ҚЫЛМЫСТЫҢ КӨБIН ЗАҢСЫЗ МИГРАНТТАР ЖАСАЙДЫ

ҚЫЛМЫСТЫҢ КӨБIН ЗАҢСЫЗ МИГРАНТТАР ЖАСАЙДЫ

ҚЫЛМЫСТЫҢ КӨБIН ЗАҢСЫЗ МИГРАНТТАР ЖАСАЙДЫ
ашық дереккөзі
227

Елбасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы өткiзген жиналысынан кейiн бiрқатар министрлiктер өздерiне тапсырма жүктеп алды. Соның iшiнде қоғамдағы тәртiптi жiтi қадағалап отыратын Iшкi iстер министрлiгiне қарасты мекемелер бұл жұмыстың бiсмiлләсiн бастап кеп жiбердi.

Өткен аптада Алматыда небәрi екi тәулiктiң iшiнде бiрнеше ауыр қылмыстың түрi тiркелiп, бетi ашылды. “Құқық тәртiбi” жедел алдын алу шараларын жүргiзген полиция қызметкерлерi бұл қылмыстарды дер кезiнде анықтауға мүмкiндiк алды. Мәселен, екi күнде тәртiп сақшылары 854 заңсыз келiмсектi әкiмшiлiк жауапқа тартып, 132 шетелдiктi елден қуған. Алматы қаласы IIД мүлiктiк қылмыспен күрес бөлiмiнiң бастығы Әбiлғазы Төлепбергеновтiң айтуынша, адам айтқысыз айуандықпен кiсi өлтiрген үш азаматты да қолға түсiрген. Тiптi, Оңтүстiк Қазақстан облысының бiр тұрғыны студент қызды өлтiрiп, оның автокөлiгiн иеленбекшi болғандығы да бiр тәулiкте әшкереленiптi. Мұнымен қоса, Алматы сақшылары жанармай бекеттерiне қарақшылықпен қарулы шабуыл жасаған “Қазақстан Сенути” күзет компаниясының жұмыскерлерiн және кiсi тонаумен айналысқан бiрнеше қылмыстық топтың аяғына тұсау салды.

Бұл тек екi күн iшiнде айғақталып, құрықталған қылмыс түрлерi ғана. Ал қаншама адамды тақыр жерге отырғызып, сан соқтырған қылмыскерлер арамызда толып жүр. Оның көбi – өзiмiз айқара жол ашып, құжаттарын заңдастырып берiп, қонақжайлылық көрсетiп отырған заңсыз мигранттар. Ресми мәлiметтерге қарағанда, қалада орын алып жатқан қылмыстардың денi көршi елден жұмыс iздеп келген заңсыз мигранттардың қолымен жасалынады екен. Тiптi, соңғы үш-төрт жыл көлемiнде оңтүстiк астананың қаладан шеткерi елдiмекендерiнде қоныс тепкен келiмсектердiң 99 пайызы қазақ елiнде бiржола түтiнiн түтетуге белдi бекем буған. Бiр қарағанда, Қазақстан оларға – күнделiктi нәпақасын айырып, нанын тауып берiп отырған құшағы кең мемлекет дерсiң. Оның үстiне соңғы уақытта қабылданған заңдардың да заңсыз мигранттарға деген мейiрiм шапағаты ерекше төгiлгенi мәлiм. Ең сорақысы, тұралап қалған медицинамыздың басқа емес, келiмсектерге де тегiн көмек көрсететiнiн естiгенде iшiмiздiң ашығаны бар. Түрлi дерт пен ауруды да сол келiмсектердiң әкелетiнiн бiлсе де бiлмегенситiн басшылардың бұл көзжұмбайлығына басымызды шайқап, налығын да едiк. Ендi, мiне, бар зардаптың еркiнсiп кеткен заңсыз мигранттардан келiп отырғанын түсiнген басшылар әбден тастай батып, судай сiңiсiп кеткен шақта ғана әрекет жасап отырғаны өкiнiштi.

