ПРЕМЬЕР-МИНИСТР ДЕРНОВОЙҒА ШҮЙЛIКТI

ПРЕМЬЕР-МИНИСТР ДЕРНОВОЙҒА ШҮЙЛIКТI

ПРЕМЬЕР-МИНИСТР ДЕРНОВОЙҒА ШҮЙЛIКТI
ашық дереккөзі
234

Елiмiздiң денсаулық сақтау саласының сын көтермейтiндiгi жайлы талай айтылып, жазылды да. Оған кешегi Оңтүстiк Қазақстан облысын дүрлiктiрген ВИЧ iндетiнiң тiркелiп, қаншама жазықсыз сәбидiң өмiрi тұманданғанда амалсыз сенгендей болдық. Одан бөлек жыл басынан берi елiмiзде онкологиялық ауру түрлерi, туберкулез, ана мен бала өлiмiнiң көрсеткiшi әлдеқайда артқан. Ал осы дерттердiң алдын алу үшiн қабылданған “100 мектеп, 100 аурухана” мемлекеттiк бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуы тиiс шаралар мүлдем ақсап тұр.

Жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстiк Қазақстан облысына жасаған сапарында денсаулық сақтау саласының басшысын қатты сынға алып, бiрқатар талаптар қойған болатын. Ал Оңтүстiк Қазақстан Мемлекеттiк медицина академиясы ректорының алдына оны (ректорды) жұмыстан босату туралы және жоғары оқу орнын фармацевтикалық оқу орны етiп қайта құру мәселесiн төтесiнен қойды. Негiзiнен медициналық мамандыққа мемлекеттен бөлiнетiн грант мөлшерi 4,5 мыңға өскен. Бiрақ жоғарғы оқу орындарында бiлiм сапасы көңiл көншiтпейдi. “Сiздердiң Академия деп жүргендерiңiз жемқорлыққа белшесiнен батқан. Болашақ дәрiгерлердi кешкi уақытта қалай оқытуға болады? Қараңыздаршы, 2 мың адам ақылы оқуда. Ақша төлеп бiлiм алады. Қазақстандағы кез келген клиника сiздердiң түлектерiңiздi жұмысқа алудан бас тартып отыр. Бұл Академия үшiн масқара! Академияны фармацевтикаға ауыстырып, ректорды орнынан алу керек! Бұл барып тұрған ұят жағдай! Сiз қалайша ректор болып қалмақшысыз?! Ал дәрiгерлiк деген – жүрек қалауымен болатын мамандық. Оның о бастан-ақ жан-жүрегi таза болмаса, нағыз күнәһар болғаны!” деген Елбасы Түркiстандағы халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң студенттерге бiлiм беру жайынан мысал келтiрiп, “Онда студенттер үшiншi курстан кейiн-ақ күрделi операциялар жасайды. Дәрiгерлердi сонда оқыту керек!” дегендi кесiп айтты. Шыны керек, медицина саласында туындап отырған мәселеге бiрден-бiр себеп – бiлiктi мамандардың жетiспеушiлiгi. Тiптi, қыруар қаржы жұмсап сонау шетелден қымбат құрал-жабдықтарды сатып алғанмен оны пайдаланудың тiлiн бiлетiн дәрiгер-маман жоқтың қасы. Елбасы қазынадан бөлiнген қаржының оңды-солды жұмсалуын, ана мен бала өлiмi және мамандар дайындау мәселесiн сынға алып, соңғы жылдары бала туу көрсеткiшi 7 пайызға өскенiн, соған қарамастан ана мен бала өлiмi азаймай отырғандығына алаңдады.

Соңғы 5-6 жылда елдiң денсаулық caқтау саласына бөлiнетiн қаржы 7 есеге өскен. Биыл жаңа құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге республикадан 42 млрд. теңге бөлiнгенiмен, кей жерде олардың бастапқы құнынан 4-5 есе қымбатқа сатып алынғаны анықталды. Ал биыл емдеу нысандарын дәрi-дәрмекпен қамтамасыз ету үшiн 51 млрд. теңге қаржы көзделген. Бұл елдегi емдiк заттар айналымының тең жартысы. Алайда, медициналық көмек тегiн көрсетiлуi тиiс деп сан қақсасақ та, ауруханаға күнi түскен науқастан ақша алу еш тиылар емес.

Елбасы “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасының орындалуына да шүйлiктi. Республикада 66 медициналық нысан салынуы тиiс көрiнедi. Бұл бағдарлама бойынша Ақмола мен Қызылордада құрылыс әлi басталмаса, Оңтүстiк өңiрде жұмыстың қарқыны өте баяу.

Үкiмет Елбасының бұл тапсырмасы бойынша соңғы кезде денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, осы саланы қаржыландыруды арттыруға айрықша көңiл бөлiп жатқаны анық. 2008 жылы денсаулық сақтауға арналған шығын 403 млрд. теңгенi құраса, бұл 1990 жылдармен салыстырғанда он есеге артық.

Мұндай сорақы көрсеткiштерден кейiн денсаулық сақтау саласына жүктелген мемлекеттiк бағдарламаларды уақытында орындамағаны үшiн Анатолий Дерновой қызметiмен қоштасуы әбден мүмкiн. Медицина қызметкерлерiнiң шалажансар атқарған жұмысына көңiлi толмаған Премьер-министр бiрқатар денсаулық сақтау мекемелерiнiң басшыларына сөгiс жариялап, қызметiнен босатты. Естерiңiзде болса, кезiнде денсаулық саласын басқарған Ерболат Досаев та Шымкенттегi шудан кейiн қызметiмен қоштасқан болатын. Бұл жолы Анатолий Дерновой 100 аурухана бағдарламасында қарастырылған жұмыстардың мерзiмiнде орындалмағаны үшiн ескерту алды. Елбасының Шымкентте: “Менде Бас прокуратураның мәлiметтерi бар. Оқысаң жылағың келедi. Денсаулық сақтау саласында жүргендер ақша жымқырудың сан амалын тауыпты”, — деген ашулы сөзiнен соң қаһарына мiнген Кәрiм Мәсiмов Оңтүстiк Қазақстан медицина академиясының ректоры Орынбай Дайырбековты, Денсаулық сақтау министрлiгiнiң медициналық қызметтер көрсету саласын бақылау комитетiнiң төрағасы Ерiк Мусиндi қызметiнен босатты. Мұның сыртында Министрлiктiң бiрнеше департаментi мен комитеттерiнiң басшылары да жылы орындарымен қош айтысты. Премьердiң айтуынша, бұл ұзын сары ауыс-түйiстердiң бергi шетi ғана болуы мүмкiн. Өйткенi, соңғы кезде дәрiгерлердiң кесiрiнен орын алып жатқан келеңсiздiктер шашетектен. Әсiресе “100 аурухана” бағдарламасына айтылар сын көп. Құрылыс жұмыстарының кешеуiлдеп жатқанына байланысты Кәрiм Мәсiмов Маңғыстау және Атырау, Қызылорда, Қостанай облыстарының Денсаулық сақтау департаментi басшылары мен әкiмдерiне Денсаулық сақтау басқармасы басшыларының орынбасарларын жұмыстан босатуды тапсырды.

“Анатолий Григориевич, Денсаулық сақтау министрлiгi үшiн жауап беретiн тұлға ретiнде сiз де жазаланасыз. Сiзге қандай жаза қолданылатынын Елбасы шешедi. Мемлекет басшысы айқындайды, мен тиiстi ұсыныс енгiзетiн боламын” дедi ол қатулы қабақ танытып. Ал мұндай қатаң есткертудi алған ҚР Денсаулық сақтау министрi Анатолий Дерновой: “Үкiмет тарапынан қатаң сөгiс естiдiк. Бiрақ, бұл әдiл баға. “Сын түзелмей, мiн түзелмейдi” деген. Министрлiк Елбасы жүктеген мiндеттердi жүзеге асыру үшiн қолдан келгенше тырысатын болады” дедi амалы таусылған кейiппен.

Сонымен, өз iсiне салғырт қараған басшылар қара тiзiмге iлiгiп, лауазымды орындарымен қош айтысты. Бұдан өзге денсаулық сақтау мекемелерiнiң басы-қасында отырған, яғни, бұл жолғы сөгiстен аман қалған мамандарға да ескертулер үйiп-төгiлдi. Ал министр Анатолий Дерновойдың ендiгi тағдырын Елбасының өзi шешетiн болады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары