ЕРКIМЕН ЖIБЕРIП, БАСҚА ШЫҒАРДЫҚ

ЕРКIМЕН ЖIБЕРIП, БАСҚА ШЫҒАРДЫҚ

ЕРКIМЕН ЖIБЕРIП, БАСҚА ШЫҒАРДЫҚ
ашық дереккөзі
283

“Саентология” мен “Мун Сан Мен” бiрлестiгiнiң заңсыз жұмыс iстегенi әшкерлендi

Естерiңiзде болса, Алматыда заңсыз кәсiпкерлiкпен айналысқан деген күдiкпен “Cаентология” шiркеуi, “Мун Сан Мен” дiни бiрлестiгi басшылары қамауға алынып, олардың үстiнен қылмыстық iс қозғалып, сот процесi басталып кеткенiн бүкiл ақпарат құралдары хабарлаған-ды. Тексеру амалдары “Cаентология” бiрлестiгi мүшелерiнiң рұқсатсыз бiлiм берiп, дәрiгерлiк қызмет көрсету арқылы табыс тапқандығын айғақтады. Ең сорақысы, дiни ағымның салық төлемегендiгi анықталып, ашып алған ұяшықтарынан елiмiзге заңсыз жолмен әкелiнген дәрi-дәрмектер мен осы ұйымның 8 мыңнан астам мүшесiне қатысты құпия деректер тәркiленген.

Алматы қалалық ҰҚКД баспасөз хатшысы Болатбек Төлетаевтың айтуынша, заңсыз әкелiнген дәрумендер мен биологиялық белсендi қоспалар мемлекетiмiздiң дәрiлiк тiзiмiнде еш тiркелмеген. Жүргiзiлген сот сараптамасы мен Қазақ тағам академиясының сарапшыларының қорытындылары бойынша, ұйымның тазару бағдарламасы деп аталатын процестерiнде қолданылған дәрiлердiң дозасы едәуiр жоғары мөлшерде пайдаланылған. Ең қауiптiсi сол, америкалық фантаст-жазушы Рон Хаббард негiзiн қалаған дәни ағымға көзiн жұмып кiрiп жатқандар он мыңға жетiп жығылады екен.

Ұлттық қауiпсiздiк комитетi жақында “Саентология” дiни бiрлестiгiне тиесiлi “Битца” клубын басқарған Александр Бондоренко мен Рүстем Идиатулиндi елiмiзде заңсыз жұмыс iстегенi үшiн отаны — Ресейге “шығарып салды”. Осыдан бiр жыл бұрын осы клубтың жетекшiсi болған ресейлiк Леонид Гедько да қауiпсiздiк комитетiнiң араласуымен сот шешiмi арқылы елден аластатылған-тұғын. Ал бұл екi азамат клубқа үнемi қалтасы қалың азаматтарды тартып, ақшасын қымқырып отырған. Тiптi, елiмiздiң дiн туралы заңының солқылдақтығын тиiмдi пайдалануының нәтижесiнде Алматыдағы №125, № 118, №130, №62, №79, №64, №117, №56 мектептердегi он мыңдаған қаракөз балаларға да ауыз салған олар заңсыз түрде бiлiм ұяларына арнайы пән енгiзiп, бүркеншiк атпен үгiт-насихат шараларын жүргiзiптi. Жоғары оқу орындарының iшiнде Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы, Қыздар педагогикалық университетi, Абай атындағы педагогикалық университетi студенттерi де ерекше “қамқорлыққа алынып”, әлдекiмдердiң жетегiнде кеткен. “Береген қолым алаған” демекшi, дiни ағым серкелерi түрлi амал-айламен жиып-терген қаржыны 13 есепшот арқылы шетелге жөнелтiп отырғандығы әшкерелендi.

Мiне, осындай белден басқан заңсыз әрекеттермен шұғыл түрде күресудi бастаған Ұлттық қауiпсiздiк комитетi: “Әдiлет министрлiгi елiмiзде үгiт-насихат жұмыстарын емiн-еркiн жүргiзетiн секталарды сараптамадан өткiзбей-ақ тiркей бередi, ал полиция қызметкерлерi көшеде кiтап таратып жүрген миссионерлерге тыйым салуға ерiнедi” дегендi айтып отыр. Алматы қаласы ҰҚКД терроризммен және дiни экстремизммен күрес басқармасының бастығы Марат Ерменов: “Саентология” шiркеуiне қатысты Қауiпсiздiк департаментi қылмыстық iс қозғап едi, олар наразылық шараларын үдеттi. Тергеудi бұрмалап, кедергi келтiруге әрекеттендi. Бұған қоса, “Мун Сан Мен” сектасы да бiрнеше жыл бойы заңсыз бiлiм берумен айналысқан. Ал, экстремистiк бағыттағы “Хизбут-тахрир”, “Джихат” сынды ұйымдардың баспалары еш кедергiсiз қауiптi әдебиеттерiн шығарып келген” дейдi.

Ұлттық қауiпсiздiк комитетi мұнымен қоса прокуратура мен полиция жұмысына да сын тағып, Бостандық ауданының прокуратурасы “Иегова куәгерлерiнiң” съезiне қатысты ақпаратты елемегендiгiн тiлге тиек еткенде, Алматы қаласының прокуроры Жақсылық Байтұқбаев: “Кеден департаментiнiң жұмысы мүлдем қанағаттандырмайды. Дiни әдебиеттердi еш сараптамасыз ел аумағына енгiзе беретiн болса, тиiстi жаза қолданамыз” деп елiмiздiң кеден бекеттерiне шүйлiктi.