Негiзi бiзге көршi елдерден жұмыс iздеп келген азаматтар көбiне маусымдық жұмыстар кезiнде ағылатын. Алайда, қазiр құрылыс саласы тоқырауға ұшырап тұрса да, келiмсектер отанына оралуға асықпай, табыстың басқа көзiне көшкен. Таңертең автобуспен келедi де, күнi бойы кiсi тонап, кешкiсiн ыстық мекенi – Өзбекстанға, Қарақалпақстанға қайта жол тартады. Ресми мәлiметтерге сәйкес, биыл Алматы облысында шетел жұмысшыларының қолымен 92 қылмыс жасалыпты. Олардың iшiнде 8 кiсi өлтiру мен 20-дан астам тонау фактiлерi бар. Бұл жағдайды өршiтiп алмау үшiн облыстық полиция өз аумағын елiмiзде заңсыз жүрген шетел азаматтарынан тазарту операциясына кiрiстi. Олар әуелгi жұмысын қаланың iргесiндегi, тоғыз жолдың торабы саналатын – “Алтын орда” базары маңайындағы келiмсектерден құралған “құлдар базары” аталып кеткен нүктеден бастады. Мұндағылардың денi елiмiзге жұмыс күшiн Өзбекстан аумағынан тас жолмен жеткiзiп тұратын қылмыстық топтар арқылы келген. Тiптi бұл топ кеденшiлердiң “көмегi” арқылы елiмiзге бiр автобус келмсектердi жөнелте алады екен . Олар өздерiн өте еркiн ұстайды. Сөздерiне құлақ түрсең, сол аумақты қадағалайтын полиция қызметкерлерiне пара да берiп қойған.

Өкiнiштiсi де сол, “сенген қойымыз” – тәртiп сақтау мекеме қызметкерлерi келiмсектердi ұстағанның өзiнде де қалтасындағы бар ақшасын сыпырып алып, қайта жөнiне жiбере салатынын көзiмiз көрдi. Ақшаға құныққанның көкесi осы.

Жалпы, Алматы облысының аумағына ресми түрде 110 мың шетел азаматы келiп кетiптi. Статистика көрсетiп отырғандай, олардың тек 8,5 мыңы ғана туристер. Қалғандары ресми түрде жұмыс iздеп келгендер көрiнедi. Ал, биресми келгендерiнiң саны қанша екендiгiн ешкiм дөп басып айта алмайды. Бiлуiмiзше, жыл сайын Қазақстанға бiр миллионға жуық еңбек мигранттары келедi екен. Бұл мемлекеттiк органдар ұсынған статистикалық мәлiметтен 4 есе артық. Мұндай деректi Статистика жөнiндегi Агенттiк төрағасының орынбасары Юрий Шокоманов “Заңсыз мигранттар мен адам саудасының алдын-алу” туралы конференцияда мәлiм еттi. Сыртқы жұмыс күшiне 40 мың квота бөлiнгенiне қарамастан, 2006 жылы елiмiзге жұмыс iздеп келген 165 мың шетел азаматы анықталған.

Ал биылғы 9 айда Алматыға 157 мыңнан астам шетел азаматы ат арытып келiптi. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бiршама аз. Оған себеп – қаладағы бiрқатар құрылыс нысандарының тоқтап қалуы. Осыған орай қала әкiмi көшi-қон мәселесi жөнiнде өткен жиында барлық құзырлы орындардың басшыларына нақты тапсырмалар берiп, бұл мәселенi шешу жолдарын қарастырды. Арнайы жұмыс тобы құрылып, әкiм алдағы бiр айдың iшiнде барлық құқық қорғау мекемесiне облыстық әрiптестерiмен бiрлесе нақты iс-қимылға көшудi ұсынды. Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов: “Көшi-қон үстiртiн қарайтын мәселе емес. Қаладағы қандай да бiр мемлекеттiк немесе жекеменшiк мекеме көшi-қон заңдылығын сақтамайтын болса, бiздi құлақтандырып тұруларыңыз қажет. Оның үстiне нақты iс әрекет жасау үшiн келiмсектердiң қолымен жасалған қылмыс көбейiп барады деп байбалам салу аздық етедi. Менiңше, әр құзырлы мекеме өз iсiне жауапкершiлiкпен қараса мұндай болмас едi” деген-дi.

Елiмiздiң түкпiр-түкпiрiн жаулап алған заңсыз келiмсектердiң өзегiнен теппей, еркiнсiтiп жiбергенiмiз басқа тидi. Жақында Астанада өзбекстандық келiмсектердiң қолынан екi азамат қаза тапты. Олар өздерi жұмыс iстеп жүрген машина жөндеу мекемесiнiң бастығын тапсырыспен өлтiрткен. Астана қаласы IIД баспасөз қызметiнiң маманы Эльмира Шауленованың айтуынша, бұлардың бұрында да қылмысқа қатысы болған. Ол машина жөндеу мекемесiнiң бастығын аса қатыгездiкпен өлтiрiп, басын бөлек алып тастап, денесiнен бөлек басқа жерге көмiп тастаған. Мәлiметтерге қарағанда, екi өзбекстандық азамат басшыларына жалақыларын дұрыс ала алмағандықтан шүйлiккен. Тапсырысты орындаған 25 жастағы астаналық жiгiт жалдаушылардың берген ақшаларын азсынып, бопсалай бастайды. Мұны күтпеген Шерзод пен Акрам оның өзiн де атып тастайды. Қолдарын екi адамның қанына малған өзбекстандықтар 25 жылға немесе өмiр бақи бас бостандықтарынан айырылуы мүмкiн.

Жұмыссыздардың саны күрт көбейдi

Сонау АҚШ-тан басталған қаржы дағдарысы елiмiздiң экономикасы мен әлеуметтiк жағдайына салқынын тигiзгенi рас. Бiраз жұмыс күшiн қамтамасыз етiп отырған орта және шағын кәсiпкерлiк те қаржының жетiспеушiлiгiнен қарамағындағы жұмыскерлерiн қысқарту үстiнде. Тiптi, өзгенi былай қойғанда, банктер мен iрi компаниялар да қызметкерлерiн жұмыстан босатуға көшкен. Соның салдарынан қазiр жұмыссыздық дертi қайта қаулап кеттi. Сарапшылардың пiкiрiнше, соңғы бiр жыл iшiнде екi қолға бiр күрек iздегендердiң саны он есеге артқан. Ресми мәлiметтерге сүйенсек, республика бойынша жұмыссыз жүргендердiң жалпы саны 568 мыңға жетсе, Алматыда 2872 адам тiркелген. Ал, есепке алынбағандардың саны бұдан бiрнеше есе көп болуы мүмкiн. Өйткенi, Алматыда өткен жылдың қорытындысы бойынша, шағын және орта кәсiптiң 77 пайызы және кәсiпкерлердiң жартысынан көбi шығынға ұшыраған. Мамыр айында шаһардағы өндiрiс көлемi 8,4 пайызға құлдырап, бөлшек сауда айналымы 12 пайызға кемiптi. Сондай-ақ құрылыс заттарын шығару да айтарлықтай бәсеңсiп кеткен. Яғни, құрылыс жұмыстарының тоқтап қалуы бұл салаға айтарлықтай әсер етуде. Мамандар болса, елiмiздегi тепсе темiр үзетiн жастардан тұратын жұмыссыздардың санын азайту үшiн шағын және орта бизнес саласын өркендетуге жол ашу қажет дей келе, мемлекет тарапынан осы салаға үлкен қолдау, демеу болмайынша тығырықтан шығу оңай болмайды дегендi алға тартуда.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң мәлiметiнше, Қазақстанға 2002 жылы шетелден 12 мың жұмыс күшi тартылса, 2006 жылы 40,9 мың, 2007 жылы 58, 8 мың шетелдiк жұмысшы келген. Ал 2015 жылы еңбек мигранттар саны 500 мыңнан аспақшы. Елiмiздiң жыл сайынға шетелдiк жұмыс күшiне сұранысы – 60 мың адамды құрайды екен. Алайда, статистикалық мәлiметтер бұл көрсеткiштiң екi есе өсiп кеткендiгiн растайды. Мәселе, заңсыз келiмсектердiң санында емес, олардың қолымен жасалынып отырған қылмыстың көбейiп кеткендiгi. Бұл салаға жауапты Iшкi iстер министрлiгiне қарасты мекемелер мен көшi-қон комитетi тез арада шұғыл iске кiрiспесе қылмыстың көбеймесе, азаяр түрi жоқ екендiгiне көзiмiз жеттi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары