“ҚАЛАМ-ҚАРЖЫ-2008”-дiң ЖЕҢIМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

“ҚАЛАМ-ҚАРЖЫ-2008”-дiң ЖЕҢIМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

“ҚАЛАМ-ҚАРЖЫ-2008”-дiң ЖЕҢIМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
ашық дереккөзі

“Альянс банк” АҚ бастамасымен және “Имидж-Партнер” коммуникациялық тобының ұйымдастырылуымен Қазақстандағы қаржы нарығының дамуын қазақ тiлiнде үздiк баяндайтын бұқаралық ақпарат құралдары арасында өткiзiлетiн екiншi республикалық “Қалам-қаржы” байқауының ашылғаны жайында осы жылдың наурыз айында хабарланған болатын. Байқауға қатысуға өтiнiш беру 31-қазанда аяқталған едi. Ал 14 қарашада “Қалам-қаржы — 2008”-дiң Сараптамалық кеңесiнiң соңғы отырысында байқау қорытындылары анықталды.

Сыннан сүрiнбей өткен жеңiмпаздар кеше Баспасөз-конференциясында марапатталды. Жеңiмпаздар 4 аталым бойынша анықталған болатын. Баспасөз-конференциясына “Сеймар Альянс Қаржы Корпорациясы” АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Керейбаев, Сараптамалық кеңестiң төрағасы, Қазақстан Журналистер Академиясының Президентi Сағымбай Қозыбаев, Сараптамалық кеңестiң мүшелерi: Қазақстан Журналистика Одағының Басқарма Төрағасы Сейiтқазы Матаев, “BizMedia” Iскер журналистер Орталығы ҚҚ Президентi Төлеген Асқаров, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетi, мерзiмдi баспасөз кафедрасының меңгерушiсi Бауыржан Жақып, сондай-ақ, “Ақиқат” Ұлттық-қоғамдық саяси журналының бас редакторы Жұмабек Кенжалин мен “Қазақстан” РТРК” Басқарма төрағасының орынбасары, “Қазақстан” ҰТА Бас директоры Қайнар Олжай қатысты.

Сонымен бiрiншi “ҚР Қаржы нарығының дамуын баяндайтын баспа БАҚ-тағы үздiк жарияланым” аталымы бойынша 1-орын “Айқын” газетiнiң тiлшiсi Мұхамеджанова Алмаға берiлсе, екiншi орынға “Түркiстан” газетiнiң сарапшысы Нәзия Жоямергенқызы лайық деп танылды. Ал үшiншi орынды “Жас Алаш” газетiнiң тiлшiсi Ерiк Рахым қанжығалады. “ҚР Қаржы нарығының дамуын баяндайтын үздiк телерадиобағдарлама(сюжет)” аталымы бойынша электронды баспасөз өкiлдерi белсендi атсалыспаған екен. Мұны тiлге тиек еткен әдiл-қазылар алқасы тек үшiншi орынды “31 телеарна” журналисi Гүл Баяндина мен “Қазақ радиосының” журналисi Құралай Жұмаханова өзара бөлiскенiн айтты. Ал “ҚР Қаржы нарығының дамуын баяндайтын үздiк мерзiмдi басылым” аталымында 1-орын “Жас қазақ” газетiне, 2-орын “Егемен Қазақстан” газетiне және 3-орын “Айқын” газетiне бұйырды. Соңғы “ҚР Қаржы нарығының дамуын баяндайтын үздiк аймақтық басылым” аталымы бойынша 1-орынды “Сарыарқа Самалы” газетiнiң тiлшiсi Нұрбол Жайықбаев, 2-орынды “Жетiсу” газетiнiң тiлшiсi Болатбек Абаған иемденсе, 3-орын ешбiр аймақтық басылымға берiлмедi. Сондай-ақ “Қалам-қаржы-2008” екiншi республикалық байқауына белсендi қатысқаны үшiн “Қазақ әдебиетi” газетiнен Жұма-Назар Сомжүрек, “Егемен Қазақстан” газетiнен Бақыт Балғарина, Сұңғат Әлiпбай, “Жас қазақ” газетiнен Гүлзат Смағұлова, “Арқа ажарынан” Қалкөз Жүсiп, “Азаттық радиосынан” Неля Рушанова сынды журналистер мен “Қазақстан iскерi” газетi те марапатталды.

Журналистердi құттықтаған ұйымдастырушылар Қазақстанның қаржы жүйесiн баяндауда бизнес пен БАҚ арасындағы өзара қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылатын бұл байқау алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өттi. Ал бiз өз кезегiмiзде газетiмiздiң сарапшысы Нәзия Жоямергенқызын жеңiсiмен құттықтап, шығармашылық табыс тiлеймiз.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