Тiптi, Жер комитетi тұрғын үйлердi шiркеуге айналдырған ағымдарға 10 жыл бойы көзжұмбайлықпен қарап келген. Керек десеңiз, дiни ұйымдарға қала ортасында түрлi мерекелiк шараларын өткiзуге байланысты орын берiп келгендiгi жасырын емес. Бұған қарамастан, “Саентология” шiркеуi өкiлдерi өздерiн таза дiни ағым ретiнде есептеп, “бiзге сенетiндер саны артты. Өйткенi, бiз халыққа көмектесiп жатырмыз” дегендi бiлдiрсе де, 31-арнаға сұхбат берген бұрынғы саентолог жiгiт мұның бәрiн жоққа шығарып, тазару, бiлiм беру курстарының тек қана ақылы түрде өтетiнiн және жиналған ақшаны ай сайын шетелге жiберетiнiн жайып салды. Оның сөзiне сенсек, саентологтар үшiн Қазақстан — қаржы табуға қолайлы мемлекет көрiнедi.

Сол сияқты дәл қазiр “Мун Сан Мен” дiни бiрлестiгiнiң жетекшiсi Елизаветта Дрейничеваның үстiнен де Қылмыстық кодекстiң 164-бабы бойынша “дiни және әлеуметтiк алауыздықты қоздырмақ болды” деген айып тағылып, қылмыстық iс қозғалды. Тергеу қорытындысы бойынша, дiни бiрлестiк халықаралық ұйымдардың атын жамылып, лекция өткiзiп, “Мун Сан Мен” идеологиясын кеңiнен дәрiптеген. Алматы қаласы, Алмалы ауданы прокурорының аға көмекшiсi Нұрлан Мәмбетовтiң айтуынша, бұл дiни ағым гипноз арқылы жұрттың санасын улаған. Көптеген мемлекеттерде секта жұмысына тыйым салынса да, “Мун Сан Мен” дiни ағымы бiздiң елiмiзде 1997 жылдан берi ашық түрде қызмет етiп келген. Айта кетерлiк бiр жайт, iстiң ашылуына қарай бейнетаспаларды көру арқылы сараптама жасаған сарапшы-маман: “Мун Сан Мен” – дiн емес. Бұндай ағымдар мемлекетiмiздiң тұтастығы мен бiрлiгiне үлкен қауiп төндiредi деген” қорытындыға келiптi.

Бұл бұл ма, Алматы облысының Қарасай ауданынан 47 гектар жердi иемденiп алған кришнаиттер заңсыз ғибадатханаларын “бұздырмаймыз” деп аттан салуда. Тiптi, сот шешiмiне де пысқырып қарамайтын олар әлi күнге “Мерей” саяжайларын босатуға асығар емес. Әбден басынғандары соншалық, қаланың шеткi жағынан жер беремiз дегенге көнбей отырған олар жылы орнын суытқысы келмейiн сияқты. Алайда, сотқа шағым түсiрген аудандық әкiмшiлiк “Мерей” шаруа қожалығынан заңсыз ғибадатхана салып, дiни ағымын насихаттап жүрген “Кришна ой санасы” дiни бiрлестiгiне шаралар қолданып, 47 гектар жердi қайтаруға күш салады деген үмiтiмiз бар.

Елiмiз “Дiни сенiм бостандығы мен дiни бiрлестiктер туралы” заң жобасына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiп әлек болып жатса да, тамырын тереңге жайып алған дiни ағымдардың заңсыз әрекетiне тосқауыл қою қиынның қиыны болып тұр. Керiсiнше, олар миссиялық қызметтерiн үдете түсiп, қазақ қаракөздерiн мейлiнше көп тартуға күш салып жатыр. Айтқандай, “Время” газетiне сұхбат берген Хельсинки комитетiнiң алматылық төрайымы, адам құқығын қорғау жөнiндегi комиссияның мүшесi, күнi бүгiнге дейiн мисионерлердiң сойылын соғып жүрген Нинель Фокина ханым: “Қазақстан ЕҚЫҰ-ға 2010 жылы төрағалық еткiсi келсе, осы ұйым қойып отырған негiзгi талап-мiндеттердi орындауы тиiс. Парламент мақұлданған заң жобасының қабылдануы елiмiздiң ЕҚЫҰ алдындағы мiндеттерiн орындау жолынан мүлде қарама-қарсы бағытқа ауысқанын, сондай-ақ, бiз қол қойған барлық халықаралық декларациялардан iс жүзiнде бас тартқанын көрсетедi” деп ағынан жарылыпты. Ел арасына iрiткi салып, жат пиғылды ағымдарға бүйрегi бұратын байбаламдаушылардың аузына қашан құм құйылады? Ашықтан ашық үгiт-насихатын жүргiзетiн заңсыз дiни ағымдар әрекетiне тыйым бола ма? Әлде, онсыз да төрт құбыламызды түгел жаулап, билеп-төстеп алғандарға ерiп, санамызды улап жүре беремiз бе?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары