МIРЖАҚЫП ДУЛАТОВ

МIРЖАҚЫП ДУЛАТОВ

МIРЖАҚЫП ДУЛАТОВ
ашық дереккөзі
459
Басы өткен санда

“Сөйтiп, әйгiлi 1916-жыл келдi. Күтпеген жерден 19 бен 43 жас арасындағы қазақ азаматтарын майдандағы қара жұмысқа алу туралы 25 июнь күнгi жарлық шықты. Қазақ тұрғындарының арасында толқу пайда болды. Қостанай мен Орал уездерiнде болыстарды өлтiру, почтадағы, ауылда тұратын орыс хатшыларының қолындағы, почта бекеттерi мен жәмшiктердiң қолындағы тiзiмдердi тартып алу, оларды қатын-баласымен бiрге кепiлдiкке алу сияқты оқиғалар орын алды. Пушкамен және пулеметпен жарақтанған жазалау отрядтары қырға шықты.

Губернаторлар оқиға болған жерге келдi, түрмелер адамдарға толды. Ақтөбе қаласына келген Торғайдың вице-губернаторы халық алдына шығып сөйлеген сөзiнде: “Бiрде-бiр қазақ тiрi қалмаса да патшаның жарлығы орындалады” – деп ашық айтты.

Осының барлығын көрiп, ең бастысы қазақ халқының шарасыздығын көрiп тұрып, бiз тұрғындарға қарсылық көрсетпеу туралы Кеңес бердiк. Өйткенi, күш тең емес едi. Қазақ даласы қанға боялатын. Қазақ елiн қайта түзеле алмайтындай зобалаң күтiп тұрды. Қазiр кейбiр жолдастар: қазақтың ұлттық зиялылары көтерiлiстi бастауға дәрменсiз болды, олардың өздерi патша үкiметiнiң құйыршығына айналып, солармен бiрiгiп кеттi – деп сөгедi. Менiң ойымша, сол кездегi жағдаймен жақсы таныс адам және нақты шындыққа көзi жеткен адам бұлай демес едi. Ақиқатына көшкенде бiз қауiп-қатермен бетпе-бет келгiмiз келмедi.

Ел iшiндегi бұрқ ете қалған көтерiлiстер қарудың күшiмен басып-жаншылды, жаппай тiзiмге алу және майданға жiберу жұмысы басталды. Сол кезде қазақ газетiнiң редакциясы қара жұмысқа алынған қазақтарға көмектесудi қолына алды, барлық қазақ оқығандарына қай жерде қазақтар қара жұмыста жүрсе, сол майданға барып, бұратаналар бөлiмiн ашып, оларға қызмет көрсетуге шақырды. Оқығандар, олардың көпшiлiгi “халық мұғалiмдерi”, бұған белсене атсалысты, соның нәтижесiнде Минскi қаласындағы Жер жөнiндегi одақтың жанынан бұратана бөлiмi ашылды. Мен Минскiге бәрiнен кеш келдiм. Ақпан төңкерiсiнен бiр күн өткен соң Москвадан Минскiге жүрiп кеттiм. Онда көп болғаным жоқ. Ленинград арқылы (онда бiрер күн болдым) Орынборға наурыз айында қайтып оралдым.

“Содан кейiн қазан төңкерiсiнiң қарбалас күндерi келiп жеттi. Большевиктерден басқа саяси партиялардың барлығы да Қазан төңкерiсiне қарсы болды, оны: төнiп келе жатқан анархия, күнi ұзақ емес, социализм идеясы Россияда жүзеге аспайды, құрылтай мәжiлiсiнiң қасиеттi құқығына қол сұқты деп есептедi. Сондықтан да барлық жерде оған қарсы күрес ашты. Қазан төңкерiсiне қарсы күрескен өзге партиялардың ықпалымен, қазақтың “Алаш” партиясын құрған қазақ ұлтының өкiлдерi, сол партияның мүшесi ретiнде мен де, қарсы болдық. Саяси мәселелердi түсiнуге келгенде қазақ ұлтшылдарының арасындағы ең хабарсызы мен едiм. Мен көбiне олардан төмен тұрдым. Сондықтан да басшылық ұстанған ортақ бағытта жұмыс жүргiздiм. Бiздiң Кеңес өкiметiне қарсы күресiмiздiң басты мақсаты – қазақ ұлтының тәуелсiздiгiне қол жеткiзу едi.

Желтоқсан айында өткен жалпы қазақ құрылтайында “Алашорда” деген атпен қазақ автономиясы жарияланды. Үкiметтiң төрағалығына Бөкейханов сайланды. Үкiмет құрамында бес мүше болды. Мен үкiметтiң құрамына кiргенiм жоқ”.

Иә, М.Дулатов үкiмет мүшесiнiң ресми құрамына кiрмегенiмен де, құрылтайдың жауапты хатшысы ретiнде барлық қаулылар мен хаттамалар, құжаттар соның қолынан өттi.

М.Дулатов (жалғасы): “Орынбордағы құрылтайдың өтуiнен бiрнеше күн бұрын Қоқанда Түркiстан автономиясы жарияланды, оның құрамына Жетiсу мен Сырдария облыстары кiрдi. Орынборда өткен қазақ құрылтайы бұл екi облыс қазақ автономиясына қарауы тиiстi деп шештi. “Алашорда” үкiметiнiң осы қаулысын жүзеге асырып, тиянақтап шешу үшiн 1918 жылдың басында Түркiстан қаласында Сырдария облысы өкiлдерiнiң мәжiлiсi шақырылды. Бұл Кеңеске “Алашорданың” атынан үш өкiл қатысты. Соның бiреуi мен болдым. Бұл Кеңес Сырдария облысын қазақ автономиясының құрамына енгiзу керек деп шешiм қабылдады”.

Бұл туралы Д.Әдiлев: “Екiншi бүкiлқазақ құрылтайынан кейiн, 1917 жылы ғой деймiн, Дулатов “Алашорда” орталық үкiметiнiң тапсырмасымен Түркiстандағы қазақтарды “Алашордаға” қосу мақсатымен Түркiстанға барған. Ол кезде Қызылорда, Жетiсу облыстары Қоқан үкiметiне қарауды жөн көрген болатын. Дулатов Түркiстандағы құрылтайда сөз сөйледi. Қожанов екеуi сонда танысқан екен” – деп көрсеттi.

Сөйтiп, үшке бұтарланған қазақ елi мен жерiнiң тұтастығына ұмтылған алғашқы талқыға да М.Дулатов қатысты. Аса күрделi және шетiн бұл мәселеге ХХI ғасырдың басында ғана “неғылайынға” негiзделген көп нүкте қойылды. Ал ол кезде бұл әлi шикi мәселе едi.

М.Дулатов (жалғасы): “Қаңтар айының аяғында Кеңес үкiметiнiң қолына көшкен Орынбор қаласына келдiм. “Алашордашылардың” ешқайсын Орынбордан таппадым. Сөйтсем, “Алашорданың” жетекшiлерi құрылтай бекiткен астанасы Семейге кетiптi. Ақпан айының аяғында не наурыз айының басында мен де Семейге келдiм. Ол кезде Семей губерниясы да Кеңес үкiметiнiң қоластында болатын. Онда “Алашордашылар” жартылай астыртын жағдайда жұмыс iстедi. Ақпан революциясы тұсында ұйымдастырылған Семей қазақ комитетiнде жұмыс iстейтiндердiң кейбiреуi кейiн облыстық Совдептiң құрамына кiрдi . Мен “Сарыарқа” газетiне қызметке тұрдым. Ол кезде Семейдегi “Алашорда” үкiметi iске кiрiсе алмады, кiрiсуi мүмкiн де емес едi. Өйткенi оның он бес мүшесiнiң 3-4-i ғана сонда болатын. Жергiлiктi өкiмет “Алашордашыларды” қуғындай бастағанда мен қырға шығып кеттiм” – дейдi.

Осындағы “қыр” деген сөздiң астарында үлкен халықаралық маңызы бар, кейiннен Шығыс Түркiстан ислам республикасын құруға негiз қалаған үлкен саяси және идеялық астар жатыр едi. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсi тұсында жазалау отрядтарының қырып-жоюына қатты ұшыраған Семей, Жетiсу өңiрiнiң қазақтары шет елге босып, ол жақта да қырғынға, тонауға ұшырап, ақыры ел iшiне аштық кiре бастаған едi. Оның үстiне ақ пен қызылдың ойраны қосылып, мал мен бастан сыпырылып қалды. Қиын-қыстау кезде қызылдардың қырғынына қарамастан “Алашорда” үкiметiнiң жоғарыдағы қаулысын орындау мақсатында “Аштарға көмек” комиссиясын құрып, исi қазақққа сауын айтты. М.Дулатовтың ұшқыр қаламы тағы да “алаштап!” ұран салды.

Сонымен қатар босып кеткен бiр жарым миллион қазақтың жоқтаушысы бар екенiн бiлдiру үшiн А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Р.Марсеков, Байжiгiт болысы Қанағат Сүлейменов сәуiр айында Шәуешек қаласына барып, “Алашорданың” шет елдегi бөлiмшесiн құруға ұмтылады. Ондағы Ресей консулы арқылы әскери байланыс орталығын ашады. Шығыс Түркiстандағы төрт үкiметтiң тәржiмашысы болған Кәрiм Акрами “Алашорда” делегациясының Қытайға сапары” атты (“Түркiстан”, 1996 12 – 18 тамыз) мақаласында: Шығыс Түркiстанның шекара бастығы Ян Зың Шинмен кездесiп: Кеңес өкiметiне қарсы күресу үшiн көмек сұрағандығын, бiрақта, өз iшiндегi азаматтық соғысты сылтауратып, қандай да бiр қол ұшын беруден бас тартты – деп жазды. Ал шын мәнiнде олар, мұнымен қоса: босып барғандарға ресми түрде саяси баспана беру, зорлық-зомбылықты тоқтатып, тартып алған мал -мүлкiн қайтарып беру, “Алашорданың” шетелдiк бөлiмшесiн ашуға пұрсат беру мәселесiн қозғады.

М.Дулатов (жалғасы): “Содан 1918 жылдың жазында Кеңес өкiметi құлаған соң ғана Семей қаласына қайтып келдiм. Сол сәттен бастап қана “Алашорда” үкiметi ұйымдастыру жұмысына кiрiстi. Мен Орынборға қайтып кеттiм де, “Қазақ” газетiн қайтадан шығара бастадым. Байтұрсынов та Орынборға қайтып келдi”.

Мiржақып Дулатовтың көрсеткенiндей, “екiншi қазақ-қырғыз құрылтайының қаулысы бойынша 11/24 маусым күнi “Алашорда” үкiметi Алаш қаласында ресми түрде iске кiрiстi… Семей мен Ақмола облыстарында милиция жинау iсiне аса шұғыл кiрiсiп, отряд құрылды. Отрядтардың бiрсыпырасы атты казактарға Һам офицерлерге (ақ гвардия) қосылып, Жетiсу облысындағы большевиктермен соғысуға кеттi… Түркiстан жағынан атты казак һам башқұрт жiгiттерi бас қосып большевиктермен соғысуға аттанды. Ахмет Байтұрсынов 29 июньде Қостанайға кеттi. Мiржақып Дулатов екi жұма шамасында сонда бармақ. Қазақтан шыққан большевиктерге ешбiр рақым қылмаңыз” – деген “Алашорда” Кеңесiнiң мүшелерi – Ә.Бөкейхановтың, М.Тынышбаевтың, Х.Ғаббасовтың атынан жеделхаттар жан-жаққа шұғыл түрде жiберiлiп жатқан едi. Бұл суыт хабарлар берiлген кезде Кеңес өкiметi тарапынан автономия мәселесi толық ресми түрде шешiлмеген едi.

М.Дулатов (жалғасы):”Бiз Қостанай уезiнiң Денисовка поселкасында тұрған кезде Колчактың “Алашорда” үкiметiн жою туралы төртiншi қараша күнгi жарлығы түстi. Сол жарлықтың соңынан казак әскерi штабынан отрядтың шұғыл түрде Орынборға келiп большевиктерге қарсы соғысуға аттануы туралы бұйрық келдi. Бiз бұл бұйрықпен келiспедiк. Сөйтiп, Торғай уезiне бет алдық. Генерал Дашкин мен полковник Быков бастатқан командалық құрам бiзбен бiрге кетуден бас тартты. Офицерлердiң бiразын бiз тұтқынға алдық, ал бiр бөлiмерi өздерi тарқап кеттi. Әскери Кеңес казак үкiметiмен және оның командирлерiмен байланысын осылай үздi. Қалған жiгiттермен бiз Торғай уезiнiң жерiне өттiк. Онда Торғайдағы Кеңес өкiметiнiң өкiлдерiмен келiсiм жүргiздiк”.

“Алашорда” үкiметi төрт құрсаудың – большевиктердiң, Колчактың, Самара үкiметi казактарының, чехословак корпусының қоршауында қалды. Сондай қысылтаяң оқиғаның ең шешушi жанталасы Торғайда өттi. “Алашорда iсiндегi” тергеуде де, “Алашорда” тарихы үшiн де, жекелеген тұлғалардың тағдыры үшiн де, жалпы қазақ үшiн де ерекше маңызы бар бұл оқиға туралы барлық деректердi салыстыра отырып берудi жөн көрдiк. Оқырман қай куәнiң сөзiне сенсе де, бұл жанталастың соғыс жағдайында өткенiн еске саламыз. Ал соғыс құрбандықты таңдамайды.

М.Дулатов (жалғасы): “Келiсiм жүргiзу үшiн Торғайға Байтұрсынов және мен бардым. Келiсiмнiң нәтижесiнде бiз уақытша Кеңес өкiметi жағына шығатын болдық, ал бiздiң түбегейлi шешiм қабылдауымыз үшiн Байтұрсыновты Москваға жiберу керек деп шештiк, келесi күнi Байтұрсынов Москваға жүрiп кеттi. Келiсiм бойынша Торғай қаласына кiрдiк, өз отрядымызды жергiлiктi қызыл армия отрядымен бiрiктiрдiк, бiздiң бiраз адамдарымыз совдептiң құрамына кiрдi. Бұл 1919 жылдың көктемiнiң бас кезi едi. Торғай уезiне барымташы ретiнде аты әйгiлi болған Амангелдi Иманов деген бiреу әскери комиссар болып тағайындалыпты”.

М.Дулатов (жалғасы): “Бiрде Шалқардағы қызыл армияның штабынан: Торғайдағы отрядтың жиырма төрт сағат iшiнде Шалқарға келiп жетуi туралы төтенше бұйрық келдi. Тура сол кезде көктемгi көксоқта басталды. Шалқар мен Торғайдың арасында қызыл су жүрiп кетiп, сай-саладағы өзендер тасып жатты. Бұл кезде азық-түлiк, қару-жарақ тиелген қосын түгiл, салт атты адамның өзi жүре алмайтын. Иманов төтенше Кеңес шақырды. Оған Имановтың өзi төрағалық еттi және соның ұсынысымен бiрауыздан (Иманов бiрiншi боп қол қойды) жоғарыдағы себептерге байланысты отрядтың жорыққа шығуы мүмкiн емес деп шешiм қабылдап, оны хабарлауға тиiс болды. Жоғарыдағы шешiмдi Шалқарға шұғыл жiберудiң орнына Иманов: жорыққа шығуға “Алашордашылар” қарсылық көрсетiп жатыр, сондықтан да бұйрықты орындай алмадым, – деп хабарлағанын бiрнеше күннен кейiн бiр-ақ бiлдiк. Имановтың осы арандатуының салдарынан Шалқардағы, Ырғыздағы және Ақтөбедегi штабта: “Алашорданың” Торғайдағы бөлiмшесi Кеңес өкiметi жағына шығу туралы өздерiнiң уәдесiнде тұрмады – деген пiкiр қалыптасты. Бұдан кейiн бiзге деген сенiмсiздiк пен дұшпандық көзқарас өрши бастады. Егерде Имановтың тарапынан жоғарыдағы арандату болмаса, онда бұдан кейiн орын алған оқиға туындамас едi. Иманов бұл мәселе жөнiндегi арамыздағы түсiнiспестiктi жоюдан сырт тартты. Имановтың арандатуының салдарынан орын алған түсiнiспестiктi жою үшiн бiз: не Жангелдиннiң, не Байтұрсыновтың келуiн күттiк. Бiз сол кезде тұйыққа тiрелiп, дағдарып қалдық: бiр жағынан ақтардан қол үзiп кеттiк, екiншi жағынан қызылдар тарапынан себеп-салдарсыз сенiмсiздiк көрсетiлдi”.

М.Денисов пен М.Гусман : “Алашорда” әскерi қалаға кiрген соң 18-19 сәуiрге дейiн Кеңес өкiметiне қарсы ешқандай қарсы әрекет жасаған жоқ. Соның алдында Ақтөбе майданынан Торғайдағы мекемелердi көшiру туралы жеделхат келген болатын. Әскери комиссар Иманов қоныс аударуға және жеке-жеке эскадрон бойынша қозғалуға бұйрық бердi. Пасханың бiрiншi күнi, яғни, 20-сәуiр күнi мен тәржiмашы Ыдырыс Иусупов екеумiз Имановтың үйiнде отырғанда екi орыс кiрiп келдi, олар өздерiн Қостанайдың “көтерiлiсшiлерiмiз” деп таныстырды (бiрiншi адам – Таран, екiншiсi – Иноземцев екен). Олар: қаладан 30-40 шақырым жерде тұрған отрядтарын қалаға толық қаруымен кiргiзуге рұқсат беруiн өтiндi. Келе жатқан отряд тарапынан қандай да бiр арандату орын алмас үшiн Таран мен Иноземцевке қаруларын тапсыру қажеттiгiн өтiндi. Таран мен Иноземцев оған толық келiстi. Сол кезде Иманов: бұлар нағыз Кеңес өкiметiнiң қорғаушылары екен, Торғай губерниясы бойынша төтенше комиссар Жангелдинге қалаға қарумен кiру туралы рұқсат сұрап жеделхат жолдаңдар – дедi”.

М.Дулатов (жалғасы): “Бiрде бiздiң назарымызға: Иманов бiздi тұтқындағалы жүр екен, оның үйiнде Қостанай жақтан келе жатқан әлдебiр отрядтың барлаушысы тұрады екен деген мәлiмет түстi. Осы мәлiметтi алысымен бiз Имановты және оның үйiнде жатқан белгiсiз адамды тұтқындадық та, өзiмiз жасақтың бiр бөлiгiн ертiп Торғайға беттеп келе жатқан отрядтың қарсы алдынан шықтық. Қауесет шын болып шықты, бұл Таранның партизан отряды екен, ал Имановтың үйiнде жасырынып жатқан белгiсiз адам – Таранның өзi екен. Торғайдан отыз шақырымдай шыққан соң отрядпен бетпе-бет келдiк, ешқандай қарулы қақтығыс болған жоқ, оларды казак полкiнiң қуғындап келе жатқанын сол жерде бiлдiк. Бiз, алашордалықтар, бұл отрядты қайтпек керек деп өзара Кеңестiк, егерде оны Торғайға қарай өткiзiп жiберейiк десек, Имановтан сескендiк, өйткенi олар бiзден көрi соның сөзiне сенедi де, Иманов ойындағысын жүзеге асырып тынады. Бұл бiр. Мәселенiң екiншi жағына келетiн болсақ, егерде бiз отрядты Шалқарға қарай ешқандай ұрыссыз әрi шығынсыз өткiзiп жiберсек, онда оларды өкшелеп келе жатқан казак полкi жергiлiктi халықты сөзсiз қырып-жояр едi де, ең бiрiншi кегiн бiзден алар едi. Осының барлығын ақылға салып, бiз отрядты қарусыздандырып, адамдарын өз еркiмен қоя берейiк дегенге бәтуаластық және солай iстедiк те. Шарасыздықтан мәжбүр болған бұл әрекеттi сол арада отрядтағыларға түсiндiрдiк. Келесi күнi Торғай қаласына кештетiп жеткеннен кейiн ғана бiзден бөлiнiп қалған жастар аласапыран кезiнде Иманов пен Таранды мерт етiптi. Осыдан кейiн бiз казак полкiнiң келуiн үрейлене күттiк, себебi, бiздiң жасағымыздың саны 400-дей ғана адам едi, оның көпшiлiгi әлi әскери шайқасқа қатыспаған тәжiрибесiз жасақтар едi”.

М.Дулатов (жалғасы): “Бiр күнi таңертең белгiсiз бiр отряд Торғай қаласын қоршап алды да жан-жақтан оқ жаудырды. Бiз кешке дейiн тосқауылда тұрып қорғандық та, кешке қарай шабуылға төтеп бере алмай Торғай қаласын тастап шықтық. Бұл Жиляевтiң отряды екен. Ол Торғайда бiр тәулiк қана болды да әрi қарай Ырғызға бет алды. Олардан кейiн үш күннен соң Торғайға капитан Могилев бастатқан казак полкi келiп кiрдi. Бiздiң барар жерiмiз қалмады да Торғайға қайтып оралдық. Могилев полкi бiздiң барлық қуат-күшiмiз бен жарақтарымызды өзiнiң қол астына жиып алды Бұдан кейiнгi бiздiң әрекетiмiз жоққа тән болды, ешқандай еркiн қимыл жасауға мұршамыз келмедi, тек казак полкi мен тұрғындардың арасындағы делдалдық қана мiндет атқардық. Бiр, бiр жарым айдың iшiнде казак полкi Ырғыз бен Шалқарды өзiне қаратты. Алайда аз уақыттан соң қызыл армияның шабуылы басталды да тас-талқаны шыққан оңтүстiк армия бей-берекет қаша жөнелдi. Алашордалықтардың тобы (Есполов, Сейдалин, Бiрiмжанов, Тоқтыбаев, Шонанов және мен) бiраз уақыт Торғай мен Атбасар уезiнде тұрдық та, қаңтар айында Семей уездiне келдiк, сонда қыстап шықтық. Сұрақ алған – Шығыс бөлiмiнiң бастығы – Петров”.

М.Есполов (жалғасы): 1919-шi жылы земствоның жиналысынан кейiн Әбдiқадыров, Дулатов, Байтұрсынов, Қадiрбаев және басқаларымыз Қостанайға келдiк. Қостанайда Колчак әскерi менi тұтқындады. Қадiрбаевтың таныс офицерi менi босатты. Содан кейiн Торғай тобымен Атбасарға қарай бет алдық. Шалқар, Арал маңындағы қызыл әскерлер Шалқарға қарай қозғалды деген хабар алдық. Қызылдардың, Колчактың, казактардың әскерiнiң жазалауына ұшырамас үшiн мен, Дулатов, Бiрiмжанов, Тоқтабаев Кәрiм, Сеидалин, Шонанов бәрiмiз 15-қазан күнi Торғайдан Атбасар уездiне бет алдық. Торғайда Кеңес үкiметi орнады. Семейге Шонанов, Дулатов, Бөкейханов кеттi. Қадiрбаев өз ауылына жақын болу үшiн Орынборға кеттi. Ор қаласында Валидов пен Бiрiмжанов кездестi. Олар еркiн сөйлесетiн. Қазақ-Башқұрт әскерiн құру туралы ойласты”.

Мiне, осындай қанды майдан жүрiп жатқан кезде А.Байтұрсыновтың Кеңес өкiметiнiң комиссарларына: “Алашорданың” шығыс бөлiмшесi әзiрше бұл жағдайдан беймағлұм әрi олар Колчак пен атамандардың әскерiнiң құрсауында. Одан тез арада шыға алмайды” – деп түсiнiктеме беруiнiң астарында осындай саяси қадамдар жатыр.

Сондай-ақ әскери тұрғыдан арандап қалмасын деген мақсат бар едi.

М.Денисов пен М.Гусман (жалғасы): “Арада аз уақыт өткен соң көтерiлiсшi Жиляевтiң отряды алашордашыларды талқандап, қаланы басып алды, пулеметтердi және басқа да қару-жарақты қолға түсiрдi. Жиляев пен алашордашылар соғысып жатқан кезде Алмазов пен Темiровтен: сәл шыдаңдар, Ақсуат станицасынан казактар көмекке келе жатыр – деп суыт хабар жiбердi. Кейiн бiлгенiмiздей, бұл Могилевскийдiң (Могилев шығар) отряды екен. Жолай Алмазов пен Темiров Кеңес өкiметiн қолдаған адамдарды ұстап бердi, мысалы, Бекжан Жасымбаев атылды. Отряд қалаға келген соң 18 адамды атты, бұған басты кiнәлi адам уезд бастығы Омар Алмазов.

Бұл куәлiкке Гусман қосымша мынаны айтты: мамыр айында Могилевскийдiң отряды келген кезде маған алашордашыл Мұзафар Қасымов келiп: сен бүгiннен бастап әскерге алынасың, “Алашордаға” қызмет етуге мiндеттiсiң, қару-жарақты жөндеуге көмектесесiң – дедi.

“Алашордашылардың iс-әрекетi туралы көзi көргендердiң бұл куәлiгi Торғай уездiк ревкомының мәжiлiсiнде тыңдалды және ревкомның 12 желтоқсан күнгi мәжiлiсiнде хатталды.

Дала өлкесiнiң ревәскери Кеңесiнiң мүшесi және әскери комиссары Жангелдин. Торғай уездiк ревкомының төрағасы – (қолы). Хатшысы – (қолы)”.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ, жазушы

Серіктес жаңалықтары