Баспалдақпен ақырындап көтерiлiп келемiз. Әр қабатына көтерiлген сайын аз уақыт кiдiрiп тыныстайды. Тағы да көтерiлiп бара жатып: “Дидахмет,шаңырақтан еттiң исiн сезсе, соқыр мысық тырмысады” деген осы”, – дедi. Ал күлмей гөр. Бар жағдайымызды бiр-ақ ауыз күлкiлi сөзiмен жеткiзiп тұрса. Есiктен iшке енген кезде Алтынбек төрдегi орындығынан ұшып тұрып, “Қалеке, келiп қалдыңыз ба?” деп жедел басып жанына жеттi. Құшақтап амандасып, қолтығынан демеп, төр жақтағы орындыққа жайғастырды. Алтынбектiң iнiлiк iзетiн, үлкенге құрметiн көрiп жүргенiм бұл бiр емес. Ұлттың үмiт күттiрген, орны бөлек таңдаулы азаматы едi ғой. Қалекең ентiккен демiн басып, әлгi сөзiн қайталады. Алтынбек ал кеп күлсiн бiр. Сол жолы ұлт баспасөзi жайлы бiраз кеңестiк. Алтынбек бiздiң газетке қомақты қаржы бөлгiзетiн болды.

Қалағаңның тағы бiр қасиетi – адам танығыштығы. Өзi жақтырмаған жанға пейiлiн бермейтiн. Түр басын түстеп, атын атамай-ақ қоямын арамызда бiрдi, екiлi сондай жан болды ғой. Қызметтес болса да өзiнен алыс ұстады. Ал ұнатқан адамының бүкiл кiнәсiн де, күнәсiн де кешiре бiлдi.

Көлбай Адырбекұлы:

– Дидаға, Қалекеңнiң сәлемiмiздi “жолбарысым”, “арыстаным” деп алатыны есiңiзде шығар. Тек бiзбен ғана емес, көңiлi қалаған жандардың бәрiмен де солай амандасатын. Сонда Қалағаң сол атауларын жағынайын, жақсы атанайын деп айтпайды. Ондай пендешiлiктен де ада. Елдiң болашағы, тiрегi жастар деп бiлдi. Бiзге аға ұрпақ негiзiн салған iстi жалғастырушылар деп сенiм артты. Тәуелсiздiгiмiздiң алғашқы қалыптасу жылдарындағы уақытша қиындықтарынан тауы шағылып, жiгерi жасымасын деген оймен айтқан. Дуалы ауыз Қалекеңнiң әлгi сөзiнен кейiн бойыңа күш-қуат бiткендей болады. Еңсеңдi басып жүрген уайымнан арылып, өзiңе өзiңнiң сенiмiң артқандай күй кешесiң. Рухың тасып, арғы жағыңнан iске деген құлшынысың атойлап шығады.

Әңгiменi дайындаған Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ

(Жалғасы бар)

Серіктес жаңалықтары