Бақыт МЕЛДЕШОВ: АМЕРИКАДА ДАУЫС БЕРЕ АЛМАЙТЫН ДА ХАЛЫҚ БАР

Бақыт МЕЛДЕШОВ: АМЕРИКАДА ДАУЫС БЕРЕ АЛМАЙТЫН ДА ХАЛЫҚ БАР

Бақыт МЕЛДЕШОВ: АМЕРИКАДА ДАУЫС БЕРЕ АЛМАЙТЫН ДА ХАЛЫҚ БАР
ашық дереккөзі
250

АҚШ-та өткен президент сайлауына Қазақстан Республикасынан арнайы бақылаушылар қатысқан едi. Комиссия құрамында 5 адамы болған бұл делегация осы елдегi сайлаудың өзгешелiктерi мен ерекшелiктерiн көздерiмен көрiп, өз бағаларын берiп қайтқан болатын. Осы комиссияның төрағасы Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешовтен АҚШ сайлауының ерекшелiктерi жайында айтып берудi өтiнген едiк:

Үстiмiздегi жылдың қараша айының 1-7-сi аралығында бiздiң делегация АҚШ-тың бiрнеше штатында болып, сайлау процесiн бақылады. Бұл сапар IFES бастамасы бойынша “АҚШ-тағы сайлау. 2008 жыл” деген бағдарлама бойынша жүзеге асты. Осы бағдарлама аясында үш күн iшiнде, 2-5 қараша аралығында 45 елдiң өкiлдерi бақылау процесiне қатыса алды. Конференцияға қатысушылар АҚШ-тағы сайлау процесiмен, АҚШ президентiн сайлаудың барлық технологияларымен танысты. Бұл сайлауда американдықтар АҚШ Президентiн, 33 сенатор мен Өкiлдер палатасының 435 конгрессменiн және бiрқатар жергiлiктi билiк органдарының өкiлдерiн сайлауға қатысты.

Сайлау жанама түрде өткiзiледi. Президент сайлауы 4 кезеңге бөлiнедi.

1. Атаулы кезеңнiң алды: Бұл кезеңде үмiткерлер алғашқы сайлау өткiзу үшiн бәсекеге түседi (ол праймериз деп аталады) немесе өз делегаттарын сайлаумен қамтамасыз ету мақсатында ұлттық партиялық съездерге қатыстыру – кокус (саяси партиялардың аймақтық (штаттық) деңгейдегi жиналыстары мен конференциялары) өткiзу;

2. Ұлттық партия съездерi: Үмiткерлердi президенттiкке және вице-президенттiкке үмiткер ретiнде және партия бағдарламасының негiзгi ережелерiн бекiту мақсатында сайлау өтетiн кездiң жазында өткiзiледi;

3. Сайлау кампаниясы және сайлаушылар коллегиясын сайлау

Бұл сайлаулар әрбiр жылдың қарашасында алғашқы сейсенбiде төрт кезеңмен жылына бiр рет өткiзiледi. Конгрессмен немесе басқа да мемлекеттiк қызметтегi адам сайлаушы бола алмайды. Сайлаушылар коллегиясы 538 мүшеден тұрады. Яғни Конгресстегi штаттар өкiлдерi мен Колумбия округiнен сайланатын 3 өкiлдiң санына тең. Конгресске сайлаушылар тiзiмiн ұсынатын ең соңғы мерзiм 18 желтоқсан болып табылады. Осы уақытқа дейiн барлық заңды процедуралары мен дауыс беру нәтижелерi аяқталуы тиiс.

4. Сайлаушылар коллегиясының жұмысы: Бұл арқылы Президент және вице-президент сайлауының ресми нәтижесi анықталады.

Сайлаушылар желтоқсанның екiншi сәрсенбiсiнен кейiнгi дүйсенбiсiне дейiн құзырлы штаттардың астаналарында президент пен вице-президентке берiлген дауыстарды жинайды. Дауыс беру нәтижесi Штат губернаторы арқылы бекiтiлiп, Сенат төрағасына (АҚШ вице президентiне) жолданады. Сайлаудың келесi жылының 6-қаңтарында сайлаушылар дауысы қайта саналып жеңiмпаздар АҚШ президентi мен вице-президентi деп жарияланады.

Президенттiкке үмiткерге қойылатын талаптың ерекшелiгi мынада: Америкада туған және оның азаматы. Бұл оның қаны арқылы анықталады. Ата-анасы Америка азаматы болуы тиiс. Сирек жағдайларда Гуам, Пуэрто-Рико немесе Виргиния аралдарында туған адамдар АҚШ-та туды деп есептелiнедi. Қалғандары дәстүрлi. Сондай-ақ, әрбiр 35-ке толған, АҚШ-тың 50 федералды штаты мен Колумбия округiн қоса есептегенде, 14 жыл АҚШ-та өмiр сүрген адам ғана президентке үмiткер ретiнде тiркеле алады. Пуэрто-Рико секiлдi Америка қол астындағы аралдарда өмiр сүру – Америкада тұру болып есептелiнбейдi.

Америкадағы сайлау оның әрбiр штатында өзiнше ерекшелiкке ие. Ол өзгешелiктер сайлау комиссиясын қалыптастыруда, дауыс беру процедурасында байқалады.

Мәселен, Канзас штатында сайлауды ұйымдастыруға жауапты адам 4 жылға сайланған штат хатшысы болып табылады. Сайлау ұйымдастыру жөнiндегi негiзгi жұмысты аймақтық және учаскелiк сайлау комиссиялары жүргiзедi.

Канзас штатында сайлау кезiнде сайлаушылардың алғашқы толқыны ғана жеке басын куәландыратын құжатты көрсете алады. Қалғанына бұл мiндеттi емес.

Оклахома штатында бұл процесс басқаша жүрiледi. Сайлауды үйлестiру iсiмен штаттың сайлау комиссиясы айналысады. Оның мүшелерiн штат губернаторы тағайындайды.

Бiздiң делегация Вашингтон мен Вирджиния штаттарындағы сайлауға бақылау жасады. АҚШ заңнамасы бойынша сайлауды бақылау мiндеттi емес. Бiрақ, биылғы жылы АҚШ бұған жол бердi. Сайлау өтетiн күнi 4-қарашада сайлау учаскесiне барар жолда сайлаушылардың ұзын-сонар кезекте тұрғанының куәсi болдық. Сайлау учаскелерi бiздегiдей мектептерде және мәдени-ағарту орындарында орналасады екен.

АҚШ-та мерзiмiнен бұрын дауыс беру қарастырылған. Билiк өкiлдерiнiң мәлiметiне сүйенсек, алдын-ала дауыс беруге қатысатындар 10%-ды немесе 24 миллион сайлаушыны қамтиды. Сайлау учаскесiнде бiр сәтте 10 сайлаушы дауыс бере алады. Сайлау әдiсi электронды және қағаз түрiнде де болады екен. Бiздегiдей азаматтардың көбi сайлаушылардың көбi – қағаз бюллетеньдердi таңдайды екен. Бiрақ бюллетеньдер сол сәтте-ақ құпия түрде электронды құралдарға көшiрiледi.

Сайлауалды үгiт-насихат жұмыстары соңғы күнге дейiн жүргiзiледi. Сайлау өтетiн күнi үмiткерлер өздерiн қолдаушыларды сайлау учаскелерiне шақырып, олардың қолына өз аттарының жанына белгi соғылған бюллетеньдердiң үлгiсiн бере алады. Бұл сайлау заңдылығына қайшы келмейдi.

Жалпыхалықтық сайлау еркiн және заң аясында өттi. Сайлау процесi ашық әрi әдiлеттi өттi. АҚШ-тағы сайлау әр штатта өз ерекшелiгiмен және өзгешелiгiмен өтетiн күрделi механизм екен. Мәселен, барлық штатта электронды дауыс беру құрылғылары бар. Бiрақ, барлық штатта алдын-ала жұмысы жүргiзiле бермейдi. Тiркеу мерзiмi әр штатта әр кезеңде аяқталады. Сайлау органдарын жасақтау жүйесi де өзгеше. Бiр қызығы өздерiн демократиялық мемлекет деп есептейтiн Америкада сайлану құқығына ие бола алмайтын адамдар бар. Олар – теңiз жағалауы елдерiнiң тұрғындары.

Сайлау өткен күннiң ертеңiнде барлық БАҚ-та Барак Обаманың жеңгенi туралы сайлаудың алдын-ала қорытындысын жариялады.

Жазып алған Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары