ЖЕТI ЖАСАР “ТОЙОТА” НЕМЕСЕ ДЕПУТАТ БЕРДIОҢҒАРОВТЫҢ БҰНЫСЫ ҚАЛАЙ?
ЖЕТI ЖАСАР “ТОЙОТА” НЕМЕСЕ ДЕПУТАТ БЕРДIОҢҒАРОВТЫҢ БҰНЫСЫ ҚАЛАЙ?
Соңғы жылдары Қазақстанның ақпарат құралдарында лоббизм туралы әңгiме әрегiдiк лап етiп лаулап, елiмiзде жүргiзiлiп жатқан саяси-экономикалық, әлеуметтiк реформаларға орай қоғамдық пiкiрдiң отына қозғау салып, көп ұзамай қоламталанып сөнiп қалатыны жиi байқалуда. Әсiресе, лоббизм жөнiнде құзырлы түрлi министрлiктер мен Парламент атына жиi сын айтылатыны тосын жаңалық емес.
Парламентте 7 жылдық көлiкке – 2001 жылға дейiн шығарылған шетелдiк автомобильдерге кедендiк баж салығын екi-үш есе өсiру жөнiнде жасалған тосын ұсыныс соңғы апталарда қоғамда әжептәуiр дүрбелең туғызғаны рас. Статистикалық деректерге қарағанда, елiмiздегi жеңiл көлiктердiң 70 пайызы 2001 жылға дейiн шығарылған шетелдiк түрлi автоконцерндердiң айтулы темiр тұлпарлары. Яғни, жоғары сапалы әрi негiзiнен қарапайым көпшiлiкке тиiмдi, бағасы да көңiл көншiтерлiктей. Қоғамда, БАҚ беттерiнде кезектi рет лоббизм туралы сөз қаулай бастады. Бұған себеп болған жайт – Мәжiлiс депутаты Тәңiрберген Бердiоңғаровтың осыған дейiн де сөз болған ұсынысты қайта тiрiлтiп: “Егер бiз кедендiк баж салығын көтерсек, бұл – елдегi автокөлiк шығаруды жолға қоюға мүмкiндiк бередi” деушiлердiң ылғи айтып жүрген сөзiн жақтап шығуы болды. Яки, жас депутат жетi жасар “Тойоталарды” Екiншi дүниежүзiлiк соғыстан қалған “Т-34” танкiлерiндей ескi-құсқы санайтын сияқты. Тiптен, 2000 жылдың 30 желтоқсан күнi шығарылған “Роллс-Ройс”, “Поршелер” де ол үшiн сыры да, сыны да кеткен көне жәдiгерлер. Осыған байланысты беделдi “Континент” журналы: “Әрине, өз сөзiнде Бердiоңғаров ресейлiк автозауыт туралы жақ ашқан жоқ, автомобиль паркiнiң сапасы мен экология туралы көсiлген… Сондықтан да депутаттың ұсынысы ә дегеннен-ақ лоббизм туралы ойға жетелейдi. Дегенмен, мұнда таңданарлық ештеңе жоқ. Өзге елдiң мүдделi бизнес топтары Қазақстан Парламентiнде лоббидi пайдалануға ұмтылатын жағдайлары жаңалық емес”, (“Континент” журналы, №21, 2008 ж.) – дей келiп: “Шындығына көшсек, бұл жерде әңгiме отандық автомобиль өндiру мәселесi туралы емес, Ресейдiң бәсекеге қабiлетсiз өнiмдерiн зорлықпен импорттауды қолдау туралы болып отыр. Бұл жағдайда Ресей экономикасы бiздiң iшкi сұранысымыздың есебiнен нәр алмақшы, есесiне Қазақстан экономикасы донор болып қала бермек”, – деп кесiп айтты.
Жалпы, өзге елдiң мүддесiн қорғауды айыптауымыз керек пе? Ол қылмысқа жата ма, жоқ, әлде этикалық мәселе – адамның iшкi мәдениетi, тәлiм-тәрбиесiне тiкелей қатысты жайт па? Ресейден келiп жатқан көлiктердi реттейтiн кейбiр компаниялар таяу күндерде бiзде белсендi түрдi жұмыс iстейiн деп жатыр. Осылайша солардың жыртысын жыртатындарға аталмыш мәселенi жиi-жиi қозғап, үнемi қайтып оралу қажет сияқты.
2000 жылы “Рауан” баспасынан философия және саясаттануға байланысты “Қазақша-орысша терминологиялық сөздiк” кiтабы жарық көрген болатын. Япыр-ай, бұл сөздiкке де жетi жылдан асып кетiптi-ау, кей депутаттар аталмыш сөздiктi қолданыстан алып тастау жөнiнде ұсыныс көтерiп жүрмесiн деңiз. Сонымен, осы терминологиялық сөздiкте лоббизм – қазақ тiлiне лоббизм тұлғасында алынған екен. Әрине, ғылыми тiлде осылай деу дұрыс та шығар, әйткенмен қазақы жалпақ тiлде мұның астарлы аудармасының қатары тiптен көбейiп-ақ тұр. Әсiлi, атамыз қазақ өзге елдiң сойылын соғушыларды ежелден-ақ ұнатпаған, мейлiнше жек көрген секiлдi. “Өзгенiң сөзiн сөйлеу”, “жыртысын жырту”, “отын көсеу”, “диiрменiне су құю”, “күлiн тасу”, “қимасы қышу”, “атына жем салу”, “итiне жiлiк тастау”, “шылбырын сүйрету”, тағысын тағылар болып шексiз жалғасып кете бередi. Бiрақ, ешбiрi ұнамды пiкiр ретiнде қолданыла қоймайтыны және аян.
Соңғы күндерi қоғамдық қарсы пiкiрдiң отын маздатқан мәселенiң қысқаша мәнiсi мынадай. Жоғарыда айтқанымыздай, жас депутат Тәңiрберген Бердiоңғаров жуырда Салық кодексiне қатысты елiмiзге шетелден әкелiнетiн 2001 жылға дейiн шығарылған жеңiл автомобильдерге кедендiк баж салығын еселеп өсiру туралы ұсынысты қайта қарауға шақырды.
Көптеген қарапайым адамдардың тұрмыс деңгейiне тiкелей ықпал ететiн мұндай күрделi мәселенi қоғамдық талқыға салмастан, оның пайдалы, зиянды жақтарын мұқият екшеместен-ақ өкiлеттi заң шығарушы органның қарауына жасырын ұсынудың өзi, сыпайылап айтқанда, үлкен әбестiк. Жалпы, мұндай ұсыныс әрегiдiк бұдан бұрын да айтылып жүрген. Кейбiр депутаттардың пiкiрiнше, бұған мұрындық болып жүргендер де кейбiр министрлiктегi “күмәндi белсендi” азаматтар секiлдi. Олай деудiң де қисыны бар. Бұлай күдiк келтiруге соңғы кездегi орын алған жағдайлар толықтай негiз бола алатын сияқты. Осыдан бiрер ай бұрын, Ресей президентi Дмитрий Медведев елiмiзге достық сапармен келер қарсаңда бiрсыпыра Ресей БАҚ-тары осы елдегi бiр кездерi аса қуатты монополист, ашығын айтсақ, мемлекет iшiндегi мемлекет болған “АвтоВАЗ” тобына жақын кiсiлердiң пiкiрiн негiзге алып, осы мәселенi бiраз қаузаған. Ресейде 2001 жылға дейiн шығарылған шетелдiк жеңiл көлiктерге баж салығын ұлғайтуды мемлекеттiк аса маңызды саясат ретiнде қарастырған едi. Олардың айтуынша, егер Астана шетелдiк көлiктерге баж салығын көтерсе, “ВАЗ” концернi Қазақстандағы әрең күн кешiп жүрген “Азия-Авто” көлiк құрастыру кәсiпорнын 100 пайыз өз меншiгiне алуға құлықты болмақ. Мұның бәрi Ресей БАҚ-тарының бопсалауы, оңды қоғамдық пiкiр туғызуға жан салған пиары болып қала бердi. Көпсiтiп айтылған қызыл сөздер – жеме-жемге келгенде желге ұшып, Ресей Шығыс Қазақстан облысындағы аталмыш “Азия-Авто” кәсiпорнының 25 пайыз акциясына ғана иелiк етуге мүмкiндiк алып отыр. Өткен 2007 жылы небары 5500 жеңiл автомобиль ғана құрастырып шығарған әлгi “Азия-Авто” Қазақстанның автомобиль өндiрiсiнiң айын оңынан туғыза қояды деп сену де қиын. Бiр ғана Алматы қаласының өзiнде жарты миллионға жуық жеңiл көлiк заңды тiркеуде екенiн ескерсек, “Азия-Авто” Алматыны соңғы заманға сай автомобильдермен толық қамтамасыз ету үшiн 100 жыл, тұтас бiр ғасыр қажет. Ал “Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан” дейтiн ғибратты ойға алсақ, бұл уақыт iшiнде талай “Азия-Автоның” iргесi қаланып, талқаны таусылып жатар-ау.
Ендеше, Ресей автомобиль жасаушылары нелiктен Қазақстан нарығына өлермедене ұмтылып, өз мүдделерiн астыртын жүргiзiп отыр. Әрине, ТМД елдерiнiң арасында Қазақстан экономикалық тұрғыдан әжептәуiр iлгерiлеп кеткен, тұтынушылар орташа бағадағы жеңiл көлiктердi көптеп сатып алуда.
Қазiргi әлемдiк экономикалық дағдарыс тұсында, аты әйгiлi автомобиль концерндерiнiң көбiсi өнiм шығаруды ерiксiз азайтып отырғаны белгiлi. Осы ретте Ресейдiң “АвтоВАЗ”-ы Батыс елдерi менсiнбейтiн өз машиналарын iргелес мемлекеттердiң нарығына көптеп шығаруға жанталаса ұмтылуда. Бiрақ, ВАЗ-дың ұсынатыны осыдан 25-30 жыл бұрын жобаланған, рухани көнерген ескi-құсқылар. Бiлiктi мамандардың пiкiрiнше, тiптi, қаупсiздiк, сапа, экология, үнемдiлiк тұрғысынан Ресей жеңiл көлiктерiнен жетi жасар “Тойоталардың” құр қаңқасы көш iлгерi, әлдеқайда артық көрiнедi. Ендеше, жас депутат Тәңiрберген Бердiоңғаров жетi жасар шетелдiк көлiктерге неге шүйлiктi? Кiм бiлсiн…
Дегенмен, осы ретте “Континент” журналының: “Вообще, такие радикальные идеи, как выдвинул г-н Бердонгаров про автомобильные пошлины… выглядят двусмысленно не только в свете откровенного лоббизма, но и в плане политической ответственности их авторов за свои слова. Понятно, что вряд ли “радикалов” поддержит большинство. Но ведь политики, которые столь легкомысленно играют с общественным мнением, представляют не только себя”, – дегенiне толық келiсуге болады.
Шiркiн-ай, қазақ саясаткерлерiнiң саналы түрде Қазақстан мүдделерiн ғана қорғағанына не жетсiн?!
Жаңабек ШАҒАТАЙ